shkolakz.ru 1 2 3

Нүкте


  1. Әрі қарай кең түрде баяндауды ескертетін сөйлемдерден кейін қос нүкте қойылмай, нүкте қойылады. Бұл баяндаудың өзі бірнеше сөйлемдерден құралады, көбінесе жаңа жолдан басталып жазылады. Мысалы: Мен іркіліп қалдым. Оның себебі төмендегідей еді. Аманқұлды мен бірінші рет... көтерілістің алғашқы күндерінде көрдім. Ол кезде таныса қоюға уақыт болған жоқ...

  2. Цифр немесе әріптер арқылы санамаланып айтылған сөйлемдерден кейін нүкте, кейде нүктелі үтір немесе үтір қойылады.

  3. Құрмаласқан жай сөйлемдердің алғашқылары сұраулы болса, олардан кейін де, сөйлемнің соңына да сұрау белгісі қойылмайды, тұтас сөйлемнің типіне қарай көбінесе нүкте қойылады. Мысалы: Тура келем бе, жоқ па – оны біліп боларлық емес.

  4. Бұйыру, тілек мәнді сөйлем екпінсіз айтылса, нүкте қойылады. - Сендер үйге бара беріңіздер. Ол да үйге тез келді.

  5. Драм-қ шығармаларда әр сөйлеуші кейіпкердің атынан кейін нүкте қойылады. Қадиша. Қашқан екеу ғой.

  6. Дәйексөздің келтірілген мысалдың қайдан екені, иесін көрсететін сөздер жақшаға алынады. Егер ашылған жақшаның алдында ешбір тыныс белгісі болмаса, жақша жабылған жерге нүкте қойылады. Қансонарда бүркітші шығады аңға (Абай). Егер ашылған жақшаның алдында нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі, не көп нүкте болса, нүкте жақшаның ішіне қойылуы мүмкін. Егер, жау берілмесе, оны құртар болар! (М.Горький.)

  7. Бас әріптерінен немесе басқы буыннан шартты түрде қысқартылған адам, кітап, газет, журнал, шығарма т.б. аттарының сол қысқартылған әрпінен не буынан соң нүкте қойылады. М.Әуезов, Конс.Симонов т.б.

9. Санамалы нөмірді (кейде § бар) белгілейтін айшықсыз қолданылған цифрдан кейін нүкте қойылады. Тұрақты тіркестер екі түрлі болады

1. Идиомалық тіркестер

2. Фразалық тіркестер


Леп белгісі

1. Ерекше көтеріңкі дауыпен айтылған қаратпа, одағай сөздер мен жоқ, иә деген сөздерден кейін: Тоғжан! Япырмай, жақсы айттыңыз-ау!


2. Ерекше мән бере көтеріңкі айтылған атаулы сияқты сөздерден кейін де леп белгісі қойылуы мүмкін: «Иегі ителгінің тамағындай» деп қызықтырған, асықтырған қалыңдық! Ділда! Мұның жары! (М.Әуезов)

3. Сәлемдескенде айтылатын ішінде сұраулық шылауы бар тіркестерден кейін леп белгісі қойылады: Армысыз, ардақты ата!


Үтір


1. Одағай тәріздес бәсе, жә, қош, қой, құп, жай, бәлем, жарайды (осы мағынадағы жақсы, мақұл, болды, дұрыс, бәрекелді) сияқты сөздер сөйлем ішінде жұмсалған орны мен мағынасына қарай оқшауланып келсе, өзге сөздерден үтірмен бөлінеді: Жарайды, айтам деп әкелгенің екен.

3. Сөйлемдегі иә, жоқ, мә, мәңіз деген сөздер үтірмен бөлінеді: Жоқ, мен білгім келіп сұрап отырмын. Мә, мынаны қарай қарай тұр.

4. Сөйлемдегі оңашаланған айқындауыш мүшелер үтірмен бөлінеді: Жақын жерде, көгалды бұлақ басында, жеті-сегіз үйлі ауыл отыр екен.

5. Сияқты, ретінде, қатар, емес, түгіл деген сөздермен келген және –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақты сөздермен келген тіркестер де оңашаланған мүше сияқты, сөйлем ішінде үтірмен бөлінеді: Мен Әлти ғана емес, Садуақасқа да іштей қайран отырмын.

6. Қарамастан, қоспағанда, есептемегенде деген сөздерге аяқталған сөз тізбектері үтірмен ажыратылады: Аяғының ауырғанына қарамастан, ол шапшаң жүріп отырды.


Қос нүкте


1. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден бұрын тұрса, жалпылауыш сөзден кейін қос нүкте қойылады. Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (Абай).

2. Жалғаулықсыз салаласқан жай сөйлемдер бір-біріне түсінік болып яғни соңғысы не соңғылары алдыңғы сөйлемнің мазмұнын ашып тұрса, араларына қос нүкте қойылады: М: Ол енді байқады: жол шетінде жүк машинасы тұр екен.

3. Өйткені, себебі сияқты жалғаулықтар түсіп қалып жасалған салаластарда жай сөйлемдердің арасына қос нүкте қойылады: Салған әні - жан дүниемізді балқытты: даусы аса әсем екен.



Нүктелі үтір


  1. Нүктелі үтір санамаланып айтылған, мағыналары ыңғайлас сөйлемдерден кейін қойылады. Олардың әрқайсысы кіші әріптен басталып жазылады. Бұлардың әрқайсысы цифр немесе әріптер арқылы көрсетілуі немесе әріптер не цифрлар арқылы дараланып көрсетілмеуі мүмкін.

2) Мағынасы, мазмұны, құрылысы жағынан ұқсас келетін бірыңғай сөйлемдердің әрқайсысынан кейін нүктелі үтір қойылады:

Біз Алатаудай ел едік,-

Теңемек болды ойға жау;

Біз тасыған теңіз сел едік,-

Теңемек болды шөлге жау.


Көп нүкте


1) Сөйлеуші белгілі бір себептермен (қатты асып-сасу, таңғалу, сүйсіну, елестету, тұтығу, әлсіреу т.б) сөздерін, ойын бөліп-бөліп айтқанда бір сөздің ішіндегі әріптердің арасына, ал ойы бітпей қалғанда сөйлемнің соңына да көп нүкте қойылады. М: Құдайберді есіне көзімен нұсқап:

- Адам бола ма?!. Болар ма!.. Інілерің міне... Кім боларын... Не көрерін қайдан...білейін,- деді (М.Әуезов).

2) Бір нәрсе жөнінде айтайын деген пікір ұмытылып қалғандықтан, оны үзілді-кесілді еске түсіруде көп нүкте қойылады. М: - Аға! Әлгі бір журналда жазылған жетім бала бар ғой... Жетімге... жетімді оқытып... оқытады... ақша беріп... деп... деген журналдан оқып ем, мені сонда ала кетсең қайтеді аға!

3) Кейбір пікірлерді айтып жатудың артық екендігін білдіру үшін қойылады. М: Отын, су, пәтер... тегін беріледі

4) Алынған дәйексөздің ара-арасынан сөйлем не сөздер қалдырылған жағдайға сол жерге көп нүкте қойылады.


Сызықша


1. Бастауыш зат есімнен немесе заттанған (зат есімдік мәнге ие болған) басқа сөз таптарынан, баяндауыш та атау тұлғадағы зат есімнен не заттанған басқа сөз таптарынан болғанда: Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы.

2. Алдында жалпылауыш сөзі бар бірыңғай мүшелерден кейін сөйлем аяқталмаса, ең соңғы бірыңғай мүшеден соң сызықша қойылады. М: Бірсыпыра ірі өзендеріміз: Лена, Обь, Енисей – Солтүстік Мұзды мұхитқа құяды.


3. Құрмаласқа енген жай сөйлемдерді байланыстырып тұратын бірақ, сонда да, алайда, сондықтан, дегенмен сияқты жалғаулықтар түсіп қалып айтылғанда, олардың орнына үтір мен сызықша қойылады: Тұрайын деп еді, – тұра алмады.

4. Сонда, сонша, сондай, соншалық, сол, мынау, мынадай деген сөздерге аяқталған тіркестен кейін жеке сөйлем тұрса, бұл сөздерден кейін сызықша қойылады: Алмастың әңгімесінің ұнайтыны сонша – ол қанша сөйлесе де, бөлгім келмейді.

5. Мекен, уақыт, сан шендестігін білдіретін сөздердің арасына сызықша қойылады. (Ол -дан жалғауы мен шейін шылауының мағынасын білдіреді): Институтта күніне 6 – 8 сағат лекция болады.


Тырнақша


  1. Дәйексөз тырнақшаға алынады. Мысалы: Бұл жайында М.Горькийдің мақал-мәтелге берген бағасын келтіруге болады: «Мақал мен мәтел еңбекші халықтың тарихын, әлеуметтік барлық өмір тәжірибелерін қысқа түрде айтып береді».

  2. Көркем шығармалардың ішінде келтірілген үлкенді-кішілі хаттар тырнақшаға алынады.

  3. Айтылмаған сөздер, яғни біреудің ойлағаны айтуға оқталып, бірақ әлі айтпағаны: «Осы өнерді қайтсем де меңгерермін!»- деп, ішімнен өзіме-өзім ант еттім.

  4. Объект етіп алынған жеке сөйлемдер, сөздер не сөз тіркестері, сондай-ақ әріптер, буындар тырнақшаға алынады: «А» дыбысы – ашық дауысты дыбыс.

  5. Мақал-мәтелдер, афоризмдер сөйлем ішінде тырнақшаға алынады, бірақ оның алды-артынан, төл сөзге тиісті тыныс белгілері қойылмайды. «Қалауын тапса, қар жанады» деген мақал – үлкен философия.



БЕРІКБОЛОВА Ә.Ж.

С. Аманжолов атындағы

ШҚМУ-дың
қазақ тілі

және әдебиеті кафедрасының

оқытушысы
, филология ғ.к.


АУДАРМА ТІЛІНДЕ ТУЫНДАҒАН КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕР

Қазақ тілінде ісжүргізу әрекеті бір бүгін қолға алынып отырған жоқ. Алғаш 1921 жылы қазақ тілінде ісжүргізу міндеттеліп, құжаттарды алдымен қазақ тілінде, кейін орыс тілінде жүргізу белгіленіп, аяқсыз қалады, берітінде 1957 жылы Республика министрлер Кеңесі қазақ тілінде ісжүргізу жөнінде шешім қабылдаған ол да аяқсыз қалған. Қазіргі қоғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы аудармамен шектеліп тұрғаны белгілі. Нормативтік-құқықтық құжаттардың, бұйрықтар мен хаттамалардың көпшілігі орыс тілінде дайындалып, қазақшаға тексерушілер үшін, мемлекеттік тілдегі құжаттардың пайыздық көрсеткішін ұлғайтып көрсету үшін аударылып қойылады. Жуық арада мемлекеттік ор­гандар аудармасыз қадам жасай алмайтыны да ащы шындық. Ендеше, мемлекет үшін сауатты, сапалы аударманың маңызы өте зор. Сауатты, сапалы аударма жасау - аударма тілінде туындаған басты мәселе. Аудармалар сапалы болуы үшін не керек?


Біріншіден, екі тілді еркін меңгерген, ісқағаздарын екі тілде де сауатты жазатын аудармашылар керек. Өйткені, екі тілдің қыр-сырын мүлтіксіз меңгермеген адам көпке түсінікті аударма жасай алмайды. Қазіргі аудармашылар кімдер? Кәсіби мамандар ма әлде кездейсоқ адамдар ма? Шынын айту керек, арнайы оқып-үйренген мамандар жоқтың қасы, тек бірді-екілі аудармашылар ғана жоғары оқу орнында аударманың теориясы мен тәжі­рибесін оқыған болуы мүмкін. Негізінен, журналистер, филологтар, тарихшылар, орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті­нен сабақ беретін мұғалімдер, арасында басқа мамандық иелері де бар. Нақтылап айтсақ, қазақ тілінде жаза алатын, орыс тілін білетін әртүрлі мамандық иелері. Арасында орыс тілін білмейтін, жорамалмен аударатын адамдар да жоқ емес. Аудармадағы сауатсыздық терминологиялық комиссия бектпеген, не бұрын бекітіп, қайта өзгерткен атауларды пайдаланудан да көрініп отыр. Нәтижесінде сауатсыз аудармалар легі толассыз ағылып жатыр. Мысалы, аттестационная комиссия – аттестаттау комиссиясы / аттестациялық комиссия; должностная иснтрукция – лауазымдық нұсқаулық/ қызметтік нұсқау, қызметтік ереже; индивидуальный трудовой договор – жеке еңбек шарты / дара еңбек келісім-шарты; начальная военная подготовка – бастапқы әскери даярлық / алғашқы әскер даярлығы; пункт назначения – межелі орын / тағайындалған орын; обслужвание – қызмет ету/қызмет көрсету; оптимальный – оңтайлы/тиімді; приемная – қабылхана/қабылдау; принцип – қағидат/қағида; предшкольный-мектепалды/мектепке дейінгі; устойчивый – орнықты / тұрақты т.б.

Екіншіден, орталық органдардың аудармашыларында бірізділік, ортақ стиль болмай отыр. Өйткені, олардың басын қосатын, кеңес­тіретін, келістіретін, аудармашылардың кәсіби біліктілігіне баға беретін, білімін шыңдайтын, бас­қа аудармашылармен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін, жаңадан бектіліген терминдер, аудармашыға қажетті сөздіктер, көмекші құрал, оқулықтарды електен өткізіп, айналымға енгізуге болатынын сұрыптап отыратын құзырлы орын жоқ. Осы жылдан бастап біз ісқағаздарын тек мемлекеттік тілде жүргіземіз деу,- әзірше «қиял» ғана. Себебі, әркім өз білгенінше аударады, кейбірінің аудармасын оқығаннан гөрі түпнұсқасын оқығаның артық. Ал, осындай бірізділіктің болмауынан өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге деген көзқарасы, құрметі қалай болмақ? Сондықтан, мемлекеттік тілге іс жүзінде көшкенге дейінгі кезеңде сапалы аудармалар арқылы мемлекеттік тілдегі сауатты, сапалы құжаттар қорын қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізілсе, нәтижесі жаман болмас еді. Әр мекеменің ішкі құжаттарын әр аудармашы әртүрлі аударса да, кіріс-шығыс құжаттарында бірізділік болу керек. Мысалы, исходящие – шығасын / шығатын, шығыс; служебная записка – қызметтік жазба / қызметтік хат, баянхат; заявка – мәлімдеме/ өтінім, тапсырыс; символ – нышан/ рәміз; кредит-кредит/ несие; режим-режім / тәртіп; вакансия-бос жұмыс орны/вакансия; заработная плата – жалақы / еңбекақы, төлемақы.


Қазіргі кезде тіліміздің толыққанды қолданылуына қатысты сөздіктерде де ала-құлалық орын алған. Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әртүрлі жазылуы бәрімізді де жаңылдырады. Қайбір басылымдар сөзжасамның неше түрлі нұсқаларын ұсынып жүр. Олардың принципіне сүйенсек, аударылмайтын бірде бір сөз болмауы керек. Қазақ тілінде термин қабылдаудың ғылыми принциптерін негіздеп, қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген, термин жасауда тіліміздің мүмкіндігін сарқа пайдалану керектігін жақтаған ғұлама ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Қуанұлы Жұбановтар халықаралық терминдерді жаппай аудара беруге болмайтынын ескерткен еді. Сондықтан аудармашыларға керек жерінде аудару қажет дегенді баса айтқым келеді. Оңды-солды аударудың салдарынан жұрттың қылжағына айналған сөздер көбейіп, кейде өз сөзімізді өзіміз түсінбей жататын жағдайға жеттік. Мысалы: Фонтанды-«шаптырма», бассейінді-«әуіт», канализацияны-«кәріз», ярлыкті-«ен», газетті-«жариядат», минералды – «арасан», энциклопедияны – «мағлұтнама», технологты – «жасалымгер», таблетканы-«түймедақ» десек кім түсінеді. Бұл - жаппай аудару керек деген қағидаттың нәтижесі. Аудармашылар терминдерді аударғанда абай болған жөн. Сондықтан ісжүргізу бойынша қажетті анықтамалық құралдар мен сөздіктердің шығуына бақылау жасалса дұрыс болар еді. Себебі, сапасы бар, жоқ сөздіктер де, сөздік шығарушылар да көбейіп кетті. "Бұрын қалыптасқан сөздердің жаңа баламалары пайда болып, жұртты әбден шатастырды. Мысалы, "охрана" сөзі әуелде "күзет" деп алынған еді. Енді оны қазақ тілді басылымдар "қорғауыл", "сырттауыл", "сайдауыл" деп алып жүр. "Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса" деген мақал тілге жүрмейтін болар?". Көпке топырақ шашудан аулақпыз, сапалы сөздіктер мен анықтағыштар да жоқ емес, бірақ оларды іріктеп, қолданысқа түсіру жағы дұрыс емес.

Тіл мәселесіне қатысты баршаға аян бірқатар заңнамалық актілер бар. Олардың біріншісі – «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңы, одан кейін – Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Осы негізгі құжаттарда айтылған біраз жайдың орындалмай жатқаны белгілі. Алдымен Тіл туралы заңды алсақ. Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және ісқағаздарын жүргізу тілі», – деп жазылған. Бірақ осы қағидатты ойдағыдай жүзеге асыруда түрлі органдарда нақты әрекет тіпті жеткіліксіз. Себебі, қандай бір құжатты алсақ, кез келген мекемеде алдымен орыс тілінде даярланады, ал олардың мемлекеттік тілдегі нұсқасын дайындау тұтастай аудармашының еншісіндегі іске айналды. Мемлекеттік тілде құжаттарды әзірлеу қолдан келмейді екен, тым болмаса оларды аудару сапасын жақсарту қажет. Сондықтан аудармашы мамандар аударма ісінде төмендегі қағидаттармен үнемі жұмыс жүргізуі керек:


- ресми құжат мазмұнын қысқа әрі тұжырымды тілде жазуда;

-ол тұжырымдардың дәл, нақты болуында;

-сөздер мен терминдер нақты өз мағынасында пайдалануда;

-терминдер мен тұрақты оралымдардың бірегейлігін сақтауда;

-бірнеше нұсқадағы терминдердің мүмкіндігінше терминологиялық комиссия тарапынан бекітілген немесе ресми тілде стандартталған, сондай-ақ жазба тілде қолданылу жиілігі жоғары нұсқасын пайдалануда;

-өзі аударған мәтіндегі сөйлемдерді (абзацтарды) түпнұсқамен салыстыруда;

-аударманың әрбір сөйлемінде, қолданылған терминологияның бірізділігін, мазмұндау логикасының түпнұсқаға сәйкестігін тексеруде;

-мәтінді аударма тіліне жатпайтын ұғымдар мен тіркестерден арылтуда;

- мағыналық және стилистикалық түзетулер енгізуде. Осы жолда әрбір аудармашы өзімен үнемі жұмыс жүргізуі керек.

Аудармашы жұмысқа қажетті материалдармен (қағазбен, кеңсе бұйымдарымен), сондай-ақ жалпы және арнаулы сипаттағы сөздік-анықтамалық материалмен:


  1. Арнаулы сөздіктер

А. Қос тілді арнаулы сөздіктер

Б. Бір тілдегі арнаулы сөздіктер

II. Арнаулы (терминологиялық) энциклопедиялар

III. Анықтамалар

IV. Арнаулы әдебиет

V.Автоматтандырылған жүйенің дерекқормен уақытылы қамтамасыз етілуі тиіс.

Өз тәжірибемде пайдаланып жүрген төмендегі еңбектерді келтіре кеткім келеді:

1. Жаңа атаулар. Алматы: Ана тілі, 1992. 118б. (авт. бірл.: А.Алдашева, Ш.Сарыбаев).

2. Емлесі қиын сөздер. Анықтамалық сөздік. Алматы: Балауса, 2000

3. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы, 2001.-430б.

4. Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі //(авт. бірл.: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова т.б.). Алматы: Арыс, 2005.

5. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі //(авт. бірл.: Қ. Есенова, Н.Әміржанова, С.Жапақов, Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова т.б.). Алматы: Арыс, 2005.


6. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі //(авт. бірл.: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова т.б.). Алматы: Арыс, 2006.

Сөз соңында айтарым алдымызда тұрған ендігі міндет – жоғарыдағыдай жайларды және олардан туындайтын өзге де мәселелерді байыппен шешу. Ол мәселені шешуді өзіміздің ұлтымыздан бастау керек, егер өзіміз сауатсыздыққа бой алдырсақ, онда басқа ұлт өкілдерінен тілге деген құрметті қалай күтуге болады? «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Тілсіз ұлт болмайды. Өз тілімізді сақтау, өз тіліңді құрметтеу отаншылдық рухты оятуға қызмет етеді, әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз» - деп Елбасымыз айтқандай тіліміздің мерейін көтеріп, асқақтату баршамыздың басты міндетіміз болып есептелетінін естен шығармайық ағайын!



<< предыдущая страница   следующая страница >>