shkolakz.ru   1 2 3

«Бұлды құс»

Атыраудағы Тайсойған құмының ішінде Ақкөл деп аталатын ботакөз айдын бар. Ақкөлдің жағасы шүйгін, қамыс-құрағы бітік, шаруаға қолайлы. Осы көлді Рабай, Әбіт есімді екі кісі қатар жайлап жүреді. Қоңсылас болған соң, бір-біріне деген сый-құрметтен де кенде болмайды.

Төрт түлік малдың тісіне ілесіп күн көру ата кәсіп болғанмен, Әбіттің құс салатын да өнері бар екен. Бір-екі рет сәті түсіп, Әбіттіңжанына еріп, лашынның құс ілген өнерін көрген Рабай қатты қызығады. «Шіркін-ай, осындай бір құсым болса ғой» деп армандайды. Алайда, құрғақ арман құс бола ма, бір күні Рабай тәуекел деп Әбітке қолқа салады: «Әй, Әбіт, сен құстың тілін білесің ғой, құрқол болмассың, мына құсыңды маған бер, мен де қызықтайын. Қарымтасына бір үйір жылқым дайын!» дейді.

Бұл сәзге Әбіт күліп: «Әй, Рабай-ай, қызықсың-ау, лашынды құсқа бір салғаным бір үйір жылқы емес пе!» деп кете береді. Әбіттің бұл сөзін Рабай кеңіліне алып, «қап, мынау мені келеке қылды-ау» деп іштей қамығады. Осыдан кейін Әбіт пен Рабайдың арасы салқын тартады.

Күндердің күнінде бұл оқиға Есбайдың құлағына шалынады. Есбай Әбітпен де, Рабаймен де көңіл жарастырған дос болса керек, «қап, бұлары жарамаған екен» дейді де, бір орайлы кезде Ақкөлге келеді. Сол жерде Әбіт пен Рабайдың басын қосып отырып бір уәж айтады: «Бірің құсты сұрап ала алмай, бірің бұлдап бере алмай жүргендеріңді естідім. Құс қанша бұлды болса да, бар болғаны екі қанат, бір құйрық қана. Мал өлер, дүние тозар, мен сендерге өлмейтін, тозбайтын бір күй әкелдім. Мына фәни жалғандағы достығымыздың бір белгісі болсын» — деп күйін тартады.

Әбіт пен Рабай күйді тыңдап, көздеріне жас алады. Өткінші мен өміршеңнің парқын бажайлап, пендешілік қылықтары үшін қапаланады.

Есбайдың тартқан күйі ел ішіне «Бұлды құс» деген атпен тарап кетеді.


«Бес
қыздың бел шешпесі»

1877 сиыр жылы Есбай күйші Алтынай күйшінің даңқын естіп, Орал облысыныңТайпақ ауданының жеріндегі Қабыршықты деген жайлауына келеді. Келсе, ауылға келін түсіп, той болып жатыр екен дейді. Ортадағы еңселілеу үйден шырқалған ән, сыңғырлаған күлкі естіледі. Есбай атын кермеге байлап, әлгі үйге кіріп келсе, әзілі жарасқан жастардың ән айтып, күй тартып, ойын-күлкімен мәз болысып отырғанын көреді.


Есбай елеусіздеу босаға жаққа тізе бүгеді. Сонсоң, «бұлардың ішінде Алтынай қайсысы болды екен» деп, бақылап отырады. Бір мезгілде сырттан: «Алтынай келеді, Алтынай келеді» деген дауыс естіледі. Алтынайдың атын естігенде үй ішіндегі жастар да ду етіп, қуанған шырай танытып, төрден орын сайлайды.

Кешікпей-ақ киіз үйдің сықырлауығы айқара ашылып, ішке бірінен бірі өткен сымбатты бес қыз кіреді. «О, Алтынай келді, жоғары шығыңыздар!» десіп, үй ішіндегі жастар жік-жаппар болады.

Бірақ, Алтынай бастаған қыздар отыруға асықпайды. Қыздардың бірі тұрып: «Жә, жоғары шық деп айту оңай, жалп етіп отыра кету одан да оңай. Шынымен күткендерің біз болсақ, «Бес қыз белің шешіп отыра қал» деп күй тартыңдар. Күй ұнаса отырамыз, болмаса кетеміз» деп бұлданады.

Өктем сөйлеп, өнерге ғана бас игелі тұрған қыздың Алтынай екенін Есбай жазбай таниды. Таниды да, тұғырда отырып тіленген қырандай бір бұлқынып жүрелей отырады. Сонсоң, домбыраны сұратып алып, асықпай құлақ күйін келтіріп, сұлу сырлы, сылқым күйді тайпалта жөнелді. Күй біресе еркелеп күлгендей, біресе сылқылдап сыр айтқандай, енді бірде «отыра қал, отыра қал» деп сөйлеп қоя бергендей тындаушысын таң-тамаша етеді.

Күй біткен кезде Алтынай риза көңілмен сыңғырлай күліп: «Бәрекелді, алыстан келген қонақтың темен отырып қалғаны қалай» деп, Есбайды қолтығынан демеп төрге шығарды. Содан той тарқағанша Есбайды жанынан ұзатпай сый-құрмет көрсетеді.

Есбайдың сондағы тартқан күйі ел ішіне "Бес қыздың бел шешпесі " деген атпен тарап кетеді.


ҚАЛМАМБЕТҮЛЫ ӨСКЕНБАЙ

Бір туар дарынды тұлғаларда ғажайып бір қасиет болады. Ол-өткен мен болашақ арасына рухани көпір болатын қасиет. Яғни, дарынды тұлғалар өзіне дейінгі жинақталған рухани дәстүрді тал бойына сіңіріп, оны жарқырата танытып, көбінесе өзінше жетілдіре шыңдап, келер ұрпаққа шығарып салады. Бұл орайда, халықтың дәстүрлі мәдениетін орнықтыруда,ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты сақтауда біртуар тұлғалардың тарихи қызметі айырықша. Осынау ойдың жосыған әйгілі күйші Қалмамбетұлы Өскенбайға (1860-1925) теліп айтуға әбден болады. Өскенбай туралы А.Жұбанов: «Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл дәстүрлерінің ешқайсысына тікелей соқпайтын, творчествалық бағытында да, орындаушылық дәстүрде де өз алдына бір төбе болып тұрған адайлық күйлердің негізгі қорын бір басына жинаған Өскенбайдың біздің халықтың аспап музыкасында алатын орны ерекше»,-дейді (Жұбанов. А.Қазақтың халық композиторлары. 1962, 68-бет./.


Академик Жұбанов Ахметтің «адайлық күйлер» деген сөзінің астарында ұлттық музыка мәдениетіміздің құнарлы бір арнасын аңғартып өту байқалады. Шынында да, адайлық күйлер өз алдына өнегелі мектеп болғандай ғажайып құбылыс. Адайлық күйлердің шаппа-шап ситуация үстінде тууы, сонысына байланысты күйдің әуендік тілмен аңыз-әңгімесінде дарамалық қасиеттердің бел алып жатуы осынау күйшілік мектептің төл қасиетіне айғақ. Мұндай күйшілік мектептің табалдырығынан шын мәнінде шабытты тұғыр еткен біртуар тұлғалар ғана аттай алады. Ол тұлғалардың бойындағы ең жарқын қасиет -өнерді өмір салтына айналдыру. Яғни, өнер деңгейінде өмір сүргенде ғана кез келген сәтте асыл өнер қынаптан суырылған қылыштай көлденең тартыла алады. Одан да өткен ғажабы, нағыз өнер өмірді реттеп отыруға қызмет етеді. Шынайы өнер алдында ақылгөй дана да, адуын батыр да тоқтап, жолын береді. Міне, осынау тамаша рухани дәстүрдің жарқырай көрінген мекені ретінде Атырау алабын, Маңғыстау түбегін айтуға болады. Бір сәт көктей шолып, еске түсіріп көрейікші. Әрісі Асан, Қазтуған, Сыпыра бастаған тегеурінді жыраулық дәстүрдің екпіні тоқталмастан, өнегесі үзілместен берідегі Абыл /Өтембетұлы/, Махамбет, Шернияз, Сүгір/Мырзалыұлы/, Қашаған, Жаскілең, Нүрпейіс, Мұрын, Ьіғылман, Аралбай сияқты ақын-жыраулар арқылы жалғасын тапты. Уытты сын-сықағымен төңірегін ықтырған Бақтыбай, ән-жырымен тыңдаушысын тәнті еткен Аухат, Хиса, арқалы айтыстың майталмандары Бала Ораз, Білек қыз, міне бұлардың қай-қайсысы да нағыз өнердің алуан тарап өрістерін ұзартқан бұла дарындар, Әсіресе, Абыл /Тарақұлы/, Есір, Өришан, Ақтан, Нұрым сияқты ән-күй мен өлең-жырды қардай боратқан әмбебап өнерпаздар бұл өңірдегі қызу қанды, арқалы өнердің ұйытқысы болған. «Ал, кәне!» дегенде ат басын іркілмей жіберіп, аяқ астында асыл өнерді төгіп-төгіп тастайтын дәстүр бұл өңірдегі өнерпаздықтың үйреншікті өмір салтына айналған.

Міне, осынау талғамы биік, мінезі шалт өнерді дәстүр еткен думанды орта Қалмамбетұлы Өскенбайдың да тербеліп өскен рухани тал бесігі. «Сегіз жасынан Хиуа, Маңғыстау маңына танылған Лекер, Мылқайыр күйшілердің қасына еріп, тәлім алады, ел аралап, өнерпаздармен кездеседі. Өнер қуып, замандас өнерпаздары - Тәңірберген, Жолды, Арал, Сәулебай, Жәкен, Көпеш, Қартабай, Сәттіғұл сияқты ақын, жыршылармен аралас-құрылас жүреді, бір-бірінен жыр-күй үйреніп репертуарларын байытады. Сол кезде жұрт назарын ерекше аударған Әділ, Шалтаман, Тастемір, Өтеулі, Досат, Тұрсын, Жылкелді сияқты әншілермен бір жүріп ел аралап, өнер көрсетіп, «адайдыңжеті қайқысы» /сал-серісі/ атанады. Олардың ішінде Өскенбайдың өзіндік шырқата шығындата салатын сазы болды деседі» - деп жазады белгілі ғалым Сыдықов Қабиболла /Сыдықов Қ. Сегіз қырлы өнерпаз. «Коммунисгік еңбек». 1965. 30 маусым/.


Қалмамбетұлы Өскенбайдың туған жері Маңғыстау облысының Ералиев ауданына қарасты Жетібай ауылы. Ертеректе бұл жерді Жетібай құдығы деп аталған. Өскенбайдың дүние салып, топырақ бұйырған жері Маңғыстаудағы Қарақия жотасының Доңаза деп аталатын тұсы. Сөз орайында Өскенбайдың азан шақырып қойған аты «Өскінбай» болғанын айта кеткен жөн. Кейін төңірегі Өскенбай деп атауды қалыптастырып, қазіргі ғылыми-зерттеу еңбектерде де Өскенбай аты негізге алынып жүр.

Өскенбайдың шыққан тегі Адайдың Құдайке деген бұтағы. Әкесі Қалмамбет дөңгелек қана шаруасы бар, момын адам болыпты. «Бойында қандай қасиет болған екен?» дегенде, кейінгі ұрпақтары Қалмамбеттің қанжығысы құр қайтпайтын мергендігін айтады. Сегіз қырлы, бір сырлы болып өскен Өскенбай әкесінің аңшылық өнерін де қапысыз меңгерген. Тіптен, бұл өнерді одан әрі дамытып, төңірегін атбегі, құсбегі, қақпаншылығымен тәнті екен. Алайда, Өскенбайдың даңқын шығарған оның күйшілігі мен әнші-ақындығы. Қалмамбеттен Өскенбай, Үлкенбай атты екі ұл, Көркей, Шырай, Ақжан атты үш қыз өрбіген. Осы бес перзенті де бірімен-бірі тай-таласқан домбырашылар болыпты. Демек, Өскенбайдың күйшілік өнерінің бастау қадамы өскен ұясындағы әдемі дәстүрде жатыр. Кейін Қалмамбет шаңырағынан түлеп ұшып, өнерге біржолата беріле ден қойғаны Өскенбай болған. Өзінің туып-өскен ортасындағы күйшілік-домбырашылық өнерді Өскенбай жеріне жеткізе меңгерген. Өзі сияқты өнерпаз баласы Мұраттың айтуында Өскенбайдың репертуарында екі жүздей күй болған. Міне, халықтың рухани мұрасын тал бойына сіңіріп, әрін тайдырмай, нәрін жоғалтпай келер ұрпаққа қол жалғау қашанда біртуар дарындардың еншісіндегі іс дейтініміз сондықтан.

Өскенбай өзіне дейінгі күйшілік дәстүрді терең меңгеріп қана қоймаған. Сол дәстүрге табан тірей отырып, ілгері дамытқан күйші. Өз төңірегіндегі Лекер, Жоламан, Дәуітәлі, Мылқайыр сияқты дәулескер домбырашылармен үзеңгі қағыса жүріп, талай-талай додалы тартыстарға түскен. Сондай-ақ, көршілес түркімен ағайынның ішінде Құлбай, Сапар-Мамбет, Өдеулі сияқты әйгілі күйшілермен араласып, небір шалт мінезді өнер сынына түскен. Осынау өнерпаз ортада Өскенбай күйшілігіне қоса, әнші-ақындығымен де мойын оздырып отырған. Себебі нағыз шабыт буған өнер сайыстарында Өскенбай тыңнан күй төгіп, ән шығарып, қанатты өнермен жеткізбей қалықтап кететін болған.Оның Балқасым биді жеңетін өлеңі, Ырзабек пен Бурабекбайды сынауы, Алмағамбет байдың кемшілігін бетіне басуы шын мәнінде суырып салма ақындық шалымына айғақ. Дәл сол сияқты, шабыт буып, шамырқанған сәтте күйді де төгіп-төгіп тастап отырған.Өскенбайдың «Жаңылтпаш», «Шоқай», «Кербез Айша», «Жирен жорға», «Жеті бұлбұл», сияқты күйлері де дәл осындай оқиғалы сәттерде туған. Мәселен, Өскенбайдың домбыра тартысына елтіген қыз қолындағы ыдысын түсіріп алғанда шығарған күй «Шөлмек сынған» деп аталған. Ұлықұмды ен жайлаған Сәнкі бай өрмектің тұсынан өтіп бара жатқан Өскенбайды сынап: «Мына өрмектоқыған қыздарымды күйге қосшы», -дегенде, сол жерде «Кербез Айша» күйімен бидің ырғағына қосылса керек. Сондай-ақ, Адайдың әйгілі «Жеті қайқысы» атанып, сал-серілік құрған қызық күндерінің бір белгісі ретінде «Жеті бұлбұл» күйін шығарған...


Міне, осы мысалдарының қай-қайсысы да Өскенбайдың өнерпаздық мінезі мен күйшілік қарымы жай ғана жеке бастың қылық-қасиетін айғақтап қоймайды. Күй тіліне көшкенде де қызуы суымастан әуен-нақысы айқын суретке ұласып, сол сәттегі тіл жетпеген сезімді одан әрі ұштайды. Сөз жоқ, бұл біртуар дарындардың бойында ғана кездесетін ғажайып құбылыс.

Өскенбай бақытты күйші. Оның өмірі мен ғұмыр кешкен ортасына айғақ күйлерін шашау шығармай өзінің бел баласы Мұрат бүгінгі күнімізге жеткізген. Өскенбай мен жұбайы Балбибіден Мұрат, Хамит, Ишан, Теңге деген балалар туған. Осылардың ішінде әкесінің күйшілігін мұра еткені Мұрат. Атырауда «Алты науайы» деп тартылатын куй бар. Бұл күйлер «Қарт науайы», «Тамшы науайы», «Бала науайы», «Тел науайы», «Шер науайы», «Қақпалы науайы» деген атаулармен тартылады. Ел арасында Өскенбайды, ағасы Үлкенбайды, қарындастары Көркей, Шырай, Ақжанды және баласы Мұратты асқан домбырашылықтары үшін «Алты науайы» деп атаған деген сөз бар. Демек, Мұраттың күйшілік даңқы әкесімен қатар шыққан. Жаңағы «Алты науайы» күйлерін тартатындар да осы бір үйден өрбіген алты домбырашы болса керек. Өскенбай 1925 жылы дүние салғанда Мұрат 21 жаста. Яғни, әкенің қадірін ғана біліп қоймаған, өнердің де парқын бажайлаған кезі. Содан да болу керек, Өскенбай күйлері қызуы басылмаған қалпы, әрі таймаған күйі бүгінгі тыңдаушыларының да құлақ құрышын қандырып келеді.

ДЕРЕК. Қалмамбетұлы Өскенбайдың күйлері: «Соқыр қыз», «Жаңылтпаш», «Қынжал», «Өрелі мая», «Шөлмек сынған», «Ықғайтөк», «Жеті бұлбұл», «Бала науайы», «Өмір күйі», «Ақ желеу», «Шоқай», «Кербез Айша», «Жирен жорға» т.б.

«
Жаңылтпаш »


Өскенбайдың өскен ортасы қашаннан түрікмен ағайындармен жапсар жатқан соң да, дос көңілді аралас-құралас үзілмеген. Әсіресе, ер-азаматтар арасында біліштік-тамырластық қарым-қатынас орнығып, оның өзі алыс-берісі, әзіл-қалжыңы жарасқан дәстүрге айналған.

Ер жігіт елдің елдік дәстүрінен шет бола ма, Өскенбай күйшінің де түрікмендер ішінде Құлбай, Сапар-Мәмбет, Өдеулі сияқты күйші достары, Сейіт-Мұрат, Қош-Мұрат деген ағайынды біліш-тамыры бар екен. Бірде жанына ерткен


Сол жерде Өскенбай дутардың үнін де құбылтып, өзінің қимылын да құбылтып, бұрын-соңды қазақ-түркімен естімеген ойнақы сазды құйқылжыта тартып шығады да, дутарды Құлыбай-бақшыға тастай салады.

Құлыбай-бақшы да кәнігі күйші ғой, ол да бір күйді тапыршыта тартып, ойнақтатып келеді де, дутарды Өскенбайдың алдына тастай салады.

Өскенбай да іркілмейді, тура алғашқы өз күйінің сыңарындай, құйтырқы қағысы мол екінші күйін бұлыңдата қағып шығады.

Осы кезде Мәмбет-пана:

— Ал, ағайын, менен бір сауға болсын! Бұл жолы біреудің жеңуін немесе жеңілуін көруді мұрат тұтпай-ақ қоялық. Екеуі де шалғыш екен! Төрелік тең болсын!- деп, күй айтысын тоқтатқан екен.

Өскенбайдың осы жолы тартқан екі күйі де ел ішіне «Жаңылтпаш» деген атпен тараған.


ДЕРЕК. Өскенбаев Мұрат, күйші-домбырашы, күйді тартушы, әрі аңызын айтушы. Атырау облысы, Ералиев ауданынан.

Есжан бірбет, басынан сөз асырмайтын мінезді адам болған. Осындай мінезімен беттескен бір бай соңына түсіпіжүріп, екі жылға соттатқан. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» дегендей, Есжан жауапты болып жүргенде оның көңіл жарастырған ғашығы, әйгілі күйші-домбырашы Ақбикеш ару ұзатылып кетеді. Кейін Есжан бір жиын-тойда Ақбикешпен ұшырасып, іштегі мұң-сырларын бір-біріне күй арқылы жеткізген. Бүгінгі домбырашылар Ақбикештің сыры деп «Айнам қалды» күиін, Есжанның мұңы деп «Қош аман бол, Ақбикеш» күйін шертеді.

Есжанның өмірінің айғағындай болып, керек десеңіз Есжанның емірге берген бағасындай болып әйгілі «Соқыр Есжан» күйі жетті. Бұл қазақтың күй өңіріне шырай беретін, мәңгі тозбас асыл мұра. «Соқыр Есжан» М.Төлебаевтың «Біржан - Сара» операсының алтын арқауы болған.


ҚАРАҚҮЛ

Қарақұл XIX ғасырдың екінші жартысында Орал облысында омір сүрген күйші. Бүгінгі күнге оның «Түс күйі» атты туындысы жеткен. Бұл күйді белгілі онер зерттеушісі Т.Мерғалиев 1964 жылы Мұқас Құсайыновтың орындауында нотаға түсіріп, «Домбыра сазы» атты кітабына (1972) енгізген.



БАҚТЫҒАЛИ
ҰЛЫ ҚҰЛШАР


Құлшар Бақтығалиұлы Атырау, Маңғыстау аймағында XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген күйші. Айтыс күйлерінің ірі окілі. Ата қонысы Сам, Ақжігіт, Сыңғырлау деп аталатын жерлер. Шыққан тегі Кіші жүздің Адай руынан, оның ішінде Мал, Қырықмылтық, Есекей аталары болып келеді.

Құлшар күйлері әдетте өз басынан откен қызықты оқиғаға орай туындап отырады. Ондай оқиғалар әдетте күймен жауаптасу, күй өрелестіру, күймен емеурін ету немесе сол оқиғаны күйге салу түрінде көрініс тауып отырады. Мәселен, Құлшардың басынан өткен мына оқиға Маңғыстауда жиі айтылады.

Бірде Құлшар жолаушылап келе жатып шеліркеген соң бір үйге түссе, кемпір мен қыз отыр дейді. Сәлем беріп, шөліркеп келгенін айтады. Сонда кемпір: «Кез келген квлденеңді кәк аттыға ұсына берер шай жоқ, онанда өнерің болса көрсет!» - дейді. Құлшар болса: «Тыңдар құлақ болса, өнер жетеді. Онда шайыңды қамдай бер. Мен күй тартқанда ауылымның қыздары қамалап отырушы еді. Сол «Қыз қамаған» күйімді тартып тастайын!» деп, қолына домбыра алады.

Құлшардың күй тартысы кемпірдің делебесін қоздырады. Күй тартылып біте бергенде кемпір шыдай алмай: «Шырағым, алдымен сен кімнің алдында күй тартып отырғаныңды біліп ал. Бері бер домбыраны, астыңдағы атыңнан айырылғың келмесе. Бізде қыз болғанбыз, бұлғақтап күй тартқанбыз!» - деп, «Кербез Керік» күйін тартады.

Сол жерде қыздың делебесі қозады: «Шеше, домбыраны маған берші. Кеше бір жігіт жаман атын жортақтатып келіп, менімен күй тартысамын деп қашып құтылып еді, бұл жігіт те зердесі болса жөнін табар!»- деп, «Атжортақ» күйін тартады. Қыз мұнан соң мысқылдай отырып: «Осы күйім мысын басқан әлгі жігіт қош айтысып жөніне кеткен сияқты еді, сөйтсем, сасып жүріп кебісін қалдырып кетіпті. Енді соны «Кебіс қалған» деп күйге салайын!»- дейді де, тағы да бір күй тартып береді.

Бұл екі ортада шай қамдауға сыртқа шыққан кемпір қайтып кірсе, домбыра кезегі Құлшарға тиген, күрпілдетіп бір күйді сапырып отыр дейді. Сонда кемпір «Апыр-ай, кезінде менен кейін күй тартылмаушы еді, мына жолаушы басынды-ау!» деп күйініп, домбыраны қолына алып, білегін көстеңдете қағып, қаққан сайын «әдірам қал!» деп қолын шығарып отырып «Сық-сақ» күйін тартып еді дейді...


Бұл сияқты оқиғалы айтыс күйлері Құлшардың өзі өңдеп, өзі жетілдіріп, тіптен оқиғаны өзі ойдан шығарып тартқан күйлері екені аян.

Құлшар күйлері бүгінгі күнге Өскенбай, оның балсы Мұрат арқылы жеткен. Құлшар өзінің «Төкпе», «Шелтіреш», «Жортақ» атты күйлерін кезінде Абылға үйреткен деректі А.Жұбанов келтіреді (А.Жұбанов. Ғасырлар пернесі. Ал., 1975.242-бет). Т.Мерғалиевтің «Домбыра сазы» атты кітабына (1972) Құлшардың «Қыз қамаған» күйінің нотасы берілген. Құлшар күйлерін келістіріп тартатын өнерпаз - Ізбасар Шыртанов.



<< предыдущая страница   следующая страница >>