shkolakz.ru 1 2 3

И. Қ. БЕРКІМБАЕВА

ШҚО әкімі аппаратының

мемлекеттік қызметшілерді

қайта даярлау және біліктілігін

арттыру өңірлік орталығының

тілдерді дамыту бөлімінің бастығы


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫН КЕҢЕЙТУДЕГІ ІЛЕСПЕ АУДАРМАНЫҢ РӨЛІ


Арнайы заманауи құрал-жабдықтармен, микрофондармен, құлақшалармен, жабдықталып жүзеге асатын ілеспе аударма жаңа заманның құбылысы болып саналғанымен, аударма өнерінің көне дәуірден келе жатқаны бәрімізге аян. Біздің елімізде де мемлекеттік тіл аясында жүргізіліп жатқан саясат нәтижесінде аудармашылық қызметке деген талап күннен-күнге жоғарылауда. Қоғамымызда жазбаша аударамамен қатар ауызша аударма түріне деген сұраныс та артып отыр. Қалай десек те жазбаша аударма көп сынға ұшыраса да, жан-жақты дамып, сапасы жағынан да жетіліп келе жатқаны қуантады. Дегенмен қазір көптеп жүргізіліп жатқан конференциялар, семинарлар, мәжілістер, отырыстар, келіссөздер, самиттер, форумдар ауызша аударманың көмегінсіз іске аспайтыны да белгілі бола бастады. Қазіргі қоғамымызға қажетті ауызша аудармашылық қызмет көрсету деңгейіміз қандай? Қоғамымызды кәсіби деңгейдегі ауызша аудармамен қамтамасыз ете аламыз ба деген сұрақтар төңірегінде ойланып көрсек, бұл өте көптеген мәселелердің басын ашары сөзсіз. Бұл біріншіден, елімізде сапалы кәсіби деңгейде ілеспе аударма жасайтын мамандардың саусақпен санап аларлықтай аздығы, ал оның себебі екінші бір мәселені туындатады, ол елімізде кәсіби біліктілігі жоғары ілеспе аудармашыларды дайындайтын оқу орындарының жоқтығы. Тағы бір айта кететін жайт, қоғамымызда екі тілді білетін кез келген адам ауызша аударма жасай алады деген қате пікір қалыптасқан, осының нәтижесінде сапалы әрі кәсіби ілеспе аударма жасаудан гөрі жалпы мазмұндық аударма жасау етек алып отыр. Бұл аударманың сапасын айтарлықтай төмендетеді, сонымен қатар қоғамда аудармашылық қызметке деген жағымсыз пікірді қалыптастырады және аудармашының мәртебесін, беделін түсіретіні сөзсіз. Аталған мәселеге мемлекеттік тұрғыда әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Мемлекет тарапынан ілеспе аудармашылардың қоғамдық- әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Аудармашыларға ілеспе аударма жасауға үйрететін курстар, оқыту тәжірибелерін ұйымдастыру, әдістемелік көмек көрсету, сапалы ілеспе аударма жасау үшін психологиялық, техникалық жағдайлар жасау, аудармашыға білімі мен біліктілігіне қарай кәсіби біліктілік беру, соған сай еңбекақы төлеу сияқты шаралар қарастырылуы керек деп ойлаймын.


Шығыс Қазақстан облысы бойынша тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен қалалар мен аудан орталықтарының мемлекеттік органдары ілеспе аударма жасайтын құрал-жабдықтармен жабдықталды. Бұл мемлекеттік органдардың аудармашыларына арналған мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру ШҚ өңірлік орталығында «Ілеспе аударма мәселелері» атты 60 академиялық сағатқа арналған курс ұйымдастырылды. Курс барысында аударма теориясы, ауызша аударма түрлері, негізгі және аударылатын тілдер стилистикасы, ауызша аудару техникасы мен әдістемесі, сөйлеу техникасына көңіл бөлінді. Дәрістерді өткізуге С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-нің филология ғылымдарының кандидаттары, аударма теориясы мен практикасы кафедрасының оқытушылары шақырылды. Әрине мұндай қысқа мерзімде ілеспе аудармашылық қызметінің қыр-сырын толық игеру мүмкін емес, дегенмен аудармашылар ілеспе аударма жасауға қажетті дағдылар мен қабілеттерін қалыптастыруға мүмкіншілік алды.

Курс тыңдаушыларының ілеспе аудармашының қызметі тек екі тілді жетік білуімен ғана шектелмейтініне, ілеспе аудармашы, сонымен қатар, жеке басының ерік-жігері күшті, дүниетанымы кең, білімі терең, аналитикалық ойлау қабілеті бар, жылдам рекциялы, конфуздық жағдайларда қобалжып, асып-саспайтын, өзін-өзі ұстай алатын, бір сөзбен айтқанда психологиялық жағынан тұрақты, дайындығы бар, есте сақтау қабілеті жоғары, есту, есте сақтау, сөйлеп отыру сияқты әрекеттерді бірден іске асыра алатын, мәдениеті жоғары тұлға болу керек екеніне көздері жетті.

Біздің көптеген мемлекеттік органдардың басшылары мекемені ілеспе аударма құрал-жабдығымен жабдықтаумен барлық мәселе шешілді деп ойлайды. Көптеген жерлерде бұл құрал-жабдықтар өз қолданыстарын таппай бостан-бос тұрғаны, я болмаса жасалып жатқан ілеспе аударманың сапасын арттыруға аса көңіл бөле қоятын жауапты тұлғалардың болмауы қынжылтады.

Ілеспе аудармашы алдын-ала мәжілістің күн тәртібінде қарастырылатын мәселелердің мазмұнымен, баяндамалармен (екі тілде), терминологиясымен, қысқартылған сөздермен, цифрлармен, қосымша қолданылатын таратпа материалдарымен, слайдтар, диаграммалардың мазмұнымен, пікірталас тудыратын сұрақтармен қатысатын адамдардың тізімімен, лауазымдары туралы мәліметтермен толық қамтамасыз етілуі керек. Бір сөзбен айтқанда, іс-шараларды ұйымдастырушылар да ілеспе аударманың сапалы әрі кәсіби деңгейде жасалуында маңызды роль атқарады.


Біздің елімізде ілеспе аударманың техникасы, әдістемесі туралы зерттеулер, ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Қазақ тілінен басқа тілдерге ілеспе аударма жасау негіздерін ғылыми тұрғыдан зерттеу, қалыптастыру тіл қолданысының тағы бір қырынан мүмкіншіліктерін ашатыны сөзсіз.


Ф. Қ. КӨККӨЗЕВА

Облыс әкімі аппаратының

құжаттамалық және бақылау

бөлімінің бас маманы


РЕСМИ ҚҰЖАТТАРДЫ АУДАРУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


  1. Ісқағаздарын жүргізудің нормативтік базасы


«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы № 213 Заңы;

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 Заңы;

«Заңға тәуелді нормативтік құқықтық кесiмдердiң жобаларын ресімдеу және келісудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы № 773 қаулысы;

«Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік ережелерін, сақтау мерзімдерін көрсете отырып мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде жасалатын үлгілік құжаттардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2009 жылғы 25 қыркүйектегі № 128 бұйрығы.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» тіл саясатын іске асырудың алғашқы кезеңінде негізгі төрт бағытта іс-шаралар жүргізеді. Соның бірі –ресми іс жүргізуді мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшірудің нақты негізін жасау.

Ісқағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші.

Ісқағаздарының түрлері өте көп, олардың негізгі түрлерін мақсаты мен мазмұнына, жасалған орнына, жасалу сатысына, қызметіне, формасына, т.б. ерекшеліктеріне қарап топтастыруға болады.

Іс қағаздарының түрлері үшке бөлінеді:


І. Азаматтық қарым-қатынас құжаттары.

ІІ. Жеке бас құжаттары.

ІІІ. Басқару, ұйымдастыру құжаттары.


І. Азаматтық қарым-қатынастарды реттейтін құжаттар.

Оған төмендегідей құжаттар жатады:


  1. сенімхат

  2. кепілхат

  3. өтінім

  4. тапсырыс

  5. келісімшарт

  6. еңбек шарты

  7. шарт

  8. келісім


ІІ. Жеке бас (адам өміріне қатысты) құжаттар.

Оған мынадай құжаттар жатады:

  1. өмірбаян

  2. түйін

  3. жеке іс парағы

  4. визит карточкасы

  5. өтініш

  6. арыз

  7. мінездеме

  8. кепілдеме

  9. кеден мағлұмдамасы

  10. жеделхат


ІІІ. Басқару, ұйымдастыру, өкім шығару қызметіне қатысты құжаттар.

Оған төмендегідей құжаттар жатады:

  1. Заң

  2. үкім, өкім

  3. қаулы, шешім

  4. Жарлық

  5. Жарғы

  6. мемлекетаралық шарт

  7. Ереже

  8. бұйрық

  9. хабарлама

  10. нұсқау

  11. ресми хаттар

  12. хаттама



  1. Ісқағаздар тілі- қазақ әдеби тілінің бір тармағы

Ресми іс қағаздарының тілі- әдеби тілдің стильдік тармақтарының бірі болып табылады. Әдеби тіл- жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары бар, қоғамдық қызметі әр алуан тіл. Әдеби тіл жалпы халықтық тілдің ең жоғары формасы болып есептеледі. Қоғамның, мемлекеттің дамуымен байланысты, сол мемлекет тілінің байлығы, мәдениеті артып, қолданылу аясы да кеңейе түседі. Мемлекет тілі- көркем әдебиеттің, ғылымның, іс қағаздарының, өнер-білімнің, баспасөздің тілі. Тілдің қалыпқа түсуі, дамуы, халықтың жазба мәдениетімен тікелей байланысты. Жазба мәдениет арқылы тіл байлықтары екшеленіп, құрылысы да жүйелі қалыпқа түсіп дамиды.


Әдеби тілдің негізгі белгілерінің бірі- бірізділік (унификация, единые правила). Бұл бірізділік тілдің орфографиясында да, грамматикасында да, терминологиясында да сақталуға тиіс. Яғни тілдегі сөздердің бірыңғай айтылу нормасы, жазылу нормасы, қолданылу нормасы болуы керек.

Жазба әдеби тіл мемлекеттің ресми тілі болғандықтан оның қызметі де, қолданылу аясы да барынша кең болады. Тіл мемлекетте жүргізілетін іс қағаздарының, әдебиеттің, оқу-ағарту, тәрбие жұмыстарының, саясаттың, өнер-білімнің, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық салаларында қызмет атқарады.

Соның ішінде, бүгінгі күні біздің қоғамымызда ерекше назарда болып отырған ресми іс қағаздар стилі (ресми іс қағаздарының түрлері, заң шығарушылық құжаттар, дипломатиялық және әскери құжаттар).

Ресми іс қағаздарының тілі –бір қарағанда стандартты, қалыптасқан клише түріндегі тіл сияқты болғанымен, шын мәнінде қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сәйкес сұрыпталған, жіктелген лексикалық-грамматикалық жүйесі бар тұтас құрылым. Дәлірек айтқанда, ресми тілдің кеңсе іс қағаздары сияқты түрлері де, заң құжаттары да, арнаулы бланкілерге толтырылатындары да қазақ тілінің тілдік жүйесін, лексикалық-грамматикалық, орфографиялық нормаларын жетік меңгеруді қажет етеді.

Ресми құжаттардың тіліне қойылатын талаптардың тағы бір легі- экстралингвистикалық факторларға байланысты: біріншіден, кеңсе іс қағаздары да, заң құжаттары да логикалық шындыққа сай жазылып, екіұдай пікір тудырмайтындай болуы керек; екіншіден, орыс және қазақ тілдерінде жасалған ресми құжаттар нұсқаларының арасында мағыналық-мазмұндық және стильдік алшақтық болмауға тиіс; үшіншіден, олардың қай түрлерінде де тілдің конверсиясына (нормасы мен узусына) тән тілдік құралдардың игерілуі міндетті. Ал бұл аталғандар құжаттарды әзірлейтін, жүргізетін, жазатын маманның кәсіби біліктілігін (қазақ тілін жетік меңгеруін) талап етеді.


  1. Ресми құжаттарды аударудың ерекшелігі



Кез-келген ресми құжат қоғамдық және еңбек қарым-қатынастарын реттеп, талдап отырады, демек, ресми тілде қолданылатын тілдік құралдарды, емле ережелерін қолдануға нақты талаптар қойылады.

Мұндай талап қазіргі қолданыстағы заңдарда да айқындалған. Мәселен, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабын алып қарайық.

«18-бап. Нормативтiк құқықтық актi мәтiнiнiң мазмұны мен жазылу стиліне қойылатын талаптар.

2. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тіл нормалары мен заң терминологиясы сақтала отырып жазылады. Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ ережелер болмауға тиіс. Баптың (тармақтың) мәтiнi басқа баптарда (тармақтарда) қайталап жазылмайды».

Ресми құжат- тұтас құрылым, сондықтан онда:

- мазмұнның қысқа, әрі тұжырымды түрде баяндалуы (жазылуы) тиіс;

  • тұжырымдардың дәл, нақты түрде болуы;

  • терминдер мен тұрақты орамдардың бірегейлігі сақталуы тиіс;

  • сөздер мен терминдердің нақты өз мағынасында пайдаланылуы;

  • бірнеше нұсқадағы терминдердің мүмкіндігінше Мемлекеттік терминология комиссиясы тарапынан бекітілген немесе ресми тілде стандарталған, сондай-ақ жазба тілде қолданылу жиілігі жоғары, яғни, нормаға айналаға бастаған тұлғасы пайдаланылуы тиіс;

  • қазіргі әдеби тілдің нормасында көнерген сөздер, сирек қолданыстағы сөздер, бірқолданыстағы сөздер болып саналатын лексикалық элементтер, сондай-ақ бейнелі, образды фразеологизмдер, қарапайым лексикаға тән тұлғалар қолданылмайды;

  • талдаудың, шешімнің мазмұны екіұдайылық тудырмас үшін көсемсөз стилінің тілдік-стильдік элементтері араластырылмауы қажет.

Ресми құжаттарды ресімдеуге қазақ емлесі ережелерінің сақталуы қадағаланады, сондай-ақ емле қағидаларына баса назар аударылады.


Ісқағаздарын қазақша жүргізуді қалыптастыру үлкен де жауапты іс. Қазіргі таңда белең алған бір құбылыс іс қағаздарын түгелдей орыс тілінен аударып алып жатырмыз. Тіпті бір сөзін, бір тіркесін мүлт жібермей, түгел аударып отырамыз, мұндай жағдай түсінбеушілікке әкеліп соғуда. Бұл жердегі түсінбеушілік ең алдымен, қазақша баяндалған мәтіннің стиліне байланысты. Әр аудармашының стилі бөлек деген уәж айтушылар бар, бірақ, ресми ісқағаздарының стилінен ауытқуға болмайды, жазғаныңыз оқыған адамдардың барлығына бірдей түсінікті болып, сөйлем дұрыс, әдемі құрастырылуы тиіс.

Осы жерде тіліміздің аса бай сөздік қорын орынды, ұтымды қолданып жүрміз бе деген сауал туындайды. Мысалға жекелеген сөздер сөз тіркестерін алып қарайық. Акимам городов и районов- қала және аудан әкімдеріне (дұрысы –қалалар мен аудандар әкімдеріне), месячный срок -айлық мерзімде (дұрысы –бір ай мерзімде), рассмотрено руководством района (управления, школы, акционерного общества)- аудан басшылығымен қаралды (дұрысы- аудан басшылығы, басқарма бастығы, мектеп әкімшілігі немесе директоры, акционерлік қоғам басшылығы қарады, қарастырды), подписано директором (начальником)- директормен қол қойылды (дұрысы- директор, бастық қол қойды), имеется 5 компьютерных классов- 5 компьютерлер сыныптары бар (дұрысы- 5 компьютер сыныбы бар немесе 170 орта мектеп жұмыс істейді) т.с.с. «Тұлға» сөзінің қолданылуы туралы. «Тұлға» -қоғам және өнер қайраткерлеріне, жоғары лауазымды, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсенді қатысатын адамдарға қатысты айтылады. Лица, страдающие алкоголизмом или лица безопределенного местажительства- алкоголизмге шалдыққан тұлғалар немесе тұрғылықты тұратын орны жоқ тұлғалар деп жүр, бұл жерде тұлғалар емес, адамдар немесе алкоголизмге шалдыққандар (адам екені белгілі), представить информацию десе ақпарат ұсынсын деп қана жазады, көп жерде берсін, тапсырсын, жіберсін деп қолдануға болады. Бұдан басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады. Сөйлемнің сөздерден құралатынын ескерсек, осындай жекелеген сөздерді қай жерде қалай қолдану керектігін дөп басу тану сөйлем нормасының сақтала отырып құрастырылуы, яғни стилінің дұрыс болуы деген сөз.


Ісқағаздарының түрлі нұсқалары, түрлі сөз қолданыстары белең алған фактілер де баршылық. Біздің мақсатымыз тәжірибеге сүйене отырып, ана тілінің өз заңдылықтарын сақтап, тілдегі мол сөз байлығын мүмкіндігінше сарқа пайдалана отырып, ұлттық іс қағаздарын қалыптастыру.

Қазақ тілінде қолданылып жүрген қалыптасқан сөз орамдарының көпшілігі орыс тілінің ықпалымен жасалған: қызу мақұлдау, қызу қарқын, тұрмыстық қызмет, қызмет көрсету, жүзеге асыру, қамтамасыз ету, өз күшінде қалдыру, қол жеткен табыс, кең жол ашу, іске қосу, мәселе көтеру, алғыс жариялау, сөгіс жария

Көптеген сөздер белгілі стильге телулі болады, қолданылу жағынан шектеліп отырады. Мысалы: тағайындалсын, міндеттелсін, айқындалсын, жүктелсін, шешім қабылдады, қаулы етеді, жарлық етеді т.б.

Ресми іс қағаздарында кейде бір заттың, я ұғымның атауы қолданылу орнына қарай әр түрлі аталады. Мысалы, адам деген сөз ресми құжаттарда – азамат, жолдас, лауазымды тұлға, телефон станциясында – абонент, ательеде – тапсырыс беруші, шаштаразда – клиент, ауруханада – науқас, санаторийде – демалушы, тынығушы, көлікте – жолаушы т.б. болып табылады.

Қазақтың даңқты Батыр ұлы Бауыржан Момышұлы «Өз тілінің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екіталай» деген екен. Сондықтан, осындай жауапкершілігі жоғары, мемлекеттік маңызы бар істе білім мен біліктілікті, сауаттылықты қатар алып жүргенде ғана жұмысымыз табысты болары сөзсіз. Данышпан Абай бабамыздың сөзімен айтсақ: «Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге».

<< предыдущая страница