shkolakz.ru   1 2 3 4

2.2 Ауқымды тақырып – ізгі махаббат.


М.Шаханов туралы әдебиеттің алыбы Ғ.Мүсірепов терең толғаныспен ақынның асқан талант, көрнекті ақын, қазақтың қара өлең жазирасындағы, қала берді әлем поэзиясындағы ірі тұлғаға айналғандығын тани алып, оған: «Дарын танылды. Ар–намыс танылды. Бұл ақынымыздың әрбір шығармасын оқығаннан кейін азды – көпті ойланбай қала алмайсың. Ой мен сезімге едәуір күш түседі... Тек автобуста келе жатып оқыма, шай ішіп отырып оқыма, басыңды жастыққа сала беріп оқыма! Өйткені оның әрбір жолы қадағалап оқуды керек етеді» десе, ақынға заңғар жазушы Ғ.Мұстафин:... «Өз дәуірінің көкейтесті проблемаларын дөп басып, кең тыныспен толғай білетін, оқырманына таңдай қақтыра отырып, кейде пікір таласын тудыратын, аз уақыт ішінде өз соңына қаншама қалың жанкүйер ерткен М.Шаханов секілді ақын бұрын бізде кездеспеген еді» деп баға береді.

Ақын поэзиясын қарастырып отырғанымызда оның ауқымды тақырыптарының бірі –ізгі махаббат шынайы сүйіспеншілік екеніне көзімізді жеткіздік.

1. Мықты болсаң, жарқыным, ізіңді сал елсізге. 2. Ізсіз жандар өнерде толып жатыр сенсізде –деп, өзі жырлағандай тақырыпты жырлаудың өзгеге ұқсамас жаңа қырын ақын іздеді және сол жолды тапты да.

Сүйіспеншілікті жырлауды өзге ақындар сияқты көңіл – күй пернелерін дәл басып, сезімді селт еткізер, дәстүрлі нәзік лириканы емес, тереңнен тамыр алып, философиялық ойға құрылған, тарихпен сабақтас сырлы лириканы дүниеге әкелді. Ақынның ғашықтықты жырлауда жасаған философиялық тың байламдары оның шығармашылық даралығын танытса, осы тақырыптағы: «Махабатты қорғау», «Сенім патшалығы», «Сейхундария», «Танакөз» поэмалары мен «Жанерке», «Ғашықтық ғаламаты», «Шың басындағы оқиға» балладалары «Ұйқысыз өткен түн», «Алғашқы махаббатқа хат» өлеңдері ақын поэмасының жаңашыл сипатын аша түсті. Жоғарыдағы шығармаларында, халық ауыз әдебиетінің өзінде шынайы, сыршыл тақырыпты негіз етіп алады. Оны өзініңі терең толғанысымен, ойлылығымен, талантымен, поэзияда ешкімге ұқсайтын өз даусымен, өз болмысымен, өз үнімен жарқырата суреттейді. Халықтық мұратты ізгі жол етіп алған ақын бойкүйездік, сатқындық, арамдық, жалғандық сияқты адамдар арасындағы теріс мінез – құлықтарды өлтіре сынайды. Ақиқат, адалдық, сенім, тұрақтылық сияқты рухани қасиеттердің сүйіспеншілікпен бастау алатынын дәлелдейді.


Өзендер мен көлдердің,

Көлден шалғай шөлдердің,

Биіктер мен алыптардың,

Жылулар мен жарықтардың арасын

Жалғап келген бір ән бар.

Парасатты мұңданудан,

Жерді қирап күл болудан,

Таңды қара дүрсіндіктен,

Адамдарды күншілдіктен

Қорғап келген бір ән бар.

Ол ән – ұлы достық әні, негізгі әні ғаламның,

Ол ән – ұлы махаббаты менің сайын даламның,

Дала көңіл бабамның.

Сол екі әнмен гүлденер жер,

Салмақ тауып саналы,

Сол екі әнді білмегендер

Өмір сүрдім демесе де болады – [16,188]

–деп ғаламды ұстап тұрған жоғарыда кең түрде сөз еткен, достық пен махаббат екенін ақын тебірене жеткізеді.

Ақын махаббаттың не екенін айқындау үшін жай баяндаудан гөрі тың байлам жасауға күш салған ақын оның әріден келе жатқан адам баласының сүйіспеншілігі, іңкәр екенін былайша сипаттайды:

Ғасырлардан ғасырларға жол алған,

Ұшып келген арасан атты аралдан.

Мен тірліктің ақ құсы едім, аппақ ардан жаралған,

Даңқым алыс таралған.

Көктем гүлін қадасам да шашыма,

Ылғи көктем еткенім жоқ қасыма.

Қонған жоқпын анау- мынау биікке,

Қонған жоқпын кез – келгеннің басына.

Қара түнді көп кешемде азалы,

Және ешкімнің жаза тартқызамын дегеннің,

Өзі тартты жазаны [16, 258].

- деп махаббаттың ылғи көштеп, сипаттайтын және кез – келгеннің басына қона бермейтінін тауып айтқан. Махаббаттың жолын кесетін қиянатты.

Тағдыр мені салды қанша сотқа да.

Ішке мойығам жоқ, күйгем жоқ отқа да.

Маған арнап от атқанның барлығын,

Жазып қойды тарих қара тақтаға.

Тек күншілдікке орағыта

Тек зұлымдық қалмай қойды ізімнен [16,259].

- деп жырлайды. Махаббатта тек бақыт, шаттық қана емес, қайғы мен қиянат қатар жүретінін:


Қанатымды самалы бар бақыттың,

Саусағында жүзігі бар қайғының

Ішке деп жеткізеді.

Ақынның ойынша махаббат ұлы сезім. Оның даңқы асқақ, құдіреті жоғары. Сондықтан ол ешқандай алтынына да сатылмайды:

Ождансыздар сатқанымен халқымды,

Ешкім менің сата алмайды даңқымды

Мазақ етіп күлге теуіп жібердім,

Мені сатып алмақ болған алтынды.

Әділдіктің жолын күтіп сарылсам,

Өкінбейм қайтпайды деп қарыптам.

Мен сендерге жалынбаймын құтқар деп,

Мен махаббат болмас едім жалынсам.

Әдебиетіміз бұл тақырып ақындардың поэзиялық қуатымен жан -жақты жырланған тақырып. Ақын Қ.Мырзалиев:

Махаббат, сырың жұртқа танымалы,

Тулайды өзің болып

Мен саған өсек болмай,

Жыр бол деп жалынамын

-деп, отқа жалынға оранған сезімді жыр арқылы емдейді.

Өмір деген арман мен құштарлықтан, ляззат пен құмарлықтан тұратын сиқыр әлемнің сан қырын. Ж.Әбдірашев өзінің өлең жолдарында былай аңңғартады:

Күндер өтер,

Айлар өтер,

Жыл өтер,

Күту, аңсау жабырқатар, жүдетер,

Сендік сезім,

Сендік төзім,

Сендік сыр,

Махаббатттың жұмақтығын жыр етер.

десе, Қадыр ақын:

Қымызыңды құйып жатып зереңге,

Сыр жасырып үлгердің –ау тереңге

Айна көзден ақ балығын сезімнің,

Енді қайтып көрмеймін бе, көрем бе?!

Жарасқанның ар махаббаты, от махаббаты, бал махаббатты, Қадырдың асау махаббатты, бұлбұл махаббатты табиғи тұтастығымен сезімнің сері пернелері тап басып, жанарды бірде күйдіріп, бірде ысыта алады.

М.Шахановты махаббат тірліктің ақ құсы бола тұра, ешкімге бағынбас, тойымас күшін, кез – келгенге бұйырмайтыны көрінеді. Ол зұлымдық пен күншілдіктің құтылмас азабын тартса да үміт пен сенімді тірек етіп, сатылмас биікте паңдана тұрған мәңгілік құдірет ретінде жырлайды. Ақын махаббатты өзгеше тұжырымдамен береді:


1) Махаббат – ол қос жүректің әні ғой...

(«Шың басыңдағы оқиға»)

2) Махаббат ол – жан мен тәннің тізе қосқан ерлігі

(«Махаббатты қорғау»)

3) Ия, махаббат – қайсар құзды жарып өтер тасты жол...

(«Махаббатты қорғау»)

4) Махаббатта шың сияқты:

Күн жақындап қасына,

Бұлт қонатын басына

Қыран тектес жандар ғана,

Шыға алатын қасына («Эверестке шығу»)

5) Ғашық көңіл – мәңгі жасл айдын көл.

(«Ғашықтық ғаламаты»)

Ұлы Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» деген ойын Мұхтар Шаханов:

Ғашықтықпен өткен күндер ғана өмір,

Ал қалғаны жай күндер («Ғашықтық ғаламаты»)


Махаббатсыз өткен күннің бәрі ізсіз

Суға жазған таңбадай («Сенім патшалығы»)

Ұлылардың «Әлемді ұстап тұрған - махаббат» деген ойын ақын:

Ғашық болу келсе кімнің қолынан

Әлем соған сенеді,

Құлай сүю- ерлікпен тең себебі:

Бірақ сүю бақыты

Кез–келгенге тартылмайтын сыбаға,-деп қорытады. («Ғашықтық ғаламаты»).

Небір – теңеу эпитет, метафора, ұлттық бояумен астасып сөздің ажарын аша түскен Жарасқан мен Қадір махаббатты сан құбылтып суреттейді.

Жарасқан:

Асылдай ма едің сарсанға салған талайды?!

(теңеу)

Оралғаны ма қайтадан


Орағытып ескен самалдай (теңеу)


Ақ махаббат – менің асыл мұратым (эпитет)


Мұңды жырсың -

Тебіренсем,

Толғасам... (эпитет)


Мені толқытқан

Қара көзің бе екен?! (эпитет)


Менен асқан отты ақын

Жоқ сияқты - сеніңше (эпитет)


«Махаббат у» деседі, жаным... (метафора)


«Махаббат бал» дегенді –

сен сияқты...

Ғашығын өпкендер айтқан! (метафора)


Қадыр:

Сорлы жүрек солқылдайды сол жақта (эпитет)


Махаббаттың сүттей ақ туын тіктің (теңеу)


Мендік асау махаббатты жүргендер күш қайда бар? (эпитет)


Серке күндер,

Ерке түндер,

Қайдасың?! (эпитет)


Айна көзден ақ балғын сезімнің... (эпитет)

Жалғасын күн нұрмымен

Жас жүректер аңсаған (эпитет)


Сен – кәдімгі нағажай,

Мен – кәдімгі жайтартқыш (метафора)

Мұхтардың махаббатты кез – келгенге тартылмайтын сыбаға. Олай болса, сол жолда күресу қажет. Өз махаббаты жолында күресе алмаған жанға:

Махаббатқа жан пидалық етпедің бе,

Бәрі бекер, енді қалған қызығыңның нарқы кеміп, мәні кетер.

Артық қорлық барма әлемде сенгеніңнен безінуден,

Құлай сүйген адамның осалдығын сезінуден

-деп жиіркенішті қарайды («Махаббатты қорғау»).

Ал, жоғарыда махаббат туралы өлеңдерін тізбелеп, жарыстыра, ой ұшқындарын таратып отырған Жарасқан мен Қадыр ізгілік, тазалық, адалдық атаулыға іңкәр жүректің лүпілін сезбеу мүмкін емес екендігін төмендегіше жырға қосады.

Мен саған көрінсем деймін –

Қайта оралмас уақыттың ажары болып!

Мен саған көрінсем деймін –

Қайталанбас бақыттың базары болып

(Жарасқан)


Түнересің, түршігесің,

Күтіп тұрып күрсінесің, -

Сүю деген осы да!

Сүйсінесің риясыз,

Жылап тұрып жымиясың, -

Сүю деген осы да! (Қадыр).


Сен ізде мені –

Жолың көкжиекке сіңіп жоғалғанда.

Сен ізде мені –

Жасыл бақ жапырағынан тоналғанда

(Жарасқан).


Сенің сөзің мен үшін

Тұтқында жатқан адамға жабықтан түскен жарықтай.


Сенің сөзің мен үшін

Таңдайы кепкен бақшаға кезінде жеткен арықтай.

Біз сөз етіп отырған үш ақын да, Мұхтарда да, Жарасқанда да, Қадырда да терең толғанысқа толы махаббат тақырыбындағы шығармаларда адамзатты адал сезімге, ізгі махаббатқа, таза көңілге, ұшқыр ойға, терең талғамға шақырады.

Ой маржанын бүкіл әлемнен, ал поэзияның бояуларын халықтық жырдан іздейтін М.Шаханов туған елмен ару атамекеннің қасиетін сағым көмкерген даланың құдіретті күшін, бабаларының өшпес рухымен, қайтпас ерлігін, адалдықты ту еткен, асқақ жандардың ару махаббатымен адал достығын жырлайды. Ойымызды аша түсу үшін «Ғашықтық ғаламаты» балладасының кіріспесінде келтірілген төмендегі түсініктемені келтіруімізге болады.

Атақты «Қорлан» әнінің авторы Естай ақын 72 – ге келіп, тіршілікпен қоштасар шағында аласұрып жан досы Нұрлыбекті іздепті. Екі күндік қашық жерде тұратын Нұрлыбек аттан құлап, аяғын сындырып алғанына қарамастан арбаға жанбастай жатып досына жеткен екен. Сонда Естай әбден жұқарып тозуға айналған сұқ саусағындағы жүзігін көрсетіп: «Сүйегіме кіретін қарттарға ескерт мына жүзікті жарты ғасыр қолымнан тастамай келгенімді білесің. Ендеше қалған ғасырларда да саусағымда жарқырап жатсын... Ұлы сезімнің кішкене жүзігіне сыйдырған қайран Қорланым –ай» – деп ағыл – тегіл жылапты [16, 7].

Ақын поэзиясына алтын арқау болған махаббат тақырыбы шынайы сүйіспеншілік пен жырланумен бірге бұл тақырыпқа ақын жаңадан із салған және ақын өзіндік беті айқын мәнері жаңалығы бар ақындарды мойындап, оған жанаспайтын өнердегі із, жол, салып бағытын таныта алмағандарды есепке алмай. Ақын «Ғашықтық ғаламаты» балладасында Естайдың мына бір сөзін әсерлі келтіреді:

Тұзағына іліндірді мені өлім,

Тулағанмен амал нешік, көнемін,

...Десе – дағы ел дәстүрі ерге сын,

Қарттарға ескерт

Қарсыласа көрмесін

Қорланымның көзі болған жүзікті

Өтінемін,

Өзіммен бір жерлесін!...

Тірлігіме шабыт берген бұл жүзік

Жарық беріп жатсын маған көрде де, – [16,9] деп өзінің соңғы үмітін досына аманат етіп айтады. Естайдың бұл тілегін Мұхтар ақын «Ғашық болып өлу қандай мәртебе» - деп, деген жаңа тұжырымға келеді. Естайдың бұл әрекетін естіген Қорлан:


Егер олай етпесе,

Естай Естай бола ма?!

Естай Естай бола ма?!

Онсыздағы жаны сұлу балаңа

Сұлу өлім сыйлапсың–ау, жер–ана, -[16,10] деп, ақ жаулығы ай нұрымен желкілдеп еңкілдейді. Қорланның Естайға деген аппақ та, тұнық сезіміне таң қалған Мұхтар «Нағыз ғашық қарттылығына көне ме?» деген байлам жасайды. Қорланды жылатқан–Естайға деген махаббат. Кейін өзі қылтамақтан өлерде күйеуін сыртқа жіберіп, немересіне Естайдың әнін салдырып, «Бақыттымын, бақыттымын» деп мәңгілік көз жұмады.

Нағыз ғашық қарттығыңа көнер ме?!

Қорлан өзі кейінірек қылтамақтан өлерде,

Әжім жүзі қуарып, түнеріп,

Күйеуін сыртқа шығарып жіберіп,

Ақпалап, қозып делебесі де,

Бойжетіп қалған немересіне

Естайдың әнін салдырып,

Жанарын шоқтай жандырып,

«Бақыттымын, бақыттымын» - депті де,

Көз жұмыпты мәңгілік [16,11],

Ақын Естайдың Қорланға деген кіршіксіз махаббатын жырлай отырып, ғашықтық деген сезімнің ғаламат күшін паш етеді. Естайдың өлімін биік өлім деп бағалайды. М.Шаханов ғашықтық дегенде көрсеқызарлық, арзанқұмарлықты айтып отырған жоқ, тіршіліктің тірегі, ұлы сезім – мөлдір махаббатты үлгі етеді. Ойын сабақтай келе:

Ғашық жүрек сүйгені үшін бола алмайды жазалы,

Адам азса ғашықтықтың жоқтығынан азады.

Ғашық жыры – тіршіліктің көкейтесті өлеңі

Ешбір геометриямен

Өлшенбейтін көлемі.

Бұл сезімнің ұшан – теңіз адамзатқа берері

Ғашық болу келсе кімнің қолынан

Әлем соған сенеді.

Құлай сүю – ерлікпен тең себебі!

Апатай – ау,

Онда неге итереміз ғашықтарды қақпанға?

Көңілің күні жоқтардан

Табанының бүрі жоқтардан

Жұрт онсыз да зардап шегіп жатқанда.

Жоғарыдағы адал сүйіспеншілік, оңай алынбайтын асудай болған махаббат қуанышы мен қайғысы қатар жүретін сезім, арай, көрнекті қазақ ақыны Т.Айбергеновтың «Махаббат элегиясында» да нәзіктік пен жырланған.


Көрмес деп күдер үзбеймін,

Саламын сұрау, іздеймін,

Сағына сені сарғайдым,

Сары жапырақ күздеймін.


Атыңды айтсам ардақтап,

Ойым жоқ басқа жар таппақ.

Сен бе деп көше қызының,

Жүзіне қараймын жалтақтап.


Тілдеспей кетем сөзге кеп,

Шыққан соң сенен өзге боп.

Қаяулы көзден моншақтар,

Тамшылап жатар кез де көп.


Сол сәттен сені жоғалтқан,

Сүю таңы әлі жоқ атқан.

Күтем мен сол таң арайын,

Үмітпен келер сағаттан [1,178].


Ал, Мұхтар балладасына оралсақ, анаға Естай өмірін өнеге ете отырып:

Апатай – ау,

«Қызым батты күнәға,» -

Деп қамығып жылама,

Жандарыңды қасіретке бұлама

Мүмкін, жолы сәтсіз шығар...

Бірақ сүю бақыты

Кез – келген тартылмайтын сыбаға

Апатай – ау,

Сеніміңді жасытпа,

Қашықтықты жеңе білу – мықтылық,

Нағыз бақыт – жақында емес, қашықта [16, 11].


Ақын «Сүю бақыты – кез келгенге тартылмайтын сыбаға» деген ойын түйіндей отырып, шеберлікпен мықты дәлелдер келтіреді. Махаббаттың біреуге мұң, біреуге бақыт екендігін ашып айтады. Біреуге алыста болса, біреудің қолында екендігін де көрсетеді. Ал, асқақ махаббат кедергісіз болмайды. Ақын осылайша пікір қорыта отырып, жастарды кіналау жазалауды емес, қайта оларға түсініктік және тілектеспен қарап, ақ жол тілеуге шақырады. Мұндай ақынның ғаламат ойы осы тақырыпты жаңғырта жырлаған ақындар Жарасқан мен Қадір сынды поэзиямыздың сәйгүліктері қаламдарынан да туған

Достар,

Самарқау тірліктен безінгілерің келе ме,

Сезімнің не екенін сезінгелердің келе ме,

Түн сайын таусылмас қисынға беріліп,

Таң алдында ғана көз ілгілерің келе ме,

Махаббат дейтұғын асқақ әнге сап,


Көктемгі дарияша тасып толыңдар!

Басқа емес, мына... мына мен құсап,

Ғашық болыңдар, ғашық болыңдар!... –

- деп, Жарасқан жыр жүректің нәзік соғысын, дүниенің дүбірі мен діріліне ұластырып, ақ әлемге жарсалса Қадыр ақын:

Сен болмасаң көздің жасы моншақтап,

Сорлы жүрек солқылдайды сол жақта.

Сен бар жерде бәрі, бәрі, бәрі бар,

Бәрі, бәрі, бәрі де жоқ сен жоқта, -

-деп сағыныштың сырлы ырғағы болып, сыңсып дүрсілдеп соққан жүрекке айналады. Қос ақында алыстан тақырып іздемеген. Ешкім де жоқ махаббат жырланбайды. Бәрі таныс, бәрі түсінікті.

М.Шахановтың терең толғанысқа толы, «Ғашықтық ғаламаты» балладасы Естай мен Қорлан махаббатына құрылған ғажайып оқиғаны негізге алған. Сол арқылы адамзатты адал сезімге, ізгі махаббатқа, таза көңілге, ұшқыр ойға, терең толғамға шақырады. Кіршіксіз таза, шынайы сезім иелері Естай мен Қорлан асқақ махаббаттың символы. Естай Қорлан махаббаты арқылы ақын ғашықтықтың ғажайып ғаламатын, өлмес құдіретін таныта алған, сонымен бірге ақын жағдай мен заманды, тарих пен адам тағдырын ұштастыра баяндайды, сол арқылы өмір келбетін жасайды. Сондықтан да оның шығармалары халық жүрегінен жылы орын алады.

М.Шаханов ақындықта шеберлікті толық меңгерген десек болады. Ол қазақ поэзиясын тақырыптық, мазмұндық, формалық яғни түр жағынан байытқан, әрі жетілдірген ақын. Оның поэзиясы үздіксіз дамып жетілу үстіндегі диалектикалық қозғалыс күйіндегі біртұтас поэзия. Достық пен махаббатқа адал, адамгершілік қасиеттерімен қаруланған лирикалық қаһарман оның кез – келген шығармада өзінің азаматтық әуенімен рухани өмір өлшемдерін және бастың бақытынан жоғары қояды. Бұған оның «Достық туралы баллада», «Борыш туралы баллада», «Тастар неге үнсізсіңдер», «Танакөз» поэмаларын т.б. шығармаларын жатқызуға болады.

Әдебиет дәстүрді жалғастырып қана қоймай оны дамытатын, жаңартатын ізденістерді сүйеді. М.Шаханов шығармаларында осы қасиет аса биік орын алады. Ақынның ізденісін оқиғалы өлеңдерді дамытуынан айқын көреміз. Сондай – ақ баллада жанрындағы ерекше құлшынысынан астауға болады. М.Шаханов ең алдымен өлеңді сюжетке құрайды. Ұлы Абай айтқанындай алғаш ішкі ой мен мазмұнға баса көңіл аударады. Сондықтан да ақын өлеңдерінің өрімдерінде сезімнен гөрі ой басым болып жатады.


Шағын лирикалық өлеңдерінің өзі эпикалық тыныспен сюжеттік арнада әрбір, қою суретке малынып келеді. «Алма бақтың ұрылтары» атты өлеңі былай басталады:

Табиғаттың бізге жұмбақ сырлары көп таңданар,

Тағыдырындай таңдарда бар, мәнгі бақи ән болар.

Күз келгенде уыржып, піседі екен алмалар,

Алма піссе, ол алманы үзіп алған жөн болар.


Оқушының көз алдында сұлу суретті табиғат елестейді. Бірақ өлең жалғасында әлгі табиғат суреті көзден ғайып болып, оның орнына оны ұрлауға тосын келген ұрылар жігіттерге айналып сала береді. Осылайша ақын күнделікті қарапайым өмірдің көрінісін суреттейді.

Өлеңмен жастықтың желі еседі, әсер береді. Алма қыздың да ажарлысы мен базарлысы болатынын ұғындырады. Ұры жігіттерге де тән сипаттар, яғни, жас қарындасын ұрылардан қызғыштай қорғау арқылы өмір әрекетін шеберлікпен бейнелеген. Демек, өлеңнің оқырман жүрегіне сара жол табудың кілті, ақынның өмірді ондағы құбылыстарды, тіршіліктің түрлі қырларын айна қатесіз өлеңге айналдырғанында.

«Достық өлкесінің заңы» атты өлеңінде күнделікті өмірден алынған қарапайым көрініс суреттелді. Әжесінің көзәйнегін байқаусызда сындырып алған досын аяп, оны жазадан құтқармақ болады.

Ақын өлеңдегі сюжетті шығарма аяғындағы өз сөзіне:

Достық деген – ізгіліктің алаңы,

Оған куә ғасырлар мен замандар.

Отанында сатып кете алады,

Қиын шақта досын сатқан адамдар, -

деген терең философиялық түйсік пен сезімді жеткізген.

Яғни, рухы мықты адам ғана достыққа дал, ал достыққа берік жан ешқашан өз отанына опасыздық жасамайды. Осы арқылы Мұхтар лирикада сезім күші ақылмен тұтасып, өзінше сипат алған ақынның лиркалық өлеңдері, философиялық толғаныстардың басымдылығымен ерекшеленеді.


Тұтату қиын шаланы,

Түтенбес үрлегенге,

Адамдар аласарады,

Намысы кірлегенде.

Немесе


Артық қорлық барма өмірде сенгеніңнен безінуден,

Құлай сүйген адамыңның осалдығын сезінуден.


Өмір тәжірибесінен туған мұндай тағлымды тұжырымдар мен салмақты ой Мұхтар поэзиясының мазмұнын құрайды. Қазақ әдебиетінің классик жазушысы Ғ.Мүсірепов ақын шығармаларының осы ерекшелігіне баса назар аударып жазған бір мақаласында: «Мұхтар поэзиясының әрбір жолында ойландыратын салмақ жатыр» - дейді.

Оқырманның эстетикалық таным түсінігін қалыптастыру мен әдеби шығамаларының көркемдік мазмұнын жеткізу жолында кез–келген ақын не жазушы ерекше жағдайдағы ұлттық мінез –сипаттарды көрсету үшін, әртүрлі шығармашылық ізденіске барады. Ондай ізденістерден туған көркем шығармаларының құны артық болатыны белгілі.

Түс көру адамзат өмірінің кішкене еншісіне тигенін білетінімізге де сандаған ғасырлар. Жыл санауымыздың алдында грек дастандарында түс көру мотиві ерекше орын алған. Дүние жүзіне таралған сюжеттерде көбінесе түс көру ілесе жүреді. Қазақ ертегілері мен дастандарында мұны жиі ұшыратамыз. М.Шахановта түс формасы арқылы көркем шығармаларында оқиға желісін дамыту тәсілін қолданағанын көреміз. Ақынның «Нарынқұм залалы» атты шағын поэмасы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Махамбеттің соңғы монологы» деп аталады. Осы бөлімінде Махамбет ақын өлерден екі күн бұрын айналасындағыларға өзінің жан шошырлық түс көргенін, түсінде иығының үзіліп түскенін, өз басы өзіне қоштасу айтып тұрғанын әңгімелеген: Деген эпиграфпен байланысатын поэмада автор өмірден алынған дерек көзін өлең өрнегіне айналдырады. Мұндай тарихи дерек негізінде туған көркем шығарманың сюжеттік желісі нанымды әрі әсерлі.

Поэма:

Мен түсімде зорлық көрдім, қорлық көрдім ғаламат,

Бір таныс қол соғып өтті әлдекімді паналап.

Зұлымдықтың жасырынып келетіні жаман – ақ,

Иығымнан ұшқан басым көкірегімнен домалап.

Бара жатты атамекен Ақжайықты жағалап,

Жүрегімнен аққан қанға боялыпты бар алап.



Қорқынышты түсінің тегін еместігін саралаған айбынды ақын:

Жә, бұл түсім тегін емес, мына сойқын заманда,

Тіршілікпен қоштасар, сәт жетті – ау тоған да.

Одан әрі өрбіген символикалық түрдегі Махамбет монологында оның өзімен - өзі тілдесуі арқылы, ақынның туғандарына өкпесі мен елінің етеңі жайындағы толғаныстары романтикалық сезіммен суреттелген көркем шығармаларының философиялық ойы көтеріңкі пафоспен айшықталған.

Ал, «Әке үкімі» атты екінші бөлімдегі мағына мазмұн сюжет арқылы ашылады. Әділеттілік образдағы үкімшіл әке мен опасыз, сатқын бейнелері шомба жігіт ықылас аралғындағы оқиға желісі логикалық контракст деңгейінде объективті суреттелген. Қашаннан әділеттің бар опасыздықты жеңетінін дәріптейтін көркем әдебиеттің түсінікті тақырыптарын басты тұратын деп тапқан М.Шаханов бұл поэмасы ақынның этникалық жанрындағы өзіндік ізденісі мен стилінің қалыптасуына мол әсерін тигізген шығарма.

Халық аңыздары шығармаларда өзекті ойлар айту, тың байламдар жасау үшін пайдаланылған «Нарынқұм зауалы» атты поэмасы өткенге үңілу арқылы дәстүр сабақтастығын іздеуімен құнды.

Мұхтар поэзиясы өзіндік құрылымы мен өлең құрылысындағы бунақ, шумақ, тармақ өзгешелігімен ерекшеленеді. Ол дәстүрліліктен гөрі өлеңге өзіндік түр беріп, түрлендіруге өзінше жаңашыл.

Өзіңсіз келген күндерден,

Өзіңсіз терген гүлдерден,

Өзіңсіз кешкен ойлардан,

Өзіңсіз өткен тойлардан,

Жалығып біттім жаным – ау.


Шумақтың әр тармағының басында симетрия құраған бірыңғай бастама мен тармақ, соңындағы тізбекті ұқсас өлеңінің тікелей жүрекке жетуі, оқырманға әсер етуіне барынша қызмет атқарып тұр.

Эстетикалық сезімге әсер ететін өлең техникасындағы қайталаулардың қыр – сырын жетік меңгерген М.Шаханов өз шеберлігін танытқандығын төмендегідей үзіндіден байқауымызға болады:

Сан алапат тасырдан соң,

Тасыр, дауыл басылған соң,


Жеті жарым ғасырдан соң,

Өзіңді іздеп тіл қаттым.


Мұхтар шығармаларын синонимді тармақтар бағанды түрде кездеседі. Мәселен: «Эверестке шығу» өлеңінде:

Транзейге әйел былай тіл қатты

Құдай саған еркек деген ат берді,

Дәулет берді,

Атақ берді,

Бақ берді,

Немесе,

Аз ба елде тұлпарды асқан бағы бар

Жуас,

Көнбіс, мал – момақан табылар

Тағы бір мысалы,

Кешір, әке, балалық па,

Зерсіздік пе,

Шалалық па,

Тек Нобайғы ғана қапты ойымда.

Мысалдағы синонимдік қатар өлеңінің шынайы ғана келтірмей, терең рифма жасап тұр. Синонимдерді орынды қолдану екі ақынның бірінің қолынан келмейтін тәсіл. Бұл жөнінде А.Байтұрсынов былай деген: «Тілді қолдана білу деп ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді орын - орына дәл қоса білуді айтамыз» [3, 149].

М.Шахановтың соңғы кезде жарық көрген туындыларының өлең құрылымы күрделене түскен «Өркениеттің адасуы» поэмасында:

Я, бізді қайда апармақ, мына заман ақпалы? Ұлан байтақ жерімізде жарты адамдар қаптады.

Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар,

Жарты ұстаздар жарты бастық, жарты қыздар, жарты ұлдар.

немесе «Жазагер жады космоформула» романында негізінен «Жетінші түйсік» өлеңінде төмендегідей жолдар кездеседі:


  1. Жұбайың досың болды ма, самғатқан сенім шырайың,

  2. Нақ сондай ұлы бақытты берді ме саған құдайың?

Ойнай ма оның көзінде сенім мен рух жарқылы

Ұға ма ол шаттық – мұңыңды жетінші түйсік арқылы?

Ұқпаса...

Ісің секілді дауылда мұзға жаққан от.

Рухани терең түйсіну

Жоқ кезде махаббатта жоқ.

Өлең көз жүгіртіп оқуға көнбейді. Әр тармақты жітілікпен ақылдың тезіне салып оқуға қажет Мұхтар шығармаларының күрделенуі кең тұрғыда жаңарып аясының кеңеюімен, көтерілген мәселе (рух, өркениет т.б.) тұрғысынан тар мағынада өлең құрылымы буын санының көптігі мен поэтикалық құралдарды қолданудағы ақынның өзіндік даралығы мен түсіндіруге болады. Жоғарыда сөз болған өлең құрылысындағы ерекшеліктер Мұхтар ізденісінен туындаған соны соқпақтар.

М.Шаханов поэзиясы қазір поэтикалық кемелдену үстінде. Оның көрінісі ретінде поэзиясын әлемдік аренаға көтеріп, дүйім жұртшылыққа танымал еткен «Жазагер жады космоформуласы» романын атауға болады.

Қорыта келгенде М.Шаханов поэзиясының көркемдігі ұшан – теңіз екендігі даусыз. Біз өз әрекет қадерімізше кейбіреулеріне ғана пайымдау жасай алдық.



<< предыдущая страница   следующая страница >>