shkolakz.ru 1

www.РЕФЕРАТ.kz Қазақша рефераттар сайты


ӨМІР – ШЕКСІЗ КЕРУЕН


Ғажайып


Сөзі мен әні А. Қырықбаевтікі


Мен өмір жайлы көп толғанам,

Мен өткен күндерге көз салам.

Бұл өмірдің ағынын-ай,

Дәл ойдағыдай болмаған.


Қайырмасы:


Өмір-өзен – тағдыр, ғажайып,

Сыры терең, тағдыр, ғажайып

Теңіз болып,

Тасқындай толқисың.

Өмір-өзен – тағдыр, армансың,

Сыры терең,

Тағдыр, ормансың,

Аққу болып биікте қалқисың.


Жыл, жылдар өтіп барады,

Жас, жасыма жас қосылады.

Тек көңілім бала кездей

Нұр, нұр сәуледей жанады.


Абай


Өмір дүние дегенің

Алып жатқан су екен,

Жақсы-жаман көргенің

Ойлау берсең, у екен.


Т. Айбергенов


Өмір деген – көк мұхиттың толқыны,

Бір-бірімен жатқан шулап жалғасып,

Бір-бірімен жатқан тулап арбасып,

О, толқындар, арпалысып, алға шық!


Ш. Сариев


Өмір деген тұрады: Таң мен кештен,

Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен.

Құпия, жұмбақ, сырлы дүниеге,

Адамдар Арман келіп, Арман көшкен.


Қ. Мырза Әлі


Қалай тұрар бұл көзден мұң көрінбей –

Ғұмыр қысқа көктемнің гүлдеріндей.

Қазақ халқы өмірді ағып жатқан өзенге теңейді. Өйткені өмір өзен тәрізді тоқтаусыз, ешкімге білдірмей өтіп жатады. Сол өзен ағынында кейбір жан өз арнасын тауып жатса, енді кейбіреулері бастарын тасқа да, жарға да ұрып, өз жолын таба алмай жатады. Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайберді атамыз:


Дүние қу,

Бір ағын су,

Түстік онда көп болып.


Күнде ағамыз

Сандаламыз

Бейнетіміз көп болып.


Кейде тасқа,

Кейде ағашқа,

Соқтығамыз дөп келіп, -

дейді.

Демек, өмірде өз ағысымыз бен өз арнамызды тура табуымыз үшін, өзімізді, өзгелерді, қоршаған ортаны танып-біліп, рухани құндылықтарды терең меңгеріп, адамгершілік қасиеттерді бойымызға дарытсақ, мақсат-мұратымызға қол жеткізе аламыз.


Отау үй

(Үзінді)

Біртіндеп қараңғылық түсе бастады. Ұзақ та, Тана да тырс етіп үйден шыққан жоқ. Тамақтан соң екеуі де бір-біріне қарсы қарап отырған күйде, асықрай үзік-үзік сөйлеп екеуіне де ортақ, таусылмас әңгімеге көшті. Қалай тұрмыс құрады, не тіршілік етеді, не алып, не қою керек?.. Қандай ыстық әңгіме! Екеуінен басқа бірде-бір жанға ұнамас та. Мейлі. Өйткені бұл әңгіме – тек екеуіне ғана ләззат берер, екеуін ғана рахатқа батырар әңгіме.

- Не ойлап отырсың?

- Өмірді де… Неліктен бұлай екен? Адам өскен сайын қайғы-қасіреті, мұңы көбейе беретін сияқты ғой. Мен бұрын кішкене күнімде біреу ренжітсе, «Шіркін, қашан тезірек үлкен болар екем, осындайдан құтылатын», деп ойлайтынмын. Кейін, өсе келе бірдеңеге ренжіп, мұңайған кезімде үй болуды, сүйікті жарымның болуын, бақытты отбасын құруды армандайтынмын. Ал қазір, сенің көңіліңе келмесің, үй болғаннан бері көріп келе жатқаным – көбіне қиындық.

– Уақытша болатын қиындықтар ғой, оған несіне таусыласың.

– Жоқ, таусылып жатқаным жоқ. Өзім соңғы кезде жиі ойлайтын ойым болған соң айтып жатырмын. Жалғыз біз емес, байқап отырсам, жұрттың бәрі осы біз қарайлас. Жігіт, қыс күндерінде бірін-бірі сүйіп үйленеді, сонан соң бірін-бірі ренжітеді, көңіліп қалдырады. Рас, тату-тәтті тұратын кездері де болады, бір күн, екі күн… он күн… бір ай… бірақ бәрібір ұрсысады, қабақтарына кірбің түседі. Неге бұлай?

– Өмір болған соң солай да…

«Тананың сөзінің жаны бар, шынында да неге солай болды екен?» - деп ойлайды Ұзақ.


– Балаға үлкендер әлім жеттік қылса, есейгенде адамға өмірдің өзі әлім жеттік қылады екен ғой…

– Ал өмір деген не? Сен қалай ойлайсың?

– Өмір деген кең, жарық дүниедегі қызық тіршілік емес пе?!

– Ал сол тіршілік, сол тұрмысты жасап жүрген өзіміз ғой. Ендеше өмір деген өзіміз емеспіз бе?!

– Олай болса өмір сүру неге қиын? Неге өзімізге өзіміз жамандық жасаймыз. Мен, әрине, тұрмыс жағын, ішіп-жеу, жақсы киінуді айтып отырғамын жоқ. Қазір молшылық қой. Менің бас қатыратыным: неге адамдар бір-біріне зәбір көрсетеді? Неге осы бақытты, қайғысыз өмір сүру деген қиын?

– Мен қайдан білейін…

Мұнан әрі екеуі де үндеген жоқ, әрқайсысы өз ойымен өзі боп кетті…