shkolakz.ru 1 2 3
Шиелі аудандық білім бөлімі


\ №148 қазақ орта мектебі


Биология

8 – сынып



Ас қорыту жүйесі


2011 жыл


Қызылорда облысы, Шиелі аудандық білім бөлімі

әдістемелік кеңесінде қаралып, басып шығаруға ұсынылды


№148 қазақ орта мектебінің биология пәнінің

мұғалімі Ағыбаева Бағиланың

іс-тәжірибесінен әдістемелік құрал ретінде шығарылды.


Бұл әдістемелік құралда жалпы білім беретін мектептегі 8 сыныптарда

биология пәнінен модульдік оқыту технологиясы бойынша

мұғалімнің сабақ өткізу технологиясы жазылған.


Ас қорыту жүйесі


Құрылымы

Сабақ

саны

Сабақ мазмұны мен түрі

Минут саны


Кіріспе


1 - сабақ

Модуль құрылымымен, мақсатымен, міндетін түсіндіру.

Ас қорыту жүйесі /баяндама /

Тірек-сызбаны көшіру.

Қорытындылау. Үйге тапсырма.


5

20

10

10



Диалог


2 - сабақ

Сабақты меңгерту.

Оқулықпен жеке жұмыс.

Қорытындылау.Үйге тапсырма


35

10

3 - сабақ

Тақырыпты дамыту.

Жұбымен жұмыс

Зертханалық жұмыс

Қорытындылау.Үйге тапсырма


20

15

10


4 – сабақ

Тақырыпты пысықтау.қорытындылау.

Деңгейлік тапсырмалар

Қорытындылау Үйге тапсырама


40

5

5 – сабақ

Тақырыпты бекіту.

Конференция сабақ

Қорытындылау .Үйге тапсырма


40

5

Қорытынды

6 - сабақ

Тест.

Сынақ.

15

30


Оқушы нені білу керек.


  • Ас қорыту жүйесінің құрылысы мен маңызы.

  • А қорыту жүйесін зерттеудегі негізгі әдістер.

  • Ас қорыту бездері.

  • Қарын сөлінің құрамы мен қасиеті, оның бөліну механизмін және заттың сіңірілуі.

  • Асқазан аурулары, оның белгілері

  • Тамақтану гигиенасы

Оқушылар істей білу керек

  • Ас қорыту жүйесінің және ферменттерінің қызметтерін аша білу керек.

  • Таблицадан ас қорыту жүйесін көрсете білу.

  • Сілекей бөліну механизмін, жұту, қарын сөлінің бөлінуі.

Тараудағы негізгі түсініктер мен терминдер кенеулі заттар, ас қорытылу, рентгенография, эндоскопия, күрек тіс, азу тіс, иттіс, кіреуке, дентин, тіс мойыны, сауыты, түбірі, сілекей бездері, лизоцин, муцин, птиалин, қарын сөлі, бауыр, өт, ұйқы безі, аш ішек, тоқ ішек.


Кіріспе бөлімі


1 сабақ. Ас қорыту жүйесі.

  1. Баяндама. Баяндама бастамас бұрын мұғалім проблемалық сұрақтар береді:
  1. Неге сорпаны инемен қанға бірден жіберсек адам өліп кетуі мүмкін, сол ас қорыту жүйесі арқылы барса зиянсыз, қанға өзі сіңіріледі?


  2. Ас қорыту жолында қорек қандай өзгеріске түседі?

  3. Ауызда сөл болмаса, неге жұта алмаймыз?

  4. Ауру тісі бар адамның асқазаны неге ауырады?

  5. Ішек таяқшасының ағза үшін қандай пайдасы бар?

Сұрақ бірлесе отырып талқыланады. Ас қорыту - өте күрделі, ол ас қорыту жолынан және бездерден құралады.

Ас қорыту деп кенеулі заттардың күрделі түрінен жай, суда еритін қанның құрамына жеңіл өте алатын күйіне айналуын айтады.

Ас қорыту мүшелерінің міндеті :

  1. Қоректі заттарды ұсақтау

  2. Ас ботқасын ас қорыту жолымен қозғалту

  3. Ас қорыту ферменттерін жасау.

  4. Қорытылмаған ас қалдығын сыртқа шығару

  5. Ақуыз, май, көмірсу, минералды заттар мен суды сіңіру.

Астың қорытылуы ауыз қуысынан басталады, онда ас сілекеймен шыланып тіспен ұсақталады. Адамда 32 тіс бар. /Тірек-сызба арқылы түсіндіріледі/. Ауыз қуысына тәулігіне 1,5-2 л дейін сілекей бөлінеді. Оның құрамында көмірсуды ыдырататын, залалсыздандыратын ферменттер/ птиалин, муцин, лизоцим / болады. Ауыз қуысынан ас жұтқыншақ арқылы өңешке, одан соң қарынға түседі де қорытыла бастайды. Қарында ас 4-8 сағатқа дейін болады, оның сыйымдылығы 1,5-3 литрге дейін қарындағы көптеген бездер қарын сөлін бөледі. Оның құрамында пепсин ферменті, оның қызметін күшейтетін тұз қышқылы болады. Сөл бөліну орталығы сопақша мида болады. Шала қорытылған ас ботқасы қарыннан аш ішекке біртіндеп, аз-аздап өтіп отырады. Аш ішектің ұзындығы 5-6 м. Оның басты бөлімі ұлтабар ұшы деп аталады. /12елі/. Ұлтабар ұшына бауыр мен ұйқы безінің сөл шығару өзектері ашылады. Бауырдан бөлінетін өттің әсерінен май ұсақ тамшыларға ыдырайды. Бауыр- мүшелердің тіршілігінен пайда болған ағзадағы улы заттарды залалсыздандырып отырады. Ұйқы безі мөлдір сөл бөледі. Онда сілтілі орта болып, ас қорытылуы ұлтабар ұшында аяқталады. Қоймалжың ас ботқасы аш ішектің келесі бөліміне түсіп соңғы қорытылуға түседі. Бұл қорытылу аш ішектен бөлінетін сөлдердің әсерінен болады. Ішек сөлі кенеулі заттарды ерігіш күйіне айналдырады. Аш ішекте асты кедір-бұдырлы бүрлермен қапталған. Бүрлердің астында қылтамырлар мен лимфа тамырлары орналасады. Олар арқылы ақуыз бен көмірсу қанға, май лимфаға өтеді.


Аш ішекте қорытылмаған заттар тоқ ішекке өтіп, ондағы су қантамырлары арқылы қанға өтеді. Тоқ ішектің басқа бөлігі тұйықталып бүйен деп аталады да, құрт тәрізді өсінді-соқырішек түзеді. Соқырішекте бактериялар көп болады. Ішек таяқшасы ауру тудыратын бактериялардың көбеюіне кедергі жасайды, ағзаға қажет кейбір витаминдердің түзілуіне қатысады.

Ас қорыту жолын тексеру әдістері


  • Зондылау- резина түтікшені қарынға және ұлтабар ұшына енгізу.

  • Рентгенография , УЗИ

  • Эндоскопия – оптикалық прибор енгізу.

Тұрып қалған ас, қайнамаған су, жеке бас гигиенасын сақтамаған жағдайда ішек-қарын ауруларына душар болады.

Қорытындылау. Үйге тапсырма § 44- §49 тірек-сызбаны жаттау.

Тарау бойынша берілетін шығармашылық жұмыс тақырыптары

  1. Ас қорытуды зерттеудегі Павловтың әдісі

  2. Ас қорыту жүйесіне кері әсер ететін жағдайлар

  3. Бауыр – ағзаны құтқарушы

  4. Тамақтану гигиенасы / тәбет, диета, пайдалы тағам /

  5. Ішек қарын аурулары және олардың алдын алу.

Асқорыту мүшелерінің аурулары және олардың алдын алу жолдары

 

Асқазан-ішек аурулары. Сапасы төмен және көп тұрып бүліне бастаған азық-түліктерді пайдалану тамақтан улануға соқтыруы мүмкін. Мұндай жағдай көбіне тұрып қалған шұжықтарды, консервілерді, улы саңырауқұлақтарды пайдалану кезінде байқалады.

Асқазан-ішек аурулары кейде ауру қоздырғыш микробтар арқылы таралады. Ондай микробтар қайнамаған су ішкенде, таза жуылмаған көкөністер мен жемістерді жегенде ағзаға түседі. Таза жуылмаған ыдыстарды пайдаланғанда немесе қолды таза жумаған кезде микробтар ағзаға түсуі мүмкін. Ішекке түскен микробтар тез көбейіп, өздерінен улы заттар бөледі де, ағзаны улайды. Асқазан мен ішектің қауіпті ауруларына – дизентерия (қантышқақ), іш сүзегі, тырысқақ және т.б. аурулар жатады. Бұл аурулардың көпшілігінде дене қызуы көтеріледі, құсады, ішек қызметі бұзылып, іш өтеді. Бұл кезде адам өздігінен емделмеуі тиіс. Ауру белгілері біліне бастағаннан-ақ дәрігерге көріну қажет.


Кейбір ауру қоздырушы микробтар көбіне сілекейдің, қарын сөлінің, өттің әсерінен тіршілігін жояды. Тіршілікке ерекше бейім микробтар ішекке түсуі де мүмкін. Мұндай микробқа тырысқақ ауруының қоздырғышы – тырысқақ вибрионын жатқызуға болады. Оның пішіні үтірге ұқсас. Ол сулы ортада ұзақ уақыт тіршілік етуге әбден бейімделген және тіршілігін ұзақ уақыт жоймайды. Тырысқақ вибрионына хлорлы ізбес тез әсер етеді. Сондықтан да тырысқақ індеті таралған жерде алдымен қолды сабынмен жуады. Одан кейін арнайы дезинфекциялық ерітіндімен қолды шайып, артынан таза сумен жуады. Тырысқақ ауруының микробтары аш ішекті, дизентерия микробтары тоқ ішекті зақымдайды.

Ішек-қарын ауруларын көбіне тағам қалдықтарымен қоректенетін шыбындар, таракандар таратады. Олар тағамдарды әр түрлі ауру қоздырғыш микробтармен, ішек құрттарының жұмыртқаларымен ластайды. Сондықтан да тағамдарды тоңазытқышта, арнайы ыдыстарда, қораптарда сақтау керек. Жәндіктердің жаппай көбеймеуі үшін пәтерлерде, үйлерде, аулаларда гигиеналық ережелерді қатаң сақтау қажет.

Ішек-құрт аурулары. Адам ағзасында пішіні мен мөлшері түрліше ішек құрттары тіршілік етуі мүмкін. Ішек құрттарының көпшілігі жабайы және үй жануарларының ішкі мүшелерінде тіршілік етеді. Ішек құрттары өз иелеріндегі дайын тағамдық заттармен қоректеніп, у бөледі. Бөлінген у ағзаны улап түрлі ауруға шалдықтырады. Ішек құрттарымен зақымданған ауруларға тән белгілер: тез шаршайды, басы ауырады, лоқсиды, құсады. Кейде қаназдық ауруына да шалдығуы мүмкін. Ішек құрт аурулары кейде сырттай білінбегенімен, адам ағзасына көп нұқсан келтіреді.

Адам ағзасы көбіне таспақұрттар, аскарида, қылқұрттар, эхинококкпен зақымданатыны сендерге жануартанудан таныс. Ішек құрттар өте өсімтал келеді. Олардың жұмыртқалары көбіне шыбындар арқылы таралады. Қолды таза жумау, көкөністер мен жемістерді жумай жеу де ішек құрттарының таралуына себеп болады. Ішек құрттары жабайы және үй жануарлары арқылы да таралады. Етті, балықты шала пісірген кезде де, ішек құрттары тіршілігін жоймайды. Балаларда қылқұрттар кір қол, тырнақтары, лас киім, төсек-орын арқылы таралады.


Ішек құрттарынан сақтану үшін әрбір адам өзінің жеке басының тазалығына зор мән беру қажет. Сонымен бірге көпшілік орындарда (мектепте, аулада және т.б.) да гигиеналық талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Тағамнан улану. Тағаммен улану тез арада байқалады. Тамақпен уланудың басты белгілері: іш ауырады, лоқсиды, құсады, іш өтеді, жалпы әлсіздік байқалады. Кейде адамның дене қызуы көтеріледі.

Тамақпен уланған кезде алғашқы көрсетілетін жедел жәрдем – ішекті, қарынды жуып тазалау. Ішті тазалау үшін жылы суға ас содасын (кейде марганцовка ерітіндісін) қосып ішкізеді. Бұл кезде бір стақан суға толық бір шай қасық ас содасы араластырылады. Ішті тазалауды бірнеше рет қайталау керек. Іш тазаланғаннан кейін ауру адамға қою шай беріп, төсекке жатқызады.

Тамақтан уланудан сақтану үшін: тағамдық заттарды көбіне тоңазытқышта ұстау; жылы жерде сақталған шұжық, қалбырлы ыдыстағы консервілерді пайдаланбау керек.

Кейде білместіктен улы саңырауқұлақтар жинап пайдалану да улануға себеп болады. Сондықтан да саңырауқұлақ жинағанда өте абай болу керек. Жеуге жарайтын саңырауқұлақтарды алдымен тазалап алып, жуып содан кейін қайнатады. Қайнатылғаннан кейін ғана қуыруға, тұздауға болады.

Балалар кейде білмей улы өсімдіктердің тұқымдары мен жемістерін жеп улануы да мүмкін. Сондықтан да өздеріңе таныс емес өсімдіктердің жемістерін жеуден сақтаныңдар!

Дұрыс тамақтану және денсаулық. Дұрыс тамақтана білу де денсаулықтың басты шарты. Адам дұрыс тамақтанған кезде ғана ағзасына қажетті тағамдық заттарды толық пайдаланады.

Адам пайдаланатын тағам әр түрлі, әрі қуаты мол нәрлі болуы қажет. Тағамның құрамында өсімдіктекті де, жануартекті де азық-түлік өнімдері болуы шарт. Тамақты дұрыс пайдалану туралы ғылым – диетология деп аталады.

Асқорыту сөлдерінің дұрыс бөлінуіне жеміс-жидектер, көкөністер, жеміс шырындары, сұйық тағамдар әсер етеді.

Ұзақ өмір сүрушілердің басты себептері де дұрыс тамақтана білумен тікелей байланысты.


Тамақтану ережесі. Адам күнделікті бір мезгілде тамақтануға дағдылануы тиіс. Мұндай дағдыға үйренген адамда асқорыту сөлдері дер кезінде бөлініп, тағам тез қорытылады әрі жылдам сіңеді.

Күніне төрт рет тамақтануға дағдыланған дұрыс. Бұл ережені өсіп келе жатқан балалар мен жасөспірімдер есте ұстағаны жөн. Ал ересектер күніне үш рет тамақтана беруіне де болады.

 

Қазіргі кезде тамақты тәулік ішінде ішу мөлшеріне көзқарас өзгеріп отыр. Бұрын тәулік ішінде пайдаланатын тағамның көбірек мөлшері таңертеңгі және түскі астың үлесіне сәйкес келетін. Қазіргі кезде атқарылатын жұмыстардың көпшілігі механикаландырылған және автоматтандырылған. Сондықтан да көп жұмыстарды атқаруда дене еңбегінің қатысуы, яғни энергияны жұмсау азайып отыр. Осыған орай, көпшілік диетолог ғалымдар жұмыс уақытында тойып тамақ ішудің тиімді еместігін ескертеді. Тойып тамақтанған адамдардың асқорыту мүшелерінің қарқынды жұмыс істеуіне сәйкес, оларға қан көп келеді. Оның есесіне миға қан аз келеді де, адамның ұйқысы келеді. Осы арқылы мидың жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Ғалымдар осыны ескере отырып, тәуліктегі төрт рет тамақтанудың мынадай ережесін ұсынады. Бір күн ішінде пайдаланатын тамақ калориясының 20% таңертеңгілік, 20% кешкі астың үлесі болуы тиіс. Ал, сәскелік және түскі астың әрқайсысына 30% үлестен келу керек деп есептейді. Тәулік ішінде пайдаланатын жалпы тағамдар құрамында 15% нәруыздар, 30% майлар, 55% көмірсулар болғаны тиімді.

Әрбір ас ішудің арасын созып алу асқазан ауруларына шалдықтыруы мүмкін. Тамақты сылқия тойып ішу де зиянды. Кешкі асты ұйықтаудан 2 сағат бұрын ішкен дұрыс.

 

Әрбір ас ішудің алдында мұқият түрде қолды сабынмен жуу керек. Тамақтанған кезде, асықпай асты толық шайнап жұтудың да пайдасы зор. Тамақтанып отырған кезде сөйлеу, радио тыңдау, телевизор көру және т.б. қажет емес.

Пайдаланатын тағам өте ыстық немесе өте салқын болмауы тиіс. Ащы тағамдарды көп пайдалану да зиянды. Тамақтанып болған соң ауызды шайып, тісті тазалап, қолды сабынмен жууды да ұмытпаңдар!


 

Тәуліктік қажетті тағамның орташа мөлшері

 


Жеке топтардағы адамдарға қажетті тағамдық заттар

Тағамның құрамындағы заттар

Дене еңбегін қажет етпейтін мамандар

Аздап дене еңбегін қажет ететін мамандар

Дене еңбегін едәуір қажет ететін мамандар

Ауыр дене еңбегін қажет ететін мамандар

Нәруыз (г есебімен)

Май (г есебімен)

Көмірсу (г есебімен)

109

106

433

122

116

491

146

134

558

163

153

631

Тағамның жалпы энергиялық бағалығы (кДж есебімен)

 

13474

 

15086

 

17270

 

 

19942

 


Ас қорыту мүшелері бойынша тірек сызбанұсқалар



Астың қорытылуы және сіңуі:

1 – үстіңгі жақ сүйегі; 2 – тіл; 3 – жұтқыншақ; 4 – сілекей бездері; 5 – астыңғы жақ сүйегі; 6 – кеңірдек; 7 – өңешке түскен ас; 8 – бауыр; 9 – асқазан (қарын); 10 – өт қабы; 11 – ұлтабар (он екі елі ішек); 12 – аш ішек; 13 – ұйқы безі; 14 – тоқ ішек; 15 – тік ішек. а) астың өңешпен жылжуы; ә) жарып көрсетілген асқазанның (қарынның) кілегейлі қабығы; б) аш ішектің кілегейлі қабығы; в) аш ішектің кілегейлі қабығындағы бүрлер




Асқорыту мүшелерінің орналасуы:

1 – бауыр; 2 – өңеш; 3 – асқазан (қарын); 4 – ұйқы безі; 5 – ұйқы безінің өзегі; 6 – ұлтабар (он екі елі ішек); 7 – өт қабының өзегі; 8 – өт қабы







Тістің құрылысы:

І – тіс сауыты; ІІ – тіс мойны; ІІІ – тіс түбірі

1 – кіреукесі (эмаль); 2 – дентин; 3 – дәнекер ұлпалы тіс пульпасы; 4 – цемент заты; 5 – тіс бекінген сүйек; 6 – қан тамырлары; 7 – жүйке талшығы




следующая страница >>