shkolakz.ru 1


Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2010 жылғы 21желтоқсандағы №351 бұйрығына 16-қосымша


«Резидент еместерге қойылатын қаржылық талаптар және

олардың алдындағы міндеттемелер туралы есеп» ведомстволық статистикалық байқаудың статистикалық нысанын (коды 7321202, индексі 1-ТБ, кезеңділігі тоқсандық) толтыру жөніндегі нұсқаулық


1. Осы Нұсқаулық «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы
19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 7-тармақшасына сәйкес дайындалды және ведомстволық статистикалық байқаудың «Резидент еместерге қойылатын қаржылық талаптар және олардың алдындағы міндеттемелер туралы есеп» (коды 7321202, индексі 1-ТБ, кезеңділігі тоқсандық) статистикалық нысанын толтырудың тәртібін нақтылайды.

2. Келесі анықтамалар осы статистикалық нысанды толтыру мақсатында қолданылады:

1) еншілес кәсіпорын – жарғылық капиталының 50%-дан астамы басқа заңды немесе жеке тұлғаға тиесілі дербес заңды тұлға;

2) Қазақстан Республикасының резиденттері:

халықаралық ұйымдарды, шетелдік елшіліктерді, консулдықтарды және басқа да дипломатиялық және ресми өкілдіктерді қоспағанда Қазақстан Республикасының аумағындағы заңды тұлғалар;

Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі қазақстандық елшіліктер, консулдықтар және басқа да дипломатиялық және ресми өкілдіктер;

осы тармақтың осы тармақшасының екінші абзацында және
3) тармақшасының екінші абзацында көрсетілген заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағындағы филиалдары және өкілдіктері;

азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасында бір жылдан астам тұратын жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасынан тыс аумақта бір жылдан кем уақытша тұратын азаматтар. Шет елде мемлекеттік қызмет, білім алу және емделу мақсатында жүрген азаматтар басқа елдердің аумағында болу мерзімдеріне қарамастан резиденттер болып табылады;

3) Қазақстан Республикасының резидент еместері:

Қазақстан Республикасының елшіліктерін, консулдықтарын және басқа да дипломатиялық және ресми өкілдіктерін қоспағанда басқа мемлекеттердің аумағындағы заңды тұлғалар;

Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық ұйымдар, шетелдік елшіліктер, консулдықтар және басқа да шетелдік дипломатиялық және ресми өкілдіктер;

осы тармақтың 2) тармақшасының екінші абзацында және осы тармақшасының екінші абзацында көрсетілген заңды тұлғалардың басқа мемлекеттер аумағындағы филиалдары және өкілдіктері;

азаматтығына қарамастан шет елде бір жылдан астам тұратын жеке тұлғалар және Қазақстан Республикасы аумағында кемінде бір жыл тұратын шетелдік азаматтар. Қазақстан Республикасы аумағында мемлекеттік қызмет, білім алу және емделу мақсатында жүрген шет мемлекеттердің азаматтары олардың республика аумағында болу мерзімдеріне қарамастан резиденттер еместер болып табылады;

4) қауымдастырылған (тәуелді) кәсіпорын – жарғылық капиталдың
10-нан 50 %-ға дейінгісі басқа заңды немесе жеке тұлғаға тиесілі дербес заңды тұлға;

5) өкілдік – заңды тұлғаның толық иелігіндегі, осы заңды тұлғаның мүддесін қорғайтын және білдіретін, оның атынан мәмілелер және басқа да құқықтық іс-әрекеттер жасайтын дербес заңды тұлға болып табылмайтын ерекшеленген бөлімше;

6) филиал – заңды тұлғаның толық иелігіндегі және осы заңды тұлғаның қызметінің барлығын немесе бір бөлігін жүзеге асыратын дербес заңды тұлға болып табылмайтын оқшауланған бөлімше;

7) шетелдік тікелей инвестициялары бар кәсіпорын – 10%-тен кем болмайтын жай акциялары немесе олардың баламасы (акционерлік емес кәсіпорындар үшін – салымдар және пайлар) шетелдік тікелей инвесторға – жеке немесе заңды тұлғаға, үкіметке, халықаралық қаржы ұйымына, компанияға және тағы басқаларға тиесілі кәсіпорындар.

3. Статистикалық нысан бойынша сұратылатын ақпарат республиканың төлем балансын, халықаралық инвестициялық позициясын құруды және сыртқы борышты бағалауды қалыптастыру үшін қажет.


4. Нысанның 1 және 2 бөлімдерінде тоқсанның басы мен соңындағы жағдай бойынша қаржы талаптары мен міндеттемелердің көлемі (позициялары), есепті тоқсанда жүргізілген операциялар, валюта бағамының, қаржы құралдарының ағымдағы рынок бағасының өзгеруінің және басқа да түзетулердің нәтижесінде қаржылық талаптармен және міндеттемелермен болған басқа да өзгерістер, сондай-ақ есепті тоқсанда түсуге тиісті кірістер және төленуге тиісті шығыстар жағдайы көрсетіледі.

Басқа бөлімдерде есепті тоқсандағы операциялық өзгерістер бойынша ақпарат және тоқсан соңындағы көлем (позициялар), сондай-ақ әріптес елдер бойынша жекелеген категориядағы резидент еместерге қатысты барлық қаржылық талаптар мен міндеттемелер бойынша есептелген және нақты түскен (төленген) кіріс (шығыс) көрсетіледі.

Есепте барлық сома бүтін санмен мың АҚШ доллары түрінде көрсетіледі. Бухгалтерлік есептің мақсаттары үшін белгіленген бағам бойынша басқа шетел валютасымен және теңгемен берілген сома АҚШ долларына ауыстырылады.

АҚШ долларынан басқа валютамен деноминирленген қаржы операциялары мен кіріс Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бекіткен бағам бойынша АҚШ долларына ауыстырылады. Тоқсанның басы мен соңындағы басқа валютамен деноминирленген позициялар АҚШ долларына тиісті күнгі валюта бағамы бойынша ауыстырылады.

Басқа шетел валютасымен деноминирленген соманы АҚШ долларына ауыстыру алдымен теңгеге, содан соң тиісті бағам бойынша АҚШ долларына ауыстыру арқылы жүзеге асырылады.

5. Нысанда көрсетілген қаржы құралдары:

1) капиталға инвестицияларға мыналар жатады:

резидент еместер сатып алған респондент кәсіпорынның жай акциялары және резидент еместер шығарған респондент кәсіпорын меншігіндегі акциялар;

резидент еместер сатып алған респондент кәсіпорынның дауыс беру құқығы бар артықшылықты акциялары және резидент еместер шығарған респондент кәсіпорынның меншігіндегі артықшылықты акциялар. Дауыс беру құқығы жоқ артықшылықты акциялар борыштық бағалы қағаздарға жатады;


респондент кәсіпорынға резидент еместер салған салымдар, пайлар, шетел компаниясына респондент кәсіпорын салған салымдар, пайлар;

респондент кәсіпорынның резидент еместер төлеген қосымша капиталы және шетел компаниясына респондент кәсіпорын төлеген қосымша капитал;

басқа елдегі филиалдар мен өкілдіктерді бас компанияның қаржыландыруы;

2) басқа капиталға мыналар жатады:

туынды қаржы құралдарын қоспағанда респондент кәсіпорынның тікелей инвестициялау қатынасы арқылы қатысы бар резидент еместерге борыштық бағалы қағаздар, сауда (коммерциялық) кредиттері, несие, қаржы лизингі және басқа құралдар бойынша қаржылық талаптар мен міндеттемелерден тұрады;

өз қызметін бас компания елінен өзге жерде жүзеге асыратын компанияның филиалдары мен өкілдіктерінің бас компаниясымен барлық қаржы операциялары капиталға инвестициялар бойынша көрсетіледі. Егер берілген қаржының қайтарымдылық шарты келісілген және (немесе) беретін қаржыға сыйақы есептеу көзделген жағдайда мұндай қаржы операциялары капиталға инвестицияларға жатпайды;

3) борыштық бағалы қағаздар – эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.

Борыштық бағалы қағаздарға иесіне біршама ақша кірісін немесе мөлшері борышкер кірісінің деңгейіне тәуелді емес келісіммен белгіленген соманы белгіленген мерзімде алуға шартсыз немесе алдын-ала келісілген құқық беретін міндеттемелер кіреді және олар ұйымдасқан немесе басқа қаржы рыноктарында айналады (айналуы мүмкін). Облигациялар, ноталар, қазынашылық бағалы қағаздар осы санатқа жататын құралдар болып табылады. Бұл топқа осы Нұсқаулықтың мақсаттары үшін сондай-ақ дауыс беру құқығы жоқ артықшылық берілген акциялар және айналыстағы депозиттік сертификаттар мен вексельдер жатады;

4) сауда (коммерциялық) кредиттеріне мыналар жатады:

кредиттік келісімдерге сәйкес өндірушілердің, жеткізушілердің және мердігерлердің көрсететін қызметтері мен тауарлары;

тауар жеткізу, жұмыс орындау және қызмет көрсету келісім-шарттары негізінде жеткізушілермен, мердігерлермен (міндеттемелер бойынша) немесе сатушылар және тапсырыс берушілермен (талаптар бойынша) есеп айырысу бойынша берешек;

тауар жеткізу, жұмыс орындау және қызмет көрсету арқылы алынған (міндеттемелер бойынша) және берілген (талаптар бойынша) аванс (алдын-ала төлеу).

Бұл санаттан борыштық бағалы қағаздарда көрсетілуге тиісті айналымдағы коммерциялық вексельдер (яғни, иесінің оларды өтеу мерзімінен бұрын сата алатын вексельдер) алынып тасталады;

5) несиелерге мыналар жатады:

ақша түрінде берілген кредиттер (оның ішінде тауар және қызмет көрсету бойынша экспорттық-импорттық мәмілелерді жеткізуші мен мердігерден басқа тұлғалардың қаржыландыруынан);

қаржы лизингі – жалға алушының меншігіне өту құқығы бар негізгі құрал-жабдықтарды ұзақ мерзімді жалға беру;

ипотекалық кредиттер;

6) депозиттер – мерзімді және талап етілмелі салымдар бойынша жинақтаушы банк шоттарынан, ағымдағы банк шоттарынан тұрады. Бұл нысанда респондент кәсіпорынның шетелдік банктердегі (резидент емес банктердегі) салымдары, сондай-ақ несие-жинақтау ассоциацияларындағы, кредиттік одақтардағы және құрылыс қоғамдардағы үлестері (депозиттік куәлік) туралы ақпарат көрсетілуі қажет;

7) басқа талаптар (міндеттемелер) басқа да қаржылық талаптар мен міндеттемелерден – мерзімі өткен дебиторлық және кредиторлық берешектің барлық түрлерінен, күмәнды борыштардан (субъектінің ақы төлеу мерзімі туралы шартқа сәйкес белгіленген мерзімде өтелмеген дебиторлық берешегі), өмірді сақтандыру және тағы басқа қорлардағы жеке тұлғалардың қаражатынан тұрады;

8) туынды қаржы құралдары базалық активке немесе индекске (мысалы: тауар, валюта фьючерсі, бағалы қағаздарды сатып алу (сатуға) опцион, қаржы активтеріне опцион және тағы басқалар) тәуелді опциондық және форвардтық келісім-шарттардан тұрады және тікелей инвестициялауға екі жағы байланысты болса да 4-бөлікте көрсетіледі. Туынды қаржы құралдарымен операцияларды көрсеткен кезде олардың базалық активтерден бөлек көрсетілуі маңызды;


9) резидент заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігі бар заемдарынан тұратын Қазақстан Республикасының Үкіметі кепілдік берген заемдар. Мемлекеттік заемдар (Қазақстан Республикасының Үкіметі заемшы болатын заемдар бойынша) бұл нысанда көрсетілмейді.

6. Қаржы құралдарының қысқа мерзімді (1 жылға дейін қоса алғанда) және ұзақ мерзімді (1 жылдан астам) болып жіктелуі, қысқа мерзімді болып жіктелетін жаңартылған кредиттерді қоспағанда, бастапқы мерзім бойынша жүргізіледі.

Акциялар мен басқа бағалы қағаздар бойынша барлық сома рынок құны бойынша көрсетіледі. Акциялар және басқа да бағалы қағаздар бойынша позицияларды бағалау үшін келесі әдістердің бірі пайдаланылады:

тиісті күнге орташа рынок бағасы бойынша (қор рыногындағы сату және сатып алу бағасының арасында);

жақын уақытта жүргізілген операциялар құны бойынша.

Рынок құны бойынша позицияны бағалауда қиындық туындаған жағдайда деректер есепті кезеңнің тиісті күніне баланс құны бойынша көрсетіледі.

Операциялар мәміленің нақты құны бойынша көрсетіледі.

7. Кезең басындағы позиция (1 және 2-бөлімдердің 1 және 7-бағандары) респондент кәсіпорынның есепті тоқсанның басындағы қаржы талаптары мен міндеттемелерінің жай-күйін (мөлшерін, көлемін), сондай-ақ қаржы есебіне сәйкес есепті тоқсанның басында алынатын кірістерді және төленетін шығыстарды көрсетеді.

Кезең соңындағы позиция (1 және 2-бөлімнің 6 және 10-бағандары) респондент кәсіпорынның есепті тоқсанның соңындағы қаржылық талаптары мен міндеттемелерінің жай-күйін (мөлшерін, көлемін), сондай-ақ алынатын кірістерді және төленетін шығыстарды көрсетеді.

Капиталға инвестициялар бойынша позиция бас компания елінен басқа елдерде орналасқан филиалдар мен өкілдіктердің капиталға инвестициялары бойынша позициясы филиалдар мен өкілдіктердің таза активтеріне сәйкес келуі тиіс (борыштық міндеттемелерді жиынтық активтерден алып тастағанда).


Есепті кезеңде қаржылық талаптар мен міндеттемелер құнының (көлемнің) өзгеруі (позицияның өзгеруі) тиісті қаржы құралдарымен (алу, сату, өтеу және тағы басқа) жүргізілетін операциялар (1 және 2-бөлімнің 2 және 3-бағандары), рынок бағасының ауытқуы мен валюта бағамының АҚШ долларына қатысты өзгеруіне байланысты оларды қайта бағалау (1 және 2-бөлімнің 4-бағаны) және басқа да түзетулер (1 және 2-бөлімнің 5-бағаны) нәтижесінде болуы мүмкін.

8. Талаптар (міндеттемелер) бойынша позицияның өсуі ретінде (1 және 2-бөлімнің 2-бағанында) резидент еместермен жасалатын мынадай операциялар көрсетіледі:

капиталға инвестициялар жағдайында – ақша, тауар және материалдық емес активтер (патенттер, лицензиялар) нысанындағы жарналар (пайлар, салымдар), дауыс беретін акцияларды сатып алу (оның ішінде мемлекеттік акциялар), кредиттер мен заемдар бойынша берешектерді акцияға немесе жарғылық капиталға қатысуды қамтамасыз ететін баламасына айырбастау (қайта ұйымдастыру), дивидендтерді жарғылық капиталға есепке алу, мүлік жиынтығын, оның ішінде мемлекеттік меншікті жекешелендіру және тағы басқаның шеңберінде сатып алу арқылы жарғылық капиталға инвестиция беру. Кірісті қайта инвестициялау капиталға инвестицияны көбейту ретінде көрсетілмейді.

Бас компания елінен басқа елде орналасқан филиалдар мен өкілдіктер үшін филиалдардың бас компаниялардан алған (бас компаниялар төлеген) жабдықтарының және өзге де тауарлар мен қызмет көрсету құны, бас компаниялардың филиалдардың шоттарына аударған ақша аударымдары, үшінші тұлғалар алдында филиалдардың міндеттемелерін бас компанияның өтеуі көрсетіледі;

борыштық бағалы қағаз жағдайында – бастапқы және қайталама рыноктан сатып алу, акцияларды немесе жарғылық капиталға қатысуды қамтамасыз ететін баламасын облигацияларға немесе өзге де борыштық бағалы қағаздарға (қайта ұйымдастыру) айырбастау;

сауда (коммерциялық) кредиттері мен несиелері жағдайында – материалдық (тауарлық) және қаржы құндылықтары мен қызмет көрсетуді мәулетпен (кредитке) беру, қысқа мерзімді кредитті немесе несиені ұзақ мерзімге (қайта ұйымдастыру) мерзімін ұзарту, сыйақыны капиталдандыру (қайта ұйымдастыру болып табылмайтын борыштың негізі сомасына сыйақыны жатқызу);


басқа құралдардың жағдайында – мерзімі өткен берешекті көбейту («төленбеген, есепті кезең ішінде төлеуге жататын берешек), есептелген, бірақ төленбеген айыппұл мен өсімпұлдар, өмірді сақтандыру қорына жарналарды жүзеге асыру және тағы басқа;

туынды қаржы құралдары жағдайында – опциондар бойынша сыйақы төлемдері, форвардтық (фьючерстік) келісім-шарттар бойынша жұмсалған пайда және тағы басқа.

Талаптар (міндеттемелер) бойынша есептелген, бірақ есепті кезеңде төлеуге жатпайтын кіріс (шығыс) қаржы құралын көбейту ретінде көрсетілмейді.

Кірістер (шығыстар) бойынша позицияны көбейту (1 және 2-бөлімдердің 8-бағанында) ретінде тиісті қаржы активі (міндеттемесі) бойынша кірістің (шығыстың) есепті кезеңде есептелген сомасы көрсетіледі:

капиталға инвестициялар бойынша – есептелген дивидендтер (бөлінген пайда), бөлінбеген таза кіріс немесе шығын (қайта инвестицияланған кіріс). Бас компанияның елінен басқа елдегі филиалдар мен өкілдіктер үшін филиал орналасқан елдегі салық салынатын таза кіріс (тұрақты мекеме арқылы қызметтен болған таза кіріс) көрсетіледі;

басқа қаржы құралдары бойынша – есепті кезеңде есептелген сыйақы.

Талаптар (міндеттемелер) бойынша позицияның кемуі ретінде резидент еместермен мынадай операциялар көрсетіледі (1 және 2-бөлімдердің
3-бағаны):

капиталға инвестициялар болған жағдайда – эмитент кәсіпорынның өзінің қатысу үлесін сатып алуын қоса алғанда, иелік етушілердің жарғылық капиталдағы үлесін (оның ішінде дауыс беретін акцияларын) сатуы, акцияларды немесе жарғылық капиталдағы қатысу үлесін борышқа айырбастауы (қайта ұйымдастыру).

Бас компанияның елінен басқа елдегі филиалдар мен өкілдіктер үшін бас компанияның (тікелей немесе жанама) филиалдан (оның қызметінен) алған қаражаты – алынған құрал-жабдық пен тауарларды қайтару, филиалдың қызмет көрсетуі, филиалдың шотынан бас компанияның шотына ақша аудару, бас компанияның филиал сатқан тауарлар мен қызметтен болған кірістерді алуы – көрсетіледі. Филиал сатқан тауарлар мен қызметтен болған бас компанияның кірістері филиал орналасқан елдегі салық салынатын таза кірісті есептен шығара отырып (тұрақты мекеме арқылы қызметтен болған таза кіріс) көрсетіледі;


борыштық бағалы қағаздар болған жағдайда – қосалқы рынокта сату және эмитенттің өтеуі, акцияларға немесе жарғылық капиталдағы қатысу үлесіне айырбастау (қайта ұйымдастыру);

сауда кредиттері мен несиелер болған жағдайда – борыштың негізгі сомасы бойынша есептелген төлемдер, қысқа мерзімнен ұзақ мерзімге сауда (коммерциялық) кредитінің немесе несиенің мерзімін ұзарту (қайта ұйымдастыру);

басқа құралдар болған жағдайда – бұрын мерзімі өткен берешекті өтеу, өткен кезеңдерде есептелген, бірақ төленбеген айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлеу, өмірді сақтандыру шарттары бойынша өтемақыны алу және тағы басқа;

қаржы туындылары болған жағдайда – опциондық және форвардтық (фьючерстік) келісім-шарттың талаптарын орындау (яғни орындау бағасы бойынша базалық активті нақты жеткізу немесе қазіргі уақытта рыноктағы базалық актив бағасы мен орындау бағасы арасындағы айырма негізінде қолма-қол ақшамен есеп айырысу);

Кірістер (шығыстар) бойынша позицияның кемуі (1 және 2-бөлімдердің 9-бағаны) ретінде есепті кезеңде алынатын кірістер (төлем) бойынша шығыстар төлемі және жарияланған дивидендтерді төлеу көрсетіледі.

Активтерді (міндеттемелерді) қайта ұйымдастыру (1 және
2-бөлімдердің 2а және 3а бағандары) бұрын көзделген шарт талаптарын өзгертетін екі жақты келісімдер (кредитордың, сондай-ақ дебитордың қатысуымен) ретінде айқындалады. Қайта ұйымдастыруға қаржы құралының түрін өзгертетін қайта ресімдеу (сауда кредитінің мерзімін ұзарту, несиені мерзімінен бұрын өтеу, несиені борыштық бағалы қағазға айырбастау, несиені акцияға айырбастау және тағы басқа), сондай-ақ кредитордың заемшының берешегін кешіруі жатады.

Валюта бағамдарының құбылуы немесе нарықтық бағалардың құбылуы есебінен құнын қайта бағалау нетто-негізінде көрсетіледі (1 және
2-бөлімдердің 4-бағаны). 3, 4, 5 бөлімдерде осы ақпарат жеке көрсетілмейді.

Құнның өзге түзетулері нетто-негізінде көрсетіледі (1 және

2-бөлімдердің 5-бағаны). Оларға қаржы құралдарын қайта жіктеу немесе әріптестердің бір санаттан екінші санатқа көшуі есебінен (олардың жарғылық капиталдағы үлесінің ұлғаюы немесе азаюы салдарынан), жеке тұлға резиденттігінің өзгеруі есебінен (елде 1 жылдан астам тұруы және (немесе) тұрақты тұруға рұқсат алу салдарынан) жекелеген көрсеткіштер бойынша позицияның өзгеруі, кредитордың бір жақты тәртіппен берешекті есептен шығаруы, нысанды толтырған кезде бұрын жіберілген қателерді түзету жатады.


3, 4, 5 бөлімдердегі позицияларды басқа түзету туралы ақпарат жеке көрсетілмейді.

9. Қаржылық талаптар (алуға) және міндеттемелер (төлеуге) бойынша кіріске (шығысқа) қайта инвестицияланған кіріс және капиталға инвестициялар бойынша дивидендтер (бөлінген табыс), валюта бағамының және бағамдық пен бағалық құбылулар бойынша тиісті бағандарда көрсетілетін қаржы құралы бағасының өзгеруі нәтижесінде алынған кірісті қоспағанда, борыштық бағалы қағаздар, сауда кредиттері, несиелер бойынша сыйақы жатады.

Қайта инвестицияланған кіріс тікелей инвестордың тікелей инвестицияланатын кәсіпорынның бөлінбеген табысындағы (шығындарындағы) үлесін (төленетін салықтарды және төленген дивидендтерді шегергенде операциялық кіріс) білдіреді және есептелген кезеңде көрсетіледі.

Дауыс беру құқығы жоқ артықшылық берілген акциялар бойынша дивидендтер борыштық бағалы қағаздар бойынша кірістер ретінде көрсетілуі тиіс.

Борыштық қаржы құралдары бойынша сыйақы есептелген күні бойынша көрсетіледі. Оған трансферт болып табылатын мерзімі өткен төлемдер үшін айыппұлдар жатпайды.

Кірістің барлық түрлері жиынтық негізде, яғни салықпен қоса есептеліп көрсетіледі.

10. Шетелде филиалдары мен өкілдіктері бар Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары өздерінің шетелдік филиалдары мен өкілдіктерінің операцияларын статистикалық нысанның 1, 2-бөлімнің
1-бөлігінде және 3-бөлімде көрсетеді. Нысанның қалған бөліктері (бөлімдері) шетелдік филиалдар мен өкілдіктерді ескермей толтырылады.

Қазақстан Республикасында өз қызметін жүзеге асыратын шетел компанияларының филиалдары мен өкілдіктері дербес субъектілер ретінде осы нысанды толтырады.

Кәсіпкерлік қызметті олардың орналасқан елінде (бас компания орналасқан елден басқа) жүзеге асыру құқығы берілмеген филиалдар мен өкілдіктердің операциялары бас компания бөлетін қаражатты жұмсауында болады (мұндай бірліктер, бас компания көрсететін өкілдік қызметті қоспағанда, тауарларды шығармайды және қызмет көрсетпейді). Мұндай жағдайларда:


мұндай филиалдар мен өкілдіктердің депозиттері (шоттары) бас компанияның шетелдік банктердегі депозиттері (шоттары) ретінде көрсетіледі;

капиталға инвестициялар бойынша «минус» белгісі бар «өзге түзетулер» 5-бағанда филиалдар мен өкілдіктердің олардың орналасқан ел резиденттеріне жұмсалатын (үй-жайды жалға алу, қызметкерлерге жалақы төлеу және тағы басқа) шығыстары көрсетіледі.

11. Қазақстан Республикасында жылжымайтын мүлікке заңды меншік құқығын резидент емес иемденген жағдайда резидент емеске 100 % тиесілі және көрсетілген жылжымайтын мүлікке ие шартты резиденттік бірлік құрылады, яғни тікелей инвестициясы бар шартты кәсіпорын. Резидент шетелден жылжымайтын мүлікті сатып алған кезде тікелей инвестицияланатын шартты кәсіпорын құрылады. Жылжымайтын мүлікпен операциялар капиталға инвестицияларда көрсетіледі.

Шартты резидент кәсіпорынның капиталына инвестицияларды қазақстандық жылжымайтын мүлікке меншік құқығын сатқан резидент көрсетеді.

Шартты резидент емес кәсіпорынның капиталына инвестицияларды басқа мемлекетте жылжымайтын мүлікке меншік құқығын сатып алған резидент көрсетеді.

Шартты кәсіпорынның капиталына инвестициялар:

ұлғаю – жылжымайтын мүлікті сатып алу;

кему – жылжымайтын мүлікті сату;

кіріс – басқа мемлекеттің аумағында болған шығыстарды шегере отырып кірістің жиынтық сомасы ретінде айқындалады. Мысалы, жерді сатып алған жағдайда бұл жер үшін таза рента.

12. Банктермен жүргізілетін барлық қаржы операциялары мен позициялар (акционерлік капиталмен жүргізілетін операциялар және мерзімі көрсетілмеген борышты есептемегенде) басқа резидент еместерге қойылатын талаптар және басқа резидент еместер алдындағы міндеттемелер ретінде көрсетілуі қажет.

13.Тікелей инвестициясы бар респондент кәсіпорынның шетелдік кәсіпорындарына, шетелдік тікелей инвесторларға және басқа да резидент еместерге қатысты қаржы талаптары мен міндеттемелер бойынша есепті кезеңнің соңындағы операциялар және позициялар жөніндегі деректер елдердің тұрған орны бойынша тиісінше 3, 4, және 5-бөлімдерде жан-жақты көрсетіледі. Халықаралық қаржы ұйымдарымен операциялар «Халықаралық ұйымдар» атауы бар бағанда көрсетілуі тиіс. Халықаралық қаржы ұйымдарына: Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық есеп айырысу банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы, Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі және тағы басқалар жатады.


3-бөлімнің «шапкалар» бағандарында респондент кәсіпорынның тікелей инвестициялы кәсіпорындары бар ел кезең соңындағы резидент еместердің жарғылық капиталындағы респондент кәсіпорынның инвестициясының жалпы мөлшеріндегі оның үлесінің азаю тәртібіне қарай көрсетілуі қажет.

4-бөлімнің «шапкалар» бағандарында респондент кәсіпорынның тікелей инвесторы бар ел кезең соңындағы респондент кәсіпорынның жарғылық капиталыңыздағы оның үлесінің азаю тәртібімен көрсетілуі қажет.

5-бөлімнің «шапкалар» бағандарда есепті кезеңнің соңына сәйкес респондент кәсіпорынның жалпы міндеттемелері мен талаптары үлесінің азаю тәртібімен елдер көрсетіледі.

Әрбір жеке елдің операциялар мен қорларының көлемі 1 мың АҚШ долдарынан аспаған жағдайда 3, 4, 5-бөлімердің «шапкалар» бағанында «Басқа елдер» атауы көрсетіп, бірнеше елді біріктіруге рұқсат етіледі.

14. Түсіндірмеде материалдық емес активтер нысанында жарғылық капиталға жарналар енгізу туралы, мерзімі өткен төлемдер туралы, туынды қаржы құралдарымен операциялар туралы, бар болған жағдайда талаптарды (міндеттемелерді) қайта ұйымдастыру туралы ақпарат көрсетіледі. Республика нарығында айналыста болмайтын бағалы қағаздардың құнын бағалаудың қабылданған әдісі, сондай-ақ акционерлік емес қоғамдардың капиталға инвестициялары бойынша позициясы туралы түсіндірмелер міндетті. Есепті кезеңдегі позициялардың басқа түзетулердің барлық түрі дерлік талдау мүддесін көздейді және түсіндірмені қажет етеді.

15. Арифметикалық-логикалық бақылау:

1) 1 және 2 бөлімдер:

1-баған = өткен тоқсандағы есептің 6-бағаны;

7-баған = өткен кезең есебі бойынша 10-бағаны;

6-баған = 1-баған + 2-баған – 3-баған + 4-баған + 5-баған;

10-баған = 7-баған + 8-баған – 9-баған;

2) 3, 4, 5-бөлімдер:

3, 4, 5 бөлімнің 1-бағаны «кезең басындағы көлем» = 1, 2-бөлімнің
1-бағаны;

3, 4, 5 бөлімнің 1-бағаны «көбею» = 1, 2-бөлімнің 2-бағаны;


3, 4, 5 бөлімнің 1-бағаны «азаю» = 1, 2-бөлімнің 3-бағаны;

3, 4, 5 бөлімнің 1-бағаны «кезең аяғындағы көлем» = 1, 2-бөлімнің
6-бағаны;

3, 4 бөлімнің «есеп беру кезеңінде есептелген қайта инвестицияланған кіріс» = 1, 2 бөлімнің 8-баған – 9-баған;

3, 4, 5 бөлімнің 1-бағаны «есеп беру кезеңінде есептелген сыйақы» = 1, 2-бөлімнің 8-бағаны;

3, 4, 5 бөлімнің 1-бағаны «есеп беру кезеңінде есептелген дивидендтер» = 1, 2-бөлімнің 9-бағаны.