shkolakz.ru 1
Көптілеуова Д.Т., Аубакирова Қ.



ЕГИПЕТ ЖАЗУШЫСЫ САЛАХ МААТАНЫҢ «ШАМАИЛ ҚАЗЫНАСЫ» АТТЫ РОМАНЫНЫҢ ТАРИХИ ШЫНДЫҒЫ


Египет жазушысы әрі журналист, белгілі қоғам қайраткері, жиырмадан астам кітаптың авторы, әлемдік және республикалық деңгейдегі түрлі сыйлықтардың иегері Салах Маата өзінің 2005 жылы Әбдел Құддус сыйлығына ие болып, үлкен жетістікке жеткен «Шамаил қазынасы» атты шығармасын 2002 жылы жазып бітірген екен. Бұл тарихи романда мәмлүктер кезіндегі шынайы өмір шебер суреттелген. Мәмлүктер тұсындағы тарих туралы жазылған бұл романға тоқталмас бұрын «Мәмлүк» сөзінің этимологиясын қарастырсақ, ол – Ислам тарихында үлкен рөл ойнаған «ақ құлдарға» қатысты туындаған. Бұл сөз араб тіліндегі «Мәләкә» - иелену, билеу деген етістіктің ырықсыз етісінің есімшесі, мағынасы: 1. Иеліктегі, біреудің қол астындағы, біреуге тәуелді адам. 2. Жалдамалы. Егер мәмлүктер кезеңінің деректеріне сүйенсек, онда олар біздің түсінігіміздегі құлдармен тең еместігін аңғарамыз. Тіпті, қазақ шежіресінде де Сыр бойынан Мысыр мен Сирия жеріне қоныс аударған оғыз, қыпшақ тайпалары болғандығы, оларды «көндігер» деп атағандығы жөнінде айтылады екен [2, 95]. Мәмлүктерді «ақ құлдар» дегеннен гөрі «жалдамалы» немесе «арнайы дайындықтағы адам» деу орынды сияқты [3, 8-9].

ХІІІ ғасырда мәмлүктер Мысыр әскерінің көп бөлігін құраған. 1250 жылы соңғы аййуби Туран-Шахтың өлімінен кейін билік басына мәмлүктер келіп, екі үлкен әулетті құрады: Бахри немесе түріктер (1250-1390) және Буржи немесе черкестер (1390-1517). Бірінші әулеттің атауы Алтын Орданың құрамына кірген Қара теңіздің жағалауында көшіп-қонып жүрген түркі халқынан шыққан сұлтандардың билігімен байланысты. Моңғол шапқыншылығы кезінде тұтқынға түскен құлдар италиялықтарға сатылған, кейін олар теңіз (арабша бахр) арқылы Египет сұлтандарына жеткізілген. Сонымен қатар моңғол шапқыншылығы кезінде Солтүстік Батыс Кавказдың халықтары да қырғынға ұшырап, құлдыққа алынып, басқа елдерге сатылған болатын. Буржи (арабша мағынасы мұнара, кавказдық мәмлүктерден тұратын сұлтан Қалаун құрған алғашқы әскери құрам Каир қамалындағы мұнараларда орналасқан болатын) атты екінші әулеттің атауы осы жерден шықса керек.


1250-1390 жылдар аралығында билік құрған Бахри сұлтандарының тұсында Египеттің әлеуметтік жағдайында айтарлықтай өзгерістер болып, феодалдық жер иелену формасы мен әскери құрамалар күшейе түсіп, әскердің саны екі есе өсіп, моңғолдық әскери тәртіптің кейбір тәсілдері қолданылған. Көптеген жерлер феодалдардың қолына өтіп, жерді жалға беру болды. Бірақ шаруалардың негізгі бөлігі хараж салығы арқылы қаналып отырған.

1390 жылдан 1517 жыл аралығында билік еткен черкес мәмлүктердің тұсында шаруалардың еркіндігі мен бостандығына қатты шек қойыла бастайды. ХV ғасырдың екінші жартысында мысырлық тарихшы әрі географ әл-Мақризи былай деп жазған болатын: «Ауылдық жерлерде тұратын шаруалар (фәллах қарари) осы аймақ тиесілі болған иқта иегерінің құлы болып саналды. Ол өзінің еркіндік алуына немесе басқа біреуге сатылуына еш үміттенбейтін, керісінше өзі де, оның балалары да мәңгілік құл болып қалуға тиісті болды». Өз еріктерімен тұрған жерлерін тастап кеткен шарауалар күшпен кері қайтарылып, жазаға тартылған [12].

Әсіресе, шетелдік мәмлүктердің тарапынан елде тәртіпсіздіктер орнап, халыққа қатігездік пен жауыздықтарын танытады. Алғашқы черкес сұлтан Бурқуқтың тұсында да осындай жағдайлар орын алған болатын. Қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайлары да шиеленісіп, төменгі таптар мен сұлтандар арасында әлсін-әлсін қақтығыстар болып тұрады [8].

Мәмлүктердің билігі тұсындағы Мысыр елінің экономикалық, саяси-әлеуметтік жағдайының тарихта қалай болғаны жоғарыда баяндалды. Бұл тарихи шындықтар Салах Маатаның «Шамаил қазынасы» романында да дәл әрі өте көркем суреттелген. Сол дәуірдегі халықтың әл-ауқаты мен елде орын алған қоғамдық жағдайларды романның бас кейіпкерлері Жәләл ад-Дин мен оның әйелі Фатиманың тағдырынан, олардың баласы Хасан, Салих Шахаби мен қарапайым халықтың күнделікті тіршілігінен көрсек, елдің саяси жағдайы туралы Сұлтан Бурқуқ пен Жәмәл ад-Диннің және Шамдағы әмірлер Жакам, Шайх Махмуди, Науруз бен оның айналасындағылардың тағдырынан, сонымен қатар Шамаил қазынасындағы тұтқындардың іс-әрекеті мен сөздерінен біле аламыз.


Бахрилердің соңғы сұлтаны Салах Хажиді тақтан тайдырып, алғаш рет 135 жыл билік еткен черкес мәмлүктері әулетінің негізін салушы Бурқуқ сұлтан болады. 1398 жылы Сұлтан Заһир Бурқуқтың өлімінен кейін әмірлер оның он жас шамасындағы баласы Фаражды сұлтан етіп сайлайды. Сұлтан Наср Зин ад-Дин Абу ас-Саадат Фараж ибн Бурқуқ Буржи мәмлүктері әулетінің екінші (1398-1405) және төртінші (1406-1412) сұлтаны болады. Ол Каир қаласында әмірлердің арасындағы алауыздық пен талас-тартыс өршіп тұрған сәтте, 1388 жылы дүниеге келген. Малик Наср деген лақап атқа ие болған Фараждың билік еткен тұсында елдің қоғамдық-әлеуметтік жағдайы өте ауыр болатын. Бір жағынан Мысырда сұлтандыққа ұмтылған әмірлердің арасындағы қақтығыстар, екінші жағынан Шам жеріндегі әмірлердің оларға көмек көрсетуі жағдайды ушықтыра түсті. Дәл осы кезде Темірлан бастаған моңғолдардың шапқыншылығы да белең алады [4].

Темірлан тарих сахнасында маңызды рөлге ие болып, Орталық Азияны түгелдей жаулап, Кавказ, Иран, Қытай, Сирия жерлеріне дейін жеткен. Темірлан өзінің жеті жылдық жорығын 1399 жылдан бастайды. 1400 жылы Мысыр сұлтаны Фаражға, кейін 1393 жылы оның елшісін өлтіруге бұйрық берген Бурқуқтың билігінде болған Сириядағы Халеб (Алеппо) қаласын, 1401 жылы Дамаск қаласын басып алады [5].

Темірланның қалың қолы Шам жеріне басып кіріп, ондағы халықты үлкен қырғынға ұшыратып, егістік жерлер мен тұрғын үйлер, мәдениет ошақтары өртке ұшырайды, қалалар тоналады. Олар қалаларда шегірткеше жайылып, барлық жауыздықтарын көрсеткен. Кейбір дерек көздерінде он екі мың әскерімен Халеб қаласына басып кіріп, төрт күннің ішінде қаланы түгел жаулап алады. Халеб қаласымен қатар Урум-кала, Айнтаб, Дамаск қалаларын басып алып, Мысыр сұлтанына да қауіп төндіргенімен, басып алған жерлерге әскерлерін қалдырып, Темірлан өз жеріне, Самарқанға қайта оралады. Дегенмен 1405 жылы үлкен империяны басқарған Темірлан қаза тапқанға дейін мәмлүктердің жүрегіне қорқыныш ұялатады [6].

Буржи мәмлүктерінің кезінде де Шам әмірлері тарапынан түрлі мәселелер мен бүліктер шығып, сұлтанға қарсы қастандықтар ұйымдастырылады. Әмірлердің бүліктері Наср Фаражға дейін жетіп, 1405 жылы тамыз айында көтеріліс өз шегіне жетіп, әмірлер сұлтанға қарсы одақтасып, оны тақтан тайдырып, орнына оның інісі Әбдел Әзизді сұлтан етіп жариялайды. Ал Наср Фараждың жақтастары болса, сұлтанның қайта таққа келуін құптап, оның оралуы үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырады. Нәтижесінде, сұлтан Фараж бен оның інісі Әбдел Әзиздің арасында болған үлкен күрестен кейін сұлтан Фараж жеңіске жетіп, 1406 жылы қайта таққа оралады.


Екінші рет таққа келген кезде де Шамдағы мәселелер өз жалғасын тауып, Насыр Фаражға Халеб қаласының әмірі Абдуллаһ Жакамның тарапынан үлкен қауіп төнеді. Ол Мысырдағы сұлтандыққа ие болу үшін әл-Адил атты лақап атымен өзін Шамның сұлтаны ретінде жариялайды. Шейх пен Шамның әмірі Науруздан басқа әмірлердің барлығы оған қолдау көрсетеді. Бірақ арада көп уақыт өтпей Жакам жорықтардың бірінде қаза табады. Черкес Шейх әл-Махмуди бастаған Триполи мен Дамаск қалаларындағы әмірлердің қарсылығы сұлтан Фараж үшін ауыр соққы болады. 1412 ж. Сұлтан Фараж қақтығыстардың бірінде қаза тауып, Шейх әл-Махмуди әл-Муайад есімімен сұлтандыққа келеді [7].

Жазушы Салах Маата жоғарыда аталған тарихи шындықтарды өз шығармасында өрнектей отырып тізіп шықса да, автор оқырмандарға тек тарихи айғақтарды жеткізумен ғана шектелмей, осы тарихи оқиғалар мен сұлтан Бурқуқ, Жакам, Шейх әл-Махмуди сияқты тарихи тұлғалар арқылы қазіргі заманда орын алған шынайы оқиғаларды да астарлы әрі бейнелі түрде жеткізеді.

Шейх әл-Махмуди (1358-1421) Мысырға құл ретінде келіп, жас кезінде өзінің батылдығымен танымал болады. Оны сұлтан Бурқуқ сатып алып, кейін Шам жеріне әмір етіп тағайындайды. Шейх әл-Махмуди сұлтан Фараж ибн Бурқуққа қастандық ұйымдастырғаны үшін Шамаил қазынасы түрмесіне қамауға алынып, үлкен азапты бастан кешіреді. Азап шегіп жатып, осы жерден шықса, Шамаил қазынасының орнына үлкен мешіт салуға уәде береді. Бірнеше жылдан кейін түрмеден қашып шыққаннан соң, Дамаск қаласының әмірі Наурузбен біріге отырып Сұлтанға қарсы шығады да, Фараждың өлімінен кейін 1412-1421 жылдар аралығында Сұлтан болады.

Шейх әл-Махмуди сұлтан болғаннан кейін өзінің берген уәдесінде тұрып, азапқа толы Шамаил қазынасын қиратып, оның орнына жаңа мешіттің құрылысын бастап, оған көп қаржы бөледі.

Шамаил қазынасы Баб Зуейланың солтүстігінде орналасқан. Оны Малик Камил Мұхаммад ибн әл-Адил Абу Бакр ибн Аййубтың тұсында Каир қаласында уәли болған әмір Алам ад-Дин Шамаил негізін қалайды. Ол жантүршігерлік көрінісі мен үлкен азап, жауыздық пен қатігездік арқылы аты шыққан түрмелердің бірі болған. Шамаил қазынасына тек өлім жазасы мен ауыр жазаға тартылғандар, атақты қылмыскерлер немесе Сұлтанға қарсы шығып, оған қастандық ұйымдастырғандар қамалатын болған. Бұл жағдай Фараж ибн Бурқуқтың тұсында шегінен шығып, түрмеге қамалғандар ауыр азапқа ұшырап, сыртқы әлеммен байланыстары үзілетін болған. Тек сұлтан Шейх әл-Махмуди таққа отырғаннан кейін Шамаил қазынасы Каир қаласындағы үлкен мешіттердің біріне айналады [14].


Міне, жоғарыда келтірілген тарихи шындықтар Салах Маатаның «Шамаил қазынасы» атты тарихи романында ойдан шығарылған кейіпкер Жәләл ад-Дин Жумдардың тағдыры арқылы шебер тізбектеледі. Онда тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар екінші орынға шығады да, шығарманың негізгі идеясын құрайды. Жазушының бұл шығармасы туралы араб тіліндегі деректерде оның тарихи маңыздылығы ерекше аталады. Мысалы, Абуд Мұстафа әл-Абуд өзінің «Шамаил қазынасы... Тарихи роман қалай жазылады?» атты мақаласында былай деп жазады:

Жазушы әрқашан өзінің айтқысы келген нәрсесін тікелей айта салмайды. Қаламгер ол үшін символикалық әдістерді қолданады не болмаса басқа уақыт аралығы мен басқа жерді сипаттауға жүгінеді. Егер романды оқи отырып көз алдымызға өткен дәуір келетін болса (жазушы өткен тарих пен қазіргі заманды байланыстырғысы келсе де, келмесе де), онда бұл шығарма тарихи роман болып табылады. Оның бірнеше түрлері бар:


  • белгілі бір тарихи кезеңді дәл әрі нақты суреттеп, белгіленген шектен шықпайтын шығармалар;

  • қазіргі заманда орын алған қоғамдық жағдайларды сынға ала отырып, қоғамға өзгеріс әкелу мақсатымен өткен тарихты қайта жандандыратын шығармалар;

  • шынайы болған оқиғаны қиялдан шыққан қарапайым әңгімелердің негізінде сипаттайтын туындылар. Тарихи романның қандай түрі болмасын, олар белгілі бір оқиғалар және тұлғалармен тікелей байланысты болады [8].

Жазушы Салах Мааттаның «Шамаил қазынасы» атты шығармасын оқып, терең ойланған адам жазушының араб әлемінде болып жатқан түрлі күрестер мен заңсыздықтардың, әсересе Ирак пен Америка арасындағы соғыстардың себебінен қайғыға батып, көз ілмейтінін аңғаруға болады. Жазушының Сұлтан Насыр Зин ад-Дин Абу ас-Суадат Фараж ибн Бурқуқтың билік еткен кезеңіндегі оқиғаны суреттеу арқылы нені меңзегенін түсіну қиын емес. Мүмкін, осы кезең арқылы араб қоғамының жан-жаққа ыдырап, араб елдерінің басшылары арасындағы талас-тартыстарды көруге болар. Темірланның бастауымен болған моңғолдардың шапқыншылығы арқылы араб елдерінің барлығына қауіп төніп тұрған үлкен қатерді көрсетпекші шығар. Бұл кезеңнің қазіргі заманмен айтарлықтай ұқсастығы бар. Егер бұл ұқсастықты қазіргі кездегі араб әлемімен жоғары дәрежедегі сәйкестік деп айтсақ та асыра сілтемеген болар едік. Сионисттердің бағындыру саясаты арабтардың денесіне ауыр тікен қадағандай болса, америкалық басшылар жоғары дәрежеде барлық жерде ішкі заңсыздықтар мен қатыгездіктер тарата отырып, араб әлемінің байлықтары мен құндылықтарын иеленуде.


Мүмкін жазушы шынайы түсініктер қалыптастыру үшін өткен тарихқа жүгіну арқылы қазіргі заманда қалыптасқан саяси жағдайларды жаңа арнаға бұрғызғысы келген болар. Роман Жәләл ад-Диннің Шамаил қазынасына қамауға алынумен басталады. Ол ішіне кіргендердің барлығы қиындыққа ұшырайтын үлкен азапқа толы жер болатын. Жазушы түрмені былайша суреттейді: «Оның күлгін сары қабырғалары тегіс емес, сырты түсіп, ылғалдылық қаптаған, біраз жері шешек ауруына ұшырағандай шұрық-тесік... Қап-қара, биік төбесінің бұрыш-бұрышына өрмекшілер ұялаған, оған қоса ағаш арқалықтың бірінде жарқанаттар аяқтарымен жабысып, зынданның кеңістігінде денелері мен қанаттары салбырап тұр. Тек көздері тас қараңғылық басқан бұл мақұлықтар түрмедегілерді қарауылдап жатқан шайтандай көрінді...».

Жазушының Шамаил қазынасы атты бұл түрмеге берген сипаттамасынан және ондағы қылмыскердің: «Неліктен оны тозақ не қасірет, болмаса, тамұқ не жаһаннам деп атамай, қазына деп атағанын түсінбедім» деген сұрағына қылмыскерлердің бірі кекесін дауыспен: «Әрине, қазына деп атайды, себебі оның ішінде өте бағалы заттар сақталынған... Жер бетінде бізден бағалы жан бар ма осы?» деген және романдағы бас кейіпкерлердің бірі Алә ад-Дин «Оны тұрғызған Камил Мұхаммад әл-Аййуби билеушінің уәзірі болған Алам ад-Дин Шамаилды Алланың қарғысы атсын» деген сөздерінен оның мағынасын аңғаруға болады.

Жазушының сипаттамасы мен Шамаил қазынасының мағынасын түсінгеннен кейін Ирактағы «Абу Грейб» атты түрмеде орын алған және қазірде болып жатқан азаптар оқырманның көз алдына келеді. Бұл шығарманы оқығаннан кейін жазушының тарихи романдарды жазуда қазіргі заманды көрсету үшін өткен тарихты қайта жаңғыртқанын байқай аламыз [8].

«Абу Грейб» - Ирактың астанасы Бағдат қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Абу Грейб қаласындағы әлемдегі ең қорқынышты, азапқа толы атышулы түремелердің бірі. Бұл түрме өз жұмысын 1970 жылдан бастап, Ирактағы көсемнің бірі Садам Хусейннің тұсында да белгілі болған. Бұл кезде түрме жалпы қауіпсіздік басқармасы Амин әл-Аминнің қарамағында болатын. Тек 1984 жылдың өзінде 4000 қылмыскер өлім жазасына тартылған. Арнайы қауіпсіздік ұйымының басшысы Саддам Камелдің өзі саяси тұтқындарды дарға асу мен азаптау шараларына қатысып отырған. Батыстағы баспасөз беттерінде бұл түрме «Саддамның азаптау орталығы» ретінде көрсетілген. Америкалықтардың Иракқа басып кіргеннен кейін Абу Грейб түрмесі олардың қолына көшіп, онда Батыс одақтарының күшіне қарсы тәртіпсіздіктер мен қылмыс жасаған ирактықтар қамауға алынған. Түрменің саяси тұтқындар отыратын бөлігі «ашық» және «жабық» қанат деп екіге бөлінген. «Жабық» қанатқа сыртқы әлеммен байланысы үзілген тек шииттер ғана қамалған. Парсы шығанағындағы соғыс кезінде Абу Грейб түрмесінде америкалық тұтқындар ұсталған болатын [10].


2004 жылы түрмедегі америкалық солдаттардың ирактық тұтқындарды азапқа салып, оларды қинауы туралы бірнеше айғақтар ашылып, осы мәселе әлемдік деңгейде үлкен жан-жал тудырып, бұл атышулы түрме 2006 жылы 9 наурызда уақытша жұмысын тоқтатқан. Америкалық сjлдаттар қатыгездік пен асқан жауыздық танытып түрмеге алынған ирактық тұтқындарды түрлі жолдармен азаптап, суретке түсіріп, достарына үлкен мақтанышпен жіберген [11]. Олар мұнымен ғана шектелмей, тіпті өлген адамның денесіне қатыгездікпен түрлі тәжірибелер жүргізген. Осы іске қатысты 12 америкалық сотқа тартылып, бас бостандығынан айрылу, қызметінде төмендетілу секілді жазаларға тартылған. 2009 жылы түрме қайта жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталып, өз жұмысын қайта жалғастырады. Қазіргі таңда бұл жер Орталық Бағдат түрмесі деп аталып, 12 мың адамға есептелінген үлкен кешенді құрайды [15].

Бұл түрме туралы, онда орын алған азаптар мен америкалық солдаттардың тұтқындарға көрсеткен жауыздықтары мен қатыгездіктері туралы жас журналист Михаил Сергушевтің «Тюрьма Абу Грейб. Добро пожаловать в ад» атты 2005 жылы жарық көрген кітабында баяндалады. Жас журналист өзінің еңбегінде өмірде болған шынайы оқиғаларды негізге ала отырып, америкалық жауынгерлердің қандай жолмен терроризммен күресіп, Иранда қандай демократиялық режим орнатып жатқанын суреттейді. Онда Абу Грейб түрмесіне тұтқынға түскен командир Николай Мазуренко өзінің бастан кешкен азаптары туралы сөз қозғайды.

Міне, жазушы өзінің «Шамаил қазынасы» атты шығарамсы арқылы көрсеткісі келген басты мәселе де осы болар. Романда Шамаил қазынасы қандай жантүршігерлік көріністер арқылы суреттелсе, тарихта да Абу Грейб түрмесі сондай азапқа толы болып отыр.

Автордың өзі айтқандай, бұл роман мәмлүктер кезіндегі тарихты баяндаса да, оны осы заманмен тығыз байланысын да аңғару қиын емес. Жазушы өткен тарих арқылы, яғни мәмлүктер кезіндегі сұлтанның озбырлығы мен қатыгездігі, сонымен қатар әмірлердің арасындағы алауыздық пен өзара талас-тартыстар арқылы қазіргі кездегі араб елдерінің арасындаға өзара түсініспеушілік пен алауыздықты, ал Сұлтан Наср Зин ад-Дин Аби ас-Суадат Фараж ибн Бурқуқтың билігі тұсындағы Темірланның жорығы мен қатыгездігі арқылы Америка мен Еуропадағы ірі елдердің, сионистердің араб елдеріне деген қатынасын көрсеткісі келсе керек [9].


Салах Маата өзінің «Шамаил қазынасы» атты туындысында өткен тарих арқылы тек қазіргі кезде араб әлемінде орын алған жағдайларды жеткізумен ғана шектелмей, осы шығармасы арқылы қоғамға өзгеріс әкеліп, халық санасына белгілі бір дәрежеде әсер етуді қаласа керек. Себебі жазушы өзінің романында бірнеше рет өзгеріс қажет, қоғамға да, билік басына да өзгеріс керек деген сөздерді жиі айтады. Шамаил қазынасында романның төрінші бөлімінде мынадай әңгіме өрбиді:

Алә ад-Дин терең күрсініп:

- Жәләл ад-Дин, өкінішке орай, біз білместіктен олардың жабайылық пен жауыздық арқылы заң бұзушылығына көз жұмып, өз құқықтарымызға немқұрайлы қарау арқылы басшылардың бойындағы жауыздық пен қатыгездікті өзіміз тудырамыз. Сондықтан да бізге төңкеріс қажет.

- Төңкеріс арқылы қазіргі басшыларды қуғанмен, олардың орнына бұрынғыдан да жақсы басшылар келмейді ғой.

- Бірақ, ең бастысы өзгеріс... Қан жаңарғанын қалаймыз... [1, 41].

Міне, осы үзіндіден жазушының қалауын, оның арманы мен өзінің романы арқылы жеткізгісі келген ойды да аңғару қиын емес. Автор бар болғаны халықтың көзін ашып, олардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы үшін елде бір өзгерістің болуы қажет екенін түсіндіргісі келетіндей.

Салах Маата өмірге шынайы көзбен қарап, мистикалық көріністерден бас тартады. Оның авторлық ұстанымы – қоғамда шынайы орын алған надандық, зұлымдық, қаталдық, әділетсіздік сияқты жағымсыз сипаттарды көрсету болып табылады. Мәмлүктер кезеңінде болған оқиғаны баяндай отырып, бір ғана кейіпкерге үлкен көңіл бөліп, оның психологиялық жағдайына, ішкі әлемі мен оны қоршаған әлеміне басты назар аударса да, ондағы тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалар арқылы қазіргі таңда орын алған шынайы өмір мен ащы шындықты көрсетеді.

Оның ағылшын, француз тілдеріне аударылып, үлкен жетістікке жеткен романдарының бірі ретінде мәмлүктер кезіндегі тарих баяндалатын «Шамаил қазынасы» атты романы араб әдебиетінде ерекше орынға ие. Мысырда әмір болған Алам ад-Дин Шамаилдің1 Каир қаласында өзінің атын тарихта қалдыру мақсатымен әл-Камил Мухаммад ибн әл-Аділ Абу Бакр ибн Аййубтің тұсында салдырған Шамаил қазынасы2 атты Шейх әл-Махмуди қамалып, бұл жерден шықса Шамаил қазынасын бұзып, орнына үлкен мешіт тұрғызуға ант бергенін жоғарыда айтқан болатынбыз [1].


Түрмеден шыққан Шейх әл-Махмуди өзінің уәдесін орындап, сұлтандыққа қол жеткізген соң Шамаил қазынасын бұзып орнына Каирдегі үлкен мешіттердің бірі әл-Муайяд мешітін тұрғызады. 1425 жылдан басталған мешіттің құрылысы бес жылға созылады. әл-Муайад деп аталатын бұл мешіт Каир қаласының оңтүстігінде орналасқан3. Қола пластинадан жасалған үлкен есігінің ұзындығы - 5,8 метр. Оның кең алаңы су бүркегіштер мен жасыл желектер арқылы көмкеріле түседі. Шейх әл-Махмуди мешітте түрлі ғылым саласындағы мыңдаған кітаптан тұратын үлкен кітапхана мен білім беретін медресе де салдырған. Ол туралы тарихшы әл-Мақризи де өз еңбектерінде атап өткен [13].

Салах Маата шынында да тарихи шындық арқылы қазіргі араб әлемінде орын алған әлеуметтік шындықты, адамдардың тарихы мен олардың өмір жолын көрсетуде үлкен жетістікке жетті [8].

Қаншама әдебиет өкілдері түрлі кезеңдерде тәуелділік пен еріксіздік сияқты ұғымдардан арылуға тырысып, осы тақырыптарда өшпес шығармалар жазып, бүкіл қаламгерлік ғұмырын арнап, түрлі жағдайларда жеке адам тағдырының құрбандықа шалынуы мен әділетсіздікке ұшырауын басты орынға ала отырып, халықтың санасын ояту үшін аянбай еңбек етіп, бақытты ұрпақ тәрбиелеудің жолын көрсетуді мақсат еткен. Әлем әдебиетіндегі өзекті тақырыптардың бірі – белгілі бір халықтың бейнесін, оның жан-дүниесін, жан-жақты ашу мен жалпы адамзаттық құндылықтарды бағалау болып табылса, Салах Маата да өз шығармаларында 80 жылдардан бастап араб әдебиетінде алға қойылған осы мәселені тілге тиек етіп, оны ұлттық ерекшеліктер арқылы әрлендіре түседі.

Салах Маата өзінің «Шамаил қазынасы» атты романының бас кейіпкері Жәләл ад-Дин Жумдардың бейшара халге түсіп, бір сәтте өмірінің тас-талқаны шығып, бақытынан айырылуы, ең алдымен, араб халқының ұлттық дүниетанымы мен діни-философиялық көзқарастарынан бастау алып жатқанын аңғару қиын емес. Сол секілді Жәләл ад-Дин сынды араб қоғамындағы әділетсіздік пен қатыгездіктің құрбаны болып отырған мыңдаған адамның тағдырын шынайы көрсете білді.


Салах Маата – аса нәтижелі, білімді және ойшыл араб жазушыларының бірі. Оның шығармаларының басқа шығыс зерттеушілерінің еңбектерінен негізгі айырмашылығы тарихи шындық арқылы, әсіресе Египеттің өткен тарихын басты назарға ала отырып, басқа шығыс авторларында кездесе бермейтін көптеген дәлелдермен құнарландырыла қазіргі кезде қоғамда орын алған жағдайларды шебер әрі әсерлі көрсете алуында.

Негізінен, Маатаның романдарына жалпылама немесе, әрқайсысына бөлек-бөлек баға беру үшін арнайы зерттеу жүргізу керек, себебі бұл романдар, көркем өнер шығармалары ретінде де тарихи иллюстрация ретінде де зерттеуге тұрарлық туындылар.

***


  1. Салах Маата. Хизанат Шамаил. – Каир, 2008. – 246 б.

  2. Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. - Алматы: Мектеп, 1988. – 163 б.

  3. Әлібекұлы А. Мәмлүктер кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті (дамуы, әдеби өкілдері, өлең өлшемі). Автореферат. - Алматы, 2005.-26 б.

  4. Шильтбергер Иоганн, Путешествие по Европе, Азии, Африке. С 1394 года

  5. Наталья Басовская, профессор РГГУ. Эхо Москвы (13 февраля 2010 г.).

  6. Руи Гонсалес де Клавихо. Дневник путешествия в Самарканд ко двору Тимура (1403-1406).

  7. Олдридж Джеймс. Каир. Биография города. Перевод с английского О.Орестова. - Москва, 1970, - 85-86 сс.

  8. Абуд Мұстафа Абуд. Хизанат Шамаил... Тарихи роман қалай жызылады?// әл-Уафд, 23.08.2008.

  9. Сами Фарид. Маза йабқа? Мин Хизанат Шамаил йахруж ат-Тарих// әл-Аһрам, 22.05.2008.

  10. www. stepanstep.ru/news

  11. www.news.ru,

  12. www.gumilevica.kulichki.net/works

  13. www.venividi.ru

  14. http://www.coptichistory.org/new_page_1994.htm
  15. www.rian.ru/docs/about


***

В статье рассматриваются роман «Хизанат Шамаил» египетского писателя- современника Салаха Маата и исторические события, которые нашли отражение в его произведении и соответствуют волнениям сегодняшнего дня.

***

The article considers contemporary Egyptian writer Salah Maata’s novel "Hizanat Shamail" and Historical events which have found reflection in his novel and correspond to excitements of these days.



1 Алам ад-Дин Шамаил – әл-Камил Мухаммад ибн әл-Аділ Абу Бакр ибн Аййубтың тұсында Каир қаласының уәли болған.

2 Шамаил қазынасы – Шейх әл-Махмуди сұлтандыққа келгенге дейін жуаыздық пен азапқа толы көрінісі арқылы атағы шыққан саяси түтұындар ұсталған Каир қаласының оңтүстігіндегі түрме атауы.

3 Қазіргі таңда әл-Муайяд мешіті Каир қаласының оңтүстігінде орналасқан ең үлкен мешіттердің бірі, бұл жер 2002 жылдан бастап Египет мәдениет министрінің нұсқауымен туристтік аймаққа айналған [13].