shkolakz.ru 1 ... 10 11 12 13

ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ТҰЖЫРЫМДАР


2011 жылы республикада балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету саласында біршама ілгерілеушіліктерге қол жеткізілді.

Бала құқықтары туралы конвенция мен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы ұлттық заңнама жөнінде қоғамды, сондай-ақ, балаларды ақпараттандыру бойынша шаралар қолданылды.

Балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін заңнамалық негіз үнемі халықаралық стандарқа сәйкестендіріліп отырады.

Республикадағы министрліктердің және ведомстволардың, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың қызметі балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, Қазақстан халқына Жолдауында анықталған Елбасының тапсырмасын, ұлттық және халықаралық актілерін, сонымен бірге Біріккен ұлттар ұйымы комитетінің ұсынымдарын орындауға бағытталған.

Бала құқықтары туралы конвенцияның 44-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасының Бала құқықтары туралы конвенцияны іске асыруы туралы төртінші кезеңдік баяндамасы» әзірленді. Бұл баяндама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қазандағы № 1242 қаулысымен бекітіліп, Женева қаласындағы баланың құқықтары жөніндегі Комитетке жіберілді.

Балалардың құқықтарын қорғау бойынша индикаторлар мен көрсеткіштер Қазақстан Республикасының министрліктерімен ведомстволарының Стратегиялық жоспарларына және жергілікті атқарушы органдардың өңірлік даму бағдарламаларына енгізілді.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларындағы балалардың құқықтарын сақтау мәселелері бойынша мемлекеттік салалық бағдарламалары балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтауға қатысты ұлттық саясатты жүзеге асыруға бағытталған.

Елдегі әлеуметтік салаға арналған шығыстар жыл сайын ұлғаюда.

Осыған орай, балаларды әлеуметтік қорғау жүйесі одан әрі дами бастады, мемлекеттік қорғауды қажет ететін балаларға арналған әртүрлі ұйымдар жүйесі кеңейді, олардың материалдық-техникалық базасы нығайды.


Балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерінде мемлекеттік құрылымдардың үкіметтік және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы мен ведомствоаралық өзара әрекеттесуі жолға қойылды. ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің жанынан ҮЕҰ қеңесі құрылды. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, халықаралық және ұлттық сарапшыларды тарту арқылы балалық шақ мәселелері бойынша жобалар жүзеге асырылып, форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, оқыту семинарлары, әлеуметтік зерттеулер, қеңестер өткізілуде.

БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп балалар үшін бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылды.

Республикада науқастықты, жас балалар өлімін азайту және балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық байқау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Ақысыз медициналық көмектің кепілді көлеміне бағытталған қаражат көлемі өсті.

Қазақстан Республикасында 2009-2011 арналған №182 Халықаралық еңбек ұйымының Халықаралық конвенциясын іске асыру және балалар еңбегінің ең жаман түрлеріне тыйым салу және жою бойынша жұмыстардың ведомствоаралық жоспары іске асырылуда.

Балалардың адамгершілік-рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Республика мектептерінде білім берудің барлық деңгейінде «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы енгізілген.

Тұрмысы төмен отбасыларымен жұмысты нығайту бойынша нақты шаралар қарастырылған. Жергілікті жерлерде қамқоршылық және қорғаншылық органдары мамандарының саны өсті. Бұл шаралар алғашқы деңгейді нығайтуға ықпал етті, қамқоршылар органына осындай көмекті қажет ететін нақты отбасыларымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді, әрі ол әлеуметтік қорғаудың барлық жүйесінің тиімділігін арттыруы тиіс.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Астана қаласында отбасылық білім беру мәселесі бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі отбасылық тәрбие институты ашылды.


Өмірде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды бірыңғай есепке алудың интеграциялық деректер банкі құрылды.

Әлеуметтік жетімдіктің профилактикасы бойынша жұмыс белсендірілді.

Мұндай шаралар панасыз және қараусыз балалардың, жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың санын азайтуға ықпал етті.

Дегенмен, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау мәселесінде шешімін таппай жатқан проблемалар да бар.

Балалар денсаулығын сақтау саласында да проблемалар бар. Балалардың сырқаттануы жоғары, әсіресе, оқу үрдісі кезінде. Сырқаттанудағы кейбір көрсеткіштерінің өсуі әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты: қоршаған ортаның ластануы нәтижесінде «техногендік» жағдайының шамадан тыс артуы; балалардың күнделікті өмірінде стрестік күйде болуының артуы, оқушылардың тамақтану сапасының жеткіліксіз болуы және басқалар.

Аталған бағытта оқушыларды сапалы, дәрумен қосылған тағамдармен қамтамасыз ету мәселесі шешілетін болады. Жасөспірімдер денсаулығы мәселесі зерделенеді, дені сау бала кабинеттері жүйесін кеңейту бойынша шаралар қабылданып, балалардың дүниеге келуі және салауатты дамуы, әр балаға жоғарғы дәрежеде медициналық көмек көрсету қолжетімділігі және бала мен отбасы мінез-құлқы стилінің басымдылығы ретінде салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін ең жоғарғы жағдайлар жасалады.

Балалар денсаулығын сақтау саласында ана мен бала өлімін азайту, ерте жүкті болу және жаңа туған нәрестеден бас тартудың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты ерте жүкті болу және жаңа туған нәрестеден бас тарту тек қана денсаулық сақтау мекемелерінің міндеті емес. Бұл мәселеде әлеуметтік қызметтер саласын кеңейту үшін әлеуметтік қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім беру органдарының күші Үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен біріктірілетін болады. Елімізде дамудағы мүмкіндіктері шектеулі балалар ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Аталған проблемаларды шешу үшін әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру органдарының іс-қимылдары ҮЕҰ-мен бірлесетін болады.


Елде дамудағы мүмкіндіктері шектеулі балалар ерекше назар аударуды талап етеді. Аталған проблеманы шешу үшін:

- олардың білім беру ортасына және қоғамға, мұғалімдер үшін арнайы дайындықты қоса алғанда және мектептерді анағұрлым қолжетімді ете отырып, кірігуіне жәрдемдесуге ықпал ету;

- жаңа ақпараттық технологиялар мүмкіндіктерін пайдалану, оның ішінде оқыту жүйесіндегі қашықтықтан оқыту, арнайы және инклюзивтік білім беру тиімділігін арттыру үшін кәсіби дайындау мен мамандарды қайта даярлау көзделеді.

Әлеуметтік жетімдіктің профилактикасы және алдын алу мәселелері шешуді талап етеді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің 80 пайызға жуығында ата-аналық құқықтарынан айырылған, бейәлеуметтік өмір салтын жүргізетін, өз балаларын тәрбиелеуден жалтаратын ата-аналары бар.

Осыған байланысты, бұл жұмыс:

- отбасы жаңғыруының адамгершілік-рухани жүйесін дамытуға;

- әлеуметтік жетімдіктің алдын алу бойынша қызметтер желісін кеңейту және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық тәрбиелеудің баламалы түрлерін дамытуға;

- балаларды баламалы орналастыру (патронат, қорғаншылық, қамқоршылық, бала асырап алу) жөніндегі жұмысты белсендіруге;

- жетім балаларды қазақстандық отбасыларға орналастыру мәселелері бойынша қоғамдық оң пікірді қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жарнаманың дамуын қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Республикадағы қабылдаушы ата-аналар мектептеріне және отбасыны қолдау қызметтеріне практикалық және әдістемелік көмек көрсету жөніндегі «Жақсы ата-ана болу» жобасын әзірлеу және іске асыру көзделеді.

Кәмелетке толмағандардың қараусыздығы және қадағалаусыздығының алдын алу мәселесі өзекті болып отыр.

Тұлғалық даму, балалардың шығармашылық еңбегі, олардың қабілеттерін, қоғамдағы өмірге бейімделуін жүзеге асыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, мазмұнды демалысты ұйымдастыру үшін қосымша білім берудің мектептен тыс ұйымдар жүйесін (үйлер, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы студиясы; жас техниктер, туристер, натуралистер станциялары; балалардың музыкалық, көркемдік және спорттық мектептері; қызығушылықтар бойынша клубтар және тағы басқалар) кеңейту жоспарлануда.


Балаларды «Жас ұлан» және «Жас қыран» балалар қоғамдық ұйымдарына тарту жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылатын болады.

Балалар мен отбасы мүдделеріне бағытталған бюджеттік саясатты жетілдіру балалар өмірінің сапасын көтерудің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Балалық шаққа қаржылық салым - жалпы еліміздің, өңірдің тұрақты, ойдағыдай дамуының, халықтың өмір сүру жағдайының жақсаруының, әлеуметтік шиеленістің төмендеуінің, ең бай және ең кедей отбасы өмірінің нақты сапасы айырмашылығының қысқаруының сенімді кепілі.

Осылайша, қоғамдағы балалар жағдайын жақсарту, оларды қорғау, өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасау, дамыту және тәрбиелеу мемлекеттің әлеуметтік саясатының және қоғамның алға басуының басты шарттары болуы тиіс.


_________________________



<< предыдущая страница