shkolakz.ru 1
Ислам дінінде дос таңдаудың маңыздылығы



www.al-hanifiya.kz

сайтының редакциясы дайындаған

Аса Рахымды, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!


Кіріспе


Оны дәріптеп, әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ, әрі Жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ Мұхаммед – Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.


Одан кейін:

Ислам дінінде дос таңдау аса маңызды орын алады, әрі Құран, Сүннет пен ізгі ата-бабалардың сөздерінен осыны жиі кездестіруге болады. Мәселен, Құран мен Сүннет дос ретінде өзімізге ізгі дос пен жолдас таңдауын бұйырып, өзіңнің араласатын жақындарың ретінде кәпірлер немесе пасық мұсылмандар болуына тыйым салады. Мұндай адамдармен достасудың тыйым салынғандығын былайша түсіндіруге болады: адам өз негізінде кіммен дос болса, содан үлгі алып, оған ұқсауға бейім тұрады. Мысалы, діни білім ізденіп жүрген адамдармен араласу – адамды діни білімді ізденуге итермелейді. Тақуа адамдармен араласу – адамды дүниелік игіліктерге қызықпауға үйретеді. Бидғатшылармен араласу – адамды бидғат жасауға ұшыратады. Ал дүние жинауды ғана мақсат ететін адамдармен араласу – адамды дүниеқоңыздыққа шалдықтырады. Міне, сондықтан шариғат осы дүниеде де, о дүниеде де пайда әкелетін достар мен жолдастарды таңдауды бұйырып, нашар құрбы-құрдастардан барынша аулақ болуды әмір етеді. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, әрбірің өз жақын достарыңның кім екеніне қарасын!» Әбу Дәуд 4833, әт-Тирмизи 2378. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуәуи, хафиз Ибн Хәжәр, имам Ибн Муфлих, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбәни растады.


Ибн Әбу ‘Имран айтады: “Бір күні мен Әбу Заррға келіп, оның жалғыз өзі мешітте отырғанын көрдім. Мен одан: “Сіз неге жалғыз отырсыз?” – деп сұрадым. Сонда ол: «Нашар достардан гөрі жалғыздық артық, әрі жалғыздықтан гөрі жақсы достар артық!» - деп жауап қатты”. Әбу әш-Шейх, әд-Дайләми, Ибн ‘Асакир. Хафиз Ибн Хәжәр иснадын жақсы деді. Қараңыз: “Фәйдул-Қадир” 7/349.

Дана сахабаның сөздері неткен керемет десеңші!

Әбу Суләймән әд-Дарани айтады: “Тек мына екі адаммен ғана дос бол: осы дүние істерінде пайда әкелетін адаммен және о дүниелік өмірге пайда әкелетін адаммен. Ал басқа адамдармен дос болу – үлкен ақымақтық!” Қараңыз: “әл-Мәу’изатул-муттақин” 128.

Имам Ибн Жәмә’а білім ізденушіге насихат айтып былай дейді: “Ол тек оны үйрете алатын немесе одан бірнәрсе үйрене алатын кісілермен ғана араласу керек. Егер ол уақытын олармен босқа өткізетін, ештеңені үйретпейтін, одан ештеңе үйрене алмайтын және оның істерінде оны құптамайтын біреулермен достасса, онда олармен танысқан соң алғашқы күндерінен-ақ сыпайы түрде қарым-қатынасын ұзсін. Бұны олардың достастғы күшеймей жатып, дереу істеу қажет. Себебі, күшейген нәрседен құтылу ауыр. Фақиһтар былай деген: «Тоқтатудан көрі, алдын алу оңайрақ»”. Қараңыз: «Тазкирату-ссами’» 84.


Досың қандай болса, сен де сондайсың


‘Айшадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адамдарның жандары жауынгерлер сияқты! Бір-бірін танығандар бірігеді, ал бір-бірін танымағандар бөлінеді». әл-Бухари 3336, Муслим 2638.

Міне, осы хадистен түсінетініміз: әуелгіде жаман немесе жақсы қасиет салынған жандар бір-бірімен дос болуға ұмтылады, сондықтан ізгі адамдар – ізгі адамдармен араласады, ал күнәһарлар – өзі сияқты күнәһарлармен достасады. Имам Ибн әл-Әсир айтады: “Жаны бар денелер қалай жаратылғанына қарай бірігеді немесе бөлінеді. Осы себепті, сен ізгілер ізгілерді жақсы көріп, олармен дос болуға ұмтылатынын, ал жаман адамдар жаман адамдарды жақсы көріп, олармен дос болуға ұмтылатынын көресің!” Қараңыз: “ән-Нихая” 1/336.


Әбу Һурайрадан жеткен хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам өз досының дінінде. Сондықтан, әрбірің өз жақын достарыңның кім екеніне қарасын!» Әбу Дәуд 4833, әт-Тирмизи 2378. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуәуи, хафиз Ибн Хәжәр, имам Ибн Муфлих, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбәни растады.

Хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр былай деп жазған еді: “Бұл хадистің мағынасы, бірақ Аллаһ жақсырақ біледі, мынада: адам өз досынан көрген нәрсеге дағдыланып үйреніп қалады. Дінге де дағдыланып үйреніп қалуға болады, міне сондықтан, мұсылман адам тек жақсы нәрсе көрсете алатын адаммен ғана дос болуға бұйырылған, өйткені жақсы нәрсеге де дағдыланып үйреніп қалуға болады”. Қараңыз: “Бәхжәтул-жәлисин” 2/751.

Имам әл-Хаттаби айтады: «Адам өз досының дінінде» деген сөз – сен тек діні мен тақуалығына разы болған адаммен ғана дос болуға рұқсат етілетіндігін білдіреді. Досың міндетті түрде сені өз дініне, өз жолына тартады, сондықтан өз тақуалығыңа сеніп алданып қалма, өзіңді қатерге душар етпе және сен діні мен жолына разы болмаған біреумен дос болма! Суфьян ибн ‘Уяйнә осы хадиске қатысты былай деп айтылғанын жеткізеді: “Перғауынға және оның қасында болған Хаманға1 қараңдар! Әл-Хажәжға және одан бетер Йәзид ибн Әбу Муслимге көз салыңдар! Суләймән ибн ‘Абдул-Мәликке және оны үнемі түзетіп отыратын серігі Раж ибн Хайға қараңдар!” Махаббаттың «хилләт» деп аталуының себебі – махаббат пен ұнату сезімі адамның жүрегіне кіріп, өз тамырын жайып нығаятындықтан деп айтылады, әрі бұл – бауырлар арасындағы сезімнің ең жоғарғы сатысы. Негізінен, адамдар бір-біріне бөтен, ал егер олар танысып, одан әрі достаса бастаса, бір-біріне жақын болып кетеді. Егер араларында ұқсастық байқалса, олар бір-бірін жақсы көретін достарға айналады. Егер бұл сезім арман қарай нығайса, араларында «хилләт» деп аталатын нәрсе пайда болады”. Қараңыз: “әл-‘Узлә” 56.


Ибн Мәс’уд айтады: “Адам туралы оның досына қарап бағалаңдар, өйткені адам өзіне ұқсайтын адамдарды ғана дос тұтады!” Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 4/281.

Әл-Ә’мәш айтады: “Сәләфтар белгілі бір адам туралы тек мына үш сұрақты қоятын еді: ол қай жерге барады, ол кімге барады және қандай адамдарды жақсы көреді”. Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/452.

Имам әл-Әуза’и айтады: “Кімде-кім өз бидғатын бізден жасырса, бізге оның бидғатын өзінің жақын араласатын адамдары әшкерелеп береді!” Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/479.

Суфьян әс-Саури Басра қаласына келген кезде Раби’ ибн Сабихтың жағдайы туралы сұрай бастады. Суфьян әс-Саури Раби’ туралы: “Оның мазхабы (жол) қандай?” – деп сұрады. Оған: “Оның мазхабы – тек Сүннет”, - деп жауап берді. Ол: “Ал ол кімдермен араласады?” – деп сұрады. Оған: “Қадарилермен2”, - деді. Сонда Суфьян былай деді: Демек, ол да қадари! Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/453.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтады: “Егер адам жасырын түрде жаман адамдармен кездесіп, олармен бірге болатын болса, ондай адамнан сақ жүру керек екенін жұртқа ескерту қажет!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 35/414.

Егер жаман адамдармен жасырын түрде кездесіп, олармен бірге болатындар туралы осындай ауыр сөздер айтылса, онда жаман адамдармен ашық кездесіп, бірге болатындар туралы не айтуға болады?!

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия тағы былай дейді: “Мұсылман адам өзінің досы болғысы келетін адамды немесе қызын сұрап келген жігітті және сол сияқты адамдарды тексеруі тиіс”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 15/328.


Кәпірлерді дос тұтудың тыйым салынғандығы жөнінде


Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Егер әкелерің, туыстарың иманнан гөрі күпірлікті жақсы көрсе, оларды дос тұтпаңдар. Ал сендерден кім оларды дос тұтса, онда олар залымдар» (әт-Таубә сүресі, 23-аят).

Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Мүміндер, мүміндерден өзге кәпірлерді дос тұтпасын. Әлдекім осыны істесе, Аллаһқа еш нәрседе байланысы жоқ. Бірақ олардан сақтану үшін болса басқа3» (Әли ‘Имран сүресі, 28-аят).


Кәпірлермен дос болу туралы айтар болсақ, бұл – екіжүзділіктің бір белгісі. Ол туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Екіжүзділерді күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Олар сондай мүміндерден өзге кәпірлерді дос тұтқандар. Олар кәпірлердің қасынан ұлықтықты қалай ма? Шын мәнінде, ұлықтық бүтіндей Аллаһқа тән»
(ән-Ниса сүресі, 138-139-аяттар).

Кәпірлерді жақсы көріп, оларды дос тұту – яһудилердің сипаты. Ол туралы Аллаһ Тағала былай деген: «Олардан көбісі кәпірлерді дос тұтқанын көресің. Олардың дайындаған нәрселері нендей жаман. Олар Аллаһтың ашуына жолығып, азапта мәңгі қалады. Егер олар Аллаһқа, пайғамбарға және оған түсірілген Құранға иман келтірген болса, оларды дос тұтпас еді. Бірақ олардың көбісі бұзақылар. Әрине мүміндерге адамдардың ішінде ең қатты дұшпан түрінде яһудилерді, мүшріктерді табасың» (әл-Мәида сүресі, 80-82-аяттар).

Кәпірлермен дос болудың тыйым салынғандығы кәпірлердің барлығын қамтиды, ол мүшрік болсын, атеит болсын, немесе христиан болсын, яһуди болсын.4 Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Яһудилер мен христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір- бірлерінің достары. Ал сендерден кім оларды дос тұтса, ол
солардан. 5 Расында, Аллаһ залым елді тура жолға салмайды!» (әл-Мәида сүресі, 51-аят).

Сонымен қатар өзіңнің жақындарың ретінде мұсылмандардан басқа ешкімді алмау керек екеніне Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқау болады: «Әй мүміндер! Өздеріңнен басқаларды жақындарың ретінде алмаңдар! Олар сендерге қастандық жасаудан тартынбайды, әрі сендердің қиналғандарыңа қуанады. Олардың өшпенділігі ауыздарынан-ақ көрініп тұр. Әрі олардың жүректерінде жасырынған өшпенділік одан да үлкен. Егер түсінетін болсаңдар, әрине сендерге аяттарымызды баян еттік!» (Әли ‘Имран сүресі, 118-аят).

Имам әл-Қуртуби айтады: “ Аллаһ Тағала осы аятта мүміндерге жақындары ретінде кәпірлерді, христиандар мен яһудилерді алуға, әрі олардың пікірін тыңдап, олармен кеңесуді тыйым салды!” Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 4/216.


Әбу Муса әл-Әш’ари былай депа баяндайды: “Бір күні мен ‘Умар ибн әл-Хаттабқа (Аллаһ оған разы болсын) жазғыш-христианым бар екенін айттым. Ол: Саған не болған?! Аллаһ сені қиратып тастасын! Сен Аллаһ Тағаланың: «Әй мүміндер! Яһудилер мен христиандарды дос тұтпаңдар! Олар бір- бірлерінің достары» (әл-Мәида сүресі, 51-аят) – деген сөзін естімеп пе едің?! Жалғыз Аллаһқа ғана иман келтірген адамды таба алмадың ба?” – деді. Мен оған: Әй мүміндердің әміршісі! Ол маған тек жазғыш ретінде керек, ал оның сенімі өзінде қалады!” – деп қарсылық білдірдім. Сонда ол: “Егер Аллаһ Тағаланың Өзі оларды жек көрсе, мен оларға қалайша құрмет көрсетемін?! Егер Аллаһ Тағаланың Өзі оларды қорласа, мен оларды қалайша көтермелеймін?! Егер Аллаһ Тағаланың Өзі оларды алыстатса, мен оларды қалайша жақындатамын?!” – деді.” әл-Бәйхақи 9/204. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия мен шейх әл-Әлбәни иснадын сенімді деп атады. Қараңыз: “әл-Иқтида” 161 және “Ируәул-ғалил” 2630.

Кәпірлермен дос болудың Исламдағы үкімі міне осындай.

Сонымен қатар, кәпірлерді жақындарың ретінде алмай, әрі оларды дос тұтпау дегеніміз – оларға әділетсіз болуды, олардың құқықтарын қорлауды білдірмейді. Ол рұқсат етілмеген. 6 Сонымен бірге, бұл айтқанымыз Исламмен, мұсылмандармен соғыс жүргізіп жатпаған адамдармен жақсы қарым-қатынаста болудың тыйым салынғандығын білдірмейді. Бұған туыстық қарым-қатынасты нығайту немесе сауда-саттық, финанс жағынан қарым-қатынаста болу да жатады.

Аллаһ Тағала былай дейді: «Сендермен дін үшін соғыспаған, әрі үйлеріңнен қумаған адамдарға игілік жасап, олармен әділ болуға Аллаһ тыйым салмайды. Расында, Аллаһ әділ болғандарды жақсы көреді» 7 (Мумтәхана сүресі, 8-аят).


Пасықтармен және бидғатшылармен дос болудың тыйым салынғандығы жөнінде

Өкінішке орай, мұсылдардың аз бөлігі ғана осы мәселеге мұқият қарайды, сол себепті өзін Сүннетті ұстанып жүрмін дейтін адамды басқа мұсылмандарды негізсіз күпірлікте, бидғатта айыптайтындармен немесе Аллаһтың есім-сипаттарын бұрмалап, жоққа шығаратындармен араласып жүргенін, олармен дос болып жүргенін көруге болады.


Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қадарилер осы үмметтің отқа табынушылары. Егер олар ауырып қалса, зиярат етпеңдер, ал егер олар қайтыс болса, жаназасына бармаңдар!» Әбу Дәуд 4691, әл-Хаким 1/15, Ибн Әбу ‘Асым 339. Хадисті имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, хафиз Ибн Хәжәр мен шейх әл-Әлбәни жақсы деді.

Ибн ‘Умарға тағдырды жоққа шығаратын адамдар туралы айтқан кезде, ол: “Сендер оларды кездестірген кезде, оларға менің еш қатысым жоқ екенін, олардың маған еш қатысы жоқ екенін жеткізіңдер!” – дегені туралы хабарланады. Муслим 8.

Танымал табиғин Әбу әл-Дауза былай деген: “Менің қасымда нәпсісіне ерген адамнан гөрі, маймылдар мен шошқалар болғаны жақсы!” әл-Ләләкәи 231.

‘Абдуллаһ ибн ‘Аун былай деген: “Бидғатшылармен бірге отыратындар, біз үшін сол бидғатшылардың өздерінен де жаман!” Қараңыз: “әл-Ибәнә” 2/273.

Бидғатшылармен араласып, олармен дос болу туралы сәләфтардың тым қатты айтқан сөздер өте көп. Онымен қоса, сәләфтар өз балаларының көңіл-қалауына ергендермен дос болғанша, күнәһар пасықтармен араласқаны жақсырақ деп есептеген. Мәселен, Са’ид ибн Жубәйр былай деген: “Мен үшін өзімнің балам құлшылықта ынталы бидғатшымен дос болғанша, күнәһар-Суннитпен дос болғаны жақсырақ!” Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” № 89.

Әл-‘Аууәм ибн Хаушәб өзінің ұлы ‘Исаға қатысты былай дейді: “Аллаһпен ант етемін, мен үшін ‘Исаны бидғатшылардың қасында отырғанын көргенімнен гөрі, оны музыканттармен, алқаштармен бірге отырғанын көргенім жақсырақ!” Ибн Уәддах «әл-Бида’» 56.

Бір күні Юнус ибн ‘Убайд өз ұлын бидғатшының үйінен шығып келе жатқанын көріп былай деді: “Әй, балам, сен қайдан келе жатырсың?!” Ол: “Пәленшенің үйінен”, - деді. Сонда Юнус былай деді: “Мен сені пәленшенің үйінен шығып келе жатқаныңды көргенімше, сені қызтеке еркектің үйінен шығып келе жатқаныңды көргенім абзалырақ. Әй ұлым, Аллаһтың алдында өз көңіл-қалауын ергендермен бірге тұрғаныңнан гөрі, сені Аллаһтың алдында зинақор, пасық, ұрлықшы және сатқын болып тұрғаның маған ұнамдырақ!” Ибн Бәтта 464, әл-Әжурри 2061.


Шейх ‘Абдул-‘Азиз әр-Ражихи айтады: “Бұл үлкен және қасіретке апаратын күнәлардың - мардымсыз екенін білдірмейді. Шынында, бұл тек бидғат күнәсының үлкендігін көрсетеді. Зинақорлық, ұрлық және басқа үлкен күнәлардың ауырлығына қарамастан, бидғат олардан да ауырырақ болып есептеледі!” Қараңыз: “Қам’ әд-дажәжилә” 402.

Имам әл-Бәрбәһәри айтқан: “Сен Юнус ибн ‘Убайдтың ұлының дініне қызтеке ерлердің әкелетін зарардың өзі де, бидғатшылардың әкелетін зарарынандай емес екеніне нұсқағанын байқамадың ба?! Бидғатшылар адасуға алып барады, солай ол кәпір болып кетуі де мүмкін!” Қараңыз: “Шарху-Ссунна” 87.

Имам Әбу Хатим былай деген: “Мен Ахмад ибн Синанның былай деп айтқанын естідім: “Менің көршім бидғатшы болғаннан гөрі, музыка тыңдаушысы болғаны жақсырақ. Өйткені, музыка тыңдайтын адамға оны тыйып тастауға болады немесе музыкалық аспабын сындырып тастауға болады. Ал бидғатшы көршілерді де, қоршаған ортадағы адамдарды да құртады!” Ибн Бәтта “әл-Ибәнә” 2/469.

Әл-Фудайл ибн ‘Ийяд былай деген: “Бидғатшыны жақсы көретін адамның амалдарын Аллаһ Тағала жоқ қылады да, оның жүрегінен Ислам сәулесін өшіреді!” әл-Ләләкәи 263, Әбу Ну’айм 8/103.

Ол тағы былай деген: “Расында, Аллаһты еске алып отырған адамдардың жиналысын іздейтін еріштелері бар! Бидғатшымен бірге болма! Өйткені, шын мәнінде, Аллаһ Тағала оларға қарамайды! Бидғатшымен бірге болу – адамның екіжүзді екенінің белгісі. Мен адамдардың ішіндегі ең жақсыларын көріп үлгердім, олардың барлығы әһлю-Суннадан еді және олардың әрбірі бидғатшымен бірге болуды тыйған еді!” Қараңыз: “Хильятул-әулия” 8/104.

Ол тағы да былай деп айтқан: “Жүрегіңді бүлдіретіндермен бірге отырудан абай бол!” әл-Ләләкәи 262.

‘Абдуллаһ әс-Сарахси былай деген: “Бірде бидғатшымен бірге тамақтанған едім. Мұны Ибн әл-Мубарак естіген кезде, соның кесірінен менімен отыз күн бойы сөйлеспей қойды!” әл-Ләләкәи 274.

Бірде Мухаммад ибн Сиринге бір бидғатшы келіп, онымен сөйлескісі кеп тұрғанын хабарлады. Оған Ибн Сирин: Оған: Жоқ! деп айтыңдар! Маған келмей-ақ қойсын! Ақиқатында, Адам ұрпақтарының жүрегі әлсіз, және мен одан сондай бір сөз естіп, тіпті соның кесірінен жүрегім бұрынғы орнына қайта келмей қала ма деп қорқамын!” – деп жауап берді. Ибн Уәддах 60, Ибн Бәтта 399.

Сәләфтардан жеткен жоғарыдағы хабарларда бидғатшылармен дос болу былай тұрсын, тіпті олармен араласудың өзі қауіпті екені баяндалған!

Имам әл-Фудайл ибн ‘Ийәд былай деген: “Адамдарның жандары жауынгерлер сияқты: бір-бірін танығандар бірігеді, ал бір-бірін танымағандар бөлінеді. Сүннет ұстанушы адам бидғатшыға көмектесуі мүмкін емес, әйтпесе ол екіжүзділіктің белгісі болады” Қараңыз: “Шарх усул и’тиқад” 1/138.

Бидғатшылардың бірі Яхъя ибн ‘Убәйдтың қасында еріп жүргісі келген кезде ол: “Шынында, сенімен бірге жүргенше христианмен бірге жүрген жақсы!” – деді. Ибн Уәддах «әл-Бида’» 142.

Дегенмен, бұл үкім бойынша бидғатшыдан гөрі христианның жағдайы жақсырақ дегенді білдірмейді. Мына қағиданы ешқашан ұмытпау керек: әһлю-Сунна уәл-жәмә’а ақидасы бойынша, үкімі жағынан ең жаман әрі ең пасық күнәһар мұсылман адам – кез-келген ұқыпты да, тәртіпті кәпірден гөрі жақсырақ! Ал сәләфтардың бидғатшымен бірге болғанша, кәпірлермен бірге болған жақсырақ деген сыңайлы сөздеріне келер болсақ, оның мағынасы – кәпір адам мұсылманға белгілі, сондықтан ол мұсылманға күмән салып, адастыра алмайды, ал бидғатшы болса мұны істей алады. Өйткені бидғатшы мұсылман ғой, тіпті өзін әһлю-Суннаданмын деп атауы мүмкін.

Имам Ибн Бәтта айтқан: “Мына нәрсе Сүннет: бидғатты ұстанатын әрбір адамнан аулақ болу, сондай-ақ ондай адамдарды жақтап, көмек көрсетіп және оларды қорғаштайтындардан да аулақ болу, тіпті мұндайды істеп жатқан адам сырттай Сүннетті ұстанатын етіп көрсетсе де!” Қараңыз: “әл-Ибәнә” 1/282.


Имам әл-Бәрбәһәри былай деген: “Егер белгілі бір адамның бидғаты туралы сен үшін анық болса, одан аулақ бол! Өйткені, расында, ол адамда сенің байқаған бидғатыңнан да артық жасырылған бидғат бар!” Қараңыз: Шарху-Ссунна” 97.

Имам Ибн әл-Жәузи былай деп айтқан: “Қарапайым адаммен араласу – бұл адамның иманына әсер ететін азғыру, тек егер олмен сөйлескен кезде өз-өзін сақтамаса. Ондай кезде адам тек өзі сөйлеуі тиіс, ал оларға тек тыңдаттырып қою қажет”. Қараңыз: “Сайд әл-хатыр” 419.

Егер бұл имам қарапайым адаммен сөйлесудің өзі мұсылманның иманына қауіпті екенін айтып жатса, онда бидғатшылармен, күнәһарлармен дос болу адамның иманына қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті!

Әбу Муса әл-Әш’ари жеткізген хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет Күні адам өзінің жақсы көргенімен бірге болады». әл-Бухари 6170, Муслим 2641.

Сонымен қатар, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер адам бір халықты жақсы көрсе, ол міндетті түрде солармен бірге тіріледі!» әт-Табарани. Сенімді хадис. Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 3037.

Бұл өте маңызды ұлы хадистер, себебі ол хадистерде белгілі бір адаммен дос болып, оны жақсы көруде сақтық қылу қажет екеніне нұсқау бар. Хафиз әл-Мунзири өзінің «әт-Тарғиб уә-ттархиб» 3/14 атты кітабында жоғарыдағы хадистерді және тағы басқа хадистерді келтіріп, сол тараудың атын былай деп атады: “Жаман адамдар мен бидғатшыларды жақсы көрудің қауіптілігі, себебі адам өз жақсы көргенімен бірге болады”.

Сондықтан, әрбір мұсылман адам осыған қарап ойлансын, әрі бидғатшыларды немесе күнәні ашық жасайтын пасықтарды жақсы көруден сақ болсын!

Әнәс ибн Мәлик былай дейді: “Мен пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкр мен ‘Умарды жақсы көремін және оларға деген махаббатымның себебімен олармен бірге боламын деп үміт етемін, олар істеген нәрсені істемесем де!” әл-Бухари 1/162.


Әрбір мұсылман бидғатшымен дос болу иманның әлсіреуіне, азаюына басты себеп болатынын білуі тиіс, тіпті иманның толықтай жойылуына әкеп соқтыруы мүмкін, бұл енді өз достарының бидғатқа қаншалықты батқанына, әрі олармен қарым-қатынас қаншалықты тығыздығына байланысты.

Бұл айтқанымыз пасық, күнәһарлармен достасуға да қатысты, себебі ондай адамдармен дос болу – адамның жүрегінде күнәлар мардымсыз бір нәрсеге айнала бастайды, әрі жүректен күнәны жек көру сезімінің жоғалуына түрткі болады!

Бұған мысал ретінде мұсылмандардың өздері бүгінгі таңда куә болып жүрген құбылысты келтірейік. Үлкен күнәлардың қатты таралуының кесірінен, мұсылмандар оны үлкен күнә деп қабылдаудан қалды, оны тек жәй кіші күнә деп есептейді. Ал ондай үлкен күнәлардың жасаушы адам кішкене кемшілігі бар адам ретінде қарастырылады, тіпті кейбіреулерін ұқыпты, тәртіпті адамдар қатарына қосады. Естеріңе алыңдаршы, шариғатқа сай келмейтін әйелдердің киімін, сыра ішуді, түгелдей барлық жерде дыбысы шығып тұратын музыканы, өсімқорлық пен үстеме пайыз қосылған несиелерді мысал қылып келтірейікші. Ал енді, өз-өзімізге жауап берейік: біз оларды үлкен күнәлар деп, ал оларды жасаушы адам – күнәһар-пасық адам деп білеміз бе? Расында, адам өз қоршаған ортасына дағдыланып қалады. Егер күнде-күнде көз алдымызда адам өлтіру болып жатса, онда белгілі бір мерзімнен кейін бұған да үйренісіп қалған болар едік, мәселен темекі шегіп тұрған адамға үйренісіп қалғанымыздай. Міне, дәл осы себепті, жаман қоршаған орта қорқынышты әрі мұсылманды қасіретке ұшыратады, ондай адамдармен дос болып, олармен араласуды айтпағанда.

Алайда, күнәһар-пасық мұсылмандармен дос болудың тыйым салынғанда мына нәрсені ескерген жөн: олар бауырларымыз болып қала береді, әрі оларға мұсылманша қарым-қатынас жасау қажет және олармен сәлемдесіп немесе оларға көмек көрсетіп, күнәсіз нәрседе жәрдесуге тиіспіз! Мүмкіндігінше пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен ізгі ата-бабаларға ере отырып, өз-өзіңді және бізді қоршаған мұсылмандарды дұрыстау қажет.


Имам әл-Хаттаби айтады: “Өзімізге таңдаған жалғыздықты айтқан кезде, біз адамдардың қоғамынан алшақтап, құлшылыққа, сәлемдесуге, басқалардың сәлеміне жауап беруге және сол сияқты олардың бізге деген қақыларына байланысты олардың құқықтарын жоққа шығарамыз деп айтқымыз келген жоқ, әрі оларға Сүннет амалдар мен құпталған әдеттер деп сыпайы түрде сылтауратып, бас тартпаймыз. Біз жалғыздық дегенде тек қажетсіз достық қарым-қатынастардан, артық достасуды теріске шығарып, еш пайдасы жоқ қарым-қатынастардан бас тартудың қажеттілігін ғана айтамыз”. Қараңыз: . “әл-‘Узлә” 3/449.


Тақуа адаммен дос болудың бұйрылғандығы жайында


Аллаһ Тағала былай деген: «Раббыңның Жүзін қалап, Оған таңертең, кешке жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап көзіңді басқаға аударма. Сондай-ақ Біз жүрегін, Бізді еске алудан қаперсізденген, әуесіне еріп, амалдары күлге айналатын біреулерге бағынба» (әл-Кәһф сүресі, 28-аят).

Шейх ‘Абдур-Рахман әс-Са’ди былай деді: “Бұл аятта жақсы адамдармен дос болу бұйрығы бар! Сондай адамдармен бірге жүріп, олардың арасында болу үшін өз нәпсіңе қарсы күресуің қажет, тіпті олар кедей болса да. Расында, ондай адамдардың қасында болу – сансыз пайда әкеледі!” Қараңыз: “Тайсирул-Кәрими-Ррахман” 284.

Аллаһ Тағала тағы былай дейді: «Әй мүміндер! Аллаһтан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар» (әт-Тәубә сүресі, 119-аят).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Жаман дос пен жақсы достың мысалы әтір сатушы мен от үрлеуші ұстаның мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласын, не одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан сасық иісті сезесің». әл-Бухари 5534, Муслим 2628.

Имам ән-Нәуәуи айтады: “Бұл хадисте тақуа, лайықты адамдардың және жақсы мінез-құлық пен білім иелерінің арасында болудың артықшылығы айтылған. Сондай-ақ бұл хадисте бидғатшылар, ғайбатшылар, көргенсіздігімен танымал болған адамдар және сондай жағымсыз қасиетке ие жаман адамдардың арасында болудың тыйым салынғандығы айтылған!” Қараңыз: “Шарх Сахих Муслим” 5/484.


Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сенімен тек мүміннен басқа ешкім дос болмасын және тақуа адамнан басқа ешкім сенің тамағыңды жемесін!» Әбу Дәуд 4832, әт-Тирмизи 2395. Хадистің сенімділігін Ибн Хиббән, әл-Хәким, әз-Зәһәби, Ибн Муфлих және әл-Әлбәни растады.

Имам әл-Хаттаби айтады: “Бұл хадисте қонақжайлылыққа және шақыруға байланысты тамақ беру туралы айтылып жатыр, мұқтаждарға беретін тағам емес! Өйткені Аллаһ Тағала мүміндер туралы былай деді ғой: «Олар тамақты жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді» (әл-Инсан сүресі, 7-аят). Ал тұтқындар мүмін де емес, тақуа да емес, олар – кәпірлер екені белгілі. Осы хадисте тақуа емес, күнәһар адамдармен бірге болып, олармен бірге тамақтанудан сақ болу керек екені баяндалған, өйткені шын мәнінде, бірге тамақтану бір-бірін ұнату сезімін тудырады!” Қараңыз: “Мә’алиму-Ссунән” 7/185.

Қатада айтқан: “Аллаһпен ант етейін, адамдар тек өзі сияқтылармен бірге болатынын көргенбіз! Сондықтан Аллаһтың ізгі құлдарының арасында болу үшін немесе солар сияқты болу үшін Аллаһтың ізгі құлдарымен араласыңдар”. Ибн Бәтта 2/480.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия айтады: “Аллаһ Тағалаға мойынсұнған адамдармен ғана дос болу ғана рұқсат етілген, әрі ол дәл Аллаһтың Өзі қалағандай болуы тиіс!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтәуә” 15/327.

Имам Ибн ‘Ақил «әл-Фунунда» былай деген еді: “Аллаһ Тағала жас кезімде мені күнәлардан сақтады және менің махаббатымды тек білім мен білім иелерін ғана жақсы көретіндей етіп шектеді. Мен ешқашан ойын-сауық құратындармен араласқан емеспін және өзім сияқты білім ізденушілермен ғана дос болдым”. Қараңыз: «‘Улюул-химмә» 356.

Бұл ізгі адамдармен дос болудың жемісі, дәл осы себепті яғни ізгі, әрі білімге ие адамдармен дос болғандар кейіннен осы үмметтің ұлы имамдарына айналды!

Осы жерде аса маңызды жайтты айта кету керек: ең алдымен досты діндарлығына қарап таңдау қажет, яғни оның ақидасы мен мәнһәжы қаншалықты дұрыс екеніне назар аудару керек. Өйткені қаншама мұсылмандар белгілі бір адамның жақсы мінез-құлқына алданып, тура жолдан ауытқып кетті! Яхъя ибн Мә’ин айтқан: “Бір күні мен ‘Абдур-Раззақтың аузынан шиалар айтатын бір сөзді естіп қалып: “Сенің хадистерді жеткізген ұстаздарыңның барлығы сенімге лайықты еді әрі олар әһлю-Суннадан болды: Мә’мәр, Мәлик, Ибн Журайж, әс-Сәури, әл-Әуза’и. Енді осы мәзһабты кімнен алдың?” – деп сұрадым. Сонда ол: “Бірде бізге Жә’фәр ибн Сулеймән келген болатын, мен оны лайықты әрі жақсы мінез-құлықты екенін көрдім. Осыны содан алдым”, - деді”. Қараңыз: “әт-Тахзиб” 611.


Сондықтан досты таңдаудағы ең басты критерий – бұл діндарлығы және ақидасының дұрыстығы, жақсы мінез-құлық емес немесе тағат-құлшылық емес! Имам Әбу Шәмә айтады: “Көбінесе адамдар белгілі бір наданды білімге ие, әрі тақуа деп есептеген кезде бидғатқа ұрынады. Мұндай адамдар оның сөзіне құлақ асып, амалдарына қарап, оған ере бастайды, міне, осылайша олардың амалдары кері кетеді!” Қараңыз: “әл-Мә’рифә уә-ттарих” 1/670.


Қорытынды


Келтірілген аяттарға, хадистерге, сәләфтардың сөздеріне ой жүгірткен адам міндетті түрде дос таңдаудың қаншалықты маңызды екенін, әрі күнәһарлар мен бидғатшылар адамның діні мен мінез-құлқына қаншалықты қауіп төндіретінін түсінеді! Адам ізгі әрі ойы таза болуы мүмкін, бірақ ол жаман адамдармен қалай араласса дәл сол кезден бастап олар сияқты пасық, мойынсұнбаушы болып кетуі мүмкін. Міне, Аллаһтың жаратылыстарға орнатқан заңы осындай.

Ақымақ адаммен дос болуда еш пайда жоқ, тіпті сол достық ұзаққа созылса да, ол бәрі-бір түбі ұрыс-керіс, дау-дамаймен аяқталады. Сондай-ақ тез ашуға, көңіл-қалауына, сараңдыққа немесе қаталдыққа салынып кететін әдепсіз адаммен де дос болудың еш пайдасы жоқ. Сонымен бірге өзінің пасықтығын тастамайтын күнәһармен де дос болудың қажеті жоқ, себебі ол сені күнәларға немқұрайлы қарауға алып барады. Оның үстіне ешкім Аллаһтан қорықпайтын адамның жамандығынан ешкім сақтандырылмаған, ондай адамның достығына сенуге болмайды, өйткені ол белгілі бір жағдайдың пайдасы мен зиянына байланысты кез-келген уақытта өзгеріп шыға келуі мүмкін.

Әрбір мұсылман адам сондай қасиеттерге ие болуға тиіс, оны көргенде өзің олмен дос болғың келіп кететіндей.

Осы мақаланы ұлы имам Суфьян әс-Сәури керемет сөзімен аяқтағымыз келіп тұр: “Адамның әдепсіздігіне немесе ізгілігіне достан артық әсер ететін ешкім жоқ!” Қараңыз: “әл-Ибәнә” 2/476.


Соңында, әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау болсын!

Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мүшелеріне және барлық сахабаларға Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!


1 Хаман – перғауынның уәзірі, Аллаһ Тағала оларға Мұса пайғамбарды (оған сәлем болсын) жіберді. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 6/432.

2 Қадарилер – тағдырды (қадар) жоққа шығаратын адасқан ағым.

3 Имам Ибн Жәрир әт-Табәри (оған Аллаһтың мейірімі жаусын) осы аятқа тәпсір жазған кезде былай дейді: Бұл дегеніміз: Егер тек сендер кәпірлердің билігінің қол астында болмасаңдар және өз-өздеріңе қауіп төнеді деп қорықпасаңдар ғана. Егер де сендер осындай жағдайда болсаңдар, тілдеріңде оларға жылы шырай танытып, оларға қатысты өшпенділіктеріңді жасырыңдар. Алайда, күпірлікте оларға ілеспеңдер және мұсылмандарға қарсы оларға көмектеспеңдер”. Қараңыз: “Тәфсир әт-Табәри” 3/228.

Осы аятта өзің үшін кәпірлерден қауіптенсең, оларға сырттай достық шырай таныту – аулақ болу (әл-бара) принципін бұзбайтындығына дәлел бар. Мұндай нәрсе Ислам «әт-тақия» деп аталады. Хафиз Ибн Хәжәр (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген: “Тақия – бұл жүрегіңдегі нәрсені сырттай көрсетуден қорқу”. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 12/314. Ибн әл-Қайим былай деп жазды: “Егер адам кәпірлердің тарапынан зұлымдық ұшыраса, әрі ол кәпірлерге барған кезде жақсы сөздер айтып, игі тілектер тілейтін болса, мұндайды істеудің ешқандай проблемма жоқ”. Қараңыз: “Әхкәму әһли-ззиммә” 1/205.

Алайда, мұндай жағдайда егер мәжбүрлемесе өтірік айтуға немесе оларды мақтауға болмайды. Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Екіжүздіні “мырза” деп атамаңдар, өйткені, шын мәнінде, егер ол сендердің мырзаларың болатын болса, онда осы арқылы Ұлық, Құдіретті Раббыларыңды ашуландырасыңдар». Ахмад 5/346, Әбу Дәуд 4977. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуәуи мен шейх әл-Әлбәни растады.

Өздерінің шынайы сенімдерін жасырып, сырттай басқаша сенімді көрсететін шиалар мен кейбір адасқан топтардағы тақия ұғымына келер болсақ, сөзсіз бұл – Аллаһ рұқсат еткен тақияға түк қатысы жоқ. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия (Аллаһ оны рахым етсін) былай деген: “Тақия дегеніміз өтірік айтып, жүрегіңде жоқ нәрсені тіліңмен айту дегенді білдірмейді, себебі бұл – анық екіжүзділік! Өз дініңді жасыру – бұл бір бөлек, ал өтіріктен басқа дінде екеніңді көрсету – тіптен бір бөлек, міне осындайды Аллаһ Тағала рұқсат еткен жоқ, тек егер мәжбүрлемесе!” Қараңыз: “Минһәжу-Ссунна” 4/424-425.


4 Адамдардың екі түрі ғана бар: бір жағы – мұсылмандар, екінші жағы – мұсылмандардан басқалары! Кітап иелерден болған кәпір бола ма, жоқ әлде мүшрік-кәпір бола ма, немесе атеист-кәпір бола ма – бәрі-бір Аллаһ Тағаланың алдында олардың барлығы кәпір. Сондықтан осы үмметтің Әбу Ханифа, әш-Шәфи’и, Ахмад сияқты имамдары былай деген: “Күпірлік – бұл бір дін!” Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 2/127.

5 Имам Ибн Жәрир әт-Табәри осы аяттың тәпсірінде былай деп жазған: “Мұсылмандарға қарсы яһудилер мен христиандарға көмектесіп, оларды жақсы көрген адам – солардың дінінен! Ешбір адам біреудің діні мен ұстанған жолына разы болмайынша, оған көмек көрсетіп, оны жақсы көрмейді. Ал енді кімде-кім олардың дінімен разы болса, үкім бойынша солармен тең болады!” Қараңыз: “Тәфсир әт-Табәри” 3/228.

6 Аллаһ Тағала былай деген: «Әй мүміндер! Аллаһ үшін куәлікте туралық үстінде мықты тұрыңдар. Және бір елге деген өшпенділіктерің сендерді әділетсіздікке апармасын» (әл-Мәида сүресі, 8-аят). Имам әл-Қуртуби былай дейді: “Осы аят кәпірлердің күпірлігі оларға деген әділеттілік көрсетуге кедергі болмайтынына нұсқайды”. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 5/85.

Шейх ‘Абдур-Рахман әл-Бәррак айтады: “Кәпірлердің елінде өмір сүріп, сол жерде ұрлық жасау, құқығын таптау, әрі ұрып-соғу, еш қақысыз тіл тигізу сияқты кәпірлерге қатысты істеп жатқан кейбір надан мұсылмандардың қылмысы – Ислам шариғатында тыйым салынған! Мұндай адамдардың істеп жатқаны Исламға түк қатысы жоқ! Бұдан да өткен сорақысы – бұл кейбір адасқандардың түрлі мекемелерге теракты жасап жарып жіберуі. Расында, бұл Аллаһ Тағала Өзінің құлдарының арасында әділеттілік пен Оның сөзін жер бетінде ұлықтап тарату үшін заңдастырған жиһәдқа еш қатысы жоқ! Сонымен біргі, мұның барлығы тыйым салынған бұзақылық!” Қараңыз: “И’тида ‘алә ғайрил-муслимин” 3.

7 Кейбір имамдар осы аяттың күші жойылған деп есептейді. Имам әл-Қуртуби аталмыш аятты мүшріктермен соғысуға бұйырған аяттар күшін жояды деген имамдардың пікірін келтіріп болған соң былай дейді: “Ал тәпсіршілердің көбісі бұл аяттың күші жойылмаған деп есептейді”. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 12/321.

Құран тәпсіршілерінің имамы Ибн Жәрир әт-Табәри аталмыш аят жалпы және күші жойылмаған деген пікірдің күшті екенін айтты, өйткені осы аят кесімді түрде: «Сендермен дін үшін соғыспаған, әрі үйлеріңнен қумаған адамдарға игілік жасаған» - дейді. Сондықтан мұсылмандармен дін үшін соғыспағандарға жақсылық жасауға болады. Қараңыз: “Тәфсир әт-Табәри” 10/261.

Имам әл-Хаттаби айтады: “Мұсылман бала өз ата-анасын бағуы тиіс, тіпті олар кәпір болса да”. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 5/234.

Шейх Ибн әл-Қайим: «Туысқандық қарым-қатынасты үзген адам Жәннатқа кірмейді» - деген хадисті келтіріп: “Туысқандармен қарым-қатынас жасау қажет, тіпті кәпір болса да” - деді. Қараңыз: “Әхкәму әһли-ззиммә” 2/317.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Егер Кітап иелері сендерге сәлем берсе, оларға: “Сендерге де” (уә ‘аләйкум) деп жауап беріңдер». әл-Бухари 6258, Муслим 2163. Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қызметшісі болған яһуди-бала қайтыс болайын деп жатқанда пайғамбарымыз оған келген, содан соң әлгі яһуди-бала Ислам қабылдағаны туралы хабар бар. әл-Бухари 1290.

Шейх Ахмад ән-Нәжми айтады: “Осы хадистен яһуди-бала пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қызмет еткені белгілі болды, ал қызмет ету қожайынға көмек көрсетуден тұрады. Міне, осы жерде ақиқатты білгісі келетіндерге мұсылман мен кәпірдің арасында дүнияуи мәселелерде көмек көрсету рұқсат екеніне жеткілікті дәлел бар”. Қараңыз: “әл-Фәтәуә әл-жәлия” 253.

Сонымен қатар, ‘Абдуллаһ ибн ‘Амр есімді сахаба қой сойып, оны яһуди көршісіне бастап таратуға бұйырған, әрі қойдың бір бөлігін сол яһудиге бергізіп жіберді. Әбу Дәуд 5152, әт-Тирмизи 1943. Сенімділігін шейх әл-Әлбәни растады.


Шейх Салих әл-Фаузан былай дейді: “Көршіге жақсылық таныту міндетті (уәжиб) болып табылады, тіпті ол кәпір болса да. Алайда кәпірлерді жақсы көруге болмайды, өйткені олар Аллаһтың жаулары. Ал көршімен қарым-қатынас туралы айтар болсақ, ол Ислам істеуге бұйыратын тұрмыстық мәселелерге жатады”. Қараңыз: “Фәтәуә әл-Фаузан” 1/257.

‘Абдур-Рахман ибн Әбу Бәкр былай деген: “Бір күні біз пайғамбарымызбен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге болғанымызда, бір мушрик қойды айдап бара жатқан еді, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) одан: «Бұл сатуға ма әлде сыйлыққа ма?» - деп сұрады. Әлгі мушрик: “Жоқ, сатуға”, - деді. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның қойын сатып алды”. әл-Бухари 2216.

Сондай-ақ, ‘Айша былай деген: “Бірде пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір яһудиден тамақты қарызға алды”. әл-Бухари 2068, Муслим 1603.

Осы Құран мен Сүннеттің мәтіндерінің барлығы кәпірлермен тұрмыстық мәселелерде қарым-қатынас жасаудың рұқсат етілгендігіне нұсқайды.