shkolakz.ru 1

Күні: 29.01.11ж


Сыныбы: 9 «А»

Тақырыбы:
Бақытыңды балаңнан ізде

Мақсаты: Ата – ана мен бала арасындағы сенімді,

сыйластықты, бір – біріне деген сезімді

нығайту, оқушылардың ата – ана алдындағы

борышы туралы жауапкершіліктерін

арттыру, ата – ана мен бала арасындағы

жағдайларды ақылмен шешуге жағдай

туғыза оырып, ата – анасының баласына

деген сенімін ояту, баласына ата – ана

алдындағы парызын міндеттеу, баланың

болашақ өмірін қалыптастыру.

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, интерактивті тақтадан слайд,

міндеттемелер таразысы, қара жәшік, ақ

жәшік, үлестірме қағаздар, шарлар.


Барысы:



Мұғалім:
Құрметті ұстаздар, ата – аналар, оқушылар! «Отан – отбасынан басталады» демекші ата – аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату – кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселеге ата – аналар мен ұстаздар болып ат салыссақ, асар асуымыздың биік болары сөзсіз. Қазіргі қоғамда ата – ана баласынан не күтеді, қалай тәрбиелейді? Ата – ананың бақыты неде? Баласы ата – анасын қалай бақытты етпек? Міне осы тұрғыда сөз қозғалатын «Бақытыңды балаңнан ізде» атты ашық тәрбие сағатымызды бастауға рұқсат етіңіздер!

Бүгінгі сабағымызды ақын Мұзафар Әлімбаевтың мына өлеңімен бастағанды жөн көріп отырмын:

Қипақтайды қит етсе анаң, әкең

- Қайтсем ғана осыны адам етем?

Басқалардың осындай балалары

Тап осындай жаңғалақ, шала ма екен?

Ойым емес, оллахи біздікінің

Енжарлығы елде жоқ ала бөтен...

Туа сала тұлпардың жалын тартқан,

Қырғиларға қызығып қарап өтем.

Жарық сыйлап маңына жылу сыйлап,

Бұ да бір күн алаудай жанар ма екен?

Ел қатарлы елеулі еңбек етсе – ау,

Болмаса да топ жарған дара бөтен.


Мүше тістеп, мықтылар той жасаса,

Жерге қарап мен сорлы қарар ма екем?...

... Үміт пенен күдіктің ортасында

Ата – ананың үміті талады екен!

Міне, осылайша өз баласының болашағына алаңдап, «Қайтсем де баламды адам етем» деген ата – ананың үміт арманы баласымен бірге жасайды.

Ата – аналармен пікірлеспес бұрын, сыныптағы оқушылардың өз отбасылары жөнінде айтар ойларын тыңдайық.

(Оқушылардың отбасылары жөнінде өз ойлары)


Мұғалім: «Әрбір баланың мінез – құлқы ата – анасының жағымды іс - әрекетінен үлгі алуы барысында қалыптасады » деп И. Павлов айтпақшы баланың мінез – құлқы өскен ортасына, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата – ана бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адамы, өзін көретін айнасы. Сондықтан, ата – аналар, мен сіздерге мынадай сұрақ қойғым келіп отыр.


  1. «
    Бақытыңды балаңнан ізде» деген сөздің мағынасын қалай түсінесіздер?

  2. Балаға ақылды қалай айту керек?


Мұғалім: Мына бейнебаянға назар аударсақ (Б. Мұстапаевтың орындауындағы «Ана жүрегі» атты әннің бейнебаяны көрсетіледі.)


Мұғалім: Бұл көрініске қарап елжіремейтін адам, езілмейтін жүрек жоқ шығар...

  1. Оқушылар, осы көрініске не айтасыздар?

  2. Сендерге қалай әсер етті?

  3. Ата – аналар сіздер не айтасыздар?


Мұғалім: Осы жерде мен ата – аналарға мынадай кеңестер айтқым келіп тұр. Егер балам қатыгез, қайырымсыз, өзімшіл болып өспесін десеңіз, бала тәрбиесінде мына қателіктерге жол бермеңіз.

  1. «Егер, сен мен қалағандай болмасаң, мен сені жақсы көрмеймін.»

  2. «Не істесең, оны істе маған бәрібір»

  3. Аса қаталдық, яғни «Мен не айтсам, соны орындауың керек. Өйткені мен үйдің басшысымын.»

  4. Балаларды тым еркелету

  5. «Саған көңіл бөлуге уақытым жоқ»

  6. Балаңызды тым көп ақшамен қамтамасыз ету


  7. Баланың ісіне көңіл – күйіңізге қарап баға беру, яғни көңіл – күйіңіз нашар болса оның қуанышына ортақтаспау, әңгімесіне құлақ аспау т.с.с.


Мұғалім: Міне, құрметті ата – аналар! Бала тәрбиесінде осы қателіктерге жол бермесеңіз ғана, балаңыздың саналы азамат болып өсіп, сізді бақытқа кенелтері сөзсіз.

«Ата – ананың ақылы – қазулы қара жолмен тең» деп Дулат Бабатайұлы айтпақшы ата – ана баласының түйсігіне қандай іс салса, бала сол жолмен жүре беретіні белгілі. Ортаға жұмбақ кейіпкерді шақырамыз.


Жұмбақ кейіпкер: Мен 15 жастамын. Мен өзімді мазалаған ойларымды сіздермен бөліскелі келіп отырмын. Мен үйде жалғыз баламын. Ата – анам жұмыс басты адамдар. Жұмыс істеп жүріп, маған көңіл бөлуге, менімен әңгімелесуге де уақыт жоқ. Үнемі жалғызсырап жүремін. Сұраған ақшамды береді, барам деген жеріме жібереді. Маған ақшаның , байлықтың еш керегі жоқ. Маған тек ата – анамның аялы алақаны, мені еркелетіп бауырына басқаны керек. Ал менің ата – анам маған еш алаңдамайды. Өйткені, олар жұмыстан басқа еш нәрсені ойламайды. Бірде мынадай жағдай болды. Мен досымның үйіне барып, түнгі сағат 10 – ға дейін отырып қалдым. Үйге келсем ата – анам алаңдап отыр екен. Мен ата – анамның өзіме назар аударғанына іштей қуанып, осы жағдайды тағы қайталадым. Сондағы ойым ата – анамның көңілін, өзіме осы тәсілмен аудару, бірақ бұл жолы ата – анам маған дауыс көтеріп айқайлады. Мен мұнда ата – анамды жамандайын деп келгенім жоқ. Ата – анасына кім жамандық ойласын? Мен ата – анамның өзіме деген жылы сезімдерін қалай оята аламын? Маған осы жағынан көмек берсеңіздер екен. Менің орнымда болсаңыздар, сіздер не істер едіңіздер, достар?


Мұғалім: 1. Ата –аналар, бұл жағдайға не айтасыздар?

2.Балаға, ата – анасына қандай ақыл – кеңес айтар

едіңіздер?

3.Осындай балалардан болашқта қандай азамат

шығады деп ойлайсыздар?


4.Оқушылар, алдарыңдағы өздерің сияқты достарыңа

қандай кеңес бересіңдер?


Мұғалім: Келесі бөліміміз ата – ана мен оқушы арасындағы қарым – қатынасқа арналған ойындарға айналады.

Ортаға 2 оқушыны шақырамыз. Ата – аналардың қатысуымен өтетін ойын «Жазалау» деп аталады.


  1. Балаңыз мектепте сіздің көзіңізше мұғаліммен дауыс көтеріп айқайласты.

  2. Балаңыз көрші үйдің затын ұрлап алыпты, оны көршіңіз сізге келіп айтты.

  3. Ұлыңыз мектепте темекі шегіпті, оны мұғалімнен естідіңіз.



Мұғалім: Ата – аналар, енді сіздер осы оқушыларды жазалауларыңыз керек. Алдарыңыздағы балаларыңызды қалай жазалайсызар?

Мұғалім: Ортаға оқушыларды шақырамыз. Оқушылар ата – аналарына барып өздерінің басынан өткен әр түрлі жағдайларын баяндап айтады. Ата – аналар сол сәтті қалай қабылдар екен?

1 – оқушы: Анашым, мен бүгін сабаққа бармай – ақ қояйыншы, үйге берілген тапсырманы жаттамап едім, апай сұраса «ауырып жатыр» деп айта салыңызшы.

2 – оқушы: Әке, мен бүгін мектептің терезесін сындырып алдым.

3 – оқушы: Анашым, мен бұл аптада 3 екілік алдым.

4 – оқушы: Анашым, мен сіздің жақсы көретін ыдысыңызды сындырып алдым.

5– оқушы: Анашым, мен бүгін сабаққа кешігіп барыппын. Кезекшілер жазып алды.

6 – оқушы: Анашым, мен бүгін әжеме ауыр сөз айтып ренжітіп алдым, енді не істеймін?

7 – оқушы: Анашым, мен қоңырау сайын сабақтарға кешігіп келіп жүрмін.

8 – оқушы: Әке, мен бүгін мектепте жарысқа қатысып, мақтау қағаз алдым.

9 – оқушы: Әкетай, бүгін 4 сабақтан кейін қайтып кеттім.

10 – оқушы: Анашым , менің түймем түсіп қалыпты, тігіп беріңізші.

11 – оқушы: Анашым, мен бүгін байқамай көрші әженің жолын кесіп кетіп едім, әже маған ұрсып жатыр.


12 – оқушы: Анашым, мен ұйқымды қимай жатырмын, 2 – ші сабаққа барайыншы.


Мұғалім: Келесі ойынымыз «Міндеттемелер таразысы» деп аталады. Ортаға бір ата – анамен бір оқушыны шақырамыз. Міндеттемелер таразысының бір жағында «Менің балаға қатысты міндеттерім», екінші жағына «Менің ата – анаға қатысты міндеттерім» деген парақшалар ілулі тұр. Ойынға қатысушы ата – ана мен оқушы өздерінің міндеттерін жазып шығады.


Мұғалім: Ортаға бір ата – ана мен оқушыны шақырамыз. Ортада ақ және қара жәшік тұр. Сонымен қатар үлестірме қағаздарда ата – ана мен балаға қатысты жақсы және жаман сөздер жазылып тұр. Осы қасиеттерді ұстап әрқайсысына ата – ана «Егер мен баламнан бақытымды көргім келсе...» деп, ал бала «Мен ата – анам бақытты болсын десем...» деп әрі қарай сөйлем құраулары керек.


Мұғалім: Ал енді, кезекті оқушылардың ата – аналарына айтар жыр шумақтарына береміз.

1 – оқушы: Ардақты ана, аяулы ана, қымбатым,

Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.

Өміріме нәрін берді ақ сүтің

Кең – құшағың саясындай гүл – бақтың.

Мен өзіңмен қайда болсын біргемін,

Махаббатың жүрегімде жүр менің.

Күн нұрындай жадырай бір күлгенің,

Қандай жақсы ортамызда жүргенің.

2 оқушы: Ұшырдың баптап ұядан,

Кетпейсің ойдан, қиялдан.

Арманға биік қол созсам,

Тұрасың демеп жиі алдан.

Адалдық әркез көксеген,

Үйрендім әке тек сенен.

Ардақтап өтем мәңгілік

Ғұмырда жалғыз жетсе дем.

Мұғалім: Құрметті ата – аналар! «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған – туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.» деп елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы, еліміздің болашағы бүгінгі балалардың дұрыс азамат болып қалыптасуы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Балалардың өздеріңізге бақыт сыйлайтын тұлға болып қалыптасуы, ата – аналар , сіздерге байланысты. Ал, оқушылар, сіздер болашақта ата – ананың үмітін ақтар, елін сүйер саналы азамат болады деген сенімдемін.

Әрбір отбасына күннің шуағындай шаттық, жылылығындай мейірімділік, қуаныш, береке тілей отырып, «Бақытыңды балаңнан ізде » атты ашық тәрбие сағатын аяқтаймыз.