shkolakz.ru 1 2 ... 10 11


Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Бекітемін:

Оқу ісі жөнідегі проректор

___________ Е. Щербик

«___» _________ 2003

«Қазіргі жаратылыстану концепциялары»

дәрістер курсы
Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған
оқу құралы


Өскемен
ШҚМУ Баспасы
2003

УДК 5 (075.8)


Пікір жазғандар:

биология ғылымдарының докторы, профессор Ж.У.Мамутов

педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент М.Н.Чукотаев

Забенова Г.Б.

«Қазіргі жаратылыстану концепциялары»: оқу құралы. – Өскемен: ШҚМУ Баспасы, 2003. – 123 бет.

Дәрістер курсына “Қазірігі жаратылыстану концепциялары” пәні бойынша оқылатын дәрістер (материалдары) бірнеше тақырыптар бойынша жинақталып, құрастырылған.

Сонымен қатар, негізгі тақырыптар бойынша жүргізілетін семинар сабақтарының сұрақтары, реферат, баяндамалар тақырыптары, қажетті әдебиеттер тізімі берілген.

Дәрістер курсы жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған.

КІРІСПЕ

«Қазіргі жаратылыстану концепциялары» жоғарғы оқу орындары бағдарламасында енген жаңа пәндердің бірі. Бұл пәннің оқу бағдардамасына енгізілуі жоғары білімді мамандардың кең ғылыми көзқарасты болып даярлануын мақсат етеді.


Сонымен қатар, өмірдегі жаратылыстану ғылымының барлық жетістіктері жалпы ғылымдық маңыз алып, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарда да кеңінен қолданылады.

Мемлекеттік тілде жазылған қажетті оқу-әдістемелік әдебиеттердің жоқтығынан бұл курсты қазақ бөлімі студенттеріне оқыту біраз қиыншылықтар тудырады. Осыған байланысты, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әдістемелік кеңесі ұсынған типтік оқу бағдарламасын, Ресей жоғарғы оқу орындарында пайдаланып жүрген «Қазіргі жаратылыстану концепциялары» бойынша жазылған әдебиеттер мен оқулықтарды негізге ала отырып, осы дәрістер курсы құрастырылды.


Дәрістер курсының мазмұнына мынандай негізгі тақырыптар енгізілген. Адамзат дүниетанымы мен қызметіндегі ғылымның алатын орны мен ерекшеліктері. Ғылыми теориялардың мазмұндық және логикалық құрылымы. Антикалық уақыттан қазіргі кезеңге дейінгі ғылыми зерттеу бағдарламалары мен қазіргі жаратылыстану салаларының тарихы. Жаратылыстану дамуының қазіргі кезеңіндегі физика, химия, биология, география ғылымдарының негізгі концепциялары. Қазіргі ғылымның интеграциясы мен космизиясы және жаңа биосфералық дүниетанымның қалыптасуы.

Жаратылыстану ғылымының негізгі мәселелерін осындай жүйемен беру арқылы бүкіл әлемнің ғылыми жаратылыстық бейнесімен таныстыру, табиғаттың біртұтастығы мен даму заңдылықтарын, қазіргі жаратылыстану концепцияларын түсіндіру мақсат етіліп қойылды.

Дәріс курсын құрастыру кезінде автор баяндалатын материалдарды әр түрлі мамандықтар бойынша оқитын студенттер үшін түсінікті, қарапайым тілмен беруге тырысты. Курсты оқытуды терең әрі мазмұнды ету үшін дәрістер мәтініне қоса семинар сұрақтары және көптеген әдебиеттер мен оқулықтар тізімі ұсынылды.

Курс мазмұнының күрделілігіне байланысты, бұл еңбекті құрастыру барысында берілген ескертпелер мен кеңестер үшін автор өз ризашылығын білдіреді.

Лекция 1 Ғылым және оның қоғам өміріндегі рөлі




Ғылым анықтамасының мәселелері


Ғылымның, философияның және діннің арақатынасы

Ғылым құрылымы, атқаратын функциялары

Ғылымға қойылатын критерийлер



Ғылым анықтамасының мәселелері

Адамзат өзінің даму тарихы барысында қоршаған әлемді танып-білудің және игерудің бірнеше тәсілдерін меңгерді. Сондай тәсілдердің біріне сөзсіз ғылымды жатқызуға болады. Ғылым-қоғамның рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Адамзат дамуының белгілі бір кезеңінде ғылым дами келе, қоғамдық сананың дербес формасына айналады. Себебі қоғамдағы сан-салалы мәселелер ғылымның көп жағдайда ғылымның араласуымен шешіледі.


Адам өміріндегі ғылымның орны мен рөлін түсіну осы уақытқа дейін аяқталмаған күрделі процесс. Бұл процесс қиыншылықтар мен қайшылықтардың, талас-тартыстың, күмәнді сұрақтардың, көптеген жаңа мәселелердің пайда болуымен ерекшеленеді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында ғана ғылымның мәні мен ерекшеліктерін, оның даму және қолдану механизмдерін қарастыратын, сонымен қатар, ғылымның білім жүйесі әрі ерекше әлеуметтік институт ретінде даму заңдылықтарын зерттеуге бағытталған «ғылымтану» атты жаңа пән пайда болды.

Ең алдымен, ғылымтанушылардың назар аударған мәселесі – латынша «Scientia» сөзінің этимологиясы болды, оның мағынасы «білім» дегенді білдіреді. Ал кез келген білімнің ғылым емес екендігі белгілі. Білім – адамзаттың әр қилы тіршілік ету сферасынан: қарапайым өмірден, саясаттан, экономикадан, өнерден тағы басқа жағдайлардан алынады. Ғылым – тәжірибе жүзінде анықталған нақты дәлелдемелер мен логикалық заңдарға сүйенетін қорытындылардың негізінде білім әлемін жасайды. Бұл әлемнің субъективті элементі болып саналатын адамзатқа, оның игілікті бағдарына шамалы ғана рөл бөлінеді (бұл үшін өнер, мораль, дін бар). Сондықтан бір-бірін толықтыра отырып, мәдениеттің бұл құрамдас бөліктері табиғат пен адамзат арасында байланыстырушы тізбек болып саналады.



следующая страница >>