shkolakz.ru 1 2 ... 4 5


ӘОЖ 633.11«327»: 631.52(02): 582.2 Қолжазба құқығында


Рсалиев Аралбек Сырашұлы


Жаздық қатты бидай (Triticum durum Desf) сорт-үлгілерінің тат ауруларына төзімділігі


06.01.05 – Селекция және тұқым шаруашылығы


Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

АВТОРЕФЕРАТЫ





Қазақстан Республикасы

Алмалыбақ, 2009

Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЕМК-да орындалған.


Ғылыми жетекші: ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Сарбаев А.Т.


Ресми оппоненттері: ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР АШҒА академигі Бабаев С.А.


ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Тілеубаева Т.Н.


Жетекші ұйым: Қазақ ұлттық аграрлық университеті


Қорғау 2009 жылы 26 маусымда сағат 1400 Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанынан құрылған БД 55.05.01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде өтеді. Мекен жайы: 040909, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылы, М. Ерлепесов көшесі 1.


Диссертациямен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2009 жылдың 26 мамырында таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғылыми хатшысы, ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы Н.А. Әлдеков

Кіріспе


Тақырыптың өзектілігі

Қатты бидай (Triticum durum Desf) дақылын адамзаттың басым бөлігі бағалы азық көзі ретінде пайдаланады. Аталған дақыл макарон, жарма және кондитерлік өнімдер өндірісінде негізгі шикізат көзі болып табылады (В.А. Савицкая 1987, Р.Н. Оковитая 2001, К.А. Искаков 2003, И.Г. Цыганков 2008). Қатты бидайдың әлемдегі егіс көлемі 17-20 млн. гектарға жетеді немесе жалпы бидай егістігінің 8-10% құрайды. Алайда, соңғы жылдары қатты бидай сорттарының маңыздылығы және олардың өндірістегі егін ауданы кеміп бара жатыр (Н.С. Васильчук 2001). Қазақстанда сапасы жоғары қатты бидай дәнінің жеткіліксіз болуына байланысты макарон өнімдерінің 80% жуығы жұмсақ бидай сорттарынан дайындалады (С.А. Аширбаева, Р.А. Оразалиев, А.Т. Сарбаев 1999).


Қатты бидай өсіретін барлық мемлекеттер үшін негізгі мәселе – оның өнімділігін көтеру және тұқымның технологиялық сапасын арттыру. Дәнді-дақылдардан жоғары және сапалы түсім алуға саңырауқұлақ қоздыратын әр түрлі аурулар орасан кедергі келтіреді. Қазақстанның бидай егістігінде сабақ таты (Puccinia graminis tritici), жапырақ таты (P. recondita tritici) және сары тат (P. striiformis tritici) аурулары кеңінен таралған және аса зиянды болып есептеледі (Ж.Т. Жиембаев 1956, Г.С. Туров 1986, М. Қойшыбаев 2002). Бұл ауру түрлері бидайды бүкіл вегетация бойы зақымдайды және осы уақыт аралығында өсімдіктегі су режимін бұзады, мезгілсіз сабақтың және жапырақтың қурауына әсер етеді және дән түзілуін нашарлатады, сол себепті бидай өнімінің жалпы салмағы мен сапалық қасиеттері төмендейді. Осыған байланысты аталған аурулармен күресу және тат түрлеріне төзімді жаңа сорттар шығару қатты бидай селекциясында аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр (Р.М. Евдокимов 2001, Р.М. Сүлейменов 2004).

Бұл мәселелерді оңтайлы шешу үшін қазақстандық және интродукциялық сорттарды иммунологиялық, генетикалық және экологиялық әдістер арқылы зерттей отырып, селекцияда ұтымды пайдалану қажет. Сонымен қатар, тат ауруларына бидай селекциясын табысты жүргізу үшін патоген эволюциясы туралы толық түсінік болу қажет, яғни індет популяциясының ішкі құрылымын және патотиптердің вируленттілігін білу, сондай-ақ «ие-өсімдік» пен «паразит» жүйесіндегі әрекеттесу ерекшеліктеріне баса назар аудару және төзімділік туралы жаңа материалдарға кең көлемде іздестіру жүргізу керек. Тек осы барлық мәліметтердің негізінде ғана селекциялық жұмыстарға ең тиімді әдістерді және төзімділік түрлерін таңдау дұрыс жүзеге асады.


Ғылыми жұмыстың мақсаты мен міндеттері

Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – Қазақстандық және интродукциялық жаздық қатты бидай сорт-үлгілерінің сабақ, сары, жапырақ татына иммунологиялық қасиетін зерттеу және аталған ауруларға төзімді формаларды сұрыптау.


Ғылыми жұмыстың мақсатына жету үшін келесі міндеттер қарастырылды:


  1. Қазақстандық және интродукциялық қатты бидай сорт-үлгілерінің тат ауруларына төзімділігін зерттеу және сұрыптау.

  2. Қатты бидай сорттарынан сабақ татының патотиптерін жіктеу.

  3. Қатты бидай сорттарынан жапырақ татының патотиптерін жіктеу.

  4. Қазақстандық және интродукциялық қатты бидай сорттарының тат ауруларына төзімділік генетикасын зерттеу.

  5. Сұрыпталған қатты бидай сорттарының шаруашылықтық құнды белгілерін анықтау.

  6. Сұрыпталған қатты бидай сорттарының иммунологиялық қасиеттерін негізгі агроэкологиялық аймақтарда сынау.


Ғылыми жаңалығы

Алғаш рет қатты бидай сорттарынан сабақ және жапырақ татының патотиптері жіктелінді және олардың вируленттілігіне, кездесу жиілігіне сипаттама берілді.

Қазақстанда алғаш рет қатты бидай сорттарынан бөлініп алынған сабақ және жапырақ таты патотиптеріне Sr- және Lr-гендердің тиімділігі зерттелді.

Қазақстанда алғаш рет гендерді постулаттау әдісінің негізінде қатты бидай сорттарынан сабақ және жапырақ татының әр түрлі өскіндік төзімділік гендері анықталды.

Селекцияда пайдалану үшін тат ауруларына төзімділігі және шаруашылықтық құнды белгілері жоғары қатты бидай сорт-үлгілері сұрыпталды.


Қорғауға шығарудың негізгі қағидалары

  • Қатты бидай сорт-үлгілерінің тат ауруы түрлеріне төзімділігі және олардың құрамындағы Sr- және Lr-төзімділік гендері.

  • Сабақ және жапырақ таты патотиптерінің кездесу жиілігі, вируленттілігі және оларға Sr- және Lr-гендердің тиімділігі.

  • Сұрыпталған қатты бидай сорттарының шаруашылықтық құнды белгілері және олардың негізгі агроэкологиялық аймақтарда иммунологиялық қасиеттері.


Практикалық маңыздылығы

Сұрыпталған қатты бидай сорттары тат ауруларына төзімділігі және шаруашылықтық құнды белгілері бойынша тек T.durum D. дақылының ғана емес, жұмсақ бидайдың да жаңа сорттарын шығаруға бастапқы материал көзі бола алады. Қатты бидай сорттарынан жіктелінген сабақ және жапырақ татының патотиптері бидай сорттарының расаға тән төзімділігін зерттеуге және иммунитет селекциясын жоспарлы жүргізуге мүмкіндік туғызады. Құрамында сабақ және жапырақ татының тиімді төзімділік гендері бар қатты бидай сорттары аталған аурулармен генетикалық күресу үшін селекцияға ұсынылады.



Тақырыптың ғылыми жобалармен байланысы

Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының Ұлттық биотехнология орталығы «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ЕМК-ның ғылыми-зерттеу жоспарына сәйкес «2001-2005 жылдары Қазақстан Республикасындағы биотехнологиялық өнімдер өндірісін ғылыми-техникалық тұрғыда қамтамасыз ету және ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша «Қазақстан жағдайында биотикалық факторларға төзімді бидай сорттарын зерттеу және сұрыптау және дәнді-дақылдардың интродукциялық-карантинді питомнигін құру» (мемлекеттік тіркеу нөмірі 0101РК00786) және «Агроқұрылым кешендері саласындағы ғылыми-зерттеулер» бағдарламасы бойынша «Астық дақылдарының генетикалық ресурстарын жетілдіру және оларды ауруға қарсы иммуноселекция үшін пайдалану» (мемлекеттік тіркеу нөмірі 0106РК00783) ғылыми жобаларының негізінде орындалды.


Зерттеу нәтижелерінің сыннан өтуі

Диссертацияның негізгі нәтижелері «Астық дақылдарының Орта-Азиялық екінші конференциясында» (Қырғызстан Республикасы, Чолпон-Ата – 2006 жыл), «Өсімдік шаруашылығы мен егіншіліктің өзекті мәселелері» III Халықаралық ғылыми конференцияда (Алмалыбақ – 2007 жыл), Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының 50 жылдығына арналған «Қазақстандағы биотехнология: инновациялық дамудың мәселелері және болашағы» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы – 2008 жыл), Карантин және өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының 50 жылдығына арналған «Карантин және өсімдік қорғау жетістіктері және мәселелері» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы – 2008 жыл) баяндалды.


Мақалалар

Диссертация тақырыбына сәйкес 9 ғылыми мақала жарық көрді, оның үшеуі ҚР БҒМ «Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті» бекіткен ғылыми басылымдар тізіміне кіреді.


Диссертация құрылымы және көлемі

Диссертация кіріспе, әдебиетке шолу, зерттеу материалдары мен әдістері, зерттеу нәтижелері, алынған нәтижелерді талқылау, қорытынды, селекция тәжірибесіне ұсыныс және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертация мәтіні 120 бетке терілген. Оған 24 кесте, 18 сурет кіреді. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 286 атаудан тұрады, оның 95 шет тілдерінде, 1 қазақ тілінде және 190 орыс тілінде.


следующая страница >>