shkolakz.ru 1

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитеті Төрағасының 2006 жылдың 30 қыркүйегіндегі Қазақстан Республикасындағы Салықтық қызмет органдары қызметкерінің Кәсіби этика кодексін бекіту туралы


474 Бұйрығы

 

Салықтық қызмет органдарының қоғам мен мемлекет алдындағы жоғары жауапкершілігін ескере отырып әрі салықтық қызмет органдары қызметкерінің арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуын ары қарай күшейту және ар-ұждандық, этикалық, моральдік қалып пен мінез-құлыққа қойылатын талаптарды ортақтандыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

1. Қазақстан Республикасындағы Салықтық қызмет органдары қызметкерінің Кәсіби этика кодексін (ары қарай - Этика кодексі) бекіту.

2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің Ішкі жұмыс басқармасына (Д.И.Искаковке):

1) аталмыш бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің басқармалары мен облыстар, Астана мен Алматы қаласы, арнайы экономикалық аймақ территорияларындағы салық комитеттеріне, №1 аймақаралық салық комитетіне мәлімдеу;

2) Этика кодексінің ережелерін зерттеу бойынша семинар сабақтарын өткізу;

3) Этика кодексінің мәтінін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің ақпараттық стендіне орналастыру.

3. Аталмыш бұйрықтың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық комитеттерінің басшыларына - Этика кодексінің ережелерін зерттеу бойынша семинар сабақтарын өткізу және Этика кодексінің мәтінін көпшілікке көрінетін орындарға орналастыру.

4. Аталмыш бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

5. Аталмыш бұйрық қол қойылған күннен бастап заңды күшіне енеді.

 

Төраға Н. Рахметов 

 

 

Қазақстан Республикасындағы Салықтық қызмет органдары қызметкерінің Кәсіби этика кодексі


Қазақстан Республикасындағы Салықтық қызмет органдарының беделі әр қызметкердің біліктілік, кәсібилік, моральді-этикалық және басқа адами қасиеттеріне тікелей байланысты!

Қазақстан Республикасының «Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексімен (Салық кодексі) реттелетін салықтық қарым-қатынастар салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің белгіленуі, енгізілуі, сонымен бірге есептелу мен төлену тәртібі, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға қатысты мемлекет пен салық төлеуші арасындағы биліктік қатынастарды меңзейтіндігін және Салықтық қызмет органдары қызметкерлерінің (ары қарай - қызметкер) қоғам мен мемлекет алдындағы жоғары жауапкершілігін мойындай отырып;


қазақстандық қоғамның салықтық қызмет органдарына әр адамның заң алдындағы тең құқылылығына қатысты сенімі, азаматтар қажеттілігін қанағаттандыратын мемлекеттік қызметтер сапасын, салық заңнамасының талаптарын ерікті түрде орындау деңгейінің өсуін назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті аталған Қазақстан Республикасындағы Салықтық қызмет органдары қызметкерінің Кәсіби этика кодексін (ары қарай - Этика кодексі) өз қызметтік міндетіңізді орындау барысында міндетті түрде басшылыққа алу үшін жасады.

 

 

1. Жалпы ереже

 

1. Этика кодексі Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары мен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылдың 3 мамырындағы №1567 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі (ары қарай – Ар-намыс кодексі), сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексі (Салық кодексі) мен басқа да нормативтік құқықтық актілерде қарастырылған мемлекеттік қызметтің негізгі ұстанымдарына негізделеді.

2. Аталмыш Этика кодексі қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі қызметкерлердің этикалық нормаларын, мінез-құлық стандарттары мен өзара жұмыс жүргізудің негізгі принциптерін белгілейді және барлық қызметкерлер үшін міндетті болып табылады.

3. Қызметкер парызы – өз Отанының патриоты болып, Қазақстан Республикасының Конституциясын, басқа да нормативтік құқықтық актілерді орындау, шығу тегі, әлеуметтік, қызметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, расасына, ұлтына, тіліне, дінге деген көзқарасына, сеніміне, тұрғылықты орны не басқа бір кез келген жағдаяттарына қарамастан тұлғаны сыйлау және қорғауда үлгі болуы керек.


 

 

2. Қызметкер мінез-құлқының жалпы ұстанымдары

 

4. Қызметкер міндеттері:

қызметтік міндеттерді Конституцияға, Қазақстан Республикасы Президентінің заңдары мен актілеріне, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне, мораль мен ар-ұжданның жалпы қабылданған ұстанымдарына сәйкес жауапты әрі шыншылдықпен орындау, Ар-намыс кодексі мен аталмыш Этика кодексінің нормаларын бұлжытпай орындау;

мемлекеттік билік беделін, азаматтардың мемлекет институттарына деген сенімін бекітуге ат салысу, Қазақстан Республикасы азаматтарының, салық төлеушілерінің құқықтарын сақтау, мемлекет мүддесін қорғау;

қоғам мен мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау, мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік меншіктің сақталуы үшін жеке жауапкершілікті сезіну;

өзіне қатысты талапшыл болу, принципиалды, объективті болу әрі қандай да бір құмарлыққа ұрынбау, сондай-ақ жемқорлық пен басқа құқық бұзушылықтардың көріністеріне немқұрайлы қарамау;

өз құзіреттілігінің шеңберіндегі басшылық бұйрықтары мен тапсырмаларын, жоғары тұрған органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдері мен нұсқауларын уақтылы әрі сапалы орындау;

жұмыс уақытын өнімді еңбек мақсатында қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау нормаларын ескере отырып, тиімді пайдалану, өзінің не жұмыс бойынша әріптестерінің денсаулығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жағдаят туралы хабарлау;

кәсіби қасиеттерді шыңдау, өз қызметтік міндеттерін орындау мақсатында жеке кәсіби деңгейін сақтап үнемі көтеріп отыру, қызметтік міндеттерін орындауға шығармашылық тұрғыдан қарау;

мемлекеттік құпияларды, салықтық құпияны және қызметтік міндеттерді орындау кезінде белгілі болған басқа да мәліметтерді жарияламау. Ақпаратты пайда үшін пайдаланылатын және/немесе мемлекетке, салық төлеушілердің мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін үшінші тұлғаларға таратпау;


кәсіпкерлік іс-әрекетке қол сұғу мен жекелеген шаруашылық субъектілерінің мүдделерін басқадан басым қоюды болдырмау;

жеке мүддені қызметік мүддеден жоғары қоймау, қызметтік ақпаратты жеке пайда үшін пайдаланбау;

қызметтік жағдайдың теріс пайдаланылуын болдырмау;

қызметкер ретінде өзінің әрі салық қызметі органдарының беделін түсіретін әрекеттер жасамау;

салық қызметі органдарының ісіне, іскерлік беделіне және имиджіне тікелей немесе жанама түрде зиян келтіруі мүмкін шиеленіс жағдайларын болдырмау.

 

 

3. Салық төлеушілермен қарым-қатынас

 

5. Қызметкер міндеттері:

салық төлеушілерге уақтылы қызмет көрсетіп, олардың талаптарына Қазақстан Республикасының заңнамасы шеңберіндегі анық әрі нақты формада тиімді, өнімді көмек көрсету;

салық төлеушілерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын көтеру мен оларды уақтылы көрсету;

кез келген жағдайда салық төлеушілерге қатысты шыдамдылық пен құрмет таныту;

салық төлеушілерге салықтық міндеттемелерді ерікті әрі уақтылы орындау мақсатында ақпарат беру;

салық төлеушілерге қатысты немқұрайлы, дөрекі және ұқыпсыз қарым-қатынасты болдырмау;

салық төлеушілерді шығу тегі, әлеуметтік, қызметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, расасына, ұлтына, тіліне, дінге деген көзқарасына, сеніміне, тұрғылықты орны не басқа бір кез келген жағдаяттарына қарап алаламау;

салық төлеушілердің сұраныс хаттарын қарастыру кезінде бюрократизм мен сөзбұйдалыққа салынуды болдырмау;

Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жағдайлардан басқа мемлекеттік қызмет көрсеткен үшін салық төлеушілерден қандай да бір сыйлық талап етпеу.

 

 

4. Әріптестермен қарым-қатынас

 

6. Қызметкер міндеттері:

әріптестерге қатысты сыпайылық таныту. Әріптестерге құрметті формада, жалпы қабылданған қолданыстағы түрде өз аты мен әкесінің атын атап тіл қату;


әріптестер мен басшылықтың сыны мен ескертулерін дұрыс әрі лайық түрде қабылдай білу, сондай-ақ жіберілген қателіктерді уақтылы мойындай білу;

шығу тегі, әлеуметтік, қызметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, расасына, ұлтына, тіліне, дінге деген көзқарасына, сеніміне, тұрғылықты орны не басқа бір кез келген жағдаяттарына қарамастан әріптестердің ар-ұжданы мен намысын құрметтеу;

ерекше жағдаяттар пайда болған жағдайда, әріптестерге кеңес беру немесе құқық бұзушылықтарды болдырмау туралы ескерту жасау арқылы көмек көрсету;

агрессиялық іс-әрекетті, қызметті теріс пайдалануды немес дөрекілікті болдырмау, сондай-ақ жұмыс бойынша әріптестермен қарым-қатынас жасау кезінде тұрпайы лексиканың қолданылуын болдырмау;

біреудің идеялары мен бастамаларын өзіңе таңудан аулақ болу;

басқа қызметкерлердің қызметтік міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін іс-әрекеттерді болдырмау;

өз әріптестеріңіз туралы жеке бастың ар-намысын және кәсібилігін қорлайтын ақпарат таратпау;

әріптестеріңізге қатысты жеке талап-тілек білдірудің қандай да болсын белгілерін болдырмау;

жұмыс бойынша әріптестерден жеке, материалдық не басқа сипаттағы қызметтерді талап етпеу.

 

 

5. Бағынышты әріптестері бар қызметкердің мінез-құлық ұстанымы

 

7. Бағынышты әріптестері бар қызметкердің міндеттері:

ұжымдағы жағымды моральді-психологиялық атмосфераның қалыптасуы мен сақталуына ат салысу, бағынышты қызметкерлердегі жоғары моральді-психологиялық, ар-ұждандық және кәсіби қасиеттерді тәрбиелеу;

бағынышты қызметкерлердің жеке басын құрметтеу, олардың жеке кәсіби пікірінің болу құқығына түсіністікпен қарау, әсіресе ол пікірдің өзінікінен айырмашылығы болса, бағынышты қызметкерлерге қатысты объективтілік таныту;

бағынышты қызметкерлерден белгіленген стандарттарға сай салық төлеушілерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын үнемі көтеріп отыруды талап ету;


бағынышты қызметкерге қатысты жеке қарым-қатынасқа (жақтырмау, симпатия) қарамастан, қызметтік міндеттердің орындалуы мен тиісті орындалмауына бірдей талап қою;

бағынышты қызметкерлер алдында ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді мақсаттар мен міндеттерді дұрыс қою, бағынышты қызметкерлерді осы міндеттерді дұрыс шешу үшін жұмылдыра білу;

салықтық әкімшілендіруді шыңдау үрдісіне барлық қызметкерлердің белсенді қатысуына жағдай жасауды қамтамасыз ету;

ұжымдағы еңбек тәртібі, моральді-психологиялық климаттың жағдайын жүйелі түрде талдау;

бағынышты қызметкерлердің жасаған қылмыс, құқық бұзушылық пен еңбек тәртібін бұзу жағдайларын жоғары тұрған басшыға дереу хабарлау;

бағынышты қызметкерге негізсіз тапсырма немесе Қазақстан Республикасы заңнамасының шеңберінен шығатын тапсырмалар бермеу;

қызметтік міндеттерді тиісті орындамау немесе қабылданған шешімдер үшін өз жауапкершілігін бағынышты қызметкерлерге артпау;

бағынышты қызметкердің орынды сынын агрессиямен қабылдамау және осы себепті қудалауды бодырмау.

8. Салық қызметі органдарының бірінші басшылары лауазымға ие болғанан соң бір айдан кейін әр қызметкердің моральді бейнесі үшін жоғары өзінің жауапкершілігін саналы түрде түсініп, өзіне бағынышты қызметкердің сот шешімі заңды күшіне енген, пара алумен байланысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасауы жағдайында, өзіне өз қалауымен жұмыстан босатылу туралы өтініш беруге қатысты ерікті түрде міндеттеме ала алады.

  

Қортынды

 

9. Қызметкер аталмыш Этика кодексінің ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

10. Қызметкер өз әрекетінің ұжымда ортық талқыға түсу мүмкіндігін түсініге тиіс.