shkolakz.ru 1 2 3 4

1.3. Ойлау формалары


Ойлау түрлі формаларда жүзеге асады. Ой процесінің негізгі формалары – пікір және ой қорытындысы болып табылады. Олардың формалары да алуан түрлі болып келеді. Осы мәселелерге де тоқтап өтейік.

Пікір дегеніміз – құбылыстар арасында байланыс орнату.

Пікірде адам белгілі зат туралы өзінің ойын айтады, олардың заттар арасына орнатқан байланысын немесе қайсыбір құбылысқа деген өз қатынасын білдіреді. Демек, пікірде тек ой, яғни танымдық процесс қана бейнеленбейді.

Пікірден адамның сезімі де, оның ниеті де көрініп отырады. Пікірдің көрінісі және оны сипаттайтын ерекшеліктері де көп.

Адам өз пікірінің шынында да ақиқат жайды білдіретініне, дұрыс екеніне басқаларды немесе, тіпті, өзін-өзі нандырғысы келсе, ол оны негіздейді. Бұл үшін адам өмірден белгілі және тексерілген фактілерді, ғылыми дәлелдеген заңдарды келтіреді, түрлі дәлелдерге сүйеніп, логикалық болжамдар жасайды. Мұндай жағдайда пайымдау пайда болады.

Пікірдің әр түрін, оның формаларын, ерекшеліктерін логика ғылымы зерттейді. Психология, негізінен ойлау формасы ретінде пікірдің мазмұнын зерттейді.

Көпшілік жағдайда адам пікірлер жүйесін ғана емес, сондай-ақ ой қорытындысы жүйесін де, яғни, ол бар деректер негізінде жасаған тұжырымды да пайдаланады. Ой қорытындысы бірнеше жеке жағдайдан шығатын жалпы тұжырымға қарай ойысу болуы мүмкін. Бұл – индуктивтік ой қорытындысы. Бірақ жалпы заң, ережеден жеке жағдайда қарай ойысы тұжырым жасауға да болады. Бұл дедуктивті ой қорытындысы.

Ой әрекетінде ой қорытындысы бұл екі формасы бір-бірінен бөлек өмір сүре алмайды. Олар біртұтас ой процесінің екі жағын немесе екі буын құрай отырып, ажырамас бірлікте болады.

Ой қорытындыларын адам ой әрекеті мен күнделікті практикада пайдаланып отырады. Бірақ ой қорытындысы адамды мәселені теріс шешуге де әкелуі мүмкін.

Ең бастысы – бар білім мен ой әрекет тәсілдерін пайдалана отырып, әр нақты жағдайда түрлі операцияларды орынды және тиісті үйлесім, жүйесімен қолдана білу.


Адам әрекет еткенде, мазмұны жағынан да, шешу тәсілі жағынан да алуан түрлі мәселелермен кездеседі.

Тәжірибелік немесе практикалық ойлау. Машина моторының неліктен бір қалыпты жұмыс істемей тұрғандығын білу үшін шофер капотты көтереді, мотородың қызуын байқайды, контактілері тексереді, егер қажет болса сымдардың ұшын тазартады, кей жерлердегі шайбаларды нықтайды, свечаларды алып қарайды, майды үстемелейді. Ойдың мұндай түрін практикалық немесе әрекетті деп аталады. Ол міндеттің көрнекі түрде, немесе нақтылы түрде берілуімен сипатталады. Оны шешу тәсілі – практикалық әрекетпен байланысты жүреді. Сонымен қатар практикалық немесе тәжірибелі ойлаудың барлық іс-әрекеттерге негіз болып адамның өміріне қажетті іскерлік пен дағдының негізі болып келеді.

Нақтылы - бейнелі ойлау - мәселені шеше отырып адам өзінде бар көрнекі бейнелерді пайдаланса, нақтылы бейнелік ойлау көрініс береді. Керек жерге қай жолмен тезірек жетуге болатынын ойластырған адам барар жолдың барлығын көрнекі бейнемен елестетіп шығады. Ол олардың әрқайсысының ұзақтығын, жол сипатын, жүріп өтуге кететін уақытын салыстырып, талдайды, мәселені ойша шешеді. Ойлаудың мұндай түрі нақтылы - бейнелік деп аталады да ол заттармен құбылыстар бейнесін дәл қайталауға мүмкіндік береді.

Теориялық ойлау – ойлау процесінің ең күрделі түрі. Адам алдында тұрған проблемалар егер мәселен, теориялық түрде қойылса, оны шешу үшін абстракциялың ұғымдарды, теориялық білімдерді пайдаланып шешу талап етіледі. Мұндай әрекеттер өте күрделі ойлау арқылы жүзеге асырылады.

Мысалы, оқушыға оқыған шығармасының әдеби каһармандарының қайсысының пікірі дұрыс екенін анықтау тапсырылса, ол кітап қаһармандарының барлық нақтылы қылықтарын талдаудан өткізуі керек. Мұндай әрекет теориялық ой арқылы жүргізіледі, сондықтан әрекеттің түріде теориялық талдау деп аталады.

Теориялық ойлардық жоғары формалары – заңдарды ашу, ғылыми болжамдар жасау, күрделі өндірістік процесті жоспарлау міндетті түрде практикадан шығады да құрамына азды-көпті жалпыланған елестерді енгізеді.


Әр адам бірқатар мамандық, темперамент, мінез, жас ерекшеліктерге ие. Жеке адамдық ерекшеліктер адамның барлық танымдық әрекетінен, соның ішінде оның ойлауынан айқын көрінеді. Ойлаудың субъективтік факторы - адамның зейіні қандай екеніне байланысты. Мәселенің өзіне аударатындығына, олардың әрқайсысын ол қалай шешетіндігінен, мәселені шешкенде қандай сезімге болатындығынан, шешімді қалай және қай бағытта іздейтіндігінен, сәттілік пен сәтсіздікке деген реакциясының қандай екендігінен көрініс береді.

Субъективті фактордың ролі ойлауды адамның айрықша қызмет ретінде қарастырғанда айқынырақ көрінеді. Қызмет адам орындайтын және белгілі бір ақылға қонымды мақсатқа жетуге бағытталған әрекеттер жүйесі. Қызмет белгілі түрткісінен туады.

Еңбекпен бірге адамның практикалық қызметіне ене отырып, оған саналы, күрделі, бағыт-бағдарлы және жасампаз сипат беретін ойлау да пайда болды.

Ақыл-ой қызметінің айрықша эмоциялық-еріктік жақтарының қосылатындығы болып табылады.

Адамның сезімдері оның ойлау процесіне үш түрлі формада орналасады. Біріншіден, ол адамдарды қиындығы мол ақыл-ой жұмысына жұмылдыратын түрткі, мотивтер.

Ақыл-ой және арнаулы ой қызметінің мотиві кейбір әжептеуір қиын мәселе шешуге мәжбүрлік болуы мүмкін. Көп жағдайда адамды ақыл-ой қызметіне жарыс, өзімшілдік, жоғары баға алу, мансапқа мотивтер де итермелейді. Мотив сипаты бүкіл ой процесінің өтуіне әсерін тигізеді. Ойлаудың бұл ерекшелігі ақыл-ой қызметінің бүкіл процесіне ақылға қонымды және дәлелді сипат береді.

Біз қорытынды ретінде оқушының ақыл-ойының әлі күнге дейін еске алынбаған мүмкіншілігіне көңіл бөлейік. Осы уақытқа дейін бастауыш мектептегілер тым жас болғандықтан, таным процестерінің, әсіресе ой әрекетінің әлі қалыптаспаған, жетілмеген шақтары бар. Осылай деу зерттеулерге сүйеніп отыр. Бірақ біз адамның менталитеттік немесе ақыл жасының ортасы үш жас дедік. Ал мәселенің шын мәні осылай жетіспеген кемшілік бар деудің себебі неліктен? Осы мәселені тексеріп қарағанда бұл жастағылардың ой-өрісінің әлі күнге дейін еске алынбаған және тауысып бітпеген мүмкіншілігі бар екені анықталады. Бұл жәйіт мына сияқты деректерге негізделеді:


- біріншіден, әлеумет қоғамның алға өріс алдына қарай 7-11 жастағы балалар тиісті байланыс құралдары (телевизор, радио т.б.) арқылы түрлі жаңалықтарды естіп, өзінің сол мағлұматтарға орай байлығын көбейтіп, осының нәтижесінде үлкендерге күтпеген сұрақтар қойып отырады.

- Екіншіден, қазіргі кіші оқушының мүмкіншілігін өткен дәуірлердегі осы жастағылармен бірден-бір теңестіруге болмайды. Оған бүгінгі кезде 3 сыныптан бастап баланы шет тілін, не алгебра, геометрия сабақтарына оқыту тәжірибелері дәлел бола алады. Осы жәйіттерге сүйеніп, кіші оқушының әлі толық аңғарылмаған, бүгінгі күнге дейін тексеріліп бітпеген оқуға деген қабілеті бар дейді. Осыны бастауыш сыныпта еске алған жөн.

Осы қағидаларға сүйене отырып барысында дамыта оқыту теориясына сай келтіру мүмкіндіктерін толық қамтуға тырысты. Осы проблеманы зерттеушілер Б.Тұрғынбаева басқарған топ көптеген жылдар бойы Алматы мектептеріне жүргізген дамыта оқыту эксперименттеріне сүйене отырып, балалардың таным процестерін дамытуға үлкен қосатын оқулықтар және дидактикалық материалдар жасалған.

Бастауыш сыныптар осы бағдарлама бойынша төрт жыл жұмыс жасады. Оның нәтижесі әр мектепте әр түрлі жүріп жатыр. Жұмыс сапасы мұғалімнің жаңа бағдарламаны меңгеруі, оны қолдану әдістемесін толық түсінуі, балаларды дамыту тәсілдерді тиімді пайдалануға даярлығы үлкен үлесін қосады.

2004-2005 оқу жылынан бастап мектепалды сыныбына бес жасқа келген балалар қабылданады. Олардың таным процестерін дамыту және мектеп бағдарламасын меңгеруге даярлау әдістемелері әлі қалыптасқан жоқ. Сондықтан мектеп психологі алдында тағы бір күрделі проблема туғанын атап өту керек.

2 тарау. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту тәсілдері


2.1 Оқыту барысында ойлау процесін дамыту.

Бастауыш сыныптарда оқыту барысында балалардың таным процестерін дамытуға, олардың тіл байлығын және өз ойын сөйлеу арқылы басқарларға жеткізу тәсілдерін қолдаудың ойлау процесін дамытуға қосатын үлесі өте үлкен. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев осы тәсілдер ретінде халық педагогикасы элементтерін қолдануды ұсынады. Қазақ халқының бай тәжірибесінде көптеген оқу процесінде қолданылатын ойындар, өлеңдер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар т.б. ауыз әдебиет туындылары бар. Олардың терең мазмұны балалардың тіл байлығы мен ой-өрісін дамытып, сонымен қатар барлық қабілетін дамытуға үлкен үлесін қосады. Осы материалдарды іріктеп алып, оны тақырыпқа байланысты қолдану-оқыту барысында оқушылардық ойлау процесін дамыту проблемасын шешудің тиімді жолы болады.


Халық педагогикасында қалыптасқан балаларға арналған ойындар олардың білімін қалыптастырып, он пысықтауға, үй тапсырмасын орындау жолдарын түсіндіруге, білімдерді бір-бірімен ұштастырып, ұғымдық қорын қалыптастыруға жәрдем береді. Қазіргі мектеп бағдарламасы ұлттық ойындарды кеңінен қолдануға өте ыңғайлы. Көптеген ойындар баланың тапқырлығын, табиғат құбылыстарын, қоршаған табиғат ерекшеліктерін түсініп меңгеруге арналған. Осндай мән-мағынасы өте терең және жан-жақты дамуға, баланың байқағыштығын тәрбиелеуге үлкен үлесін қосып, ойлау қабілетін дамытатын ойындардың бірі «Аңдардың айтысы» деп аталды. Бұл ойында қатысушылар жүргізушінің талабына сай белгілі бір тақырыпқа сай келетін әндер орындап, онда аңдардың дауыстарын, қылықтарын бейнелеп, олардың өзіне тән ерекшеліктерін сипаттап көрсетеді талап етеді. Мұның өзі хайуанаттар әлемі жөнінде нақты ұғымдарды қалыптастырып, сонымен қатар музыкалық және артистік қабілетін дамытады. Топтасып ән айту, бірін-бірі тыңдап әрекет жасау дағдысын жетілдіреді.

Әр ойынды жүргізу және қатысушылардың орындау ережелері бар. Ол ережелердің тірбиелік мәні өте үлкен. Бұларға ойынның барысы белгіленді, балалардың тәртібі мен іс-әрекеттің реті, олардың өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар анықталады. Сондықтан ойнау барысында тәртіп сақтауына, ерік-жігерінің қалыптасуна мүмкіндік туады. Мысалы: «Қоғи көп» ойынында қаздар тек қана кемпірдің «Олай болса сендердің біреуіңді алып қаламын» деген сөзінен соң ғана тізбегін жазбай кемпірден қаша жөнелуі керек. Ойын шапшаңдықты, ептілікті, тиянақтылықты, тез бағдар табуы, ұжымдық ұйымшылдық көрсетуді, бір-біріне көмектесуді, жауапкершілікті, батыл қимылды талап етеді.

Бұл ойындағы ерекшелік – билеп жүріп хормен өлең айтуды өзара үйлесімді әрекет ұйымдастыруда байқалады. Хормен ән айтып, би қимылын жасаған сайын кеудедегі қоңырау әшекейлер өзара үндесіп жатады. Яғни, әуен саздары мен қоңырау сылдыры ойнаушылардың қимылдарына сүйемелдеушілік жасап тұрғандай болады.


Өйткені ойындағы қимылдар жай қимыл емес, оларды әуеннің ырғағына байланысты жасалған қимылдар болып табылады.

Мұндай ойындар халықтық педагогикада өте көп және мазмұндары да бағыттары да бірін-бірі қайталамайтындай сан-алуан, әрі қызықты. Олар «Алқан соқпақ», «Тақия тамақ», «Тартыс», «Айгөлек» т.б. Қай ойынды алсақ та, бәрінде де би элементтері кездеседі, ән, күй, тақпақ, мәнерлі қимыл мен ыммен жасалатын көріністер бір-бірімен алмасып жатады. Бұлардың бірі нақтыланған жағдайға қарай актерлік үлгіде, сахналық үзінді түрінде орындалады. Ойын барысында қатысушылар өздерін күнделікті тіршілік жағдайында сезінбейді, керісінше, мүлде бөлек ортада сезім, поэзия, өнер әлемінде сезінеді. Олар ойнаған рольдерінен эстетикалық ләззат алуға талпынады.

Ойын барысында қатынасушылардың тәртібіне бірыңғай талаптар қойылды:

- қалай отыру, өзін дұрыс ұстау;

- қандай мөлшерде бір-бірімен сөйлесу қажет т.б.

осы айтылғандардың бәрінен қазақ ойындары драма және сахналық өмірдің әрқилы элементтерімен аса толықтырылған деп қорытынды жасауға болады. Сонымен бірге осы ойындардың кең тұрғыда таралуы ондағы қатысушылар мен көріп тамашалаушылар санының артуы – мұның тәрбиелік мәнін тереңдетеді. Мысал ретінде қаламақ ойынды келтіруге болады. «Соқыр теке» ойынында жүргізуші ойынға қатысушылардың әрқайсысына мал атын қойып шығады. Ең соңғы аталған бала «Тентек теке» болады:

Бұзау, бота, құлыншақ,

Тоқты, серке, тай торпақ,

Тана, тайлақ, құнан, дөнен, бесті бар.

Малдың жасын айыра біл, естіп ал

Бұқа, бура, айғыр, қошқар, теке бар

Көзін байла, теке-теке «бақ-бақ».

Соқыр теке қайдан бізді таппақ.

Ойын сызылған шеңбердің ішінде айналады. Жүргізуші «Тентек текені» ортаға шақырып, көзін таңа бастағанда «Тентек теке» былай деп өлеңдетеді:

Қараңғыда көзім жоқ,

Тиып кетсем сөзім жоқ,


Маған жақын келіңдер,

Бір қыз ұстап беріңдер.

Көзі байланған «Соқыр текені» айнала қоршағандар оны мазақтап:

Соқыр, соқыр, соқырақ,

Оқ көзіңе топырақ

Топырағын алайын,

Тотияиын салайын.

Ал ұстап көр, батырым,

Міне келе жатырмын! -

деп өлеңді айтып болысымен әр жаққа ойнаушылар қашады. Ал «Соқыр теке» олардың бірін ұстауға тырысады, ұстаған баласы оның орнына тұрады. Сөйтіп ойын одан әрі жалғасады.

Бастама ойын ретінде көптеген санамақтарды келтіруге болады. Олар мәнерлеп сөйлеуге үйретеді.

Қуыр, қуыр, қуырмаш

Тауықтарға тары шаш!

Бас бармақ,

Балалы үйрек,

Ортан терек,

Шылдыр шүмек,

Кішкене бөбек

Сен, тұр – қойға бар!

Сен, тұр – қозыға бар!

Сен, тұр – жылқыңа бар!

Сен, тұр – сиырыңа бар!

... Ал сен алаңдамай.

Қазан түбін жалап,

Үйде жат.

Мына жерде құрт бар,

Мына жерде май бар,

Мына жерде қатық бар,

Қытық, Қытық ....

Осылайша балалардың тақпақты нәшіне келтіріп оқу дағдысы қалыптасады. Осы сияқты санамақтар, қызықты орындалатын әуендер, тіпті адамдардың өзара қарым-қатынасында кездесетін қызықты әқгімелерді жылдам, берік есте сақталады. Оны балалар өздерінің күнделікті ойындарында қызығып сүйіспеншілікпен қайталайды.

Бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты осындай санамақтар мен қаламақтар мазмұны оларға өте жақын, түсінікті. Олар балалардың ой өрісін, тілін тез дамытуға өте икемді. Сонымен қатар ойындарға қатысу арқылы балалардық мінез-құлқы сыйысымды болып, қарым-қатынас мәдениетін меңгереді, әдептілікке, басқалармен санасуға, тілалғыштыққа баулиды. Ойын кейіпкерлерінің мінез-құлығына қарап жақсы мен жаманды ажыратуға мүмкіндік береді.

Халық ойындарының көптеген түрлерін сабақтан тыс бос уақытты, үзіліс кездері ұйымдастыруға қолдануға мүмкіншлік өте мол. Сондықтан бастауыш сынып оқушылар өмірінде осы ойын түрлері үлкен орын алуға тиіс.


Ойындар мен қатар халық шығармалары туындыларының бірі жұмбақтарды қолдану балаларды аңғарымпаздыққа, тапқырлыққа, зеректілікке тәрбиелейді. Жұмбақтар – халықтық шығармаларының ішінде үлкен орын алады. Жұмбақтардың шешімін айту баланың ақыл-ойын, ой-өрісін дамытып, ойлаған іс-әрекеттің шешімін тауып, үдесіне жетуге үйретеді. Жұмбақтар бала үшін өте қызықты құпия. Оны шешу қажеттілігі білімге қызығушылық тудырады. Баланың ұшқыр ойын іске, әрекетке қарай баулиды. Ой – сананың қызмет етуіне себебін тигізеді. Жұмбақтар өмірде кездесетін шаруашылық кәсіпке байланысты, тіршілік тірекке тиянақ болатын, адам көңіл аударатын қажетті заттардың барлығын қамтиды. Бәрін де алғаш жұмбақ етіп, біртіндеп оның құпиясын ашып беруді қажет етеді.

Жұмбақты қолдану баланың ойлау қабілетін дамытудың өте тиіміді өте тиімді тәсілдерінің бірі. Өйткені жұмбақты шешу барысында бала көптеген табиғат құбылыстарын салыстырмалы түрде бейнелеуге үйренеді «Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды» деп бұлттан шыққан күннің көзін ақ жібектен салыстырып, бұлтты ақ сандыққа теңестіру арқылы баланы қоршап отырған заттардың табиғат құбылыстарына ұқсас келтіреді. Бұл ойлаудың өте күрделі түрі ассоцияциялық байланыстар құруды талап етеді.

Жұмбақтардың тағы бір пайдалы жағы, ол әр баланың өз бойындағы құпияны шештіру арқылы, оларға өмірді танытады. Қоршаған ортада болып жатқан түрлі құбылыстарға зер салуға, соның себебін іздеп табуға үйретеді. Сондықтан балалар жұмбақтарға өте үлкен қызығушылық білдіреді. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де болады.

Бірнеше мысалдар келтірейік.

Жабық астында жарты күлше. (Ай).

Отқа жанбас, суға батпас (Мұз).

Басына үлпілдетіп таққан шашақ,

Бұралып тал шыбықтай тұрған жасап. (Қамыс).

Қар астында қыстады,

Жасылмен бөрік тыстады. (Бәйшешек).

Бұл жұмбақтар балаларды табиғат маусымдарында кездесетін ерекшеліктермен таныстыра отырып, олардың әсем, әдемілігін, түр-түсін, т.б. ерекшеліктерін тани білуге, сезімталдықпен қабылдауға үйретеді.


Аталған тәсілдерді сабақ үстінде дидактикалық ойын ретінде қолданылады. Ойын-ойлау процестін дамытуға қолданылатын тиімді тәсіл.

Тиімді тәсіл.

Сабақ кезінде оқушылардың ойлау, есте сақтау қабілетін дамытыға көп көңіл бөлінеді. Осы орайда математика 1-сыныпта заттық орнын сан қатарымен белгілеу тақырыбы бойынша дамыту процесін, баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту үшін психокоррекция элементтерін қолданып жүргізген машықта (сабақтан тыс, баланың бос уақытында өткізген сабақтарды Т.Р.Нұрмұхамбетованың ұсынысы бойынша машық деп атағанды дұрыс көріп жүрміз) қалай өткізгенімізді көрсетіп жіберу үшін бірнешеуінің үлгі жоспарын көрсетіп жібергенді дұрыс көрдік.

Бұл машықта заттың орнынан дұрыс белгілеу және оларды бір-бірінен ажыратуға, 1-ден 5-ке дейін кері санауға, «нешінші?» деген сұраққа жауап қайтара білуге жаттықтыру негізгі мақсат деп анықтап алдық. Машық ойын түріне және сұрақ-жауап әдістерін қолдану арқылы құрылады. Көрнекіліктерден түрлі суреттер, ойыншықтар, қағаздан қиылған құстық (үйрек, қаз, тауық, қораз, күркетауық) үлгілері, кеспе цифрлар, жолақшалар, қалташалар, магнитофон қолданылады.

Машық барысы: Өтілетін тақырыпты тақтаға жазып, оның неізгі мазмұнын түсіндірдім. Тақырыпқа байланысты оқулықта берілген суреттерді және диагностикалық альбомда жинақталған материалдарды қолдана отырып кіріспе әңгіме жүргіздім. Одан әрі тақырыппен байланысты отырып, магнитофоннан құстын дауысын тыңдап, әр құстың дауысын ажыраттым. Одан кейін оқушылар үйдегі құстар туралы әнгімелеп берді. Олардың санын айтты. Машықты одан әрі сұрақ-жауап әдісін қолдана отырып, балалардың нені түсініп, ал нені түсінбей қалғанын анықтап алып, олармен дамыту жұмысын жалғастырдым. Балаларға суреттер бойынша сұрақтар қойдым.

- Балалар, суреттен нелерді көрдіңдер?

- Құстарды.

- Кәне, бұл суреттегі құстардың аттарын атаңдаршы.

- Үйрек, тауық, қаз, қораз, күркетауық.


Осы арада оқушыларға жабайы және үй құстары туралы түсініктеме бердім.

- Балалар, мына суреттегі құстар нешеу?

- Барлығы бесеу.

- Қазір біздер «Орынды тап» ойынды ойнаймыз. Осы суреттегі құстардың орнын енді санмен сұрап, тиісті орындарын белгілейміз.

- Үйрек нешінші орында?

- Бірінші.

- Тауық ше?

- Екінші.

- Қораз ше?

- Үшінші.

- Қаз ше?

- Төртінші.

- Күркетауық ше?

- Бесінші.

Балалар олардың орындарын цифрмен белгілейді. Одан кейін қалташаға «Құстарды» ретпен өзінің орнына орналастыруға көмектесіп балалар ойынын одан әрі жалғастырған жөн. Сосын «Күн мен түн» ойыны жүргізіледі. «Түн» дегенде оқушылар түгел көздерін жұмып, партаға басын қойып жата қалады. Осы кезде бір оқушыны тақтаға шақырдым. Ол құстың орнын ауыстырып қойды. «Күн» дегенде оқушылар басын көтеріп, көзін ашты. Оқушыны тақтаға шақырдым. Ол құстарды өз орнына дұрыс қоя білуі тиіс. Қалған оқушылар құстардың орнын дұрыс тапқанын бақылап отырды.

«Орынды тап» бұл ойынды заттарды, құстарды сөреге, немесе сатыға қою тәртібімен де алмастыруға болады. Ойын тәртібі жоғары ойынға ұқсас. Сөредегі құстың орнын ауыстырып қоямын, оқушы өз орнына дұрыс қоюы керек. «Баспалдақ» ойыны да осылайша жүргізіледі. Бұл арада да құстың орнын ауыстыр, оқушы оларды өз орнына қояды. Бұл ойынды оқушының өзінің қалауынша ойнайды. Ойын тәртібін былай жасадым. 1, 2, 3, 4, 5 цифрларын партаға отырған оқушыларға үлестіру керек. Тақтадағы қалташаларда құстың орындары өзгертіліп ретсіз қойылған. Оқушылар өздеріде цифрлары бойынша құстардың суреттегі ретімен өз орнына тұра қояды. Ойын тез әрі шапшаң ұйымдастырылады. Сабақты түрлендіру мақсатын көздеп, оқып бердім.

Қораз

Ақ қораз-ау, ақ қораз,

Сауысқандай сақ қораз,

Таң атқанша шақыр да:

Тауықтарды бақ қораз.

Оқушылар өлеңде «Қораз» деген сөз неше рет, ал «тауық» деген сөз неше рет айтылғанын санап отырады. Кейін оқушылар «қораз» сөзі 4 рет, «тауық» сөзі 1 рет (барлығы 5 рет) айтылатынын айтты. Сергіту жаттығуын да сабақтағы құстардық сәйкестігін талдадым.


Қаңқ-қаңқ қаздарым,

Тізені сәл бүгіндер.

Қолды артқа ұстаңдар.

Қазға кәне, ұқсаңдар.

Алға мойын созыңдар,

Сол қалыппен жүріңдер

Ілгеріліп озыңдар,

Солай етіп байқа да:

Он шақты рет қайтала.

Қант жая жалма-жан,

Талпынғандай ұшуға.

Иілем де, қол созам:

Аяғымның ұшына.

Сабақты одан әрі «Тез табамыз», «Кім тез» ойындарын жалғастырған. Ойын тәртібі бойынша оқушылар партаға басын қойып жатады. Өзім көрсеткіш таяқпен партаға құстардық орнына сәйкес сан қанша болса сонша рет тықылдатамын. Оқушы неше рет соғылғанын тыңдап, дыбыс санына қарай (1, 2, 3) деп санды айтады. Кейін сол санмен құстық орнын белгілеп, оның атын айтады. Мысалы: 3-рет соғылды. Ол – қораз. 4 саны – ол қаз және т.б.

2.2. Шығармашылық тапсырмаларды балалардың ой-өрісін дамытуға қолдану


Ойлау процесі жақсы дамыған адам көптеген заттар мен құбылыстарды талдап, бір-бірімен салыстырып, ортақ қасиеттерін тауып, оларды жүйеге келтіруге шапшаң болады. Осы ойлаудың ерекшелігін қалыптастыруға арналған көптеген шығармашылық тапсырмаларды пәндердің ерекшеліктерін байланысты жинақтап оны тиімді қолдануға болады. Олар геометриялық фигураларды қолданып заттардың формасын, түрі мен түсін, кеңістікте орналасуын дұрыс қабылдап, ұқсастығын табу арқылы баланың қоршаған ортадағы нәрселерді біртектестігін түсінуге, ұқсастығын және айырмашылығын табуға негізделген күнде олардың ойлау қабілетін дамытады.

Шығармашылық тапсырмалардың басым көпшілігі дидактикалық ойын ретінде ұйымдастырылғандықтан дамыту сабақтарының мазмұны балаларға тартымды және қызық түрде келтіріледі.

Бастауыш сынып мұғалімдері тәжірибесінде шығармашылыққа баулитын дидактикалық ойындар көп мөлшерде жинақталған. Олар «Ақ сүйек», «Поезд құру» , «Теңге ілу», «Гүл сыйлау», «Бейнені құрастыру», «Артығын табу», «Не жетіспейді» т.б. түрлері кеңінен қолдануға мүмкіндік бар. Біз осы параграфта бірнеше түрін қолдану әдістемесін келтіріп отырмыз.


Шығармашылық тапсырмалардың, ішінде заттардың формасын, түрін, түсін, кеңістікте орналуын дұрыс қабылдауға арналғандарының ролі өте үлкен. Мысалдар келтіреміз.

Бейнені құрастыр

Ойынның тәрбиелік мәні. Қиылған әр түрлі геометриялық фигуралардан белгілі бір бейнені құрап жасауға үйрету. Түстердің үйлесімділігін сезінуге, сурет салу, жапсыру кезінде заттардың құрылысын көзге елестете білуге, ойлау мен қиялды дамытуға әсер ету.

Қажетті көрнекіліктер. Тіктөртбұрыштар, үшбұрыштар, үлкен-кіші көлемдегі дөңгелектер, әр түрлі көлемдегі төртбұрыштар, балалардың іс-әрекетін бағыттауға арналған үлгі суреттер.

Ойын ережесі.

а) Қиылған пішіндерді қарау, талдау, қандай бейне жасауға болатынын балаларға ойланта білу;

ә) бейнені белгелі бір затқа ұқсата құрастыру;

б) егер оның бір немесе бірнеше бөлшегін өзгертсе, басқа қандай бейне шығаруға болады?

Ойынға басшылық:

Тәрбиеші желкенді қайық, аққара т.б. формалар мен түр-түстерде жасалған қиықтардан жапсырып жасалған үлгілерді көрсетіп, олардың құрлысына, неше бөліктен тұратынына, қандай пішіндерден құралғандығына және түстеріне назар аудартады. Осындай пішіндердің барлық түрі, көлемі жағынан да әр түрлісі өз қолдарында болу керек.

Тапсырма:

Алдыларыңда жатқан қағазда және тақтада ілінген үлгілерде бірнеше фигуралар бар (пішіндер).

Осы пішіндерден қандай бейне құрап жасауға болатыны ойланыңдар.







Осы және басқа фигураларды құру арқылы баланың бейнелік, бейнелі - сюжеттік т.б. ойлау түрлері қалыптасады.


Заттар мен құбылыстардық ара қатынасы, олардың кеңістікте орналасуы т.б. көптеген ұғымдарды меңгеруіне мүмкіндік туады.

Осы жерде мысалы ретінде балалардың құрған фигуралы үлгісінде желқайық, арба, адам, үй фигураларын келтіруге болады.





Осы сияқты көптеген фигураларды жасау арқылы балалардың сәйкестіктерді анықтауы қалыптаса бастайды. Ол ассоциативтік ойлаудың қалыптасып келе жатқанының белгісі болып табылады. Жасалған фигуралар үй тұрмысында қолданылатын заттар, құрақ көрінісі т.с.с. көптеген балалардың шығармашылығын көрсететін нәрселер болып келді.

Шығармашылық ойындарды қолдау арқылы балалардың ойлау қабілетін дамытуға арналған дидактикалық ойындарды жыл мезгіліне байланысты түрлендіруге болады. Көктемде «Әдемі гүлдер» ойынын жүргізген өте тиімді.

Ойынның тәрбиелік мәні:

- әдемі гүлдердің суретін салуды, бедерлеп мүсіндеуді, жапсыру кезіндегі іскерлік дағдыларды еркін меңгеруді үйрету;

- қиылған ұсақ бөлшектерден өздеріне таныс гүлді құрастыру;

- гүлдің құрылысын беруде түстердің үйлесімділігін табуға, кеңістікте дұрыс орналастыра білуге жаттықтыру;

Қажетті көрнекіліктер:

- әдемі гүлдер суреттері;

- қиылған әр түрлі, түсті, ұсақ қиындылар;

- құрылым түзуге түстері пішініне сәйкес әр түрлі болуы қажет;

- тақта, мольберт немесе фланелограф.

Ойын ережесі:

а) гүл жапырақтарының ерекшелігіне назар аударып, сәйкес пішіндер таңдау;

ә) түр-түсіне, құрылысына қарай отырып, өздері білетін гүлдер жасау;

б) гүлдер жайында білетін өлең-тақпақтар, жұмбақтарын айтып, өсемдікті әсерлеу.


Ойынға басшылық:

Бұл ойында балалардың айналадағы өмірден, қоршаған ортадан өсімдікті сезіне қабылдауынан туған ойларын іс-әрекет барысында көрсетулері ұсынылады.

Сабақтың басында бұрынғы сабақтарда суретін салған заттардың формаларын, оларды үйлесімді құру тәсілдерін ойға түсіріп, қайталау жүргізу қажет. Сонан соң келесі гүлдердің құрамды бөліктері жеке-жеке салынған карточкалар таратылып беріледі. Осы бейнелерді оқушылар қиып алып, бөлшектерді құрастыру арқылы гүлдерді жасау тапсырылады.

Тапсырманы орындау барысында балалардың шығармашылығын одан әрі дамыту үшін тек берілген фигураларды ғана қолданбастан, әр бала өз қиялындағы табиғаттың көптеген көріністерін есіне түсіріп, тіптен тәжірибесінде болмаған, фантастикалық өсімдіктердің гүлдерін де салуына мүмкінішілік берген дұрыс. Нәтижесінде кейбір балалардың суретінде ғажайып бақ, онда өсіп тұрған гүлдер табиғатта кездесетіндерге ұқсағаны мен өзіне тән кейбір ерекшеліктермен сипатталатын болып шығуы әбден мүмкін.

Шығармашылық тапсырмалар ата-аналарының шаруашылық жұмыстарымен, орындайтын қызметімен, отбасында қолданылатын тұрмыстық бұйымдардың көркемделуімен байланысты болуы да мүмкін. Тақырыбы қанша қилы болса, оның баланың шығармашылық ойын дамытуға тигізетін әсері сонша әсерлі болып келеді. Осы мәселені ескере отырып сабақтағы тапсырмаларды сабақтан тыс өткізген машықтарда жалғастырып, баланың ойлау қабілетін одан да терең дамытуға болады.






Мысал ретінде балалар орындаған бір жұмыстың үлгісін келтіріп отырмыз.

Бұл тапсырма арқылы балалар заттың құрамды бөліктің кеңістікте орналасуын дұрыс қабылдауы және бейнелі ойлау қабілеті дамиды.

Қазақ тілі сабағында дыбысты дұрыс қабылдауы және оның жазылуын ұштастыру үшін:


1. «Дыбысқа саяхат жасау» тәсілін қолдануға болады. Осы тәсіл арқылы баланың ойлау қабілетінің тағы бір көрінісін дамытамыз.

2.



шо...ер, ши...ер, ...утбол, т.с.с. сөздерді қолдану арқылы ф дыбысын дұрыс айтуға үйрету жұмысы жүргізіледі.

Ойынның шарты:

Көп нүктенің орнына тиісті әріпті тауып қою.

Мақсаты: Жаңа әріпті қолданып, үйрену.

Ойын барысы:

Жаңа әріпті тезірек үйрену үшін жоғарыда көрсетілген кестенің бірнеше варианттары жасалып, нүнтелелердің орнына ф әрпін қойған балалардың танымдық қызығушылығын арттыруға арналған бірнеше карточкалар, ойыншықтар және басқа дидактикалық материалдыр кеңінен қолданылады. Психодиагностикалық альбомның біреуі әріптерді дұрыс айтуға үйретететін жаттығулыр мен басқада дидактикалық материалдыр жинағынан тұратын болуға тиіс. Осы альбомды қолдана отырып баланың тілін дамыту, вербалдық-логикалық ойлауын қалыптастыру шаралары жүргілсе баланың тілі анық, қысылмай сөйлейтін болады.

«Ақсүйек» ойыны (Белгісіз санды табу).

Дидактикалық мақсаты:

Белгісіз санды табуға, өртектің мәнін табуға, жасырынып тұрған санды тауып жаттауға арналған ойын.

Мазмұны:

Ойынға сынып толық қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнында «Ақсүйек» тығылып жатыр. Кім дұрыс шығарса, сол табады. Дұрыс шығармаса, ол бала «ақсүйекті» көрмей одан әрі қарай аттап кетеді. Сабақтың үстінде жүргізгенде бұл ойынды ойша шешетін болса, машықтар барысында бұл ойынды қолдану арқылы балаланың қимыл әрекеттерін де қалыптастыруға мүмкіндік туады.

«Поезд құру»

Поезд - паравоздан және мысалдар жазылған вагондардан тұрады. Мұғалім мысалдарды есептен шыққанда ол вагонның номерлері болатынын түсіндіреді.



Ойынның мақсаты:

Қосу және азайтуды есептеуге дағдыландыру және баланың ауызша есеп шығаруға қабілетін дамыту.

Бірінші сыныпта онға дейінгі сандармен Математикалық амалдарды үйрету барысында «Баскетбол» ойынын, «футбол» ойынын тағы басқа топпен ойнайтын қызықты ойындар түрлерін кеңінен қолдануға мүмкіндік мол.



Ойын шарты:

Сандарды есептеп, «10»-шы доптарды қызылмен, «9»-жасылмен боя. Қай доп қай сеткаға түседі?

Доп пен сетканың түсі бір-біріне сәйкес келуі керек. Бірінші тапсырма орындалғаннан соң екінші ретте сегізінші допты қызылмен, жетінші допты жасылмен бояу керек. Ол доптағы есеп шығарылып, балалар ұпай жинайды.

«Алма теру» ойыны.

Мақсаты:

Бір таңбалы сандарды қосу және азайтуды үйрету, ауызша есепке дағдаландыру, ойлау қабілетін дамыту.

Керекті құралдар:

Алма бағының суреті, магнит тақтасы, жеке-жеке орналасқан бірнеше алма жемісінің суреттері және оларды теріп салуға арналған себеттер.

Мазмұны:

Магнитті тақтаға үлкен алма ағашының суреті ілінген. Ағашта ілінген алмалардың орнына алма жемісінің суреті салынған карточкалар ілінген. Ойын барысында балалар тиісті карточканы үзіп алып, оны тиісті себетке салып отырады. Себеттің сыртына нәтижелері жызылып койылады. Балалар өздері қалаған себеттерін таңдап алып, соған тиісті алманы салып отырады. Ойынға бір сәтте 5-6 бала қатысады. Немесе бүкіл сынып болып қатысуға да болады.

Себетті кім бұрын толтырса, солар мұғалімге сол сәтте тапсырады.

Жүргізуші алма ағашын басқада заттармен ауыстырып, бұл ойынның варианттарын жасап шығаруына болады.


«Керуеншілер» ойыны.

Мақсаты:

Баларға бір таңбалы сандарды ондықтан аттап қосуды меңгерту және ауызша, жазбаша жылдам есептеуге дағдыландыру, балалардың ойлау қабілетін дамыту.

Мазмұны:

Жүргізуші оқушыларға керуен ойынын ұйымдастыру жолдары түсіндіріледі. Тақтаға алдымен 8 баланы тақтаға шақырып алып, оларды тізбек құрғызып тұрғызады (керуен қатарындағы ботақандар). Соңынан тағы да 6 қыз балалар шақырылады. Тақтадағы керуен тізбегі толықтырылады. Алдымен 10 саны шығатындай етіп, бірінші екі қыз бала, сосын тағы екі қыз бала, ал соңынан 4 қыз бала шақырылады. Барлығы түйенің қимылын көрсетеді. Оқушыларға келесі сұрақтар қойылады:

- Керуен тізбегіне тағы неше ботақандар тіркелді?

- Керуендер тізбегін 10-ға толтыру үшін неше ботақан тіркеледі?

- Ең соңынан керуенге тағы қанша ботақандар қосылды?

- Барлығы неше ботақан болды?

Амалдарды жасап болғаннан соң оқушыларға тағы басқа ойын түрлерінде тапсырмалар беруге болады.

«Бәйге» ойыны.

Мақсаты:

Бір таңбалы сандарды қосу және азайту, ондықтан аттап қосуға байланысты мысалдар шығарып жаттықтыру, ойлау қабілетін дамыту.

Көрнекі құралдар:

Әр топқа арналған кішкентай жалаушалар, сол ойынға қатысқан балаларға арналған нөмірлер, қосымша мысалдар жазылған карточкалар, плакаттар.

Мазмұны:

Жүргізуші сыныптағы оқушыларды бірнеше топқа бөледі де, оқулықта жоқ тапсырмаларды карточкаға жазып, оны оқушыларға таратып береді. Немесе барлық есептер жазылған плакаттарды қолдануға болады. Бәйгеге түсетін бала алдын ала бірінші турдың есеп-мысалдарын шығарып, жарысқа қатысуға жолдама алады. Жарысқа қатысуға жолдама алған топтың балалары алдымен бір-бірден тақтаға шығады.

Жүргізуші жарыс тәртібімен балаларды таныстырып шығады. Екі бала өздеріне тиесілі жолдың бойындағы есеп-мысалдарды шығара отырып, алға жылжиды. Кім бірінші болып мысалдарды шығарып мәреге жетсе, сол топ жеңімпаз болып есептелінеді. Мәреге жеткенше қатысқан бала шаршады деп есепке басқа балаларды да «жанкүйерлер» арасынан шығарып қосып отыруға болады.


Ойынды күрделендіріп келесі сабақтарда басқа варианттармен немесе тіптен басқа атпенен қолдануға болады.

Бәйге ойыны варианттарын түзету-дамыту машықтарында балалардың барлығын ойынға тартуға, олардың ұялшақтық, тұйықтықтан шығаруға тағы да басқа психологиялық проблемаларды шешуге қолдану жолдарын анықтауға болады.

«Жамбы ату» ойыны.

Мақсаты:

Балаларды өз бетінше жұмыс істеуге жаттықтыру, есептерді тез және дұрыс орындауға баулу, есептеу дағдыларын қалыптастыру, ойлау қабілетін дамыту.

Көрнекі құралдар:

Үлкен дөңгелек, карточкалар, кестелер, ойыншықтар, кішкене доп.

Мазмұны:

Тақтаға үлкен дөңгелек ілінеді, дөңгелектің іші төрт секторға бөлінеді.

Әр секторға 1, 2, 3 сандары жазылады.

Бала қолына ойыншық жедені алып оны дөңгелек ішіндегі секторларға дәлдейді (атуға кішкентай допты қолдануға болады). Бала атқан оғы қандай санға тисе, сондай номердегі карточканы алып, ішіндегі тапсырманы орындайды. Әр тапсырма бір ұпай, карточкада 2, 3 немесе одан көп тапсырмалар болуы мүмкін. Бала осылайша ұпайлар жинайды. Кім көп ұпай жинаса, сол бала ұтқан болып есептеледі.

Бұл тапсырманы орындау барысында баланың табысты болуға құмарлығы артып, ол барлық алдында тұрған қиындықтарды тайсалмай орындауға бел байлайтындай қасиет біртіндеп дамиды.

Бірінші сынып оқушыларының ойлау қабілеттерін дамыту барысында олардың ірі және майда қимыл әрекеттерінің дамуына, саусақтарының ептілігін нығайтуға және сол сияқты жалпы дамытуға арналған тапсырмалар аралас жүргізгеннің орны бар. Мектепке келген балалардың бірқатары әлеуметтік жағынан «ержетпеген», оқытуға қажетті дағдылары қалыптаспаған болуы мүмкін. Сондықтан олармен түзету-дамыту жұмыстары басқа мазмұнда, тек психокоррекциялық мағынасы бар түрде жүргізіледі. Біз өз дипломдық жұмысымызда бұл проблеманы зерттеу міндетін өзімізге жүктемегендіктен осы қасиеттерді қалыптастыруға арналған әдістемелерді бұл жерде талдаған жоқпыз.

Шығармашылық тапсырмалар балалардың барлық таным процестерін бір-бірімен ұштастырып жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Бұл тапсырмаларды өңдеп, көптеген вариантта қолдануға болады.



<< предыдущая страница   следующая страница >>