shkolakz.ru 1

Айқын. – 2012. - № 20. – 1 ақпан


Сұхбатты жүргізген Бұқарқызы Х.


Мемлекеттік бағдарламалар міндетті түрде ғылыми

тұрғыдан зерттелуі керек


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында еліміздің аграрлы секторы үлкен экспорттық мүмкіндіктер мен инновацияны енгізуде жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті. «Әлемде жыл сайын азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып отыр, бізге осы мүмкіндікті бос жіберіп алуға болмайды», - деген Елбасы Үкіметке осы салаға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Президент Жолдауын қуана қабылдағандар арасында ауыл шаруашылығы саласына кадрлар дайындап отырған ұстаздар қауымы да бар.

Солардың бірі - Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің Ветеринариялық санитария кафедрасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбай Әбдірахмановпен сөйлесудің сәті түсті.



- Сәрсенбай Қадырұлы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында аграрлы секторға айрықша маңыз берілгенін білесіз. Осының өзі сіздерге де өзінше бір міндет жүктейді десек, келісесіз бе?
- Әрине, біз Елбасының Жолдауын тыңдадық. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты айтылған ойлардан бізге де зор міндет жүктелгенін түсініп отырмыз. Сондықтан Жолдауды жүзеге асыруға бір кісідей атсалысамыз. Жалпы, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Әсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, болашақ мамандардың «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен жұмысқа тұруына мүмкіндік туғызуы атап өтуге тұрарлық бастамалар.

Жолдауда айтылған аграрлы секторды дамыту туралы тапсырманы осы саланың білікті мамандарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Демек, біздің жауапкершілігіміз де бар бұл жерде. Біздің кафедра ветеринария саласы бойынша кадрлар даярлайды. Қазіргі таңда Кедендік одаққа мүшеміз. Сондықтан осы ұйымның стандарттарына сай оқу бағдарламаларын жүргізіп жатырмыз. Президент биыл Дүниежүзілік сауда ұйымына ену бойынша дайындық жұмыстарын аяқтауды тапсырды ғой. Демек, біз алдағы уақытта осы халықаралық ұйымның стандарттарына сай болуымыз үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Бұл ретте, біз барлық өзгерістерге бірден назар аударып, сол жаңашылдықтарды студенттерге жеткізуге тырысамыз. Мәселен, өткен жылы Кедендік одаққа мүше болғаннан кейін малдарды тасымалдау, препараттарды қолдану, мал өнімдерін сараптау бойынша көптеген нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілді. Біз өз кезегімізде сол өзгерістерді оқу бағдарламасына енгізіп жатырмыз. Халықаралық індетке қарсы бюро бар. Осы ұйым екпе малдарды тасымалдау бойынша методология жағынан өзгерістер енгізіп жатыр.

- Сөзіңізді бөлейін, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Кедендік одақтың талабына сәйкес, екпе жасалған малдардың еті экспортқа шығарылмайды екен. Біздің елде малға екпе екпесе болмайтынын жақсы білесіз ғой. Олай болса, Жолдауда айтылған ет экспортын игеру мүмкіндігіміз қалай болмады?

- Қазақстан халықаралық ветеринария ұйымына мүше ел. Сол себепті 2007 жылдан бастап біраз аурулар бойынша малға екпе жасаудан бас тартқанбыз. Қазіргі екпе жасамайтын аурулар саны көп емес - аусыл, құтыру, сібір жарасы, қарасан. Оның өзінде аусыл ауруы бойынша, екпе осы ауру пайда болғанда ғана жасалады. Ал құтыру, сібір жарасына екпе алдын алу мақсатында жасалады. Кедендік одақ бойынша келісілген шарттарда, аусыл пайда болған аймақта, сол оқиғадан кейін 12 ай бойы ол ауру қайта тіркелмесе, онда ол өңірден ет экспортына рұқсат етіле береді. Ал бруцеллез, қойдың шешек ауруы тіркелген аймақтарда 6 ай бойы ондай жағдай тіркелмесе, ет экспорттауға рұқсат береді.

Халықаралық келісімде «аумақтау» деген термин бар, яғни мал ауруы бір мекенжайда пайда болса, ол жерден ет тасымалданбайды, ал басқа аймақтан ет экспорттауға рұқсат етіле береді. Қазір бұл саладағы саясат осындай. Мал ауруының алдын алу үшін ет экспорттаумен айналысатындар тиісті талаптарды сақтауы тиіс. Мәселен, жеке кәсіпкерлер мал шаруашылығымен айналысу туралы ережені сақтамайды. Ал малды тасымалдау, малды сою, қалдықтарын залалсыздандыру сияқты талаптар бар ғой. Сонымен қатар ветеринария білімін насихаттауда да үлкен проблема бар. Себебі ветеринария қызметі бәсекелестік ортаға берілген. Енді Кеңес Одағындағы құрылым дұрыс екен деген әңгіме айтыла бастады. Дамыған Еуропа мемлекеттерінің құрылымы енгіземіз деп едік, оны менталитетіміз қабылдамады ғой деймін.

- Біздің елдегі мал басын шетелден асыл тұқымды мал әкелу арқылы асылдандыру қолға алынғанын жақсы білесіз ғой. Алайда өткен жылы елімізге ресми сапармен келген Украина премьер-министрі шетелден ірі қара малдың тұқымын әкелгенімен, олар 1-2 жылдан кейін асыл тұқымды өнім беруді тоқтатады деп кетті. Бұл пікірмен келісесіз бе?

- Мемлекет тарапынан қабылданатын бағдарламалар міндетті түрде ғылыми тұрғыдан зерттелуі керек. Тәуекелді басқару деген мәселе бар. Меніңше, еліміздегі мал басын шетелден асыл тұқымды мал әкеліп асылдандыру туралы мәселе дұрыс көтерілген. Қолдауға болады. Алайда жүзеге асыру механизмдерін әлі де жетілдіру керек деп ойлаймын. Өйткені мен мамандармен кездескенде, бұл бастаманың экономикалық тұрғыдан, я болмаса ветеринариялық мәселелер бойынша шешімдерін оқыған жоқпын.
- Сөз басына қайта оралсақ, сіздер даярлап жатқан студенттердің өндірістік тәжірибеден өту мәселесі қалай ұйымдастырылады?
- Біздің университет 2007-2011 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында болды. Сол кезде министрліктегі тиісті комитетпен, барлық мемлекеттік, жекеменшік мекемелермен республика көлемінде келісімшартқа отырғанбыз. Сол шартқа сәйкес студенттеріміз өндірістік машықтанудан үш жарым ай бойы облыстық ветеринарлық инспекцияларда, республикалық-ветеринарлық зертханаларда, Ұлттық референттік орталықта, жекеменшіктегі мекемелерде өте алады. Бұл мәселе жолға қойылған. Мемлекеттік емтихандарға осы саладағы білікті мамандарды шақырмыз.

- Ал болашақ мал дәрігерлерінің жұмысқа орналасуы қалай?
- Соңғы жылдары жүргізілген талдау бойынша, осыдан он жыл бұрын студенттер өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмайтын. Ал қазір мал дәрігері ретінде жұмысқа орналасушылар көбейді. Былтырғы талдауда 70 пайызы жұмыс тапты делінген. Негізі, бүгіндері біздің сала бойынша жұмыс жасаймын деген кәсіби маманға жұмыс табылады.

- Болашақта мал дәрігері болсам дейтіндер көп пе?

- Осыдан он-он бес жыл бұрын ветеринария саласында жағдай өте мүшкіл болды ғой. Сол себепті де, бұл салаға қызығушылық біз күткендей болмайтын. Ал Президентіміздің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты мәселе айтылады. Содан болар, халық бұл салаға көңіл бөліп, балаларын оқуға беріп жатыр. Мәселен, былтыр мал дәрігері мамандығына 100 адам қабылдасақ, биыл 1-ші курсқа 185 адам келді.

- Өзіңіз де ауылдан шыққан боларсыз. Ауылыңыздың қазіргі ахуалы қандай?
- Мен Көкшетау өңіріндегі ауылда тудым, бала күнімізде мал соңында жүріп өстік, егін орып, шөп шапқан баламын. Сондықтан ауыл десе, елегізіп отыратынның біріміз. Ауылға титтей жақсылық жасалып жатса жанымыз жадырап шыға келетіні бар. Менің байқағаным, осыдан біраз жыл бұрын біздің өңірде мал шаруашылығынан бас тартып, көбісі егін егіп кетті. Бірақ егін шаруашылығы ауа райына баланысты ғой. Тәуекелі көп кәсіп. Соны ескерген болуы керек, соңғы уақытта шаруашылықтар екі салада қатар жұмыс жасауды қолға алды. Егін егумен қатар, асыл тұқымды мал ұстап жатқандар мен мал бордақылаумен айналысушылар баршылық. Президенттің Жолдауында аграрлы өндіріске салынатын жеке инвестицияның тәуекелдерін азайту үшін займдарды кепілдендіру және сақтандырудың жүйесін жасап, енгізу керек деді ғой. Үкіметке мемлекеттік көмекті делдалсыз жүргізудің механизмін жасауды тапсырды. Отарлы мал шаруашылығын дамыту жөнінде де айтты. Мұның барлығы аграрлы сектордың дамуына жол ашып, ауылдағы ағайынның екі қолына бір жұмыс тауып беретініне сенемін.