shkolakz.ru 1

Источник: ИС ПАРАГРАФ, 13.09.2012 15:05:03



Тұрақтандыру банкін басқару, жасалуына ерекше талаптар белгіленген мәмілелерді жасау және тұрақтандыру банкінің қызметін тоқтату ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеумен қадағалау агенттігі Басқармасының

2009 жылғы 5 тамыздағы № 183 Қаулысы

(2011.31.01. берілген өзгерістермен)

 

«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңының 61-3-бабын, «Қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды мемлекеттік реттеу және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 10-бабының 9-1) тармақшасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Тұрақтандыру банкін басқару, жасалуына ерекше талаптар белгіленген мәмілелерді жасау және тұрақтандыру банкінің қызметін тоқтату ережесі бекітілсін.

2. Осы қаулы оны бірінші рет ресми жариялаған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

3. Стратегия және талдау департаменті (Н.А. Әбдірахманов):

1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қолға алсын;


2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жіберсін.

4. Агенттік Төрайымының қызметі (А.Ә. Кенже) Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында осы қаулыны жариялау шараларын қолға алсын.

5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымы Е.Л. Бахмутоваға жүктелсін.

 

 

Төрайым

Е. Бахмутова

 

Қазақстан Республикасы

Қаржы нарығын және қаржы

ұйымдарын реттеу мен қадағалау

агенттігі Басқармасының

2009 жылғы 5 тамыздағы

183 қаулысымен бекітілді

 

 

Тұрақтандыру банкін басқару, жасалуына ерекше талаптар белгіленген мәмілелерді жасау

және тұрақтандыру банкінің қызметін тоқтату

ережесі

 

Осы Ереже «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңына (бұдан әрі - Банктер туралы Заң) сәйкес әзірленді және тұрақтандыру банкін басқару, жасалуына ерекше талаптар белгіленген мәмілелерді жасау және тұрақтандыру банкінің қызметін тоқтату тәртібін айқындайды.


1. Депозиторлар мен кредиторлардың құқықтарын қорғау мақсатында консервация режимінде тұрған банктің (бұдан әрі - проблемалық банк) уақытша әкімшілігі (уақытша банкті басқарушы) (бұдан әрі - уақытша әкімшілік) уәкілетті органға проблемалық банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкке беру операциясын жүргізу туралы ұсынысын енгізеді.

Уәкілетті орган проблемалық банктің активтері мен міндеттемелерін беру бойынша іс-шараларды іске асыру мақсатында тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдайды және уақытша әкімшілікке көрсетілген активтер мен міндеттемелерді тұрақтандыру банкіне беру бойынша операция жүргізуді тапсырады.

2. Проблемалық банктің міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру проблемалық банк депозиторларының және (немесе) кредиторларының келісуі бойынша жүзеге асырылады.

Депозиторлар мен кредиторлардың келісімін алу үшін уақытша әкімшілік банк міндеттемелерінің бір бөлігін не толық мөлшерде беруі туралы хабарландыруды жариялайды. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.

Хабарландыру жарияланған күнінен бастап бес күнтізбелік күн ішінде проблемалық банк депозиторларының және (немесе) кредиторларының жазбаша қарсылықтары болмаған жағдайда депозиторлар және (немесе) кредиторлар міндеттемелерді беруге келісті деп қаралады.

3. Уақытша әкімшілік депозиторлар қарсылықтарын ұсыну мерзімі аяқталған күнінен бастап бес күнтізбелік күн ішінде міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) беруге келіскен және беруден бас тартқан депозиторлардың және (немесе) кредиторлардың тізімін жасайды.

4. Проблемалық банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне тапсыру берілетін міндеттемелерді жабу үшін активтерінің жеткілікті мөлшерде болу шартымен ғана жүзеге асырылады.


5. Проблемалық банктің уақытша әкімшілігі активтердің бағалауын жүргізеді және тұрақтандыру банк қызметінің жоспарын әзірлейді.

ҚР ҚҚА Басқармасының 2011.31.01. № 8 Қаулысымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)

6. Тұрақтандыру банкіне проблемалық банктің мынадай активтері беріледі:

1) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктер үшін пруденциалдық нормативтер есеп айырысуларының нормативтік мәні мен әдістемесі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 358 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3924 тіркелген) бекітілген Екінші деңгейдегі банктер үшін пруденциалдық нормативтер есеп айырысуларының нормативтік мәні мен әдістемесі туралы нұсқаулықтың 43-тармағында көрсетілген жоғары өтімді активтер;

2) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру ережесін бекіту 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 296 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4580 тіркелген) сәйкес стандартты немесе 1 немесе 2 санаттағы күмәнділер ретінде жіктелген, 30 (отыздан) асатын күнге мерзім өткізуі жоқ өзге активтер.

7. Проблемалық банктің міндеттемелерін тұрақтандыру банкке тапсыру мынадай басымдылық бойынша жүзеге асырылады:


1) бірінші кезекке жеке тұлғалардың депозиттері кіреді;

2) екінші кезекке жинақтаушы зейнетақы қорларының, сақтандыру ұйымдарының, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы «Самұрық- Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамына тиесілі (сенімгерлікпен басқаруға берілген) немесе қызметі республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын заңды тұлғалардың алдындағы міндеттемелер кіреді;

3) үшінші кезекке өзге заңды тұлғалардың депозиттері кіреді.

8. Тұрақтандыру банкі өзінің қызметін мынадай ақпаратты қамтитын Тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарына сәйкес жүзеге асырады:

1) банк жүйесінің жиынтық заемдарындағы проблемалық банктің кредиттік портфелінің үлесін, екінші деңгейдегі банктердің жиынтық депозиттеріндегі проблемалық банкпен тартылған депозиттердің үлесін;

2) банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беруге байланысты жиынтық шығыстарындағы, сондай-ақ депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның кепілдік өтеуді төлеу бойынша жиынтық шығыстарындағы тұрақтандыру банкінің қызметімен байланысты шығыстар үлесін;

3) тұрақтандыру банкінің барлық активтерінің және міндеттемелерінің сипаттамасын және бағалауын;

4) жоғары өтімді активтердің және талап етілгенге дейін міндеттемелердің сипаттамасы мен мөлшерін;

5) активтерінің деңгейі төмендеген жағдайда тұрақтандыру банкінің активтерін және міндеттемелерін басқару тәртібі мен талаптарын, оның ішінде активтерді қайтару (айырбастау) және (немесе) міндеттемелерді қайтару арқылы;

6) акцияларды сату немесе активтерді (міндеттемелерді) сатып алушы банкке сату (тапсыру) талаптары мен тәртібін;

7) тұрақтандыру банкінің шығыстар сметасын және тұрақтандыру банкі қызметінің қаржылық болжамын, оларға мыналар кіреді:

соңғы есепті күніндегі жағдай бойынша деректердің негізінде  тұрақтандыру банкі құрылған күніне жасалған бухгалтерлік баланс;

тұрақтандыру банкінің қызметін тоқтату күніне болжамды баланс, кірістер мен шығыстар туралы болжамды есеп, ақша қаражатының қозғалысы туралы болжамды есеп.

9. Тұрақтандыру банкінің міндеттері мыналар болып табылады:

1) проблемалық банктен алған активтердің сапасын жақсарту;

2) тұрақтандыру банкінің активтерін және міндеттемелерін басқа сатып алушы банкке (банктерге) беру жөніндегі операцияны жүзеге асыру;

3) инвесторға тұрақтандыру банкінің акцияларын тұрақтандыру банкі капиталының өсуіне және оның Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне кепілдік беру шартымен сату.

10. Тұрақтандыру банкінің функциялары мыналар болып табылады:

1) тұрақтандыру банкінің активтерін және міндеттемелерін басқару, оның ішінде активтерді активтер бойынша тәуекелдерді жабу үшін және міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті мөлшерде болуын, тұрақтандыру банкінің міндеттемелерінің активтерінен аспайтын деңгейде болуын қамтамасыз ету;

2) қабылданған активтер бойынша қызмет көрсету және төлемдерді қабылдау;

3) Банктер туралы Заңының 61-3-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарды ескере отырып, міндеттемелерді орындау;


4) қабылданған активтердің жай-күйін бағалауын жүргізу және активтер сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар өткізу.

11. Тұрақтандыру банкі уәкілетті органның келісуі бойынша қажетті жағдайда:

тұрақтандыру банкі активтерінің сапасы нашарлаған кезде проблемалық банктің басқа активтеріне айырбастайды;

егер активтердің мөлшері міндеттемелерді жаппаса немесе міндеттемелердің мөлшері тұрақтандыру банкін пайыздық тәуекелге және өтімділік тәуекеліне ұшыратса, онда проблемалық банкке қабылданған міндеттемелерді қайтарады;

заемшылардың төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін олардың міндеттемелерінің қайта құрылымдауын жүргізеді;

осы Ереженің 12-тармағында көрсетілген операцияларды тәуекелдің барынша төмен деңгейімен жүргізеді.

12. Тұрақтандыру банкінің барынша төмен тәуекелі бар операциялар мыналар болып танылады:

1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі депозиттер;

2) Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктердегі депозиттер мынадай талаптардың біріне сәйкес келген кезде:

банктердің «Standard & Poor's» агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша «ВВ-»-тен төмен емес кредиттік рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар немесе «Standard & Poor's» агенттігінің ұлттық шәкілі бойынша «kzBB-»-тен төмен емес рейтингтік бағасы бар болуы;

банктер «Standard & Poor's» агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша «АА-»-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар резидент емес бас банкінің еншілес резидент банктері болып табылады;


3) «Standard & Poor's» агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша «АА-»-тен төмен емес ұзақ мерзімді және/немесе қысқа мерзімді жеке рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің бірінің осыған үқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар резидент емес банктердегі ықтимал залалдар резервін шегергендегі депозиттер (негізгі борыш пен есептелген сыйақы сомаларын ескергенде);

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздармен жасалған мәмілелер, оның ішінде «РЕПО» операциялары;

5) «Standard & Poor's» агенттігінің «АА-»-тен төмен емес ұзақ мерзімді борыштық рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктерінің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар шетел мемлекеттерінің Үкіметтері шығарған облигациялармен жасалған мәмілелер.

13. Тұрақтандыру банкі айына бір рет уәкілетті органға Тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын орындау туралы ақпаратты және мәліметтерді ұсынып отырады.

14. Тұрақтандыру банкін басқаруды уәкілетті органмен тағайындалған Төраға жүзеге асырады.

15. Тұрақтандыру банкінің Төрағасы өзінің функцияларын жүзеге асырғанда осы Ережені, жарғыны, Тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарын басшылыққа алады.

16. Тұрақтандыру банкінің Төрағасы:

1) тұрақтандыру банкінің ағымдағы қызметін басқаруды жүзеге асырады;

2) тұрақтандыру банкі қызметінің Тұрақтандыру банкі қызметінің жоспарына сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді;

3) үшінші тұлғалармен қатынастарда тұрақтандыру банкінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;


4) үшінші тұлғалармен қатынастарда тұрақтандыру банкінің мүдделерін білдіру құқығына сенімхат береді;

5) тұрақтандыру банкінің қызметкерлерін қабылдауын, ауыстыруын және жұмыстан босатуын жүзеге асырады, оларға марапаттау мен тәртіптік жаза салу шараларын қолданады, тұрақтандыру банкі қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларының мөлшерін белгілейді;

6) тұрақтандыру банкінің ішкі қызметін реттейтін құжаттарды бекітеді;

7) тұрақтандыру банкі қызметкерлері арасында міндеттерін және өкілеттіктері мен жауапкершілігі аясын бөліп береді;

8) әлеуетті инвесторлардың ұсыныстарын қарайды және уәкілетті органға ұсынысын енгізеді.

17. Тұрақтандыру банкінің Төрағасы уәкілетті органның келісуі бойынша:

1) бағалау нәтижесінде проблемалық деп танылған тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін проблемалық банкке қайтару туралы шешім қабылдайды;

2) тұрақтандыру банкіне бұрын берілген активті проблемалық банкінің басқа активіне айырбастау туралы шешім қабылдайды;

3) заемшылардың төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін активтерді қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды;

4) жасалуына ерекше талаптар белгіленген мәміле жасасу туралы шешім қабылдайды;

5) тұрақтандыру банкінің жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

18. Тұрақтандыру банкі активтерінің жалпы мөлшерінің он және одан көп пайызынан асқан көлемде жасалатын тұрақтандыру банкінің мәмілелері уәкілетті органның келісуі бойынша жүзеге асырылады.


19. Тұрақтандыру банкі проблемалық банкінің активтері мен міндеттемелерін қабылдаған күнінен бастап бес күнтізбелік күннен кешіктірмей активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру операциясын жүзеге асыру үшін сатып алушы банкті (банктерді) және (немесе) тұрақтандыру банкінің акцияларын сату үшін инвесторды іздейтіні туралы хабарландыруды жариялайды.

20. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Хабарландыруда тұрақтандыру банкі туралы жалпы ақпарат көрсетіледі:

тұрақтандыру банкі активтерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;

тұрақтандыру банкі міндеттемелерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;

инвесторға және (немесе) сатып алушы банкке (банктерге) қойылатын талаптар;

инвесторлардың және (немесе) банктің (банктердің) қатысу өтінімдерінің алдын ала сатып алынатын тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелері бойынша мөлшері, түрлері және бағалары (бағалар ауқымы) көрсетілген ұсыну мерзімдері мен нысандары.

21. Қатысуға өтінімдерді беру мерзімі аяқталған күннен бастап, он күнтізбелік күн ішінде әлеуетті инвесторлардың және (немесе) сатып алушы банктің (банктердің) алдын ала іріктеуі өткізіледі, олармен құпиялы және Заңмен қорғалатын өзге ақпаратты жария етпеуі туралы келісім жасалады.

22. Тұрақтандыру банкі құпиялы ақпаратты берген күнінен бастап жиырма күнтізбелік күн ішінде әлеуетті инвесторлар мен сатып алушы банк (банктер) сатып алынатын тұрақтандыру банкі активтерінің және міндеттемелерінің мөлшерін, түрлерін және бағаларын көрсете отырып, ұсыныстарын береді.


23. Тұрақтандыру банкі ұсыныстарды беру мерзімі аяқталған күнінен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде тұрақтандыру банкінің барлық міндеттемелерін сатып алушы банкке (банктерге) беру үшін тұрақтандыру банкі активтерінің жетіспейтін мөлшерінің ең аз шамасын алуды ескере отырып, жасалған жиынтық ақпараты қалыптастырады.

24. Сатып алушы банк мынадай талаптарға сәйкес келеді:

депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылады;

уәкілетті орган жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, шоттарын ашуға және жүргізуге, заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге, банктік заемдық операцияларды жүргізуге, кассалық операцияларды жүргізуге берген лицензияның иегері;

уәкілетті орган қолданған қолданыстағы шектеулі ықпал ету шаралары және санкциялары жоқ;

соңғы үш ай ішінде пруденциалдық нормативтерді орындайды  және уәкілетті органмен қолданылған ертерек ден қою шараларын және ықпал ету шараларын орындамау жағдайлары жоқ;

банк клиенттеріне қызмет көрсету үшін кем дегенде он облыс орталығында филиалдары бар.

25. Тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу үшін инвесторға қойылатын талаптар Банктер туралы Заңына сәйкес айқындалады.

26. Уәкілетті орган жиынтық ақпаратты қарау нәтижесінде инвесторды немесе тұрақтандыру банкінің активтерін және міндеттемелерін сатып алушы банкті (банктерді) таңдау туралы шешім қабылдайды.

27. Тұрақтандыру банкінің міндеттемелерін беру тұрақтандыру банкі депозиторларының және (немесе) кредиторларының келісімі бойынша жүзеге асырылады.


Депозиторлар мен кредиторлардың келісімін алу үшін тұрақтандыру банкі тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін сатып алушы банкке беру туралы хабарландыру жариялайды. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілінде жарияланады.

Хабарландыру жарияланған күнінен бастап бес күнтізбелік күн ішінде тұрақтандыру банкі депозиторларының және (немесе) кредиторларының жазбаша қарсылықтарының болмауы депозитор және (немесе) кредитор міндеттемелерді беруге келісті деп қаралады.

28. Тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін, сондай-ақ тиісті құжаттарды сатып алушы банкке (банктерге) беру қабылдау-тапсыру актісімен ресімделеді.

Қабылдау-тапсыру актісін ресімдеген кезде онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:

1) атауы, инвентарлық нөмірі, баланстық, бағалау құны, активтер есепке алынған шоттардың нөмірлері, тұрақтандыру банкінің меншік құқығын растайтын құжаттары көрсетілген тұрақтандыру банкінің берілетін активтерінің мөлшері, тізбесі және түрлері;

2) дебиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), атауы, дебиторлық берешек сомалары есепке алынған шоттардың нөмірлері, заем сомалары, банктік заем шартының жасалу күні мен нөмірі, банктік заем шартының қолданыста болу мерзімі, банктік заем бойынша сыйақы ставкасы, банктік заем бойынша тұрақтандыру банкі алған және есептелген сыйақы сомалары көрсетілген, дебиторлық берешек бойынша берілетін талап ету құқықтарының құны мен тізбесі;

3) жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша берілетін міндеттемелердің мөлшері, депозиторлардың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), депозиттер сомасы есепке алынған шоттардың нөмірлері, депозит сомасы, банктік шот және (немесе) банктік салым шартының жасалу күні және нөмірі, шарттың қолданыста болу мерзімі, салым бойынша сыйақы ставкасы, салым бойынша есептелген және депозиторлар алған сыйақы сомалары көрсетілген депозиттер тізбесі.


29. Жеке және заңды тұлғалардың депозиттері бойынша тұрақтандыру банкінің міндеттемелерін__берген кезде клиенттердің ақша қаражаты сатып алушы банкке (банктерге) оның жаңадан ашылған шоттарына келіп түседі.

30. Тұрақтандыру банкінің акцияларын инвесторға сату Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және талаптар бойынша жүзеге асырылады.

31. Тұрақтандыру банкінің активтерін және міндеттемелерін бір мезгілде беру немесе акцияларын сату бойынша операцияны жүзеге асырғаны туралы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде мәміле жасалған күнінен бастап жеті күнтізбелік күн ішінде жариялайды.

32. Банктер туралы Заңының 61-3-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкінің қызметі қабылданған активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке (банктерге) толық берілгеннен кейін тоқтатылады.

33. Банктер туралы Заңының 61-3-бабының 9-тармағына сәйкес уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкінің барлық акциялары инвесторға тұрақтандыру банкінің капиталын ұлғайтуға және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне кепілдік беру шартымен сатылады.

Инвестордың тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алу сәтінен бастап банкі тұрақтандыру банкі мәртебесінен айырылады және өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, жүзеге асырады.