shkolakz.ru 1
Х сынып қазақ әдебиеті


Сабақтың тақырыбы: Ақан сері шығармаларындағы заман сипаты мен

отаршылдық көріністері


Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Ақан сері Қорамсаұлының өлеңдеріндегі заман сипатын,

отаршылдық саясат көріністерін тарих пен әдебиеттің

үндестігін табу арқылы таныту


Дамытушылық: Әдебиет пен тарихтың үндестігін табуда оқушылардың

зерттеушілік қабілеттерін дамыту


Тәрбиелік: Ақан сері Қорамсаұлының өлеңдеріндегі негізгі идея

арқылы оқушылардың бойына отансүйгіштік,

елжандылық қасиеттерді сіңіру

Сабақтың типі: Білімді жүйелеу сабағы


Сабақтың түрі: Сараптама жасау, зерттеу сабағы.


Сабақтың әдіс – тәсілдері: зерттеу, зерделеу, түйіндеу


Сабақтың көрнекілігі: кестелер, сызбалар, слайдтар

Сабақтың барысы:

І Ұйымдастыру


ІІ Сараптама жасау, зерттеу


Сараптама сабағының әдістемелік бөлімдері:


Зерттеу

Зерделеу

Түйіндеу

Үй тапсырмасын тексеру:

Сараптаудың Зерттеу бөлімі бойынша берілген тапсырмалар:

1 Ақан сері өмірі мен шығармашылығы;

2. Ақан сері өмір сүрген қоғам сипаты, оқиғалар, тұлғалар;

3. Ақан серінің әндерін орындау


Жаңа сабақ:

1. Зерделеу бөлімі бойынша тапсырмалар;

2. Түйіндеу бөлімі бойынша тапсырмалар:

3. Әдебиет пен тарихтың өзара үндестігін тану мен таныту.

Сабақты қорытындылау.

Үйге тапсырма:

Ақан сері шығармаларындағы заман сипаты мен


отаршылдық көріністері


Үй тапсырмасы – Ақан серінің өмірі мен өмір сүрген қоғамның ерекшеліктері мен шығармашылығы – әдеби-мәдени мұрасы туралы оқушылардың жинаған мәліметтері мынандай кестеге түсірілді:

Ақан сері өмір сүрген қоғам сипаты

  • хІХ ғасырда қазақ қоғамында, бір жағынан, Қоқан хандығының, екінші жағынан, Ресей патшалығының отарлау саясаты кең өріс алды.

  • Патша үкіметі қазақ елін басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырды;

  • Қазақ елі өзін-өзі басқару құқынан айрылып, генерал –губернаторлық әкімшілік-басқару тәртібін орнату жобасын жүзеге асыра бастады.

  • Қазақ даласында капиталистік элементтер кең өріс ала бастады.

  • Жаңа қоғамдық қатынастар халыққа жайлы болмады, тұрмысы күннен-күнге нашарлай бастады, әсіресе, халықты есепсіз салық титықтатты.

  • Омбы, Орынбор, Павлодар, Семей, Өскемен қалаларынан соң орыс отаршылары XIX ғасырда Жетісуға жетіп, 1854 жылы ежелгі Алматы кентінің орнына Верный бекінісін тұрғызды. Ал, бұдан бір жыл бұрын Орынбор жақтан генерал Перовский басқарған орыс әскері қоқандықтардан Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) қаласын басып алған болатын.

  • Ресей отаршылары енді Талас, Шу аймағына, одан әрі Орта Азияға көз аларта бастады. Бұл кезде Қоқан зекетшілері Оңтүстік Қазақстанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады.

  • 1863 жылы Ресей патшасы Александр I Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу үшін бас штабтың полковнигі Михаил Григорьевич Черняевты қолбасшы етіп тағайындады.
  • М. Г. Черняев 1864 жылы Омбы генерал губернаторы А. Дюгамельдің қарамағына жіберілді. Орыс дипломаттары қоқандықтарды әлсірете түсу үшін Бұхар әмірімен байланыс жасап, оны да ортақ жауына қарсы көктемде жорыққа шығуға итермелеген.


Ақан серінің өмірі

  • Ақан (Ақжігіт) сері Қорамсаұлы (1843 -1913) - әнші, ақын, композитор. Ақмола облысы Айыртау ауданындағы Қоскөл деген жерде  дүниеге келген. Ақанның жастық шағы Көкшетау өңірінде өтеді. Көп қыздың ортасында жалғыз өскен Ақанды әкесі Қорамса еркелетіп өсіреді.

  • Ақан жастайынан ауыл молдасынан сауат ашып , Шығыс әдебиеті мен шариғат жолдарын жақсы меңгереді. Өлең – жырға ерте әуестеніп, замандас – құрдастарына арнап өлеңдер шығаратын болады.

  • 1856 жылы Қызылжарға (қазіргі Петропавл) келіп,Уәлиахун деген кісінің медресесіне түсіп үш жыл оқиды. Мұсылманша хат танып, орыс тілін де үйренеді.

  • 1859 жылы он алты жасында еліне оралған Ақан ит жүгіртіп, құс салып, аңшылық, әншілік, серілік өнердің соңына түседі.

  • Шаруаға онша қыры жоқ Ақанды әкесі малдың соңына салып қойғысы келмейді де, оны үйлендірмек болады. Сегіз ұлдың ортасында ерке өскен Бекбос байдың сұлу қызы Фатимаға құда түседі. Бірақ қыз Ақанның босағасын аттамай қайтыс болады.

  • Ақан жанына жолдас – жораларын ертіп, қолына домбыра, сырнай алып, ел аралап, сауық- сайран құрады. Ақан осы кезде өзінің атақты Құлагерін, Қараторғай атты қыран құсын, Көкжендет атты болат топшылы қаршығасын, Базаралы атты тазысын баптап елге таныта бастайды.

  • Ақынның өмірінде аз ғана уақыт ішінде көптеген қайғыға душар болады: алған жарларының бірінен кейін бірі қайтыс болуы, сүйікті аты Құлагердің мерт болуы, Базаралы деген тазысы, Көкжендет атты қаршығасы, Қараторғай атты қыран бүркітінен айырылуы. Осылардың бәрі ақынның дертіне дерт қосып, өмірден түңілуіне әкеп соғады.

  • Қазақтың ерке серісі, қазақ әндерінің шоқтығы биік өнер қайраткері, Арқаның асқақ әншісі Ақан серіге осы қайғы-қасіретер ауыр тиіп, ақын 1931 жылы қайтыс болады.


Ақан серінің әдеби-мәдени мұрасы


Ақан серінің әндері мен күйлерін алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар :

ХІХ ғ. ІІ жартысында қазақ әндерін жазып алуда С.Г. Рыбаков көп еңбек сіңірген. Ол 100- ден астам қазақ әндерін жинаған. Ақанның 40- тан астам әндері бар. Сол әндерді алғаш нотаға түсіріп, жазып алғандар :Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Борис Ерзакович, Михаил Лалинов. Елу­ге жуық му­зыка­лық мұра­сы қазақ мәде­ни­етінің ал­тын қоры­на енді. Оның шығар­ма­ларын белгілі әншілер Әміре Қаша­убаев, Жүсіпбек Еле­беков, Ма­нар­бек Ер­жа­нов, Жәнібек Кәрме­нов, т. б. ел игілігіне ай­нал­дырды.

Қазақстан ком­по­зитор­ла­рының сим­фо­ни­ялық және опе­ралық шығар­ма­лары­на кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бас­та­ды.

Серінің өмірі мен тағды­ры ту­ралы Іли­яс Жансүгіров «Құла­гер» по­эма­сын, Ғабит Мүсіре­пов «Ақан сері – Ақтоқты» дра­масын, Сы­дық Мұха­мед­жа­нов «Ақан сері - Ақтоқты» опе­расын, Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын, Е.Брусиловский "Жалбыр" операсына Ақан серінің "Құлагер", "Балқадиша" әндерін қолданса, Д.Мапуцин "Балқадиша" әнінің тақырыбына вариация жазған.


  • Әлеуметтік тақырыптағы өлеңдері: «Заман адамы», «Заманға қарап айтқан сөз», «Пара –пар крестьянға тең болмадық», «Жүсіп төреге»

  • Дидактикалық сарындағы өлеңдері: «Жақсы мен жаман», «Адамның біліміне ақыл серік», «Айтамын замандасқа біраз кеңес», «Жігіттерге». «Достарыма», «Әйелдер сипаты», «Асыл мен жасық»



  • Аңшылық-саятшылық туралы ән-өлеңдері: «Мылтық пен мергеншілік»,, «Қараторғай», «Көкжендет»; «Маңмаңгер»
  • Махаббатты жырлайтын ән-өлеңдері: «Сырымбет», «Балқадиша», «Қалқа бала», «Гауһартас»,.


«Мақпал қыз», «Қыз сипаты», « Сүмбіл шаш», « Көңіл жыры», «Нұрила», «Ақшабақ» , «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы», «Ақтоты», «Ақ көйлек», «Үш тоты құс», «Кербез сұлу», «Перизат», «Жамал қыз»,



І Ұжымдық жұмыс:

Зерттеу жұмыстарының нәтижесі мынандай кестеге түсірілді:


Зерттеу нәтижесінің кестесі


Тарихи кезең сипаты

Қоғам. Оқиға. Тұлға


  • 1868 жылдың 21 қазанында Александр ІІ патша Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын басқаруға байланысты «Уақытша ережені» бекіту туралы жарлыққа қол қойды.

  • «Уақытша ережені » қабылдаған кезден бастап Ақмола облысы 5 уезден тұрды. Олар: Омбы, Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола уездері.

  • 1867-1868 жылдардағы реформа бүкіл Қазақ жерін қамтыды. Онда үш генерал – губернаторлық әкімшілік құрылды. Әрбір генерал – губернаторлық болыстарға бөлінді.

  • Орынбор генерал – губернаторлығы – Орал және Торғай облыстарын, Батыс Сібір генерал –губернаторлығы – Ақмола және Семей облыстарын, Түркістан генерал – губернаторлығы – Жетісу және Сырдария облыстарын қамтыды.

  • Әкімшілік бөлініс былай болды: әр облыс - уездерден, әр уезд – болыстардан, әр болыс ауылдан тұрды.

  • Облыстардың басына әскери губернаторлар тағайындалды. Оларды патша үкіметі өзі тағайындайды. Уезді уезд бастығы басқарды. Оны ресейлік шенеуніктер қатарынан әскери губернатордың өзі тағайындайды.

  • Әкімшілік басқарудың ең төменгі екі сатысында болыстар мен ауыл старшындары тұрды. Олар жергілікті ақсүйектерден іріктеліп алынды.

  • Қазақ жері мемлект меншігіне өтті де, қазақ халқы өз жеріне өзі иелік етуден қалды.
  • 1885- 1893 ж.ж. аралығында ғана Ақмола облысында қазақтардан 251779 десятина жер тартып алынып, ер адамдар саны 10940 болатын 24 қоныс аудару учаскесін құрылды.





  • Елде парақорлық, өсек – өтірік, алауыздық, бір – біріне жала жабу кең өріс алды.

  • Ел жақсылары қарапайым халыққа қамқор болудың орнына, өз қалтасын толтырудың түрлі амалдарын іздестіре бастады.




  • Реформаның жалпы алғанда отаршылдық сипаты басым болды. Бұл реформалар қазақ жерін Ресейге қосып алу үрдісінің толық аяқталғанын көрсетті. Қазақтың кең байтақ жері Ресейдің мемлекеттік меншігіне айналды.




  • Сұлу киім, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр бүркіт Ақанда болады. Қалың Қарауылдың, ойын-тойдың көркі Ақан сері болады. Біріне бедеу мінгізіп, біріне бүлде кигізіп дегендей 15-20 жігітті өзі тәрбиелеп нөкер қылып отыр.

Жүргенде сол жігіттердің алдында қол бастайтындай оқшау отырады.

Біресе ақбоз атқа мініп, ақ киген,

Біресе қара атқа мініп қара киген.

Біресе топырға мініп күрең киген.

Басында бұлақтаған үкі, қолында үкілі домбыра, аузында ән. Жігіттердің бәрі балуан, бәрі әнші. Бірақ Ақан серінің әні өзгеше. Даланы күңірентіп Ақан сері ән шырқаса, би билігін, кемпір өрмегін, сұлу кестесін қойып, таңқырап тыңдай қалады.

(М. Жұмабаев. «Ақан сері». Алматы. 1924ж. 36-бет )



Ереймен жақта Сағынай деген атақты кісінің асына арнайы шақырылғанда, күндеушілері көп Ақан барғысы келмеген деседі. Бірақ ауыл-елдің беделді адамдарды кеу-кеулеп, Ақан Құлагері арқылы тағы бір абырой алмақ болады. Бұл Құлагер үшін соңғы бәйге болып, қасіретпен аяқталады. Қастасқан жаулары Серінің атын өлтіріп, Ақанға қатты соққы береді.Соңғы жұбанышы, қызығы болып жүрген сәйгүлігінің бұл өлімі онсыз да қам көңіл Ақанды зар еңіретеді. Ол айтқан "Құлагер" әні осы күнге дейін тыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратады. Құлагердің өлімі үстінде Ақан өзінің өзінің жауыздық дүниесінен қатты соққы көргенін бірінші рет айқын сезеді.

  • Құлагерді жоқтап, мауқын басып болған соң, ертеңіне Аққұсақ көлінің жағасында оның сүйегін жерге көмеді. Бірнеше жыл өткен соң Шоқанның інісі Жүсіп төре Құлагердің басына тас үйдіріп, кішкене оба тұрғызады. «Құлагер» поэмасын жазу үстінде ойға батып жүрген І. Жансігүров 1931 жылы бүкіл Ереймен тауын аралап, жергілікті халықтың көрсетуі бойынша Аққұсақтың жағасынан Жүсіп төренің үйдірген тасын тауып, оған діңгек қақтырады.





Әдебиетшілер тобы:


Мазмұн. Тақырып. Идея.



  • «Заман адамы» өлеңі

Мазмұны:

-Ел басқарып отырған әкімдердің қарапайым халыққа жасаған қиянаты;

- Өздерінің қалтасын толтыру үшін қандай да болса арамзалыққа дайын екендіктері;

-Жақсылық жасаймын деп, жанжал жасайтындардан аулақ болу;

- Жамандардың жақсыларға сын тағуы;

-Жылдан – жылға заманның азып бара жатуы;

-Жамандықтың жақсылықтан асып кетуі;

-Барлығының бай, би, болыс, ауылнаймен бір болып, кімге арыздасып баруды білмеу;

-Оларға ешқандай сенім артта алмайтындығы туралы.

Тақырыбы:

Ресей патшалағының отарлау саясаты туысындағы ел тағдыры

Идеясы:

Қазақтың еркіндігін, ынтымақ – бірлігін аңсау


  • «Пара-пар крестьянға тең болмадық» өлеңі

Мазмұны:

- Патша өкіметі қазақтың жерін, малын тартып алғаны;

- Патша өкіметінің қазақтың жері мен малынан шаш етегінен пайда көріп отырғандығы;

- Бірақ қазақ халқы басқалармен тең болмай отырғандығы;

- Егер патша қазақ халқына бостандық берсе, өздеріне тыныштық іздеуі мүмкін айтылады.



Тақырыбы:

Ресей патшалығының отарлау саясаты тұсындағы ел тағдыры

Идеясы:

Қазақтың еркіндігін, ынтымақ-бірлігін аңсау.


  • «Жүсіп төреге» өлеңі

Мазмұны:

- Досын дұшпанындай жамандаған Жүсіп төренің мінезінің әзәзілден айырмашылығы жоқтығы;

-Елге қиянат жасап жинаған мал- дүниесі үшін Жүсіп төренің қиямет күні жауапкершілікке тартылуы;

-Біреуді сырттан жамандағанша, елге қамқор болуды ескерту

Тақырыбы:

Ресей патшалығының отарлау саясаты тұсындағы ел билеген әкімдердің бейнесі

Идеясы: Қазақтың еркіндігін, ынтымақ – бірлігін аңсау.



  • « Құлагер» өлеңі

Мазмұны:

-Ереймен өңіріндегі атақты бай Сағынайдың асында Атығай-Қарауылдың атағын шығарған Ақан серінің Құлагерін дұшпандары мерт етуі;

-Өлген атының басын құшақтап жылаған Ақанның Құлагердің бойындағы қасиеттерін тізіп жырға қосып жырлауы;

-Серігі болған атының бойындағы қасиеттерді жырлау арқылы ақынның жеке басының қайғы -қасіретінің көрінісі.

- Ақан серінің жауыздық дүниесінен ең алғаш алған соққысы туралы.

Тақырыбы:

Ақан серінің жан серігіне деген сағынышы

Идеясы:

Ел абыройын, ер намысын көтерген Құлагердей жүйрікті дәріптеу зұлымдық пен қатігездікті әшкерлеу.








1. Салыстырмалы талдау

Ой үндестігі


(Оқушылар Ақан серінің үш өлеңіндегі заманға деген көзқарасын нақтылап, салыстыра отырып, ой үндестігінің түйінін жазады.)



Өлеңдегі ақын көзқарасы Өлеңдегі ақын көзқарасы

Көңілінен шықпасаң,-күнің қараң, Жүсіп-ау, төрелік жоқ, баяғыдай,

Байдың ісі барабар найзағайға. Дәрежең қара қазақ аяғындай.

Бәрі баймен балғалас, сөзі бір боп, Досыңды дұшпан көріп,ғайбаттайсың,

Би, болыс, бара алмаймыз ауылнайға Мінезің әзәзілдің таяғындай


Өлеңдегі ақын көзқарасы

Пара- пар крестьянға тең болмадық,

Тартылып қай жағаға ем болмадық?

Малымыз, жерімізден пайда тиіп,

Қалайша патшамызға дем болмадық.

Орыс, ноғай, сарт – сабан, саудагерге,

Қалайша малмен,жермен тең болмадық?!


Билік басына бұрынғыдай елге ұйытқы болатын дана көсемдер мен сөз бастаған шешендер емес, орыс әкімшілігіне ұнай білетін пысықтар мен басшының ыңғайына көнгіш жағымпаздар қойылды. Олар ел мұңын, халық мұқтажын жақтауға емес, отаршылдық саясат пен өз құлқына ғана қызмет етті. Ел ішінде ұлыққа пара беріп, болыс болуға таласушылар көбейді. Бір жағынан бәсеке, барымта, жер дауы, жесір дауы ,екінші жағынан патша үкіметінің алым – салығы шектен тыс көбейді. Елден береке, бірлік, тыныштық кетті









ІІІ Ұжымдық жұмыс:


Зерттеу жұмыстарының нәтижесін кестеге түсіреді.


ІІ Ұжымдық жұмыс:


Зерделеу жұмыстарының нәтижесі мынандай кестеге түсірілді:


Зерделеу жұмыстарының кестесі

Тарихи деректер



« Ақан кезіндегі қоғамдық мәні зор үлкен мәселенің бірі – жер мәселесі болды. 1861 жылғы реформадан кейін қазақ даласына орыс шаруаларын қоныстандыру жыл сайын үдей түсті. Қазыналыққа, мемлекеттікке айналдырылған қазақ жерін патша өкіметі, оның әкімдері көшіп келіп жатқандарға молынан және ең шұрайлысын беруге тырысты. Нақты деректер бойынша, 1893 жылдан 1906 жылға дейін , яғни 12 жылдың ішінде, қазақ халқынан 4 млн. десятинадан сәл ғана асатын жер кесіліп алынған болса, 1906 жылға дейінгі – жеті жылдың ішінде- 17 млн. десятинадан аса жер кесіліп алынды.

( Қазақстан тарихы 8- сынып. «Атамұра» баспасы. Алматы, 2010 жыл. )

Патшалық тәртіпке үстеме ретінде қазақ даласына капиталистік қатынастар кең өріс ала бастады. Ежелгі хандық, патриархалдық жол – жора күшінен мүлдем мүлдем айырылды, қауым мен қауым, адам мен адам арасындағықатынас басқаша өріс алды. Аяусыз езгіге түскен қазақ халқы біржола титықтады. Міне , осы қайшылығы мол, күрделі кезең кейпі заман талабын жіті аңдайтын ақын – сазгерлер өмірнамасында кең өріс алған еді

( Мұхтар Мағауин, «Ғасырлар бедері» алматы «Жазушы баспасы», 1991 жыл)


Ақан серінің әсерлі, сазды әндері ( 40- тан астам) жүрекке жылы тиер, жан толқытар тамаша әуенде жазылған. Ақын өлеңдерінде тұрмыстық, қоғамдық өмірдің күрделі әлеуметтік проблемалары көрініс тауып, адамның ар – намысын аяққа басатын ескілік қалдықтарына және әлеуметтік теңсіздікке қарсылық шебер бейнеленеді.

( «Қазақстан тарихы» 3 том, «Атамұра» баспасы. Алматы, 2002 жыл.


«..Ақан ел ішінде жүйріктердің бірде-бірін жарытпай жүріп, ақырында Қарауыл Шөкетай жылқысының тұқымы Құлагерді құнан күйінде 100 сомға сатып алады (100 сом ол кезде 10 жылқының құны). Құлагер дөненінде шабысқа түсіп алдына жылқы салмайды.

Құлагер жай жетелеп жүргенде жүйрік атқа ұқсамайды екен, аяғын ілбіп қана маң – маң

басып жүреді екен. Сол жүрісінің ырғағымен Ақан «Маңмаңкер» атты тамаша ән шығарған. Бұл –жұмсақ, нәзік, кербез ән. Аздаған мұңы бар. Мүмкін, нәзік жүректі әнші күллі елдің атын шығарған сәйгүліктің жүрісі арқылы ерте қайтыс болған екі ғашығы Фатима, Ұрқиямен көңіл қоса алмағанына өкініш, мұңын білдірген шығар...


(Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы” 2006 жыл, 239- бет)

Соңғы жұбанышы , қызығы болып жүрген сәйгүлігінің өлімі онсыз да қам көңіл Ақанда зар еңіретеді. Ол айтқан «Құлагер» әнін осы күнге дейін тыңдаған адамның сай сүйегін сырқыратады. Бұл оқиғаны дауылпаз ақын І. Жансүгіров «Құлагер » атты поэмасында бейнелеген.

(Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы” 2006 жыл, 240- бет)



Тарихи маңызы

Ақан сері шығармаларының тарихи маңызы


Ресей патшалығының отарлау саясаты қазақ халқының тарихына әкелген түбегейлі өгерістерге сын көзбен қарады.

Патша өкіметінің қазақ елін билеудің жаңа жүйесін енгізуі, қазақ елінде бақталастық, күншілдік, пара берушілік індетінің кең жайылуы;

Патша өкіметі қазақтың жерін алып қана қойған жоқ, екі ұлттың арасына от жағып, араздықты қоздыруға күш салды;

Патша өкіметіне иек сүйеп , қол артқан орыс кулактары , қазақтардың арына тиіп, намысын қорлайтын талай сойқандық қылықтардан да жиіркенген жоқ.

Кулактардың мұндай әрекеттеріне тыйым салудың орнына , олардың қолтығына су бүркуші патша өкіметінің өздері болды.

Елден береке- бірлік , ынтымақтың кетуі – ел басқарып отырған әкімдердің азғындығы Ақан сері өлеңдерінің басты тақырыбы болды.

Осындай тарихи шындықтың айғағы болған Ақан барды барынша айтып, патша өкіметіне наразы-лығын білдірді.

Патша өкіметі қазақтың жерін де, малын да алып , шаш етегінен пайда тауып отырғандығын, бірақ қазақ халқы басқалармен тең еместігін айта келіп, ақын өкімет алдында заңды тілектер қойды.





Әдеби дәйектер

Атбасардың указной молдасы Көктөбеттің Смағұлын, Атығай – Қарауылдың болысы Сұрағанды, болыс Шоғармақты өлтіре сықақ етеді. Ақын «Заман адамы» өлеңінде ел билеген әкімдерді «Бәрі баймен балғалас, сөзі бір боп,

Би, болыс, бара алмаймыз ауылнайға,»- деп ел әкімдерінің бір – бірімен сыбайластығын, олардан ешқандай қайыр жоқтығын шындықпен сынай жырлайды. Қонысынан айырылған елдің мұң – мұқтажын ақын халық атынан айтады.


«Ақан өмір сүрген кезең – патшалық Ресейдің отарлау саясаты толық жүзеге асқан кезең. Ақан өлеңдерінде бұл дәуір сипаты көптен көрініс табады. Ақынның « Заманға қарап», «Халқым сенген».»Адамның біліміне ақыл серік», «Асыл мен жасық», «Жақсы мен жаман» өлеңдерінде қоғам өмірі , заман бейнесі терең толғанады. Бұл өлеңдерінде қазақ халқының отарлық бұғаудағы ауыр тағдыры, жерден айырыла бастаған елдің қиындыққа толы өмірі суреттеледі. Отаршылдық саясаттың зұлымдығы, жергілікті әкімдердің аярлығы, жағымпаз тоғышарлық мінездері сыналады. Міне, осындай ел қайғысы Ақанның жүрегін сыздатады.

Қазақ әдебиеті» Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану – математика бағытындағы 10- сыныпқа арналған оқулық. Алматы, «Мектеп» 2006 жыл )

«Өмірдің жауыздығынан түңілген, күйінген, жараланған Ақан өз басын өсектерден арашалауда жұмысы болмайды. Сонымен бірге Ақан сары уайымға беріліп, қоғам өміріне жат дүниеге кетіп қалмайды, қайта ел өмірі, халық қайғысы оның жүрегінен нық орын алады. Ол ел қамын, дүние, заман, жақсылық-жамандық, достық жайларынан көптеген өлеңдер жаза бастайды. Қазақ даласының отарланып, ең жақсы жерлері, соның ішінде Ақанның Қоскөл дейтін ата мекені де тартылып алына бастайды. Осылардың барлығына наразылық білдіріп өлеңдер жаза бастады. Заман азды, келімсектер жерімізді тартып алып, атамыздың зиратын талқандап, қабырының үстіне егін салып жатыр, патша рахымсыз жауыз болды, қазақ халқын қорлауда, деп айта келіп Ақан жастарды ел болуға, қатарға қосылуға шақырады.


Болғанда мұндай күйде заманамыз,

Болыс, би ет пен шайға мәз болуда,

Қайткенде тура жолды таба аламыз,

Жігіттер өнер үйрен заманында

Денсаулық әлін келген аманында,

Жайылып сахарада жатамыз деп,

Мінекей қалдық дұшпан табанында...

Сөйтіп, Ақан жалғыз серілік, махаббат, сұлулық, жігіттік өмірдің жыршысы немесе қайғы зардың жыршысы ғана емес, ол-сонымен бірге әлеуметтік өмірдің жыршысы. Бұл жағынан Ақан зар заман ағымдарының мотивін береді.

(Есмағамбет Ысмайылов, «Әдебиет жайлы ойлар». Алматы. «Жазушы». 1968 жыл)


«... Ел басқаратын болыс, би өздерінің қара басының қамын, өз құлқын ойлап жүр, енді елде кім бар деп, айналасына сөз салып еді, ел жуаны байларды көрді. Бірақ олардың да болыс, билерден еш айырмасы жоқ екенін ақын түсінді. Сөйтіп, олардан да күдер үзді.

Үйренген халықпыз ғой шегіншекке,

Кәсіпсіз сахарада еріншекке,

Байлар жүр малша күйсеп малын айдап,

Ұйқымен өмірі өтіп тектен-текке,- деп ақын түңілді. Ақынның жалғыз тау кезіп, көл жайлауы, адаммен байланыс жасамай, дарашылдық өмір сүруі қазақтың қонысын, жерін патша өкіметінің отарлап алуымен, қазақ ішіндегі болыс-би, байлардың халық қамын ойламай, өз бастарын ғана ойлаумен тығыз байланысты. Өзі көріп отырған зұлымдыққа қарсы шығуға ақында жеткілікті күш болмады, ол өзінің әлзіздігін сезді: сондықтан наразылық білдірді, дарашылдыққа салынды. Айналасынан қол үзіп, табиғатқа бой ұруының өзі де қарсылықтың бір түрі еді. Оның адам таңғалғандай оғаш мінездерінің негізгі себептері де осындай жағдайлармен байланысты.

(Әлкей Марғұлан. «Қазақтың сал, серілік дәстүрі»)

«Пара-пар крестьянға тең болмадық» («Пәленің басы патшаның өзінде») өлеңі-Ақанның заманға әділ сипат берген өлеңдерінің ішіндегі шоқтығы биік туындысы. Ақынның өз халқына, еліне деген сүйіспеншілігін, патша өкіметінің қазақтың жерінен де, малынан да пайда тауып отырғандығын, бірақ қазақ халқы басқалармен тең еместігін айта келіп, ақын өкімет алдына заңды тілектер қойды.


Бара-бара патшаның қайырымсыз, мейірімсіз екендігіне әбден көзі жеткеннен кейін, ақын басқа заң, басқа өкімет іздемекші болады.

Бостаншылық берсе егер басымызға,

Патшамыз мархабат қып арзалысып,

Бетімізбен біз де өлмес күнін көріп,

Тыныштық жай іздер едік арып – ашып,-дейді.

Бұл да қарсылықтың бір түрі. Әрине әлсіздіктен, лажсыздықтан туған қарсылықтың бірі. Бірақ оған ақын кінәлі емес, бұл сол кездегі жағдайға байланысты еді.

(Әлкей Марғұлан. «Қазақтың сал, серілік дәстүрі»)


« «Құлагер» өлеңінде Ақан бейнелі суреттеулер арқылы Құлагердің жүйрікке тән мүсінін де, шапқандығы қимылын да толық көрсете алды. Бірақ Құлагердің қадірлігі де, оның өлімінің зор қайғы болуы да, тек сұлулығында не өзінің аты болғандығында емес, өз елі үшін (Атығай, Қарауылға) керекті мал деп ұғады. Құлагер өлгенде Ақан: «Ел бетін қалай көремін? »- депті дейді. Талай жарысты ер намысын, ел намысын қорғап қалып жүрген Құлагердің өлімі бүкіл Атығай, Қарауыл еліне де оңай емес екендігін ақын өлеңінің жолдарынан көреміз.

... Сөйтіп, «Құлагер» өлеңінде жалғыз ат қайғысы жырланбайды, оның аянышты өліміне аза тұту арқылы адамның сай-сүйегін сырқыратарлықтай, ыза-кегін өршітерліктей дәрежеде заман шындығын, әлді үстем таптың зұлымдығын әшкерелейді: сол арқылы өткен кездегі теңсіздікті еске түсіреді»


(Әлкей Марғұлан. «Қазақтың сал, серілік дәстүрі»)


«Құлагер» - халыққа көп тараған Ақанның ең даңқты өлеңінің бірі. Жаулары соққыға жығып, мерт болған атының басын құшақтап отырып, Ақан сол жерде – ақ атына арнап ән мен өлең шығарады. Бұл кейін «Құлагер» әні аталып кетеді. Тегі жағынан «Құлагер» күйініш лирикасына жатады. Себебі оқиға ақынның көзқарасынан гөрі, сол жағдайға байланысты оның сезім дүниесіндегі күйініші анғұрлым басым.

(«Қазақ әдебиеті» оқулығы 10-сынып, Алматы «Мектеп» 2006 ж.)



1986 жылдың «Жұлдыз » журналының № 6 санында қазақ әндерінің зерттеушісі , жазушы сазгер Ілия Жақановтың Ақан серінің Құлагеріне қатысты мақаласы жарияланады. Бізге мәлім болғандай І. Жансүгіровтің «Құлагер » поэмасы Құлагерге қатысты тұңғыш жазылған әдеби де, тарихи да туынды болатын. Құлагердің ажалына себеп болған Батыраш деп жырланады.

Нән жуан менмен кеуде, намыс ері,

Суық қол Батыраштың жібергені, - деген өлең жолдарынан Батыраш байдың қастандығын айқын көреміз.

Бірақ Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты деректі очеркінде басқаша сипатталады. Очеркте жазылған деректерде Құлагерді Батыраш емес, Барақбайдың шабарманы Бөрібай өлтірді деп жазады. Мағжан бұл деректерді Ақанның көзін көрген Баялы Мырзаұлы, Қазы Самыратұлы,. Қоқыш Шыңғысұлы, Ысмағұл Бозайұлы сынды сауатты адамдардың аузынан естіп, қағазға түсіргендігін айтады


Әдеби маңызы

Ақан жалғыз серілік, махаббат, сұлулық, жігіттік өмірдің жыршысы немесе қайғы – зардың жыршысы ғана емес, ол сонымен бірге әлеуметтік өмірдің жыршысы.

Ақан серінің әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Заманға сипат», «Заманға қарап айтқан сөз», «Жүсіп төреге», «Пара – пар крестьянға тең болмадық» атты өлеңдері – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің қорына қосылған туындылар.

(Дерек көзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том)



Ұжымдық жұмыс:

Зерттеу, Зерделеу жұмыстарының нәтижесі қорытындыланып, тұжырым жасалып, нәтижесі кестеге түсірілді:

Қорытындылау

Ақан сері – өмір шындығын терең жырлаған өз заманының асқақ ақыны. Оның ақындық мұрасы идеялық тақырыптық жағынан 2 топқа бөлінеді. Алғашқысы жастық шақ, махаббат, аңшылық, саятшылық тақырыбы болса, екіншісі өзі өмір сүрген заманның ащы шындығын жырлаған шығармалары еді. Ақан сері – өзі артында көптеген ән қалдырған аса талантты халық композиторларның бірі . Оның ән шығармашылығы – жанрлық жағынан да, тақырыбы жағынан да ерекше назар аударатын асыл мұра. Өміріндегі сұлулық атаулының қандай түрі болса да өзінің жырлары мен әндерінде әдемі сезіммен суреттей білген.


Тұжырымдау

«Ақан серінің сұлу әндері мен көркем жырлары Ресей патшалығы мен қазақтың феодал – байлары билеген сұм заманда құлдық қыспағына шыдай алмай еркіндікті аңсаған батыр ой, , жалынды сезімнің ұлы көрінісі, жарқын салтанаты. Сондықтан да Ақанның ақындық, әншілік, серілік өмірі біздің халқымызға мәңгі қызықты болып, ұрпақтан ұрпаққа ұлы аңыз жыр болып тарала бермекші.

Сондықтан Ақан сері- қазақтың дана ақыны , ірі әншісі, ұлы сезімді жан иесі, ақын ұлы болумен бірге өршіл мінез, еркіндікті аңсаған еркін ой сезімнің асқар алып символын берген ардагер батыр ұлы»

( Есмағамбет Ысмайылов, «Әдебиет жайлы ойлар». Алматы « Жазушы»1968 жыл)



Түйіндеу

Ақан – өз кезіндегі ірі ақынның бірі. Ол әлеумет өміріндегі әр түрлі мәселелерді тақырып етіп, ел басындағы қысымшылықты көре білді. Ел қайғысы өз қайғысы болып, үстемдік етушілерге қарсылық білдіріп, наразылық көрсетті. Зорлықшыларды шенеп, еңбекші халықтың ой- сезімін оларға қарсы тәрбиеледі. Ақын заманының азып бара жатқанын көріп және оны жөндеудің , түзеудің жолын іздеді. Заманды түзеуші де, елді ел қылатын да жастар деп, келешек ұрпақтан үміт күтті.

Ақан серінің өзіндік шығармалары қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері С. Сейфуллиннің

«Көкшетау» поэмасының, І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясы шығармашылық шабытының қайнар бұлағы болды.

Белгілі композитор Е. Брусиловский «Жалбыр » операсында «Құлагер» мен «Балқадиша» әндерін пайдаланса, «Ер Тарғын» операсында «Алтыбасар » әні орындалды. Сыдық Мұхамеджановтың « Ақан сері - Ақтоқты» операсы сахнаға қойылды.





Оқушылар Ақан серінің шығармаларындағы

әдебиет пен тарихтың өзара үндестігін төмендегідей кесте бойынша көрсетіп, ой түйіндеді.



Алаш әдебиеті



Ақан сері шығармаларындағы әдебиет пен тарихтың өзара үндестігі














Тарихи деректер мен әдеби дәйектердің алаш қозғалысының мақсатын өзара үндестікте айқындауы










Шығармашылық жұмыс:

Тарихшылар: хат, эссе

Әдебиетшілер: өлең, шағын шығарма

Cабақты бекіту:

Тест тапсырмалары:

1. Ақан серінің өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз

А) 1843- 1913 ж.ж.

Ә) 1834- 1897 ж.ж

Б) 1835- 1929 ж.ж


2. Ақан серінің азан шақырып қойылған атын көрсетіңіздер

К) Ақжол


Қ) Ақжігіт

Л) Ақжан


3.Ақан Қорамсаұлының әлеуметтік тақырыпқа жазған өлеңдері көрсетіңіздер

А) «Заман адамы», «Заманға қарап айтқан сөз»

Ә) «Айтамын замандасқа біраз кеңес», «Асыл мен жасық»

Б) «Қараторғай», «Көкжендет».


4. Ақан серінің әндерін көрсетіңіздер

Л) «Жанбота», «Көкек»

М) «Ақсиса», «Хаулау»

Н) «Маңмаңкер», «Сырымбет».


5. Ақан серінің мәңгілік махаббаты бейнеленіп жазылған туынды

С) Ғ. Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты» драмасы

Т) І. Жансүгіров « Құлагер» поэмасы

Р) С. Жүнісов «Ақан сері» романы


6. Құлагерге қойылған оба тас қайда екенін көрсетіңіздер

Ж) Көкшетауда

З) Баянауылда

Е) Ерейментауда


7. Жақсыға бітсе дәулет бақ айналар.

Жаманға бітсе дәулет әуейленер.

Басына ер жігіттің бір іс түссе,

Арасы қас пен достың абайланар.

( Ерекшеленіп көрсетілген сөздер қандай ұғымды білдіретінін анықтаңыздар)

М) Омоним

Н) Синоним

Р) Антоним


8. Адамы бұл заманның бәрі «білгіш»,

Қаз ала ма дегені тышқан ілгіш.

Жауыңды мен мұқатып беремін деп,

Елде жанжал бар ма деп іздеп жүргіш

(Қандай ұйқас түрінде жазылғанын анықтаңыздар)


Ы) Егіз ұйқас

І) Қара өлең ұйқасы

Э) Кезектес


Дұрыс жауаптар:



1

2

3

4


5

6

7

8

А

Қ

А

Н

С

Е

Р

І


Бағалау:

Қорытындылау:

Үйге тапсырма: «Қазақ елін теңдесі жоқ сазымен тербеген дала жұлдыздары»