shkolakz.ru 1 2 ... 4 5


ӘОК 633.16:632.4/.9 (574.51) Қолжазба құқығында


БЕКЕЖАНОВА МАДИНА МӘЛІКҚЫЗЫ


Қазақстанның оңтүстік-шығыс аймағында арпаның гельминтоспориоз және ринхоспориоз ауруларымен күресу шараларын жетілдіру


06. 01. 11-өсімдік қорғау


Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

Авторефераты


Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Диссертациялық жұмыс: Қазақстан республикасының ауыл шаруашылық министрлігі «ҚазАгроИнновация» АҚ «Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де орындалған.


Ғылыми жетекшісі: ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, профессор М. Қойшыбаев


Ресми оппоненттері: ауыл шаруашылығы ғылымдарының

докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның

академигі Ж.Д. Исмухамбетов


ауыл шаруашылығы ғылымдарының

кандидаты, доцент Р.Д. Карбозова


Жетекші ұйым: ЕМК «Ботаника және фитоинтродукция

институты» ҚР БҒМ ҒК


Диссертация 12 мамырда 2009 ж. сағат 1400 «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің жанынан құрылған БД.55.05.01 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде өтеді. Мекен жайы: 040909, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылы, М. Ерлепесов көшесі, 1.


Диссертациямен «ҚазАгроИнновация» АҚ «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2009 жылдың «12 сәуірінде» таратылды.


Диссертациялық кеңестің

ғылыми хатшысы, ауыл шаруашылығы

ғылымдарының докторы Н.А. Әлдеков

КІРІСПЕ

Тақырыптың өзектілігі Территориясы үлкен, ауа-райы құрғақтау және топырағы әртүрлі келетін Қазақстан үшін арпа аса бағалы дақыл. Дәнді дақылдардың ішінде түсімділігі жөнінен бидайдан кейін ол екінші орын алады, бүкіл әлем бойынша төртінші орынға ие. Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік шығыс аймағында оның егіс көлемі 580 мың га, Алматы облысында 220 мың га [Сариев, Джумаханов, Ортаев, 2003].


Л.Д. Казенастың [1974] деректері бойынша арпада жолақты бактериоз, вирустардан туындайтын қуыршақтану және де саңырауқұлақтар қоздыратын тасты, тозанды және жалған тозаңды қара күйелер, ақ ұнтақ, гельминтоспориозды және фузариозды тамыр шірік, сызықты, сары және қортық тат, септориоз бен жиектелген дақ, гельминтоспориозды теңбілдену ауруларының бірнеше түрлері кездеседі. Кейбір жылдары олар эпифитотия дәрежесіне дейін дамып, дақылдың өнімділігін 20-30% дейін төмендетеді.

Республика жағдайында арпаның қара күйе және тамыр шірігі аурулары бойынша терең және жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілген. Олардың таралуы мен зияндылығы, қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктері анықталған, агротехникалық және химиялық шаралардың тиімділігі жан-жақты зерттелген [Әлмұратов, 1975; Қойшыбаев, Пономарева, 1999].

Арпа дақылының гельминтоспориоз (торлы, жолақты, қара-қоңыр дақтар) ауруларына келсек, өкінішке орай олар жайлы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары некен-саяқ. Л.А. Пономарева мен М. Қойшыбаев [1996, 1999, 2000] республиканың солтүстік аймағында олардың таралуы мен зияндылығын, ауру қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктерін, дамуын тежеуде агротехникалық және химиялық шаралардың тиімділігін анықтау бағытында зерттеу жүргізген. Республиканың оңтүстік-шығысында бұл бағытта бірен-саран жұмыстар осыдан 25-30 жыл бұрын атқарылған.

ТМД-нің көптеген елдерінде арпаның гельминтоспориоз және ринхоспориоз ауруларының кең таралып, айтарлықтай зиян келтіретінін ескере отырып, Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында олардың терең зерттелмеуі, осы бағытта арнайы жұмыстар жүргізуге себепші болды.

Жұмыстың мақұлдануы Зерттеу жұмыстары 2004-2007 жылдар аралығында ауыл шаруашылығын ғылыми қамтамасыз етуге арналған 042 бағдарламасы бойынша Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының тақырыптық жоспарына сәйкес жүргізілді, оның шифры 01.01.01.12, мемлекеттік тіркеу нөмірі 0106РК01043.

Ізденушінің жеке еңбегі Автор ғылыми жетекшісінің көмегімен зерттеу бағдарламасын дайындап, танаптық және зертханалық тәжірибелерді жүргізді. Сонымен қатар алынған нәтижелерді қорытындылай және сараптай отырып, ғылыми мақалалар мен диссертацияны дайындады. Автор өзінің ғылыми жетекшісіне а.-ш. ғылымдарының докторы, профессор М. Қойшыбаевқа зертханалық және танаптық тәжірибе жүргізу, зерттеу бағдарламасы мен диссертациялық жұмысты дайындау барысында берген аса құнды кеңестері мен көрсеткен көмегі үшін, Егіншілік және өсімдік шаруашылық ҒӨО-ның арпа селекциясы бөлімінің меңгерушісі, а.-ш. ғылымдарының докторы, профессор Б.С. Сариевке және егіншілік бөлімінің меңгерушісі а.-ш. ғылымдарының докторы, профессор А.Қ. Киреевке арпаның келешегі зор жаңа сорттарына және де топырақты өңдеудің әртүрлі баптарын қамтитын көпжылдық тұрақты және өндірістік тәжірибелерге фитосанитарлық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіреді.


Зерттеу мақсаты Республиканың оңтүстік-шығыс аймағында арпа жапырақтарының гельминтоспориозды және ринхоспориозды теңбілдену аурулары қоздырғыштарының түр құрамы мен таралу ерекшеліктерін және зияндылығын анықтау және олардың дамуын тежейтін кешенді шаралар жүйесін жетілдіру.

Осы мақсатты іске асыру үшін төмендегідей міндеттер қойылды:

- республиканың оңтүстік-шығысында арпа егісінде гельминтоспориоз және ринхоспориоз ауруларының таралу ерекшеліктері мен даму динамикасын, зияндылығын анықтау;

- ауру қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктерін зерттеу;

- жапырақтың гельминтоспориоз ауруларының таралуы мен дамуына агротехникалық шаралардың әсерін пайымдау;

- тұқым дәрілейтін препараттар мен фунгицидтердің биологиялық және шаруашылық тиімділігін анықтау;

- арпаның аудандастырылған және болашақты сорттарының гельминтоспориоз және ринхоспориоз ауруларына беріктігін сынау;

- арпа сорттарының жапырақтың гельминтоспоирозды теңбілдену ауруларына беріктігін сынаудың зертханалық және танаптық әдістемелерін жетілдіру;

Ғылыми жаңалығы Республиканың оңтүстік-шығыс аймағында арпа жапырақтарының теңбілдену ауруларының таралуы мен олардың қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктері анықталды. Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан тәлімі жерлерде егілетін арпа егісі үшін фитосанитарлық тұрғыдан баға берілді. Арпаның аудандастырылған және болашағы бар сорттарының гельминтоспориоз және ринхоспориоз ауруларына беріктігі сыналды. Арпа сорттарын жапырақтың теңбілдену ауруларына беріктігін сынаудың зертханалық және танаптық әдістемелері жетілдірілді.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

 Арпа жапырақтарының теңбілдену ауруларының таралуы мен дамуы және олардың қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктері;

 Инфекциясы ауа толқындары арқылы таралатын арпа ауруларының зияндылығы;

 Арпа егісін химиялық қорғаудың биологиялық, шаруашылық және экономикалық тиімділігі.


Жұмыстың талқылануы Диссертация жұмысы бойынша зерттеу бағдарламасы 2004 жылы, ал қорытынды есебі 12 ақпан 2007 жылы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ-ның ғылыми кеңесінің отырысында талқыланып бекітілді. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында және арнайы басылым беттерінде жарияланды:

- «Өсімдік шаруашылығы мен егіншіліктің өзекті мәселелері». II-Халықаралық жас ғалымдар және аспиранттардың ғылыми конференциясы. - Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы, Алмалыбақ, 2005;

- «Современные проблемы защиты и карантина растений»: Материалы Международной научной конференции, посвященной 90-летию со дня рождения Ж.Т. Джиембаева, Алматы, 2005;

- «Өсімдік қорғау және карантиннің өзекті мәселелері». ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған I-Халықаралық жас ғалымдар мен аспиранттардың ғылыми конференциясы Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты, Алматы, 2006;

- «От зональной почвозащитной системы земледелия к адаптивно-ландшафтной». Научно-практическая конференция посвященная 100-летию со дня рождения Героя Социалистического труда, лауреата Ленинской премии, академика ВАСХНИЛ – А.И. Бараева. Научно-производственный центр земледелия и растениеводства, Алмалыбак, 2008, с. 67-69.

Жұмыстың іс-тәжірибелік құндылығы Гельминтоспориоз ауруларының дамуы мен зияндылығын шектеуде агротехникалық және химиялық шаралардың рөлі анықталды. Арпаның аудандастырылған және болашақты сорттарының жапырақ теңбілденуі ауруларына беріктігі табиғи және жасанды фондарда сыналды.

Зерттеу нәтижелерінен жарияланған ғылыми еңбектер Диссертация бойынша 4 ғылыми мақала, халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында 3 тезис жарияланды және өндіріске ұсыныс берілді.

Жұмыстың құрылымы мен көлемі Диссертация 130 беттен, 34 кестеден, 35 суреттен, кіріспеден, 6 бөлімнен, қорытынды мен өндіріске ұсыныстан және пайдаланылған 209 әдебиет тізімінен тұрады, оның ішінде 35 шет ел тілінде. Диссертация соңында, ондағы деректерді толықтыра түсетін қосымшалар келтірілген.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ


ЗЕРТТЕУДІҢ БАҒДАРЛАМАСЫ, ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕСІ


Зерттеу жұмыстары 2004-2006 жылдар Алматы және Жамбыл облыстарының таулы және тау етегінде орналасқан табиғи аймақтарда жүргізілді. Тау бөктерінің дала аймағында егіс алқаптары күңгірт-қызғылт қоңыр топыраққа орналасқан, ал солтүстікке қарай кәдімгі сұр топырақ басталады.

Арпаның өсу кезеңіндегі ауа-райы зерттеу жүргізілген жылдары біркелкі болмады. 2004 жылы сәуір айының 1-ші және 2-ші онкүндіктерінде күндізгі температура 20-250С-қа дейін жетті, нөсерлеп жауын жауды. Айдың аяғында температура күндіз 18-250С көтерілсе, ал түнде 8-120С төмендеді. Мамыр айының 1-ші онкүндігі құрғақтау болып, небәрі 18-24 мм жауын-шашын түсті. Маусым айының 8-11 аралығында нөсерлеген жаңбыр жауып, өсімдік жапырақтарында шық таңертеңгі сағат 10-11-ге дейін сақталды. Осы айдың 2-ші онкүндігінде температура күндіз 26-280С-қа жетсе, түнде 12-150С-қа төмендеді, ал 3-ші онкүндікте ауа райы құрғақ, әрі ыстық болды. Температура күндіз 30-350С, түнде – 17-220С аралығында болды.

2005 жылы сәуір айының 3-ші және мамыр айының 1-ші онкүндіктерінде ауа райы құрғақтау болды. 11-24 мамыр аралығында барлық жерлерде нөсерлі жауын-шашын өтті, ауаның температурасы айтарлықтай төмендеп, өсімдіктердің жапырақ-сабақ инфекциялы ауруларының дамуына қолайлы жағдай туды. Бірақ, мауысым айының 1-ші және 2-ші онкүндігінде температура күрт көтеріліп (30-350С), ауа райы құрғақ болды, яғни аурулардың дамуына қолайсыз жағдай туды.

2006 жылы өсімдіктердің өсу кезеңінің бірінші жартысы мен шілде айында ылғал мол болды. Мәселен, сәуір айында түскен жауын-шашын мөлшері 102 мм, немесе көпжылдық көрсеткіштен 60 мм жоғары. Мамыр айы орташа ылғалды, ал маусым құрғақтау (31 мм) келді. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы көпжылдық деңгеймен салыстырғанда сәуір айында 18%, мамыр мен маусым және шілде айында – 5-8% жоғары болды.


Негізгі зерттеу нысандары ретінде Bipolaris sorokiniana, Drechslera graminea, D. teres және Rhynchosporium secalis саңырауқұлақтары қоздыратын арпаның: қара-қоңыр, жолақты, торлы және жиектелген дақ аурулары; осы дақылдың Арна, Бәйшешек, Асыл, Ақжол және т.б. сорттары алынды.

Арпа дақылында кездесетін аурулардың таралу ерекшеліктері мен динамикасын, зияндылығын және олардың қоздырғыштарының түр құрамын анықтау үшін фитопатология мен микология салалары бойынша ұсынылған әдістемелер қолданылды [Чумаков, 1974; Пидопличко, 1977; Наумова, 1978; Котова, 1979].

Аурулардың даму динамикасы 2-3 тұрақты нүктелерде арпаның: түптену (25), масақтану (51-59) және сүттеніп-балауызданып пісуде кезеңдерінде анықталды. Зертхана жағдайында өсімдіктер мұқият тексеріліп, аурудың таралуы мен даму қарқыны анықталды. Жапырақтардың теңбілдену ауруларына шалдығу дәрежесі Э.Э. Гешеле [1979] ұсынған шкала (көрсеткіштері 1, 5, 10, 25, 50, 75, 100%) бойынша есептелінді. Арпаның гельминтоспориозды теңбілдену және ринхоспориоз ауруларының зияндылығын анықтау үшін А.Е. Чумаков пен Т.А. Захарова [1990] ұсынған әдістер пайдаланылды.

Қара-қоңыр және жолақты дақ аурулары қоздырғыштарының морфологиялық, биологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін зерттегенде Н.А. Наумова [1978] мен О.С. Афанасенконың [1987] әдістері қолданылды. Саңырауқұлақтардың таза себінділерін бөлу үшін БӨҚҒЗИ ғалымдары ұсынған V4 жасанды қоректік орта қолданылды, ал арпа дақылының гельминтоспориозды дақ ауруларының тұқым арқылы таралуын анықтау үшін орама қағаз әдісі пайдаланылды [Коваленко, 2005; Афанасенко, 2005].

Арпа ауруларының дамуын тежеудегі агротехникалық шаралардың рөлін анықтау үшін ылғалмен жартылай қамтылған тәлімі жерге орналасқан Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒӨО-ның егіншілік бөлімінің тұрақты тәжірибе танаптарында зерттеу жүргізілді.

Тұқым арқылы таралатын ауруларға қарсы қолданылатын препараттардың тиімділігі «Өсімдік қорғау ҒЗИ-ның» тәжірибе базасында арпаның Арна және Комплексный сорттарында анықталды. Мөлдектердің көлемі – 5 м2, 4 рет қайталанды. Ауа толқындары арқылы таралатын аурулардың дамуын шектеуде фунгицидтердің тиімділігі Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан «Светлана» ЖШС-де және «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒӨО-ның тұқымшаруашылығы бөлімінде анықталды. Олар арнайы бүріккіш (Глория) арқылы арпаның масақтану кезеңінде шашылды, бір гектарға 150 л су жұмсалды.


Арпаның тіркелген және болашағы бар сорттарының гельминтоспориоз ауруларына беріктігі Өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе базасында және «Егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ҒӨО-ның арпа селекциясы бөлімінде табиғи фонда сыналды.

Танаптық тәжірибелер салғанда және алынған нәтижелерді талдау барысында Б.А. Доспехов [1974] ұсынған әдістемелерге сүйендік.


ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ


Гельминтоспориоз ауруларының таралу ерекшеліктері мен даму динамикасы және зияндылығы

2004-2005 жж. Алматы облысының тау етегінде егілген күздік арпа егісінде гельминтоспориозды теңбілдену ауруы айтарлықтай дамығанын байқадық. Масақтану кезінде оның жапырақтары гельминтоспориоздың 3 түріне (қара-қоңыр, жолақты және торлы дақтар) бірдей шалдықты.

Арпа егісінде жапырақтың қара-қоңыр және жолақты дақ ауруларының таралуы ауа-райы жағдайына байланысты болатыны анықталды. Мәселен, 2004 жылы сәуір-маусым айларында түскен жауын-шашын мөлшері көпжылдық көрсеткішпен салыстырғанда 24,2 мм көбірек, ал ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 21,1% жоғары болды. Алматы облысы Қарасай ауданының «Абай» ЖШС арпа егістіктерінде қара-қоңыр дақ басымырақ болды, оның таралуы 74,0% құраса, Жамбыл ауданының «Үмбеталы» өндірістік бірлестігінде 26,0%, «Светлана» ШҚ-да 38,0% жетті.

2005 жылы қара-қоңыр дақтың таралуы жоғарыда аталған үш шаруашылықта 38,0-50,0% дейін жеткенмен, жапырақтың ауруға шалдығу дәрежесі 3,2-4,9% аспады.

2004 жылы жолақты даққа тек қана «Абай» ЖШС арпа егістіктерінде 24% өсімдік шалдықса, 2005 жылы аталмыш шаруашылықта бұл ауру кездеспеді. Жиектелген даққа келетін болсақ, ол тек 2004 жылы Қарасай ауданында кездесіп, баяу дамыды. 2005 жылы керісінше бұл аурудың таралуы сорттың биологиялық ерекшеліктеріне байланысты «Үмбеталы» өндірістік бірлестігі мен «Светлана» ШҚ 64,0% дейін жетті.

Таулы аймақта сұр топыраққа орналасқан Кербұлақ сорт-сынау учаскесінің арпа егістерінде жапырақтың теңбілдену ауруларының таралуы мен дамуы анықталды. 2004 жылы Бәйшешек пен Донецкий 8 сорттарында қара-қоңыр дақтың таралуы 82-96% жеткенімен, даму дәрежесі 8,3% аспады. 2006 жылы бұл көрсеткіштер 23,5-42% және 8,3 -10,5% аралығында, ал 2005 жылы бұдан да төмен болды (1-сурет).





1-сурет - Кербұлақ сорт-сынау учаскесінің арпа егістерінде қара-қоңыр дақтың таралуы мен даму дәрежесі (Алматы облысы, 2004-2006 жж.)


2005 жылы Жамбыл облысының Меркі және Қордай аудандарының тәлімі және суармалы жерлерінде егілген арпа егістерінде торлы және қара-қоңыр дақтардың таралуы 100%, ал жапырақтардың ауруға шалдығу дәрежесі 11,5 тен 49,1% аралығында болды. Соңғысы өте ірі, дөңгелектеу немесе ұзыншақтау сопақша келген қара-қоңыр дақтар ретінде байқалды.

Торлы даққа келетін болсақ, тау етегіндегі стационарда ауру мүлдем байқалмады. Оның басты себебі мынада ғой деп ойлаймыз. Тау бөктерінде орналасқан ӨҚҒЗИ-ның тәжірибе телімінде арпа, көбінесе көпжылдық шөптерден немесе көкөніс дақылдарынан кейін егілді. Оның айналасында 15-20 шақырымдай қашықтықта арпа егістіктері жоқ, демек жолақ және торлы дақ ауруларының ауа толқыны немесе жаңбыр тамшылары арқылы таралуы үшін инфекция қоры болмады.

2005 жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында қара-қоңыр дақ кең таралып, қатты дамыды. Мәселен, «Арна» ЖШС-де күздік арпаның төменгі жапырақтары оған 100% шалдығып, аурудың даму дәрежесі 49,1% жетті. Келесі жылы ауру дақылдың тексерілген барлық егістерінде кездескенімен, оның даму дәрежесі төменірек болды. Жолақты дақ «Тілеміс» ЖШС арпа егісінде ғана байқалып, оның таралуы 12% аспады, ал 2006 жылы тексерілген егістерде бұл көрсеткіш 21,0% жетіп, дамуы 15,3% болды.

2006 жылы торлы дақ ауруы тексерілген барлық шаруашылықтардың арпа танаптарында кездесті, оның таралуы 98,0%, даму дәрежесі 50,0% құрады. Жиектелген дақ 2005 жылы тексерілген барлық егістерде кездессе, 2006 жылы ол «Арна» ЖШС-де ғана байқалып, аурудың таралуы 42,0% құрады.

Алматы және Жамбыл облыстарының арпа егістерінде жапырақтың гельминтоспориоз ауруларымен қатар, 2005 жылы ақ ұнтақ және сары тат кездесті. «Ақбұлын» шаруа қожалығында біріншісінің таралуы 64,0%, даму дәрежесі 11,7% жетті, ал сары таттың таралуы 14,0-тен 34,6% аралығында болды.


Сонымен, Алматы және Жамбыл облыстарының әртүрлі табиғат-топырақ аймақтарында жүргізілген зерттеу нәтижесінде арпа егістерінде аса кең таралған гельминтоспориоз ауруларына жапырақтың қара-қоңыр теңбілі мен жолақты дақ жататыны, кей жылдары ол торлы даққа да айтарлықтай шалдығатыны анықталды. Осыны ескере отырып, алғашқы аталған екі аурулардың зияндылығы мен даму динамикасын, ауру қоздырғыштарының биологиялық ерекшеліктерін анықтау, олармен күресу шараларын жетілдіруге көбірек көңіл бөлінді.



следующая страница >>