shkolakz.ru 1





Қазақстан Республикасы

Президентiнiң

2011 жылғы 4 наурыздағы

№ 1168

Жарлығына

3- ҚОСЫМША




«Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беру»

мемлекеттiк қызмет стандарты


1. Жалпы ережелер


1. Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беру жөніндегі мемлекеттiк қызметті (бұдан әрi – мемлекеттік қызмет) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң мемлекеттiк қызмет көрсететiн аумақтық филиалдары бөлiмшелерiнiң мекенжайлары мен байланыс деректерi осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетiлген.

2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысаны: автоматтандырылмаған.

3. Мемлекеттік қызмет «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 129 қаулысы негізінде көрсетіледі.

4. Мемлекеттiк қызмет туралы ақпарат және осы Стандарттың мәтіні Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң аумақтық филиалдарында тұтынушылар үшiн қолжетiмдi орында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң интернет-ресурсында (www.nationalbank.kz) орналастырылған.


5. Валюталық операция туралы тіркеу куәлігі не валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беруден бас тарту себептері жазылған қағаз тасымалдауыштағы дәлелді жазбаша жауап көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтiң нәтижесi болып табылады.

6. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының резиденттері – заңды және жеке тұлғаларға (бұдан әрі – тұтынушы) олар валюталық операцияны жүргізген кезде көрсетіледі.

7. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері:

1) мемлекеттік қызмет тұтынушы осы Стандарттың 11-тармағында белгіленген құжаттардың толық пакетін ұсынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде көрсетіледі;

2) қажетті құжаттар пакеті кезек күтпестен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының хат-хабар қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімшесіне/жауапты тұлғасына осы Стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша тапсырылады (немесе хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшікке салынады);

3) валюталық операция туралы тіркеу куәлігін не валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беруден бас тарту себептері жазылған дәлелді жазбаша жауапты тұтынушыға не оның сенiм бiлдiрiлген тұлғасына (сенiмхат негiзiнде) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының жауапты орындаушысы кезек күтпестен береді.

8. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.

9. Құжаттарды қабылдау және беру, демалыс және мереке күндерiн қоспағанда, жұмыс күндері сағат 13.00-ден 14.00-ге дейiнгi үзiлiспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейiн күн сайын жүзеге асырылады.

Құжаттарды қабылдау және беру кезек күтпестен, алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.

10. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалдарының үйлерінде көрсетіледі. Аумақтық филиалдардың үйлері мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қол жетімді болуы үшін пандустары бар кіру есіктерімен жабдықталған.



2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі


11. Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

1) осы Стандарттың 3-қосымшасына сәйкес өтініш;

2) валюталық шарттың тігілген және қолмен (жеке және заңды тұлғалар үшін) және мөрмен (заңды тұлғалар үшін) расталған көшірмесі;

3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (валюталық операцияны жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін);

4) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (заңды тұлғалар үшін);

5) салық төлеушінің мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттың көшірмесі;

6) валюталық шарт бойынша міндеттемелердің туындауын, орындалуын және тоқтатылуын растайтын құжаттардың көшірмелері.

Шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне мемлекеттік немесе орыс тіліндегі аудармасымен ұсынылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған қосымша құжаттарды сұратуға құқылы.

 12. Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін алуға арналған құжаттар пакеті тұтынушының орналасқан жері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалына ұсынылады.

Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін алуға арналған өтініштің нысанын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсынан (www.nationalbank.kz) және/немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалынан осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша алуға болады.

13. Құжаттар қабылдауды және тіркеуді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалының хат-хабарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімшесі/жауапты тұлғасы осы Стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жүзеге асырады (немесе хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшікке салынады).


Хат-хабарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімше/жауапты тұлға сағат 09.00-ден бастап сағат 18.00 аралығындағы кезеңде әрбір екі сағат сайын арнайы жабдықталған жәшіктен құжаттарды алады. Құжаттарды алынғаннан кейін құжаттарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімше жауапты тұлға тіркейді және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi аумақтық филиалының басшылығына бұдан әрi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi аумақтық филиалының жауапты бөлімшесінің қарауы үшін жібереді.

14. Құжаттар пакетін қолма-қол тапсырған жағдайда тұтынушының қолына осы Стандарттың 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша құжаттардың алынғаны туралы талон беріледі.

Талонды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының хат-хабарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті бөлімшесі/жауапты тұлғасы осы Стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жазады.

Құжаттарды тұтынушы почтамен жіберген немесе құжаттар пакетін хат-хабар қабылдауға арналған арнайы жабдықталған жәшік арқылы тапсырған жағдайда құжаттардың алынғаны туралы талон берілмейді.

15. Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының жауапты орындаушысы тұтынушыға не оның сенiм бiлдiрiлген тұлғасына (сенiмхат негiзiнде) жеке басын куәландыратын құжатын ұсынған кезде валюталық операцияны тіркеу куәліктерін беруді есепке алу журналына қол қойғыза отырып береді.

Тұтынушының уақтылы келмеуі себебінен валюталық операция туралы тіркеу куәлігінің 10 (он) жұмыс күнінен асатын мерзімде қолма-қол берілуі мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу болып табылмайды.

16. Егер:

1) шынайы емес ақпарат ұсынылған не Заңға сәйкес талап етілетін ақпарат ұсынылмаған;

2) жүргізілетін операция Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеген жағдайларда валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беруден бас тартылады.


Валюталық операция туралы тіркеу куәлігін беруден бас тарту себептері жазылған дәлелді жазбаша жауап тұтынушы барлық қажетті құжаттарды ұсынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде беріледі. Жауап почтамен жіберіледі не тұтынушыға, не оның сенiм бiлдiрiлген тұлғасына (сенiмхат негiзiнде) жеке басын куәландыратын құжатын ұсынған кезде қолын қойғыза отырып беріледі.


3. Жұмыс қағидаттары


17. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы тұтынушыға қатысты басшылыққа алатын жұмыс қағидаттары:

1) әдептілік;

2) көрсетілетін мемлекеттік қызмет туралы толық ақпарат;

3) мемлекеттік қызметтің уақтылы көрсетілуі;

4) тұтынушының қарауға ұсынған құжаттарының сақталуы;

5) тұтынушы құжаттарының мазмұны туралы ақпараттың қорғалуы және құпиялылығы;

6) тұтынушы құжаттарды алу үшін келмеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің іс қағаздарын жүргізу жөніндегі нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мерзімде олардың сақталуы.


4. Жұмыс нәтижелері


18. Тұтынушыларға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері осы Стандарттың 5-қосымшасына сәйкес сапа және тиімділік көрсеткіштерімен өлшенеді.

19. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң аумақтық филиалының жұмысы бағаланатын мемлекеттiк қызмет көрсетудiң сапа және қолжетiмдiлiк көрсеткiштерiнiң мақсатты мәндерi жыл сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының бұйрығымен бекiтіледi.



5. Шағымдану тәртібі


20. Іс-әрекеттерге (әрекетсiздiктерге) шағымдану және шағымды дайындауға көмек көрсету тәртібін түсіндіруді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының жауапты орындаушысы осы Стандарттың 2-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша жүзеге асырады.

21. Егер тұтынушы қабылданған шараларға қанағаттанбайтын болса немесе мәселенi жоғары тұрған сатының қарауы талап етiлсе, онда тұтынушы шағымды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының атына не оның орнындағы тұлғаға жазбаша түрде жолдай алады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының не оның орнындағы тұлғаның атына берiлетiн мемлекеттiк қызметтi көрсету жөнiндегi шағымдар 050040, Алматы қаласы, «Көктем-3» шағын ауданы, 21-үй мекенжайы бойынша почтамен жіберіле немесе қолмен беріле отырып, жазбаша түрде қабылданады.

22. Тұтынушы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң аумақтық филиалы уәкiлеттi лауазымды тұлғаларының iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) байланыс деректерi осы Стандарттың 6-қосымшасында көрсетiлген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң тиiстi аумақтық филиалының басшысына шағым жасай алады.

23. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда тұтынушының заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқығы бар.

24. Шағымдарды тiркеу, есепке алу және қарау «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылады.

Шағымды беру кезінде іс-әрекетіне шағым жасалатын субъектінің атауы немесе лауазымды тұлғалардың қызметі, аты-жөні, өтініш жасау себебі мен талаптары көрсетіледі.


Шағымды қарау нәтижелерi туралы тұтынушыға жазбаша түрде хабарланады.

Қолмен қабылданған шағым жеке тұлғалардың өтiнiштерiн есепке алу журналында немесе заңды тұлғалардың өтініштерін есепке алу журналында тiркеледi.

25. Өтініштің қабылданған күні мен уақыты, қабылдаған қызметкердің аты-жөні көрсетілген талон шағымның қолмен қабылданғанын растайтын құжат болып табылады.

26. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалы басшылығының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауы осы Стандарттың 6-қосымшасында көрсетілген мекенжайлар бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің тиісті аумақтық филиалында тұтынушылар үшін қолжетімді орында орналастырылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалы басшылығының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауы мына мекенжайда: 050040, Алматы қаласы, «Көктем-3» ықшам ауданы, 21-үйдегі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының үйінде тұтынушылар үшін қолжетімді орында орналастырылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесі сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында орналастырылады (www.nationalbank.kz).


________________________________