shkolakz.ru 1 2 ... 14 15


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті


Г. Т. Кәріпжанова


Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ ПРОЗАСЫНЫҢ ТІЛІ


Оқу құралы


қайта басып шығарылған


Павлодар 2009

УДК 81' 42

ББК: 81.2 (каз)

К 25


Баспаға Инновациялық Еуразия университетінің Ғылыми кеңесі шешімімен ұсынылған


Пікір жазғандар:

З.Қ. Темірғазина - филология ғылымдарының докторы, профессор;

Г.Т. Әбікенова - филология ғылымдарының кандидаты.


Кәріпжанова Г. Т

К 25.
Ж.Аймауытұлы прозасының тілі: оқу құралы. /

Г.Т. Кәріпжанова – Павлодар: Кереку, 2009. - 154 б., қайта басып шығарылған,келісімшарт № 12


ISBN 9965-872-20-1


Оқушы назарына ұсынылып отырған бұл кітап – белгілі жазушы Ж.Аймауытұлының творчествосын зерттеудің нәтижесі. Кітапта ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы тілін танытатын Ж.Аймауытұлы шығармалары лингвостилистикалық талдауға түседі. Прозадағы тілдік бірліктердің стильдік қызметін талданып, мағынасын айқындалады. Жазушының шеберлік қырлары, өзіндік ерекшелігі ашылады.

Кітап филологтарға, студенттерге, жалпы көпшілік қауымға арналады.


ISBN 9965-872-20-1


ББК: 81.2 (каз)


© Кәріпжанова Г.Т, 2009

© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2009


АЛҒЫ СӨЗ

Өркениетті қоғамның негізгі қағидаларының бірі – тілді адамзаттың баға жетпес құндылығы деп танитын көзқарас. Тіл – дүние танымның құралы, ойлаудың ұғым, түсінік, пайымдау тәрізді түрлерінің объективтенуі. «Әлемнің тілдік бейнесі» көркем туындылар тілінен, яғни суреткердің тіл шеберлігінен көрінеді. Ұлттың айнасы тіл десек, сол ұлттың айшықты тілі көркем шығармаларда көрініс тауып, сол арқылы ұлттың шынайы болмысын беруге қызмет етеді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе иеленуімен байланысты қоғамдық өмірдің барлық саласында өрісінің кеңейіп, жан-жақты атқарар қызметінің өсе түскені белгілі. Осы ретте тілдік құрылымдардың жазбаша формадағы көрінісін, нақтырақ айтқанда, көркем шығарма тілін зерттеу үлкен мәнге ие болып отыр. Жалпы тіл, оның ішінде көркем шығарма да қоғамдағы тарихи, әлеуметтік, рухани өзгерістердің айнасы іспеттес.


Көркем әдебиет тілін зерттеудің бүгінгі таңда теориялық негізі қаланып, оның мазмұны, яғни зерттеу нысаны мен мақсат міндеттері, ұстанымдары мен зерттеудің әдіс-тәсілдері айқындалған. Бұл орайда, жекелеген ақын-жазушылардың әдеби тілге қосқан үлесін, сөз қолданудағы көркемдік, шеберлік қырларын, көркем шығарма тілін зерттеудің мәселелерін қарастырған Е. Жанпейісов, Р.Сыздықова, Х.Кәрімов, Т.Қоңыров, Б.Хасанов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Х.Нұрмаханов және т.б. зерттеулері қазақ көркем әдебиет стилистикасының ғылым саласы ретінде қалыптасуына өзіндік үлес қосқан еңбектер болып табылады. Сонымен қатар ақын-жазушылардың тілдік қолданыстарын зерттеуге арналған кандидатттық диссертациялар аз емес.

Мәселен, Г.Шоқымның ғылыми жұмысының негізгі нысаны Ж.Аймауытов романдарындағы қосүнді сөздер, олардың қолданылу ерекшеліктері мен көркемдік стилистикасының қызметі болса, Р.Досжанова жазушы прозасындағы қайталаманың ерекшеліктеріне лексика-синтаксистік тұрғыдан талдау жасап, оның шығарма тілінің көркемділігіне тигізер әсерін қарастырады.

Ж.Аймауытұлының қоғамдық саяси қызметінен бастап, әр түрлі еңбектері бірнеше зерттеу еңбектеріне өзек болды. Оның әдеби шығармашылығы жөнінде С.Садуақасұлы, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанұлы, С.Мұқанов және т.б. пікір білдірсе, кейінгі тұста С.Қирабаев, Т.Қожекеев, Ш.Елеукенов, Б.Майтанов, Р.Тұрысбек, Д.Досжанов, т.б ғалымдар еңбектерінде зерделенген. Т.Әбдіқадырова Ж.Аймауытұлының психологиялық-педагогикалық еңбектерінің негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесіне тоқталады. Н.Қуантаев жазушының публицистика саласына қосқан қомақты еңбектерін талдайды.

Ж.Аймауытұлы прозасы тілінің көркемдік ерекшеліктері лингвистикалық тұрғыдан тек қосүнді сөз, қайталама құбылысына байланысты зерттелген. Бұл орайын келтіріп, сөз қолдану арқылы сөз құдіретін көрсету мен сөзден айшықты кесте өрудің қас шебері Ж.Аймауытұлы прозасы тілінің бір қырынан ғана танытса керек. Ал тұтастай алғанда, Ж.Аймауытұлы прозасы тіліндегі тілдік құралдар мен олардың семантика-стилистикалық жақтары бүтіндей лингвистикалық талдауға түскен жоқ. Көркем сөз шебері Ж.Аймауытұлы прозасының тілін зерттеу арқылы жазушының әдеби тілді жетілдіру мен дамытудағы рөлін айқындаудың, көркем туындылардағы тілдік құралдардың көркемдік қызметтерін ашып, талдап көрсетудің мәні зор.


Жазушы прозасын лингвистикалық тұрғыдан зерттеу мен жазушы шығармаларының қыр-сырын, көркемдік ізденістерін, тақырыптық-идеялық жақтарын т.б. жан-жақты қарастыратын әдеби талдауларын бүтін «дүниенің» екі жағы десек, олардың әрқайсысын терең зерттеу арқылы ғана бүтіннің табиғатын толық тани аламыз.

Сондықтан еңбекте Ж.Аймауытұлы шығармалары тілінің көркемдік ерекшеліктерін айқындап, сол арқылы көркем шығармаларының басқа суреткерлерден ерекшеленетін стильдік қолтаңбасын анықтауды мақсат еттік.

Көркем мәтін тілін лингвистикалық талдау әдеби туындының эстетикалық табиғатын, көркемдік қырын түсінуге жол ашады. Сонымен қатар, стилистиканың көптеген мәселелерін шешуге септігін тигізеді. Тілдің тірегі – сөз. Сөз – халқымыздың өткен тұрмыс-тіршілігінің ой-сезімінің, елдігі мен ерлігінің, парасатының әрі куәсі, әрі дерек көзі. Ал тіл байлығын танытатын көркем шығарма. Көркем шығарма тіл байлығын танытумен ғана шектелмейді, сондай-ақ, тілді байытатын, дамытатын негізгі арналардың бірі болып табылады.


Ж.АЙМАУЫТҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКА-ГРАММАТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Әр қаламгердің өзіне тән стилі, сөз саптау мәнері, ой-толғау әдістері болады. Қаламгер ойын бейнелейтін қуатты құрал – тіл, шұрайлы сөз. Шұрайлы сөз – халықтық тіл байлығы.

Ж.Аймауытұлының шеберлігі – қарапайым сөздермен өз ойын оқырманына бейнелі, айқын, мәнерлі етіп жеткізуінде. Жазушы шығармалары мағынасы, көркемдігі, тілі жағынан жатық, қазақы. Г.Бельгер: «Қазақтың түпсіз-тұңғиық сөз байлығын аямай емін-еркін қолданған Аймауытұлы творчествосының озық үлгілерінен біз үйренетін тағылым – тәрбие де аз емес. Әсіресе, сөз деген шіркінді орайын келтіріп, орнын тауып қолданған жағдайда құдірет-күші әлемет екенін Абайдан, Әуезовтен кейін мен енді, міне, Аймауытовтан көріп отырмын. Мен өзімді қазақ жазушыларының бар-бар шығармаларын көз бен көңілден өткізген, анау-мынауда көңілі селт етпейтін кәркесте оқушы санаймын. Шынында да, қазір анау-мынаумен бізді таң қалдыру қиын да. Ал Аймауытовты оқығанда еріксіз таң қаласың. Аймауытовтың әсіресе сөз кестесі, үйіріп әкетеді. Шын мағынасында эстетикалық ләззат алып, шынайы сезімге бөленесіз» [1], - деп жазушы шеберлігіне сүйсінеді. Ал әдебиетші ғалым С.Қирабаев: «Жазушы шеберлігі оның тілінің образға байлығымен, ұйқасты тапқырлығымен, сөйлеу, жазу үлгісінің сонылығымен ерекше көзге түседі. Суреткерлік, өмірді сурет, образ арқылы тану, бейнелеу ретті жерінде оған өзінің ой-толғаныстарын қосу Жүсіпбек өнерінің басты белгілері. Жазушы стиліндегі осындай әр қылықтың түйіндесуі қат-қабат өмір шындығын, соған деген жаңа заман көзқарасын айқындау үшін әдейі алынғанға ұқсайды. Кейде өзіне ұнамсыз өмір фактыларын жазушы сатиралық үлгіде суреттесе, оқиғаның бірінен – біріне ауысу тұсында халық әдебиеттің әңгімелеу стилін пайдаланады» [2, 160]-дейді.


Көркем әдебиет қоғамдық өмір қалыптастырған әлеуметтік топтардың қоғамдағы алатын орнын, өзара қарым-қатынастар мен өзіндік ерекшеліктерін көрсетуде бірінші кезекте сол топтардың тіліне тән тілдік элементтерге иек артады. Мұндай тілдік құралдар көркем шығармада ортақ кәсібі мен тұрған жері, өскен ортасы т.б. жағдайлар біріктірген адамдар тобының әлеуметтік ерекшелігінен хабар беретін стильдік көрсеткіштер болып табылады. Көркем образ жасауға апаратын жолдағы көптеген амал-тәсілдер қатарында адамға тән түрлі характер мен оның қалтарыстарын көрсетуде жазушы үшін үлкен маңызға ие нәрсе – кейіпкер тілін «өзгермеген» қалпында пайдалану. Қоғамдағы өзі кіретін әлеуметтік топ пен өз ортасы атынан сөйлейтін кейіпкер ешқандай әсірелеу, боямасыз-ақ өз келбеті мен бітім болмысынан, білімі мен қабілетінен хабар беріп, тіл арқылы өз орнын айқындайды. Бұдан кейіпкер бейнесін сомдауда тілдік құралдардың қаншалықты маңызды екендігін, сондай-ақ, тіл мен әдебиет арасындағы байланысты айқын аңғарамыз. «Көркем тексті өнер туындысы ретінде зерттегенде таза лингвистикалық әдіс – тәсілдермен шектеліп қалу жеткіліксіз. Себебі, көркем туынды (көркем текст), даралық көркем стиль жазушы шығармаларының көркем құрылысы ғана емес, әр жазушының шығармаларына тән мазмұн мен түр ерекшеліктері. Көркем әдебиет стилистикасында шығарманың тілін оның идеялық мазмұнынан бөліп алып қарауға болмайды. Бұдан талдаудың лингвистикалық принциптері мен әдіс-тәсілдерін әдебиеттану тұрғысынан талдаумен, соның ұғымдары, категорияларымен, прициптері және әдіс-тәсілдермен ұштастыру қажеттілігі туады» [3, 17]. Тілдік ерекшеліктерді туғызудағы негізгі факторлардың бірі шығарма кейіпкерінің қоршаған орта қалыптастырған дүние танымы мен өмірге деген өзіндік көзқарасы, көрген – білгені мен оқып-түйгенінен туған адами позициясы образ жасаудағы жазушы ескеретін бірден-бір жайт болып табылады.

Көркем туынды – қоғамның айнасы. Тіршілік иірімдеріндегі адамдар тағдырын бейнелеп, образдар галереясындағы олардың қайталанбас портреттерін жасау үшін жазушы кейіпкердің жеке басына тән барлық белгіні пайдалануға тырысады. Ол белгілердің қатарына тілдік ерекшеліктер де кіреді. Яғни ана сүті, әке өсиетімен дамитын ұлттық белгілерден бастап, мекен еткен жері мен кәсібіне байланысты тілдік ерекшеліктер, сондай-ақ, жас мөлшері мен әлеуметтік сипатын танытатын білім деңгейі, осы айтылғандарға қатысты сөз саптауындағы тілдік өзгешеліктер назардан тыс қалмайды. Оның сыртында әр адамның сөйлеу мәнеріндегі индивидуалдық даралық образ сомдаудағы ең қажетті құралдардың бірі болып табылады.


Кез келген тілдік құрал көркем шығарма тілінде жөнсіз, қисынсыз қолданылмайды. Ондағы (көркем шығарма тіліндегі) күрделі синтаксистік құрылымдары, мағыналық топ құрайтын сөздер, жеке дыбыстар, фразеологизмдер – бәрі де жазушы талғамымен көркемдік идеяға қызмет ету үшін тартылған тілдік құралдар болып табылады. Мағынасы айқын аңғарылатын, стильдік бояуы бірден көзге түсетін сөз бен сөз тіркесі, сөйлем стильдік фон жасауға қатысатын белсенді тілдік бірліктер қатарына жатады. Әр функционалды стильдің өзіндік мағынасы мен бояуы жағынан ажыратылмайтын стильдік қабаты болады. Дыбыстық қабаттан мәтінге дейінгі аралықтағы тілдік бірліктердің стилистикалық қызметін талдау көркем шығарма тілінің өзіндік ұйысу ерекшеліктерін, олардың жасалу жолдарын, көркемдік құралдардың лингвопоэтикалық қызметін анықтауға жағдай туғызады.

Осы орайда Ж.Аймауытұлы шығармаларындағы қарапайым сөздер, диалектизмдер, этнографизмдер, кірме сөздер, фразеологизмдер мен синонимдердің қолданылу ерекшеліктері мен стильдік қызметтеріне талдау жасаудың қаншалықты маңызды екендігін аңғарылады.

Қаламгер шығармаларында жалпы халықтық тілдің лексикалық байлығын шебер жұмсайды. Күнделікті қолданылып жүрген сөздер арқылы шындықты дәл көрсетіп, айқын да бейнелі, адамдардың ой сезіміне әсер ететін образдар жасайды. Кейіпкер тілінде қолданылған эмоционалды- экспрессивтік бояуы басым сөздер қаһарман бейнесін сомдауға жұмсалған. Ж.Аймауытұлы прозасы тілінің лексикалық қабаттарын төмендегіше топтастырып қарастыруға болады: қарапайым сөздер, диалектизмдер, қаратпалар, кірме сөздер, көнерген сөздер, т.б.


Қарапайым сөздердің қолданысы

Жазушының стиль даралығы сөздерді белгілі бір мақсатта қолдануынан көрінеді. Қазақ тілінің лексикалық қабатын бойлай келіп, қажетті тұста оларды ұтымды пайдалана білген, сөз қазынасын молынан игеріп, оны айтар идеясымен ұштастырған Ж.Аймауытұлы прозасының бір шоғырын сөйлеу тілінің элементтері құрайды. «Экспрессивтік-эмоцианалды сөздер барлық стильде бірдей қолданыла бермейді. Олар негізінен сөйлеу тілі мен көркем әдебиетке тән» [4, 178]. Қазақ тілінде әдеби нормадан шет қалатын, ауызекі сөйлеу тілінде белсенді қызмет атқаратын эмоцианалды-экспрессивті бояуы ерекше сөздер тобы «қарапайым сөздер» деп аталатын лексикалық қабатқа кіреді. Зерттеушілер: «дөрекі, қарапайым элементтер, әсіресе макоронизмдер кейіпкердің мінез-құлқын, алған тәлім-тәрбиесін, білім, мәдениет дәрежесін көрсету үшін келтіріліп, оның образын жасауға көмектеседі. Бұл – стильдік тәсіл» [5, 36],-дейді. Ал тәсілдің дұрыс қолданылуы қаламгердің сөз құдіретін тану шеберлігін көрсетеді.


Қарапайым сөздер – ауызекі сөйлеу тілінің элементтері. Жазушы еңбектерінде халықтың күнделікті сөз қолданысындағы қарапайым сөздерді жиі кездестіреміз. Лингвистикалық әдебиеттерде қарапайым сөздердің екі түрлі ерекшелігі көрсетіледі:

а) стильдік мәні бір нәрсенің бағасын кемітіп, құнын түсіріп төмендету бағыты болады.

ә) диалектизмдер сияқты территориялық жағынан шектелген емес, жалпы халыққа бірдей таныс сөздер. Сонымен қатар әдеби тілде қолдануға ыңғайсыз экспрессивті мәні болады. Тұрмыстық сөздер мен қарапайым сөздер бір – біріне өте – мөте ұқсас, бұлардың арасына шек қойып ажыратудың өзі кейде тым қиынға соғады»[6, 131].

Әр жазушы өмір сүрген кезеңдегі халықтық ауызекі тілін де қолданады, Ж.Аймауытұлы да қарапайым тілмен өз ойын жеткізіп қана қоймай оқырманын баурап ала білді. Жазушы жалпы халықтық тілдегі эмоционалды-экспрессивті сөздерді кейіпкерлер тілінде жиі жұмсайды. Қаламгер кейіпкерлерді сөйлету арқылы тыныс – тіршіліктерінен, өмірге деген қөзқарастарынан, мінез-құлықтарынан хабар береді. Кейіпкер тілі арқылы оның образы әр қырынан көрсетіледі. «Нағыз жазушы кейіпкерлерін өздері беріп тұрған образға сай сөйлетеді. Кейіпкер сөзі оның бейнесін жасауға тікелей қызмет ететін көркемдік тәсілдің бірі болып саналады» [7, 47].

Ж. Аймауытұлы шығармаларындағы кейіпкер тіліндегі қарапайым сөздер кейіпкер мінезін ашуға қызмет етеді.

Төмендегі мысалға көңіл аударсақ:

Сенің-ақ жылыншығың құрып тұр ма? Неткен бала өзі! – деп

Сараны төбеге бір ұрады...

Ой, қағынды! Ой, түйнеме келсін! Добалдай боп, көзің шығып кетті ме, Көк шешек! – деп..

Тәйт әрі, албасты қатын қар! Сенікі не? Сен неге қыстрыла

қалдың! Менен тумады дейтін шығарсың...

Қарғамақ түгілі отқа тастап жіберсем де, менің қолымнан алатын кісі жоқ. Балаға ара түскенді көрсетпе! Паһ! Бауырың екен көрдік (Ж.А, 291 – бет).


Осындағы Өріктің аузынан шыққан дөрекі, эмоционалды сөздер, яғни қарапайым сөздер шоғыры біріншіден, оның болмысын ешбір авторлық түсініктемесіз анықтап, адуынды, ұрысқақ, көк езу, долы адам екендігін көрсету үшін, екіншіден кейіпкердің ішкі сезімін беру мақсатында қолданылған. Автор қарапайым сөздерді қолдану арқылы сөйлемдердің экспрессивті-эмоционалды қуатын арттырып, айтар ойын оқырман көңіліне бірден, нақты жеткізеді. Қағынды, түйнеме келсін, көк шешек, албасты деген сөздер – қарғыс мәнді сөздер, сөйлеу тілінің элементтері. Жазушы сомдаған Өрік бейнесі сөйлеу мәнерінің есебінен-ақ өзін даралап көрсетіп тұр.

Қатын қар – жанды ауыртар сөз, анасының қызына айтатын сөзі емес. Қазақ тілінде «қар» сөзінің бірнеше мағынасы бар, бұл жерде «жезөкше, жеңіл мінезді, суық жүрісті», - деген мағынаны білдіреді.

«Тегінде кейіпкер сөзі дегеніміз – қаһармандардың әйтеуір сөйлей салу үшін ғана емес, сол сөйлеуші (сөйлесуші) адамдардың ішкі жай – күйін, тіпті болмағанда, қаға беріс бір мінез қылығын аңғартарлық, сөйтіп геройдың толыққанды бейнесін айқындап, толықтырарлық мақсатта болғаны жөн» [8, 132]. Мысалдағы кейіпкердің дөрекі сөзі мінезінің тұрпайылылығын әшкерелеп, оқырманның жиреніш сезімін күшейтеді. Қаламгер прозасындағы сөйлеу тілі элементтері, қарапайым сөздер кейіпкер мінез-құлқын білдіруімен қатар,оның психологиялық-эмоциялық (кейіпкерлердің ішкі сезімі, қатты ашу – ызасы) күйін беру мақсатында қызмет етеді. Вульгаризмдер кейіпкерлердің ашу ызасын тереңдетіп, әсірелеп көрсетеді. Бұл дөрекі сөздердің орнына сыпайылау сөздерді қолданса, онда ол сөйлемдердің эмоциялық реңкі болмас еді. Көркем шығармалардан мысал келтірер болсақ,

– Өй, арам без!

– Өй, бұралқы!

Жиын ереуілдей көтеріліп, лықсып-толқып, төмпенің төбесіне қарай еңсеріліп келеді» (Ғ.М., 193).

«Әй, сен» Тайшыбек қарақшы, не оттап отырсың? – деді әйел ірі денесімен оң жағына қарай еңсеріле бұрылып (Ғ.М., 187).


«Танашты азырақ қыжыртып алды, ақбөкендерге ұрысты, итеріне ұрысты, қалжыңдасты, енді өзіне ұрсары ғана қалғандай:

– Әй, сен көп оттап кеттің ғой, қойсайшы» (Ғ.М., 147).

«Ойбай, сорлылар-ай – деді Айжан, сорлылар дегені ақбөкен екенін танып» (Ғ.М., 146).

Аталған мысалдарда кейіпкердің аузынан шыққан дөрекі, эмоционалды сөздер, (Өй, арам без!; Өй, бұралқы; Ойбой, сорлылар-ай; көп оттап; не оттап отырсың?), біріншіден, кейiпкер болмысын, мінез қылығын аңғартады; екіншіден, кейіпкердің ішкі сезімін, қатты ашу-ызасын беру мақсатында да жұмсалады.

Күмсінай:

-Барғанмен көре алмассыз, ұйықтап қалды, - деп еді, ол сөз Бозінгеннің құлағына бит шаққан құрлы кірген жоқ, қол- аяғы жерге тимей, шошалада сүт пісіріп жатқан қара кемпірге барып, көзін ашып-жұмып естіген хабарын айтты (Ж.А, 295).

Ауызекі тілде жиі қолданылатын бит шаққан құрлы кірген жоқ – қарапайым тұрақты тіркес арқылы Бозінген мінезінің бір қыры ашылып қана қоймайды, автордың кекесін көзқарасы да аңғарылады. Психолог жазушы кейіпкерлеріне мінездемені қимыл-қозғалысы, сөз сөйлеуі, бет әлпетінің бір сәттегі құбылуы арқылы беріп отырады. Мысалы, көзін ашып-жұмып, қол- аяғы жерге тимей, битін салу, т.б.

Шекердің қабағы, ерні аттай тулап келе жатқанда, бай балалары көп жылқыны күндей күpкipemin, қиқулап айдап, сuырды басып кете жаздап үстінен өmmi (Ж.А.,354).

Манадан бері салқындау отырған Доға мен Балташтар да Тыпаң мен Жорғабектердің қалжыңына құлақ қойып, кейде олармен бірге күлісіп те жіберді. Ықаң көбінесе араққа дәндеді. Ет жағына келгенде Доға мен Тыпаң битін салды (Ж.А, 230).

Партия болған соң біреуді біреу аяй ма, бірін-бірі мұқатуға тырысып, өтірікті, өсекті өрбіте берді. Кімнің не міні, не жамандығы бар – бәрі де терілді, қазылды. Талай бит астындағы жасырын сырлар жарыққа шықты. Осы қазбалаудың, аңдысудың салдарынан Ақбілектің екіқабат екені де мәлім болды


Битін салу, дәндеді – қарапайым сөздер кейіпкердің арақты құныға ішуін, араққұмарлығын,т.б. мінін сынау үшін тартылған бірліктер, әрі автордың мысқылын береді.

Сөйлемнің экспрессивті-эмоционалды қуатын битін салу, бит астындағы жасырын сырлар деген қарапайым тұрақты тіркестер тудырып тұр.

Бірақ Өрік байға бауыр басқандай, дүниені бала қылғандай, өз балаларын, өткен күнін ұмытуға да айналып бара жатыр еді. Оның күйттегені, көбінесе жаңа өмірдің қызық-шыжығы еді. Ақбілекпен өштігі әуелде өткен күнін көксеуден туса да, жүре-жүре ол себеп ұмытылып, енді тек өштіктің қызығына түскендіктен өшігуші еді (Ж.А., 295).

Әйел затына тән ұнамсыз қылықтардың Өрік мінінің бірі екендігі осы сөйлемнен анық аңғарылады.

Мәтіндегі қарапайым сөз арқылы Өріктің бейнесі ашылады, әрі автордың жақтырмаушылық көзқарасы, мысқылы қоса өріледі.

-Жұрымың құрғыр-ау! Оны неге тастап кеттің? (Ж.А, 283).

-Ай, кәпір-ай! Бірер жұтым қоя салмайсың-ау! .А, 59) дегендегі

«жұрымың құрғыр-ау!», «ай,кәпір-ай» деген ауызекі тілде кездесетін сөздер кейіпкердің ренішін беру мақсатында жұмсалған.

-Кет былшылдамай! Өзің бір пысық неме екенсің!- деп кеудеден итеріп қалды (Ж.А., 84).

-Сайтан-ау! Сонша шауып...

-Кет көргенсіз жоқты айтпай.

-Ой, мұрның құрсын, ой, аңғал ит!..

-Же,же! Қоңқиған ит! Атаңның басына ойланамысың? (Ж.А.,60-бет) т.б. ауызекі сөйлеу тілінің элементтері кейіпкер тілінде келіп, олардың келбетін танытады.

Сөздерді ауыспалы мағынада қолдану амалы сөйлеу тілінде мәнерлегіштік әрі бейнелегіштік қасиет береді. Әдетте, сөйлеу тілінің эмоционалды сипаты басым болғандықтан, ауыспалы мағынада бейнелі сөздер сол сөз болатын зат, құбылысқа адамдардың көзқарасын білдіреді. Мысалы,

-Сен ит әлгі жылқышының қарабақырын байлап, баулығын жазым қылып жүрме (Ж.А.,59).


-Мал осындай итке бітеді (Ж.А.,58).

-Бажылдап төбет те ұмтылды келіп (Ж.А.,63).

Қазақы ит кісі атын мінуге даяр тұрады (Ж.А.,63).

Осы мысалдардағы «ит», «төбет» сөздері жағымсыз эмоцияны білдіреді. Қарапайым сөздер оқырманның жан-дүниесіне де әсерін тигізеді.

Қартқожа қауғаның сабымен:

-«Ой, арам қатқыр, көк ит!»- деп, кеңсіріктен салып жіберді (Ж.А.,29).

-«Ой, жамандат! Ойсыл келгір! Құлағыңды. Иттің малы!» (Ж.А.,282).

Берілген мысалдардағы сөздер – сөйлеу тілінің элементтері. Прозада «бір безер ит», «қорсылдаған шошқа», «шірік ит», «қолына құлғана шыққыр», «арам қатқыр» сияқты қарапайым сөздер кейіпкерлердің тілінде кездеседі. Кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне лайық таңдалған сөздер олардың мінезін де ашады. «Орыс патшасы қазақтан солдат алады» дегенді естіген халықтың ашу- ызасын білдіру үшін әдеби тіл нормасына жатпайтын дөрекі сөздерді жазушы көпшілік жатырқамайтындай шеберлікпен кейіпкер тілінде қолданады. Вульгаризмдер қаһармандардың ашу- ызасын шынайы түрде жеткізу қызметін атқарады. Бұл дөрекі сөздердің орнына сыпайылау сөздерді қолданса, онда ол сөйлемдердің эмоциялық реңкі болмас еді.

Ж.Аймауытұлы шығармаларын оқи отырып, жазушының шеберлігіне, сөз өріміне разы болмау мүмкін емес. Қаламгер шығармаларындағы қарапайым қазаққа тән ауызекі стиліндегі сөздердің жиі кездесуі ұлттық нақышты танытса керек.

Б.Шалабайдың көрсетуінше, тілдің тіршілік қызметінде сөйлеу тілінің орны ерекше. Ауызекі сөйлеу тілінің бүгінгі уақытта көптеген сапалық өзгерістерді бастан кешіп отырғаны даусыз. Әр дәуірдің өз сөйлеу тілі болады. Бұл әрине қазақ тілі түбірімен өзгеріп отырады дегендік емес екендігі белгілі.

Халықтың тұрмыс тіршілігінде ХҮІІІ ғасырдың басындағы сөйлеу тілі мен ХІХ ғасыр басындағы сөйлеу тілінде елеулі айырмашылықтар болғаны анық. Сол сияқты ХХ ғасырдың басындағы қазақтың сөйлеу тілі мен ғасыр соңындағы сөйлеу тілінде де айқын айырмашылық көп [9, 145].


Ж.Аймауытұлының прозасындағы сөйлеу тілінің стильдік белгісін көрсететін тілдік құралдардың қатарына толық лексемалардың аллегроморфемалық қатарлары болып саналатын со, бұ, боп, үйдеп, бүйдеп, сүйдеп, түнеугі, әнеугі т.б. сөздер саналады. Бұл лексемалардың әдеби тілдегі көрінісі сол, бұл, болып, олай деп, бұлай деп, солай деп, түнеугүнгі, әнеугүнгі түрінде болуы керек.

Түнеугіден бері қайда жүрген? – дегенде, сен не деп жауап берді?

Онда ма? «Сені бұрын көре алмай жүріпті, әнеугі шілдеханада

анық көріп, содан бері сені ойлап, ұйқы көре алмай жүрсе керек»... (Ж.А.,49).

Түнеугі Әбенге ұрысып қуып шығатын жігіт екен... (Ж.А.,117).

Түнеугідей емес... (Ж.А.,100).

Берілген мысалдардағы түнеугі, әнеугі деген сөздер – өзгеріске ұшыраған күйінде күнделікті сөйлеу тілінде жұмсалатын тілдік элементтер.

Қаламгер шығармаларында кейіпкер тілінде де, авторлық баяндауда да, болып етістігі боп деп қысқартылған күйінде кездеседі.

Мысалы,

...Ақбілектің нәуетек дауысын естіген соң, әрі іші жылып, әрі таңырқанып, «қонамыз» дегенге әлдеқандай боп қалды (Ж.А.,194).

Бозінген үйіне келгенде, Мұсабай бірталай ой ойлап уысына еш нәрсе түсіре алмай, дал боп қисайып жатыр еді (Ж.А.,198)

-Барайын,- деп қаппын (Ж.А.,315).

Кейбір дыбыстар айтылу кезінде түсіп қалып, сөз ықшамдалып қолданылады.

Бұ жарықтықты әуре қылмай қойшы, қарағым!-деді.

Жөні со ғой!- деп даяр тұрған суды қосып (Ж.А.,229).

Бұл, сол есімдіктерді кей кезде авторлық баяндауда да со, бұ түрінде жұмсаған.

Со күні түнде Ұрқия да босанып, көптен зарығып жүрген кісі, еркек бала тауып, көзайым болды(Ж.А.,298). Со кезде Балташ ұшып түрегелді...( Ж.А.,229).

Осындағы сонор дауыссыздардың түсіріліп айтылуы іс жылдамдылығын, қимылдың шалттығын ( болып – боп, сол кезде – со кезде) білдіру үшін қызмет етіп тұр. Мәселен, боп қалды тіркесті бейтарап стильдегідей болып қалды түрінде айтатын болсақ, контекстегі ой басқаша ұғынылар еді. Автор кейіпкерді белгілі бір іске тез арада кіріскенін аңғартуы сөзді қысқарта қолданылуы арқылы іске асырылған. Е.Жанпейісов сөйлеу тіліндегі сөз тіркесінің әдеби тіл аясындағыдан өзгешелеу, әр түрлі фонетикалық қысқартулар, синтаксистік ауытқуларға ұшырасып отыратындығын авторлық баяндамадан сырт кейіпкерлер тілі, яғни кейіпкерлердің әрқайсысының өзіне тән сөйлеу машығын сақтау қажеттілігімен түсіндіреді [10, 24]. Көркем мәтінде ауызекі сөйлеу тілі сол қалпында жұмсалады. Яғни әдеби тілден ауытқу, вульгаризмдер, диалектизмдер т.б. кездеседі. Мысалы, Ғ.Мүсіреповтің шығармаларында сөйлеу тілінің стильдік белгісін көрсететін тілдік құралдардың қатарына ғып, әкеп, дейім, боп, кеп т.б. сөздер жатады. Бұл лексемалардың әдеби тілдегі көрінісі қылып, келіп, деймін, болып, әкеліп, т.б. түрінде беріледі.


«Әр қашанда үркердей үйме-жүйме боп, әр ауылдың аз ғана қойы тұр да, ішінде ондаған ақ әскер жүр» (Ғ.М.,102).

«Айқайла, көтер көкке дауысыңды, қызыл адам! – дейім қызыл адам» (Ғ.М.,77).

«Батыр мұны неден болжады десең, сар қасқа ат құлағымен алысты нұсқап, жер тартып тұр екен ... Тартып кеп кеттік! – дейді» (Ғ.М.,89).

«Аяғым аузына тиіп кетті білем ...

Жесір қыздан жесір қатын жақсы деп ем, бақыр басыңды алтын табаққа салайын десем ... – деп телміріп отыр» (Ғ.М., 96).

«Өзің отыршы сөзіңді тыңдағым кеп барады, – деді» (Ғ.М., 78).

«Бармақтай ғып орап алған үсті-үстіне соғып, будақтаған түтінді, әдейі көзіне қарай жіберіп отырған сияқтанады» (Ғ.М., 58).

Жазушы прозасындағы стильдік мақсатта жұмсалған фонетикалық құбылыстардың қатарына дыбыстардың созылыңқы айтылуы да жатады.


...Тілінің ащысын ш-ш-шіріктің!-деп Шекер тағы бірталай жерге апарып тастады (Ж.А.,399). Мысалдағы дыбыс созылыңқы (ш) коммуникация кезіндегі сөйлеушінің эмоциясын беруге қызмет еткен.

Көркем шығармада фонетикалық құралдардың қатарындағы дыбыстардың созылыңқылығы түрлі мақсатта қолданылады:

-кейіпкер басындағы эмоционалдық- психологиялық күйді білдіруде;

-индивидуалдық ерекше сөз саптам машығын сипаттауды;

-уақыт пен кеңістікті, мөлшерді білдіруде;

-субъективті модальділікті білдіруде жұмсалады[11, 23].

Көркем мәтіннен мысал, Қара бәйбіше одан жаман шырылдап:

-Тоқтатпашы көшті, тоқтатпа!..Әй-й, салды балақ сасық күң-ай! Сенің шашыңды жұлмасам ба!-деп ойбай салды (Ж.А.,359). Дыбыс созылыңқылығы қаһарманның сол сәттегі күйін шынайы жеткізеді.

Ж.Аймауытұлы туындыларындағы фоникалық құралдардың қызметі төмендегідей:

- кейіпкердің эмоциясын беру;

- кейіпкерге тән сөйлеу машығы ретінде алу;

-поэтикалық қызмет.

-Кетір, кетір... бәлекетті! Жоғалт кәпірдің көзін!

Көрсетпе, көрсетпе!- деуге ғана тілі келеді (Ж.А., 296).

Бұл жерде көп нүкте, яғни тыныс белгісі де стильдік қызмет атқарған, кейіпкер сезімін береді.

-Ендеше, мені бір жерге апарып буындырып өлтір, өлтір жеңгетай!..(Ж.А.,279).

-Е, ей, қарағым-ай! Сабыр қыл, сабыр қыл!(Ж.А.,297).

Берілген мысалдардағы сөздердің қайталануы сөйлеу тіліне тән, эмоцияны білдіретін қайталаулар болып табылады. Кейіпкерлер сезімін аңғартуда қайталама құбылысы маңызды рөлге ие болады.

-Ал сонсын?

-Сонсын немене...

-Сонсын ертеңінде ол кетіп қалды.

-Сөйтпей, қайтушы еді. Сонсын? (Ж.А.,304).

Автор шығармаларында екі түрлі форма бірі әдеби тілде орныққан, бірі әдеби тілден тыс қалған сөздер жарыса қолданыла береді. «Сонсын», «сөйтпей» деген сөздер ауызекі тілде кездеседі.


Қорыта айтқанда, Ж.Аймауытұлының шығармаларының бір ерекшелігі ауызекі сөйлеу тілінің кейіпкерлер тілінен орын алып, оқырмандарын қызықтырып, нанымды түрде әсер етуі. Ауызекі тіліндегі қарапайым сөздердің экспрессиясы күшті болып келеді.

Ж.Аймауытұлы халық тілін ұршықтай үйіріп, сыныптай ойнатып қолданады. Табу мен эвфемизмдерде қаламгер туындыларынан орын алған. Қаламгер табу мен эвфемизмді қазаққа тән ерекшелік, қасиет екендігін айқын көрсетеді. «Қарапайым сөздер, табу мен эвфемизмдер көркем әдебиетте әсіресе, сөйлеу тілі стилінде жиі қолданылады, ол көркем әдебиет стилінде белгілі бір көркемдік мақсат үшін жұмсалады. Қарапайым (дұрыс) сөздер кейде публицистикалық стильден де байқалады. Бұлардың эстетикалық, эмоционалдық әсері, бейнелілігі өте-мөте көркем әдебиет стилінде ұтымды келеді» [5,44].

-Тетелес, о кім?- деді жеңгесі (Ж.А.,54).

-Ерке бала, түнде дауыстап ұят қылғаның не?- деп келе жатыр еді... (Ж.А.,368).

-Шырайлым-ау! Бейуақытта неғып жатырсың? (Ж.А.,265).

«Тетелес», «ерке бала», «шырайлым» табу сөздерінің кейіпкер тілінде жұмсалуы қазаққа тән қасиет. Ертедегі салт бойынша әйелдерге ата-енесінің, қайын аға, қайнысының, абысындарының барлық ерлердің есімдерін тура айтуға тыйым салған. Сондықтан, берілген контексте жеңгелері Қартқожаны «тетелес» десе, Ақбілекті «шырайлым», Күнікейді «ерке бала» деп атаған. Бұл сөздердің қолданылуының стильдік ерекшелігі бар, әрі ұлттық сипатты танытады. «Шырайлым», «ерке бала» еркелету мағынасында жұмсалған, «тетелес» Қартқожаның жасы жеңгесімен тете болуына байланысты айтылған.

Жолтай деген бейпіл ауыз:

-Осыларды әулие қылған қазақ та оңады дейсің бе?- деді.

Оның сөзін салпы ауыз мешкей қағып алып кетті.

-Бұлардан өзіміздің сарайымыз ана құрлы түзу,-деді сақау мешкей (Ж.А.,86).

Бейпіл ауыз – бос сөйлейтін дегенді білдірсе, салпы ауыз мешкей, сақау мешкей – қомағайлық деген ұғымды білдіреді.


Жағымсыз қылықтарына байланысты эпизодтық кейіпкерлер салпы ауыз мешкей, бейпіл ауыз, сақау мешкей деп аталған.

Немене, тазасы ма еді? – Тыпаң тағы қозғалды.

Кішкене «боз жорға» еді,-деп Төлеген сыпайы қонағына қарап жымиды.

Кішкене «боз жорға» еді... деген сөйлемдегі «боз жорға» арақ деген ұғымды білдіреді.

Батар күнмен бірге соңғы демі бітті, көзі жұмылды (Ж.А.,37).

От сөніп қалса, Ақбілектің де өмірі сөнетін еді (Ж.А.,181).

Жүректерің үзіліп кетер,- деп екеуіне екі қасық май ұрттатып жүрді (Ж.А.,27).

«Ел құлағы- елу» ғой, суық жүрісті адам білінбей не тұрсын (Ж.А.,291).

«Ол медресе жайын да, оқуды да, қаланың тамашалары: парходын, отарбасын, автомобилін, театрын да суреттеді, кей жерде өте мақтап, жанынан да қосып жіберді», т.б.

Мысалдардағы эвфемизмдер айтайын деген ойды жұмсартып жеткізеді, жанынан қосып жіберу – асыра айту, суық жүрісті – қара жолға түскен адамға байланысты айтылған.

-Ел деп енді, ел не демейді? Елдің сөзіне артық құлақ қойған да кісі жоқ. Жалғыз жарым Сайлаубай, Аязбек секілді бықсыма күншілдер айызы қанады білем. Қарындастарын алмай қойған соң, сөйтпей қайтушы еді? Ақ тілеулес ағайынның әзір суық сөзі естілмейді. Өз үйлерің болғанда, би әкесі пәлен тіс жарып ештеңе айта қойған жоқ, білем. «Ақбілек табылыпты» деген хабарды естігенде: «Е» депті де қойыпты. Ал Жанболат ағаң болса, ол енді ауызы жеңіл кісі ғой: «Е, біздің Бекболат енді ол қызды алмайды, орыстың сарқытын неғылсын?»-деп, үйіне келген-кеткен кісіге соғып отыратын болса керек деді (Ж.А.,245).

Ақберген сөзіндегі кездесетін қарапайым сөздер де, «бықсыма күншілдер», «аузы жеңіл», «суық сөз», «соғып отыру» айтылған ойға кейіпкердің көзқарасын, әрі екінші кейіпкердің мінез ерекшелігін білдіреді. Қарапайым сөздерді қолдану арқылы сөйлемдердің экспрессивті-эмоционалды қуатын арттырып, айтайын деген ойын оқырман көңіліне шынайылықпен жеткізеді.


Әдеби тіл нормасына түспеген, бірақ белгілі бір ортада белсенді түрде қолданылып жүрген сөздердің көркем шығармада кездесуі мүмкін. Себебі, әдеби тілге енбейтін сөздердің барлығын қажет емес деп есептеуге болмайды. Ұлы жазушы М.Әуезов: «... ондай көпшілік халқымыз тұтынып келген, әдебиетке түспей жүрген тың сөздерден жатырқап, бой тарту бір жағынан халық тіліне жасалған зорлық, екінші жағынан алғанда бар қазақ тілін білмей, баурай алмай тұрып, бұлайша паңдық ету қыңырлық пен астамдық» [12, 167], - деп тұжырымдайды.

Әдеби тілге енбейтін сөздердің қатарына диалектизмдерді жатқызамыз. Диалектизмдер туралы Х.Нұрмұқанов: « Бұлар, белгілі бір аймақ тұрғындары үшін атқаратын қызметіне қоса, әдеби тіл үшін де, әдебиет тілі үшін де қажет қазына[13, 120], - деп орынды атап көрсетеді.

Ж.Аймауытұлы шығармаларында жергілікті ерекшеліктер (диалектизмдер) кейіпкер тілінде де, авторлық ремаркада да кейіпкер бейнесін сомдау мен ойдың әсерлі көрінісін беру үшін жұмсалады.

Бізге ұқсап дәм айдап келген ғой (Ж.А.,308).

-Бұлар да бізге ұсап Ақбілек сынды қызды жақсы көре ме екен деген ойлармен ауыз үйде отырып қалды (Ж.А.,230).

-Мұрныңды жеңіңмен сүртпесейші, әлдекімнің баласына ұсап,- деп Қажыкенді иегінен қақты (Ж.А.,269).

Ұқсайды, ұқса деген етістіктің құрамындағы қ түсіріліп, кейде ұ мен қ дыбыстарының орындары ауысып қолданылған.

Дегенмен сомадай болып, бір ауылдың сиырына қауға тарта алмауды намыс көреді. Сыр алдырмағысы келеді (Ж.А.,29).

Екеудің бірдей сомадай боп отырып, жалғыз қызымды қуратқаным ба?- деп Шекер қызының шашбауын көтерген болды (Ж.А.,399).

Сомадай – үлкен, өзін-өзі көтеру, әлдеқандай болу. Сомадай, деген сөз- қомсыну, менсінбеу, кекесін мағыналарын береді.

Төлеген қара басына құнақты жігіт екен деп ойлайды.

Анығында да Төлеген құнақты жігіт еді (Ж.А.,220).


Құнақты – ұқыпты.

Жас науетек жүрегі- соқпай жатып жоқ болды (Ж.А.,202).

Ақбілектің науетек дауысын естіген соң, әрі іші жылып, әрі таңырқап «қонамыз» дегенге әлдеқандай болып қалды.

Науетек- таза, нәзік деген мағынада.

Жазушы шығармасында «науетек», «нәуетек» болып та қолданылған. Келтірілген мысалдарға диалектизмдер кейіпкердің бейнесін, мінезін суреттеу үшін жұмсалады.

«Балаларға ара түсесің»- деп, Жұманның сөзін сөкетті қылды (Ж.А.,26).

Сөкетті қылды сөкті, кінәлады деген мағынада берілген.

«Олармен де анаугүні екі бие туралы шайырғал болып қалды десіп еді ғой» (172-бет).

Бірмағанмен оның малайын азғырып алғаны туралы жаздай араз болып, қатындарының шайырғал екені есінде.

Шайырғал- араз [14, 198].

Қазақ зәбірің тиді деп бізді айыптайды. Зәуеде қазақ әскер болып, қазақ әскері орыс елінің ішінде жатса, маңайына зәбірі тимес пе еді?

Зәуеде- 1) қашанда, ешқашан;

2) әлдеқайлай, алайда, алда- жалда;

3) кейде, анда- санда;

4) сірә, тегінде.

ҚТТС-де Зәуде деп беріледі, бұл жерде зәуеде сөзі тегінде деген ұғымды білдіреді [14, 379].

Енді мұндай дүкірт киілікті (Ж.А.,45).

Дүкірт- пәле, жала, тосын жағдай, ауыр, қиын іс (Ж.А.,93).

Мені елден пара алды, дүние тартып әкетті, пәлен-түген қылды деп қаладағы оқыған азаматтарға дәттеп қойыпты (Ж.А.,158).

Дәттеп - (араб тілінен енген)жамандап деген мәнде.

Талай адамдардың «қарызға» ақша алып, дәт дегізген (Ж.А.,217). Дәт дегізу- тіркесі алдаған, өкіндірген деген мағынада.

Бітегенеден соң, ала сақал тәсбиғын сыртылдатып, оң қолына ала жабдығының ала жібін ұстап, ерні ғана қозғалып, көмейі бүлкілдеп, «тәлел» оқи бастады (Ж.А.,39).


Өз елінше Шекер де үйінің ішін мырсындай қылып қойыпты (Ж.А.,402).

Мырсындай – жинақы, таза деген мағынада берілген.

Аузың кепердей боп, қара басып отырдың (Ж.А.,399).

Аузы кепердей болу – үндей алмау.

Ал Жұматай қойды мәз ойлап, басын қатырған жоқ.

Мәз ойлап- қатты ойланған жоқ мағынада қолданылған.

Ықаң шылымын тұтатқандай әуелі аузын толтырып, түтінді жүдемете будақтатып жіберді (Ж.А.,224).

-Дәл сендей онжырғасын салған кісі жоқ шығар (Ж.А.,66).

Онжырғасын салу- бар ынтасын салу деген тұрақты тіркеспен мәндес.

Омбыға таянған сайын күн сурықай тарта бастады(Ж.А.,137).

Суырқай- суытты деген мағынада.

Жазушы еңбектерінде тағы бір ерекше назар аударарлық құбылыс сөздіктерге енбеген лексемалардың кездесуі. Ол сөздер шажа, тақылжырын, кежімделген, малағам т.б. толығырақ мысал келтірейік.

Амандықтан кейін:

Бай, түндегі малағымды білдіңіз бе?-деді.

Жоқ,- деді.

Ойбай, үлкен оқиға боп қалды(Ж.А.,174).

Жеке тұрғанда бұл сөздердің мағынасына дәл басып айтып беру қиындау. Бұл сөздер сөйлем ішінде, контексте белгілі бір мағынаға ие болып тұрғанымен (фразеологиялық, диалектологиялық түсіндірме) сөздіктерге енбеген. Әр түрлі ұғымға қатысты бүгінгі күні тілімізде кездеспейтін, қолданылмайтын мелдек, пәтуа, жұрын, құнтақты т.б. сөздер романда тілінде ұшырасады. Бұл сөздердің мағынасы контексте анықталады. Мысалы, мелдек сөзі – кеңірек деген ұғымды берсе, пәтуа – береке, жұрын –арық, құнтақты – тиянақты деген мағынада жұмсалған.

«Диалектілік ерекшеліктердің 1920-30 жылдардағы прозалық шығармалардағы қолданылуымен қазіргі кездегі қолданылуын қатар қойып қарауға болады. Диалектілердің қазіргі көркем әдебиетте қолдануға қойылатын стильдік мақсат ол жиырма жылдағы шығармалардан үнемі байқала бермейді. Демек, диалектілік ерекшеліктердің 1920-30 жылдардағы прозалық шығармалардағы қолданылауын ол тұстағы жалпы проза тілінің қалыптасуы, жетілуі туралы мәселеден бөліп алып қарауға болмайды.


Өйткені тілдегі жергілікті ерекшеліктерді қолдану 20,30-жылдардағы шығармалардың бәрінде бір дәрежеде емес, әрбір автор диалектілік ерекшеліктерді өз талғамына ыңғайлап пайдаланған» [10,257]. Осы айтылған тұжырым Ж.Аймауытұлы шығармаларына да қатысты деп ойлаймыз. Мысалы, Ондай сұқым, сімтік шалдарды қайта ішінен жаратпай: «Не бар екен? Жатсайшы!» деп отыратын (Ж.А.,166).

Сұқым шалдарша, сұғанақ балаларша көзімізді сатып, қылқиып отырмақшы (Ж.А.,170).

Енді жұқалау бір сұқым жігіт жамбасты тұтамдап, майын бармағымен бүркітше басып ұстап алыпты (Ж.А.,65).

- Өмірі әбүйір байлаған, сұқым! (Ж.А.,200).

Жазушы шығармаларында сұқым сөзі (сұқым шал, сұқым жігіт) кейіпкерлердің мінез-құлқының, іс-әрекетінің ұнамсыздығын беру мақсатында авторлық баяндауда да, кейіпкерлер тілінде де ұшырасады. Сімтік – әр нәрсені қазбалап жүретін тіміскі. Сұқым – ашқарақ, қомағай адам.

Кеудесі әнтек сая табайын деді (Ж.А.,365).

Әнтек- түсіндірме сөздікте:

1. Болар болмас сәл ғана, азғана.

2. Онша лайық болмайтын, орынсыз ағат [14,628]. деп екі мағынасы берілген.

...Біздің отағасы да...- деп келе жатып, әнтек кідіріп:- Жақсы көңілді болса керек,- деді (Ж.А.,21).

Бұл мысалдардағы әнтек сөзі сәл, ақырын деген мағынаны білдіреді.

Әнтек тәрбиеленіп, қылымсуды, еркекке жағынуды үйренбегені

болмаса (Ж.А.,155).

Бекболат шылым тартып машық қылмаса да, алмауды қолайсыз көріп, екі бармағының ұшымен, қолы әнтек қалтырап, шылымдарын шашып төгіп, бірін алады (Ж.А.,221).

Бірінші мысалдағы әнтек сөзі еркін, бетін қақпай деген мағынаны, екінші мысалда, ақырын деген мәнді қоса білдіреді.

Сонымен, Жүсіпбек Аймауытұлы халық тілі байлығын, оның ішінде қарапайым сөздерді мынадай мақсаттарда:


-кейіпкер басындағы эмоциялық-психологиялық күйді ашу үшін;

-сөйлемнің экспрессивті-эмоционалды қуатын арттырыу, сол арқылы айтар ойын оқырман көңіліне бірден, нақты жеткізу үшін;

-кейіпкер тілінде келіп, оның образын (мінез-құлқын, дүниетанымын, тыныс-тіршілігін) таныта түсу үшін;

-субьективті модальділікті білдіру үшін қолданған.

Кейіпкер тіліндегі уәжді ауытқуларды кейіпкер бейнесін сомдау, ойдың әсерлі көрінісі беру қызметін атқарады.



следующая страница >>