shkolakz.ru 1 2 3 4


Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы

2011 жылғы 2 қараша №1279 Астана, Үкімет Үйі


Сорттық және тұқымдық бақылауды, жерге егіп бағалауды, зертханалық сорттық сынақтардан өткізуді, тұқым сапасына сараптама жасауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы


«Тұқым шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1. Қоса беріліп отырған:

1) Сорттық және тұқымдық бақылауды, жерге егіп бағалауды жүзеге асыру қағидалары;

2) Зертханалық сорттық сынақтардан өткізуді жүзеге асыру қағидалары;

3) Тұқым сапасына сараптама жасауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.


Қазақстан Республикасы

Үкіметінің

2011 жылғы «2» қарашадағы

№1279 қаулысымен

бекітілген

Сорттық және тұқымдық бақылауды,

жерге егіп бағалауды жүзеге асыру қағидалары


1. Жалпы ережелер


1. Осы Сорттық және тұқымдық бақылауды, жерге егіп бағалауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұқым шаруашылығы туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдарына қатысты сорттық және тұқымдық бақылауды, жерге егіп бағалауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

тұқымдар – өсiмдiктердiң сортын молықтыру үшiн пайдаланылатын генеративтiк және вегетативтiк органдары: тұқымның өзi, жемiстер, күрделi жемiстердiң бөлiгi, қосалқы жемiс, масақтар, көшеттер, жуашық, түйнек, қалемшелер, түзушi ұлпалар және басқалар;


сорттық бақылау – ауыл шаруашылық өсiмдiктерi егiстерiнiң сорттық тазалығын анықтау және тұқымдардың белгiлi бiр сортқа жататындығын белгiлеу жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын бақылау;

тұқымдық бақылау – тұқымның егу сапасын анықтау жөнiндегi iс-шаралардың жүзеге асырылуын, Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын бақылау;

жерге егiп бағалау – тұқымдардың белгiлi бiр түрге, сортқа жататындығы мен сорттық тазалығын оларды арнаулы учаскелерде егу және өсiмдiктер бойынша сорттық сапаларын кейiннен тексеру жолымен анықтау;

зертханалық сорттық сынақтар – тұқымдардың белгiлi бiр сортқа тиiстiлiгiн белгiлеу және зертханалық талдау жүргiзу жолымен тұқымдардың сорттық тазалығын анықтау.

3. Ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң тұқымдарына сорттық және тұқымдық бақылауды Заңға сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары (бұдан әрi – мемлекеттік тұқым инспекторлары) жүзеге асырады.

4. Жерге егіп бағалауды Ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөнiндегi мемлекеттiк комиссия (бұдан әрі – Мемкомиссия) жүргiзедi.


2. Сорттық бақылауды жүзеге асыру тәртібі


5. Ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң тұқымдарын сорттық бақылау байқаудан өткізу, жерге егіп бағалау және зертханалық сорттық сынақтар арқылы жүргiзiледi.

6. Мемлекеттік тұқым инспекторлары жыл бойы аттестатталған тұқым өндiрушiлердің тұқым өндiруiн бақылауды жүзеге асырады, ол мынадай кезеңдерді қамтиды:

тұқым себуге дайындалған егiстiктердi тексеру – тұқым себудiң алдында жылына бiр рет;

вегетация кезеңiнде сорттық егiстердi тексеру – жылына үш рет;

сорттық және гибридтiк егiстердi байқау және егiстiк зерттеудi бақылау – байқау кезеңiнде бiр рет;

тұқымдарды жинау (жинап алу), тасымалдау, өңдеу (тазарту) және сақтауды, тұқым қоймаларының дайындығын бақылау – бақылаудың әрбiр түрi бойынша жылына екi рет.


7. Аттестатталған тұқым өндiрушiлер егу басталғанға дейін тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның тиісті аумақтық органдарын (бұдан әрi – аумақтық инспекциялар) егістіктердің тұқым өсіру егісі үшін дайын екендiгi туралы хабарлайды, бұдан кейін мемлекеттік тұқым инспекторлары егістіктерді кеңiстiктiк оқшаулаудың сақталуы, ауыспалы егiстiң сақталуы, қажеттi агротехникалық iс-шаралардың жүргiзілуі, егістік шекараларының тазалығы мәніне тексередi. Егістікті тексеру нәтижелерi бойынша осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есеп жасалады.

Егiстi тексеру кезiнде себуге әзiрленген тұқымның сорттық және егу сапасын растайтын құжаттардың бар болуы, егiс техникасының жай-күйі, егiс технологиясы қағидаларының сақталуы тексерiледi. Егісті тексеру нәтижелерi бойынша осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есеп жасалады.

Егістіктің дайындығын тексерудi егiстi тексерумен бірге жүргізуге жол берiледi.

8. Ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң вегетациясы кезеңiнде түрлiк, сорттық фитопатологиялық тазалаудың (отаудың) жүргiзілуі тексерiледi.

9. Ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң сорттық егiстерiн байқаудан өткізуді аттестатталған байқаудан өткізушілер тұқым өндiрушiлердiң облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органына берген өтінімдері бойынша жүргiзедi.

10. Егісті байқаудан өткізуді:

бiрегей тұқымдардың егiстерiн – құрамында облыстық және аудандық аумақтық инспекциялардың мемлекеттік тұқым инспекторлары, тиiстi дақыл бойынша селекционер, өсiмдiктердің карантинi жөніндегі мемлекеттiк инспектор және тұқым өндiрушiнiң өкiлi бар облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешімімен құрылған комиссия;

элиталық тұқымдардың егiстерiн – құрамында облыстық және аудандық аумақтық инспекциялардың мемлекеттік тұқым инспекторлары, облыстың жергілікті атқарушы органының өкілі, өсiмдiктердің карантинi жөніндегі мемлекеттiк инспектор және тұқым өндiрушiнiң өкiлi бар облыстың жергiлiктi атқарушы органының шешімімен құрылған комиссия;


бiрiншi және кейінгі көбейтілген тұқым шаруашылығы егiстерін – тұқым өндiрушi өкiлiнiң қатысуымен аттестатталған байқаудан өткізушілер жүргiзедi.

11. Тұқымдарды жинауды (жинап алуды) бақылау сорттық егістіктерді жинап алу кезеңінде ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттарының араласуына жол бермейтін агротехникалық іс-шараларды өткізу қағидаларының сақталуын тексеру арқылы жүзеге асырылады.

12. Тұқымдарды тасымалдауды бақылау пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс автокөліктің және ауыл шаруашылығы техникасының техникалық жай-күйін тексеру арқылы жүзеге асырылады.

13. Тұқымдарды өңдеуді (тазалауды) бақылау тұқым ұрығының зақымдануына жол бермейтін тұқым өңдеудің технологиялық үрдісін тексеру арқылы жүргізіледі. Біртекті технологиялық жабдықтың әрбір тобына пайдалану жөніндегі нұсқаулық болуға тиіс.

Бидайдың, қара бидайдың, арпаның, күнбағыстың, қарақұмықтың, тарының, сұлының тұқымдық астықтың ең жоғары қызуы – 40 градус Цельсиядан, ал кептіру агентінің температурасы 70 градус Цельсиядан аспауға тиіс. Бұршақты дақылдар мен күрішті кептірген кезде тұқымдық астықтың қызуы – 35 градус Цельсиядан, ал кептіру агентінің температурасы 60 градус Цельсиядан аспауға тиіс.

Ылғалдылығы 19 пайыздан жоғары тұқымдық дәнді кептірген кезде тұқым ұрығының зақымдануына жол бермейтін жұмсақ режим қолданылады, бұл ретте бірінші аймақта тұқымдарды қыздырудың шекті температурасын Цельсия бойынша +5 градусқа, ал кептіру агентінің температурасын +10 градус Цельсияға төмендету жүргізіледі.

14. Тұқымдардың сақталуын бақылау тұқымдарды буып-түю мен таңбалауға қойылатын талаптардың сақталуын тексеруді қамтиды.

Бірегей және элиталық тұқымдар, бірінші ұрпақтың будандары 1 пайызға дейін ауытқып, 50 килограмнан аспайтын салмақпен буып-түйіледі.

Орам тұқымдық астықтың сақталуын қамтамасыз етуге және таңбасы немесе зат белгісі болуға тиіс, онда:


тұқым өндірушінің атауы;

дақыл;

сорт;

көбейтілген тұқым;

сорттық тазалығының санаты;

егіс стандартының сыныбы;

жиналған жылы;

тұқым легінің нөмірі;

сорттық тазалығы;

сорттық құжаттың және тұқымдардың егіс сапасын куәландыратын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні көрсетіледі.

Тұқым салынған әрбір қапқа немесе контейнерге тұқымдардың егіс сапасын куәландыратын құжаттан басқа, сол деректері бар затбелгі салынады. Дәріленген тұқымдар салынған орамға «Дәріленген» деген жазу жазылады.

15. Тұқым қоймаларының дайындығын бақылау тұқым қоймаларының тұқымдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін экологиялық, құрылыс, өрт қауіпсіздігі, санитариялық, фитосанитариялық талаптарға сәйкестігін тексеру арқылы жүзеге асырылады.

16. Сатуға жататын бiрегей және элиталық тұқымдарды, бiрiншi және кейінгі көбейтілген тұқымдарды сақтауға арналған тұқым қоймаларының дайындығы мемлекеттік тұқым инспекторының тексеру қорытындылары бойынша белгіленеді, оның нәтижелерi бойынша осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қорытынды жасалады.

4. Тұқымдық бақылауды жүзеге асыру тәртібі

17. Сатуға жататын бiрегей және элиталық тұқымдардың, сондай-ақ бiрiншi және кейінгі көбейтілген тұқымдардың партиялары тұқымдық бақылауға жатады.

18. Тұқымдық бақылау тұқымдардың бақылау сынамаларын іріктеу және соңынан оларды аттестатталған тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханаларда зерттеу арқылы жүргiзiледi.

19. Бақылау сынамаларын зертханалық зерттеу нәтижелерi бойынша аттестатталған тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханалар өтініш берушіге осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тұқымды талдау нәтижесiн бередi.

20. Тұқымдық бақылау кезiнде, сондай-ақ даулы жағдайларда бақылау сынамаларын іріктеуді мемлекеттік стандарттарға сәйкес мемлекеттік тұқым инспекторы тұқым иесi өкiлiнің және сатып алушының қатысуымен жүргiзедi. Даулы жағдайларда бақылау сынамаларын іріктеуді сатып алушысыз жүргiзуге жол берiледi.


Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің тұқымдық сараптамадан өткен тұқымдарына бақылау сынамаларын іріктеу нәтижесi осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша инспекциялық бақылау актісімен ресiмделедi.

21. Даулы жағдайларда тұқымдардың сапасына бақылау зерттеулерін жүргiзуге арналған өтiнiштi тиiстi аумақтық инспекцияға:

тұқымды жеткiзушi сапасы өнім берушiнiң құжаттарында көрсетiлген көрсеткiштерге сай келмейтін тұқымдарды алғандығы туралы тұтынушыдан хабарлама алғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей;

тұқымды тұтынушы өнім берушiнің iлеспе құжаттарында көрсетiлген көрсеткiштерге сәйкес келмейтін тұқым партиясын өнім берушіден алғаннан кейiн жиырма күннен кешiктiрмей беруге тиiс.

Өтiнiшке:

тұқымды жеткiзушi – тұтынушы нааразылық бiлдiрген тұқымның сапасын растайтын құжаттар (немесе олардың көшірмелері) және оны іріктеу актісімен бiрге сынаманың телнұсқасы;

тұқымды тұтынушы – сынақ нәтижелері бойынша тұқым сапасына сараптау жасау жөніндегі зертхананың қорытындысы және оны іріктеу актісiмен бiрге сынаманың телнұсқасы қоса беріледі.

Егер телнұсқалық сынама бақылау талдауына түскен уақытқа қарай тұтынушы наразылық бiлдiрген тұқымның сапасын растайтын құжаттардың қолданылу мерзімі өтсе өтiнiш қабылданбайды.

22. Тұқымдық бақылау кезiнде, сондай-ақ даулы жағдайларда тұқым сапасын сараптау қолданыстағы мемлекеттік стандарттарға сәйкес жүргiзiледi.

23. Аттестатталған тұқым сапасына сараптау жасау жөнiндегi зертханалардың тұқымдардың сорттық және тұқымдық сапасына сараптама жүргiзуiн және олардың нормативтiк құқықтық актiлер мен мемлекеттік стандарттарды сақтауын бақылауды мемлекеттік тұқыс инспекторлары жүзеге асырады.

Бақылау тұқым сапасына сараптама жасау кезеңiнде жылына екi рет, сондай-ақ тұқым сапасына сараптау жасау жөнiндегi қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде бақылау тәртiбiмен, сондай-ақ: тұқым өндiрушiлерге наразылық білдірілген; аттестатталған тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханалар берген тұқымдарды сорттық және себу сапасына зерттеулердiң нәтижелерiмен келiспеген жағдайда жүргізіледі.


Тексеру нәтижелерi бойынша осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша акт жасалады.

Аттестатталған тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханалар жол берген тұқым сапасын анықтаудың мемлекеттік стандарттармен белгiленген әдiстерiн бұзушылық анықталған жағдайда мемлекеттік тұқым инспекторлары аттестатталған тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханаларды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен әкімшілік өндіріп алуға тартады.

24. Мемлекеттік тұқым инспекторлары тұқым өндiрушiлер аттестатталған тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханалар берген тұқымның сорттық және тұқымдық сапасына зерттеулердің нәтижелерiмен келiспеген жағдайда олардың наразылықтарын қарайды.

Бақылау сынамасын зерттеу кезiнде алынған көрсеткіштердің тұқым сапасын растайтын бұдан бұрын берiлген құжаттарда көрсетiлген көрсеткіштерінен алшақтығы расталған жағдайда тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi осы зертхана жаңа құжаттар береді.

25. Сорттық және тұқымдық бақылауды жүзеге асыру кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.


5. Жерге егіп бағалауды жүзеге асыру тәртібі


26. Тұқымдардың белгiлi бiр түрге, сортқа жататындығы мен сорттық тазалығын белгілеу мақсатында ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген сорттарының бiрегей және элиталық тұқымдары жерге егіп бағалауға жатады.

27. Жерге егіп бағалау тұқымдарды арнаулы учаскелерде егу және өсiмдiктер бойынша сорттық сапаларды кейiннен тексеру арқылы жүргізіледі.

28. Сортты кезекті ауыл шаруашылығы жылының Мемкомиссия бекітетін жерге егіп бағалаудың алдын ала жоспарларына енгізу үшін Мемкомиссияға жабық топырақ дақылдары бойынша – 15 тамыздан; күздік егіс дақылдары бойынша – 10 қазаннан; жаздық дәнді масақты, дәнді бұршақты, жармалық (күріштен басқа), майлы дақылдар (күнбағыстан басқа), картоп, көкөніс және бақша дақылдары, біржылдық, көпжылдық шөптер (құмай жүгеріден басқа), жемдік тамыртүйнек және күнбағыс бойынша – 1 желтоқсаннан; жүгері, күріш, құмай жүгері бойынша – 15 желтоқсаннан; тоқымалық, техникалық, эфирмайлы дақылдар, мақта, жеміс, жидек дақылдары, жүзім, тұт ағашы, тұт ағашының гибридтері, гүлді-сәнді өсімдіктер және дәрілік дақылдар бойынша – 25 желтоқсаннан кешіктірмей өтініш беріледі.


29. Сорт бірдейлендіру бойынша мәлімделген сипаттамаға сәйкес келмеген кезде Мемкомиссия сортқа тиесілілігін анықтаудың қиындығына немесе мүмкін еместігіне байланысты жерге егіп бағалауды жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

30. Жерге егіп бағалауды жүргізу үшін Мемкомиссияға ұсынылатын тұқымдық материалдың үлгісінде ішкі және сыртқы заттаңба болуға тиіс, олар мыналарды қамтиды:

1) сорттың атауы (егер аты әлі айқындалмаса – селекциялық нөмірі). Шетелдік сорттың атауын өтінім берушінің тілінде және мемлекеттік немесе орыс тіліндегі транскрипцияда жазады;

2) тегінің, түрінің атауы (латынша және мемлекеттік немесе орыс тілдерінде).

31. Жерге егіп бағалау вегетациялық кезең ішінде ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің қалыпты дамуын қамтамасыз ететін жағдайларда жүргізіледі.

32. Жерге егіп бағалау нәтижелері бойынша тұқымдардың белгiлi бiр түрге, сорт пен сорттық тазалыққа сәйкестігі және (немесе) сәйкессіздігі туралы жазбаша қорытынды беріледі.


Сорттық және тұқымдық бақылауды,

жерге егіп бағалауды жүзеге асыру қағидаларына

1-қосымша


Тұқымдық егiске арналған егістіктерді тексеру туралы есеп

____________________________________________________________ негiзiнде

(өтініштің, тексеруді тағайындау актісінің негізінде)

____________________________________________________________________ (тұқым өндiрушiнiң атауы) ____________________________________________________________ тұқымын

 (дақылы, сорты)

_______________________________________ өндiру мақсатында егуге арналған

(көбеюі)

егістіктерін тексеру жүргiзiлдi.

Тексеру жүргiзiлген күн: 20__ жылғы «____» ____________________.

Тексеру нәтижелерi

Алаңы, гектар ________________________________________________________ Жай-күйі, дайындығы, % ______________________________________________


Агротехника _________________________________________________________

Бұрынғы егілген егіс (дақыл, репродукция, сорт) __________________________

____________________________________________________________________

Тұқымның шығу тегi __________________________________________________

(құжаттың №, күнi, репродукция, сорт, партия)

Егiстiк техникасының жай-күйі ________________________________________________

Қорытынды: ___________________________________________________________________

________________________________________________________________________________

Тұқым өндiрушiнiң

өкiлi:

___________________ _________________ __________________________

(лауазымы) (қолы) (тегi, аты, әкесiнiң аты)


Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрлiгiнің

Агроөнеркәсiптiк кешендегi

мемлекеттiк инспекция комитетi

аумақтық инспекциясының тұқым

шаруашылығы жөнiндегi

мемлекеттiк инспекторы _____________ ___________________________

(қолы) (тегi, аты, әкесiнiң аты)


Сорттық және тұқымдық бақылауды,

жерге егіп бағалауды жүзеге асыру қағидаларына

2-қосымша



следующая страница >>