shkolakz.ru 1

ӨЗІНДІК ЖҰМЫС ҰҒЫМЫНЫҢ МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ



Б.Д.Шарипова, Г.К. Ордабаева


Қазіргі таңда ғылым мен мәдениеттің, техника мен өндірістің қарыштап шапшаң дамуы әрбір адамның кәсіптік білімі мен шығармашылық қабілеттілігіне, білім алу біліктілігі мен дағдысына жаңа талаптар қойып отырғаны белгілі. Сол себептен әрбір адамның білімі мен біліктілігі ұдайы толықтырылып, жетілдіріліп және рухани дамуы үнемі артып отыруы керек.

Жоғары мектептегі оқу үрдісінің мақсаттарының негізгісі - өз білімін өмірдің нақты саласындағы қойылған мәселелерді шешуде пайдалана алатын маман даярлау. Оқу үрдісі, сонымен бірге студенттің интеллектуалдық қабілетін қабылдаған ақпаратты жан-жақты сараптап талдау нәтижесінде, пайымды ойлау біліктілігін қалыптастыруы тиіс. Ал мұндай тұлғалық сипаттамалардың негізінде, оқытушының ұйымдастырып басқаруы арқылы "өз бетінше орындалатын", кейде "өзіндік" деп аталатын жұмысты студенттің жоғары деңгейде орындауы нәтижесінде ғана игеріліп, қалыптасатыны белгілі [1].

"Қарастырылып отырған нысанға қатысты толығырақ ұғымды, мұғалімнің қатысуынсыз, бірақ арнайы ұйымдастырылған уақытта оның құрған тапсырмасымен орындалатын жұмыс, сондай-ақ тапсырмадағы қойылған мақсатқа жетуге саналы түрде ұмтыла отырып нәтиже алу",- деп Б.П.Есипов өзіндік жұмысты көрсетеді [2]. Осы ұғымға байланысты, өз бетінше жұмыстың мазмұнын ашатын белгілерді байқауға болады:

-оқытушының ұйымдастырушылық, бақылаушылық, және

тәрбиелеушілік ролі;

-студенттің оқу мақсатын және қажеттілігін саналы түрде

түсініп, оған өз бетінше жетуге ұмтылуы;

-өзіндік жұмыстың оқу процесі барысында тұрақты түрде

ұйымдастырылуы.

Өзіндік жұмысты — студенттің білімді қабылдауы мен игеруі, дағдының қалыптасуы және оқытушының жетекшілік ролі ескерілетін және студенттің кәсіби маман болуы, қоршаған ортаға, өз қызметіне шығармашылық көзқарас қалыптастыруы үшін қажетті оқу іс-әрекеті деп, В.П.Быкова өз еңбегінде көрсетеді. "Студенттің өзіндік жұмысы - өз бетінше немесе саналы түрде қойылған мақсатқа жету жолында жеке тұлғалық қасиеттері қалыптасатын оқу еңбегі. Бұл жолда студент өз білімін, ебдейлігі мен дағдысын белсенді қалыптастыра отырып, мақсатқа жетуге саналы түрде ұмтылады, ал оқытушылар студент іс-әрекетін іскерлікпен бағыттап отырады" [3]. Берілген тұжырымдау - студенттің оқу іс-әрекетіне аудитория мен кітапханадағы оқу-танымдық іс-әрекетімен қатар, оқу орны орналасқан мекен-жайдың әлеуметтік-экономикалық, мамандық саласының мәселелерін өзінің жетілуі мен жеке тұлғалық дамуы үшін, іс-тәжірибе жүзінде түрлендіру іс-әрекеттеріне қатысатындығын көрсетеді.


Көптеген ғалымдар өзіндік жұмысты студенттердің интеллектуалдық, жігерлік және кәсіптік сапаларын дамытатын, оқу бағдарламасындағы оқытылатын материалдың мазмұны мен көлемін игерудегі оқытудың жеке түрлері ретінде қарастырады.

Студенттің өзіндік жұмысты орындау шеберлігі мен дағдылары өздігінен пайда болмайды. Ол мақсатты оқу іс-әрекетінің нәтижесі мен өз кезегінде шығармашылық, тәжірибелік сипаттағы әр түрлі тапсырмаларды орындау барысында қалыптасады.

Жоғары оқу орындарында берілетін теориялық білімнің жоғары деңгейі, шығармашылық түрдегі кәсіптік ойлану сияқты қасиеттер дұрыс ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері мен аудиториядан тыс жүргізілетін өзіндік жұмыс арқылы қол жеткізуге болады деп, А.Н.Леонтьев тұжырымдайды. Ол, адамның жеке басының қасиеттерінің шын мәнінде қалыптасуы тек жеке бас ерекшеліктері мен табиғи дарындылыққа ғана емес, осы бағыттағы нақты жүргізілетін жүйелі оқу іс-әрекеттеріне де байланыстылығын көрсетеді [4].

Қазіргі кезде ғылыми ақпараттардың қарқынды дамуына байланысты, еліміз бен шет елдерде студенттердің ізденімпаздығы мен белсенділігін дамытуға әсер ететін оқу үрдісінің жаңа түрлері мен оларды ұйымдастыру жолдары зерттелуде. И.В.Харитонова оқыту үрдісіндегі дәріс, тәжірибелік, зертханалық сабақтардың, есептеу-графикалық және бақылау-сынақ жұмыстарының арасындағы әлсіз байланысты арттыратын, арнайы талаптарды қанағаттандыратын өзіндік жұмыстар жүргізуді ұсынады.

Ол студенттің өзіндік жұмысы (СӨЖ) оқытуды жетілдіру құралы және жеке тұлға қасиеттерін дамытуға әсер ететін көп аспектілі оқыту үрдісі деп анықтаған. СӨЖ түріне қарай тапсырма мазмұнын түрлендіру оқытушыға оқушының танымдық және тәжірибелік іс-әрекетінің мазмұнын құрастыруға мүмкіндік береді [5].

Осы бағытта зерттеу жүргізген В.Г.Орловский: СӨЖ-де компьютерлік оқыту программасының ролі - студенттің таным іс-әрекетін жанама басқару құралы және оны СӨЖ-дің барлық кезеңінде қолдану, СӨЖ дамуы барысында компьютер студенттің еңбек құралына айналуы керектігін ұсынған. Оның тұжырымдауынша СӨЖ - өз бетінше қойылған мақсатқа бағынған өз бетінше іс-әрекет, оны орындау барысында жеке тұлғаның қасиеттері қалыптасады. Яғни, қойылған мақсатқа жетуге саналы түрде ұмтылып, белсенді ойланып және білім алынып, біліктілік пен дағды қалыптасады. Ал, оқытушы студент іс-әрекетін іскерлікпен бағыттап отырады. Сонымен қатар, СӨЖ - өзіндік танымдық іс-әрекет, оның логикалық және психологиялық ұйымдастырылу құралы. СӨЖ терең және толық білім алуды, біліктілік пен дағдыны кәсіби іс-әрекеттерде пайдалануды, ойлау іс-әрекеттерін және шығармашылық қабілеттерін дамытуды қалыптастыруға әсер етеді [6].


Студенттердің өзіндік жұмысы – болашақ мамандарды даярлаудың аса маңызды жолдарының бірі, жас тұлғаны жан–жақты жетілдіріп, қалыптастырудың міндетті шарты және құралы болып табылады. Оны оңтайландыру - елеулі тәжірибелік міндет және маңызды ғылыми мәселелері.

Жоғарыда айтылған ойларға сүйене келе, біздің ойымызша, жоғары оқу орнындағы өзіндік жұмыстың мазмұны, сипаты, әдістемесі мен оны ұйымдастыру кәсіптік бағытта жүргізілсе, оқу – тәрбиелік іс-әрекеті қорытындылары жоғары болар еді.

Студенттердің өзіндік жұмыстар қатарына мыналарды жатқызуға болады:

–өзіндік тапсырмаларды орындау кезінде студенттің кәсіптік–ақпараттық ой–өрісінің, сенімінің және көзқарастарының негізін қалайтын кәсіптік білімдерді игеруі;

–студенттердің өз бетімен тапсырмалар жүйесін орындау барысында өздерінің танымдық іс–әрекеттеріне сай, тиімді әдіс–тәсілдерді пайдалана отырып, білімдерін бекіту;

–болашақ мамандардың теориялық және тәжірибелік тапсырмалар орындау арқылы өз бетімен кәсіби ойлануын дамыту;

–студенттердің кәсіби бағдарлануын, қабілеттілігін, мүмкіндігін, кәсіби ынтасын ескеріп, өзіндік жұмыстарды, жекелеген тапсырмалар орындай отырып, танымдық ізденімпаздылығы мен шығармашылық бағытын қалыптастыру;

–жоғары оқу орны түлектерінің кәсіби шеберліктерінің көрсеткіші ретінде көрінетін өзіндік жұмыс үрдісінде жеке адам қасиеттері мен кәсіптік маңызды қасиеттерін қалыптастыру, дамыту;

–озат педагогикалық тәжірибе мен прогрессивті ғылыми идеяларды тәжірибеде шығармашылық түрде пайдалануға баулу [7].

Өз бетімен орындайтын жұмыс аспектілерін қарастыра отырып жеке тұлғаның дамуына мынадай тұжырымдар жасадық:

1)Студенттердің өз бетімен орындайтын жұмысы – болашақ мамандарды даярлаудың аса маңызды жолдарының бірі, жас тұлғаны жан–жақты жетілдіріп, қалыптасудың міндетті шарты және құралы.

2)Қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге сәйкес, білімін, іскерлігі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп, ізденімпаздығы мен шығармашылығын дамытып отыратын маман – қоғамның әлеуметтік тапсырмасына айналып отыр. Яғни, қазіргі маманға қойылатын негізі талаптың бірі – танымдық ізденімпаздығы негізінде өзінің білімін жетілдіріп отыру.


3)Жеке адам туралы философиялық, психологиялық, педагогикалық және т.б. әдебиеттерді талдай отырып, жеке тұлға дамытушы, өзін жетілдіруші жүйе екенін көрсетті. Ол түрлі іс–әрекетпен айналысқанда, әсіресе, дұрыс бағытталған өзіндік білім алу үрдісінде жүзеге асады.

4) Жеке тұлғаның әлеуметтік және психикалық қалыптасуы белгілі бір уақытпен шектелмейді, даму адам өмірінің барлық кезеңдерінде жүзеге асады. Өз бетімен білім алу әрекеті белгілі бір кезеңдерде жеке тұлғаның дамуы үшін қажеттілікке айналады.

5) Педагогикалық психология зерттеушілері көрсеткендей, жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуы оқу–тәрбие ісін ұйымдастыруға байланысты болады. Өз бетімен білім алуға дайындығын қалыптастыру оқытудың ұйымдасқан үрдісінде жүзеге асырылуы тиіс, өйткені бұл әрекет стихиялы (кездейсоқ) түрде игерілмейді.

Студенттерді кәсіби дайындауда өзіндік жұмыстың білімдік, дамулық және тәрбиелік қызметін теориялық түрде негіздеу, оның мазмұнын кәсіптік деңгейге көтеру, тапсырмалар жүйесін даярлау, студенттермен белсенді іс–әрекеттер талап ететін әр түрлі жағдайларды моделдеу, нәтижелілігін қамтамасыз ететін педагогикалық шарттарды айқындау, жоғары оқу орнындағы түлектердің өз саласында жұмыс істеуге дайындық деңгейлерін жоғарылата түседі.

Қорыта келе, студенттің өзіндік жұмысы дегеніміз – олардың интеллектуалды, жігерлі және кәсіптік қасиеттерін дамытатын, оқу бағдарламасында қарастырылған, оқу материалының мазмұны мен керекті көлемін игерудегі оқу жұмысының жан–жақты түрлері.


ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


1. Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. 11.10.2004 жылы ҚР Президентінің № 1459 Бұйрығымен бекітілген // www.akorda.kz.

2. Есипов Б.П. Самостоятельная работа учащихся на уроке. — М.:учпедгиз, 1961. -239 с.

3. Быкова В.П. Многоуровневая обучающая программа по физике как средство организации самостоятельной работы студентов в интернациональной группе. Дисс... к.пед.н., МГПУ -1998.


4. Леонтьев А.Н. Деятельность, сознание, личность. —М.: Политиздат, 1977. —304 с.

5. Харитонова И.В. Организация СРС при обучении математики в вузе. Дисс.к.п.н./Мордовский Государственный институт.-1996.

6. Орловский В.Г. Методы совершенствовании самостоятельной работы учащихся. Дисс... к.п.н./Институт общего образования PAO.-1996.

7. Әбілқасымова А.Е. Студенттердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру. – Алматы: Білім, 1994.- 192б.