shkolakz.ru 1
Премьер-Министр Астанадағы бірқатар нысандарды аралады


2012-10-13, ИА «24 KZ» 20120831191547.jpg

Бүгін Премьер-Министр Серік Ахметов пен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов елордадағы бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарды аралап, алдымен жаңа классикалық опера және балет театрының құрылысымен танысты. 

Онан кейін Талдыкөл сарқынды су жинақтау қоймасы, фотоэлектр модульдерін құрастыратын және жүрдек вагондар шығаратын зауыттарды да аралады.  

Елорда маңында орналасқан «Талдыкөл» көлін жинақталған ағын сулардан тазарту Елбасының арнайы тапсырмасы болатын. Жобаның жалпы құны 62 миллиардқа жуық теңгені құрап отыр. Талдыкөл сарқынды су жинақтау қоймасы тазартылған ағын суларды шаруашылықта қолдануға мүмкіндік береді. Былтыр қолға алынған құрылыс барысын Премьер-Министр өзі бақылап, орнатылған құрылғының жұмысын көрді.

Уәлихан ДОСАЕВ, «Астана су арнасы» МКК бас директоры:

- Талдыкөлді қалпына келтіру жобасы 3 кезеңде іске асырылып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы көлді қалдықтардан тазартып, оны табиғи көлеміне дейін жеткіземіз. Осы арқылы Есіл өзені арнасын толтыруға мүмкіндік болады.

Үкімет басшысы ат басын тіреген келесі нысан күн энергетикасы технологиясын дамытуға бағытталған фотоэлектр модульдерін құрастыру зауыты болды. Келер жылы қолданысқа берілетін Қазақстан тарихы мұражайы мен «Мыңжылдық» аллеясы да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, тальго жүрдек пойызын құрастыратын вагон жасау зауытына да аялдады. Жуырда теміржолшылардың біліктілігін арттыратын халықаралық стандарттарға сай орталық та өз жұмысын бастап кеткен екен.

Темірбек ҒАЙЫПОВ, Көліктегі технология орталығының директоры:

- Орталық дүниежүзіндегі ең соңғы технологиямен жабдықталған. Мұндағы қондырғылардың кейбірі қазір шаруашылықта қолданысқа берілді. Ал біразы енді ғана пайдалануға берілмек. Біз соған маман даярлаймыз.


Қаладағы 8 құрылыс нысанын аралап шыққан Премьер-Министр құрылысқа жауапты мемлекеттік қызметкерлердің басын қосып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Серік АХМЕТОВ, ҚР Премьер-Министрі:

- Өздеріңізге мәлім, Астананың дамуы, әрбір ғимараттың құрылысының сапасы Мемлекет басшысының ерекше назарында. Ағымдағы жылдың 11-сәуірінде Елбасы Астананың дамуы бойынша кеңес өткізіп, Үкіметке және қала әкімдігіне нақты тапсырмалар берді. Бүгін біз Астананың бірқатар әлеуметтік және өндірістік құрылыс нысандарын аралап шықтық. Құрылыс қарқыны жаман емес.

Астанадағы әлеуметтік және өндірістік құрылыстар қарқынды жүріп жатыр. Бірқатары осы жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі.